ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚУДАЛАУ науқанын Кремль қоздыруда

  • Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге шұғыл қоңырау шалған Ресей СІМ-нің басшысы Сергей Лавров елдегі орыс тілінің өрісі тарылып жатқанына алаңдайтынын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz сайты.

«Қазақстандағы орыс тілінің құқығы табанға тапталып жатқаны күйзелтеді. Мемлекеттік тілдің мүддесін қорғау мақсатында құрылған тәуелсіз ұйымдарды “бесігінде тұншықтыру” керек. “Тіл майданы” секілді қозғалыстар екі елдің арасындағы қыл етпес татулыққа сызат түсіреді, олардың жолын кескен абзал. Ұлтшылдықты қоздырудың артында Батыс пен АҚШ-тың сумақай саясаты жатуы әбден мүмкін. Одақтас елдердің арасында тілдік факторға қатысты дау-дамай туындамауы тиіс». – Еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге қоңырау шалған Сергей Лавровтың сөз нұсқасы осындай.

«Қазақстандағы мемлекеттік тілге мұрнын шүйіре қарайтын мекемелерді аралап, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететін тілдік патрульдердің пайда болуы Кремльге маза бермей отыр. Ресей СІМ-нің басшысы Сергей Лавров ілкідегі мәселелерді сөз етіп, елдегі орыс тілінің жағдайына аса қатты алаңдайтынын айтыпты» – деп жазады осы орайда Dalanews.kz. 

Қазақстанда “Тіл майданы” секілді қозғалыстың құрылуы “орыс әлеміне” қауіп төндіретін фактор деп санайды ресейлік тарап. Осыдан кейін-ақ тұрмыстық қарым-қатынаста қазақ тілінің қолданылу аясы мен оның қазіргі жағдайына қоғамдық тексеріс жүргізген «Тіл майданы» патрулі қазақстандық құқық қорғау органдары тарапынан қуғынға түсті.

Еске салсақ, бұған дейін Кремль Қазақстандағы “Тіл майданы” қозғалысының белсендісі Қуат Ахметовке шүйлігіп, оған Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салған болатын. Ал соңғы бірер күнде тараған ақпаратқа қарағанда, қазақстандық биліктің бастамасымен қозғалыстың жетекшісі Қуат Ахметовке қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай осы нақұрыс науқанға байланысты өз пікірін білдірді, деп жазады Dalanews.kz:

«Азаматтар конституцияның орындалуын бақылау мақсатында өз бетімен бастама көтеріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін сауатты түрде қорғап жүр. Қазақ тілінде сөйлейтіндердің құқықтарын қорғауға атсалысып жүр. Абаев мырза мұны «үңгір ұлтшылдығы» деп ашық айтты. Аңдамай сөйлеген жоқ, кәдімгі арнайы хабарда шегелеп тұрып айтты. Енді мың жерден мақтаса да, жақтаса да, пропаганда машинасын қосса да еш пайда жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты саясаты осы деген сөз», – дейді саясаттанушы.

Қалай болғанда да, өз жері мен өз елінде өзінің қазақ тіліндегі тұрмыстық қарым-қатынасты жақтаған қоғам белсенділерін қудалауға Кремльдің саясатшылары мұрындық болып отырғаны айғақ. Ал қазақстандық билік бұл әпербақан және шовинистік әркекетке қарсы дәрмен таныта алмай отыр.

ДАТ-ақпарат.

«Единая Россия» «РУСОФОБ» заңын әзірледі

  • Ресейдің биліктегі “Единая Россия” партиясы “русофобтардың” елге кіруіне тыйым салатын заң жобасын әзірледі. Бұл жөнінде Ресей мемлекеттік думасының депутаты, партияның бас кеңесі хатшысының орынбасары Александр Хинштейн өзінің телеграм-арнасында жазды.

Оның айтуынша, жобада мына категорияларға жатқызылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Ресей аумағына кіруіне тыйым салынады:

  • Ұлттық, нәсілдік, діни және тілдік негізде басқаларды қорлап, жұрттың ашу-ызасын туғызатындар;
  • Отан қорғаушылар туралы естеліктерді, ұлы отан соғысы ардагерлерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған, Ресейдің әскери даңқ символдарын мазақтаған, әскери зираттар мен ескерткіштерді бүлдірген адамдар;
  • СССР-дың ұлы отан соғысы кезіндегі әрекеті туралы көрінеу жалған ақпарат таратқандар;
  • Нацистік, экстремистік атрибут пен символдарды әзірлеп, насихаттап, оны көрсетіп жүретіндер;
  • Нацистердің қылмысын қолдайтындар.

Бұл жоба бойынша “Ресей Федерациясы аумағынан шығу және Ресей Федерациясы аумағына кіру туралы” федерация заңына өзгеріс енгізу көзделген. Депутаттың айтуынша, өкілетті орган ретінде Ресей ішкі істер министрлігі бұл бастаманы қолдаған.

Депутат Хинштейннің айтуынша, мұндай заң жобасын әзірлеуге “постсоветтік кеңістіктегі ашық русофобиялық әрекеттер” себеп болған. Ол нақты қандай оқиғаны меңзейтінін таратып айтпады.

Мұндай заң болмаса да, Ресейдің ішкі істер министрлігі дүкендер мен мемлекеттік мекемелерде қызметкерлердің қазақ тілін меңгеруін тексеріп видео түсіріп жүрген Қазақстан азаматы Қуат Ахметовтің Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салды. Бұған қоса Бішкектегі сауда орталығында қырғызша сөйлемеген қызметкерді калькулятормен ұрған Қырғызстан азаматының Ресейге кіруіне он жылға шек қойылды.

Өткен аптада Ресей ішкі істер министрлігі “ұлт араздығын қоздыратын мәлімдеме жасағаны үшін” Әзербайжанның Беларусьтегі бұрынғы елшісі Исфандияр Вагабзаденің Ресейге кіруіне 40 жылға тыйым салды. Вагабзаде KANAL13 телеарнасында постсоветтік елдердің аумақтық тұтастығына шәк келтіріп жиі мәлімдеме жасайтын Ресейдегі ЛДПР партиясының басшысы Владимир Жириновскийді “кәрі есек” деп атаған және оның “өзі де, ұлты да шошқа сияқты сасық” деген.

Хинштейннің айтуынша, Ресейге кіру құқығынан айырылатыны өз алдына, “русофоб мәлімдеме жасаған” әр адамның әрекетіне сол елдің билігі құқықтық баға беруі тиіс. Ол сондай-ақ Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевпен кездескенін, министрлердің тұрмыстық ұлтшылдыққа қарсы тұру туралы айтқанын еске салды.

  • Тақырыптың жалғасы 11-бетте.

Бұл екі арада

Орталық Азияда АҚШ БАЗАСЫ ашылса, не болады?

  • Мәскеу Орталық Азиядан АҚШ әскерін көргісі келмейді. «Егер Орталық Азияда АҚШ әскері жүрсе, онда бұл аймақ шабуыл нысанасына айналады»,- деп мәлімдеді Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

24 тамызда Будапешт қаласында Венгрия Сыртқы істер министрімен келіссөзден кейін журналистер алдына шыққан Лавров Ресейдің Ұжымдық қауіпсіздік шарты келісімі бойынша Орталық Азиядағы постсоветтік республикалармен “ортақ қауіпсіздік кеңістігі” бар екенін еске салды. Аталған әскери альянсқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Беларусь және Ресей кіреді.

Лавровтың сөзінше, Ауғанстан босқындарын бұл аймаққа орналастыру туралы АҚШ-тың ұсынысы Орталық Азиядағы тұрақтылыққа қатер төндіреді. Ресей Сыртқы істер министрі «Орталық Азия елдері АҚШ әскерін орналастыруға келісе қалса, сол сәттен бастап-ақ шабуыл нысанасына айналады” деп санайды.

Azattyq.org

Жетібайда ЕРЕУІЛ басталды

  • Маңғыстауда «West oil softwar» ЖШС жұмысшылары жалақыларының көтерілуін талап етуде, деп хабарлады ҚазТАГ «Лада» басылына сілтеме жасап..

«Біз жалақымыздың көтерілгенін талап етеміз және ҚР Еңбек кодексінің 103 бабына сәйкес осындай қызметтегі әріптестерімізден кем жалақы алғымыз келмейді», – дейді әлеуметтік желідегі бейне үндеуде жұмысшылар. «Жалақымызды “Ойл Транспорт Корпорейшэн” компаниясымен теңестірсе, кемі 450-500 мың теңге алатын боламыз» дейді ереуілге шыққан мұнайшылардың бірі.

Ереуілге байланысты жұмысын тоқтатқан “West Oil Software” компаниясының бес жүзге жуық бұдан бөлек өздері құрған тәуелсіз кәсіподақтың жұмысына жұмыс берушінің кедергі келтірмеуін де сұрайды, деп хабарлайды Azattyq.org.

ДАТ-ақпарат.

«ДАТ» медиа-жобасының редакциялық ұжымы белгілі жазушы, тележурналист, публицист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Сұлтан Оразалиннің

дүниеден өтуіне байланысты, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

«ДАТ» медиа-жобасының редакциялық ұжымы белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Толқын Тәшімовтің

мезгілісіз қайтыс болуына байланысты, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына және ҚазТАГ агенттігі мен «Вечерний Алматы» газетіндегі әріптестеріне көңіл айтады.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн