Қазыбек Иса: Қазақ тілін міндеттейтін ЗАҢ ҚАБЫЛДАМАЙ, мәселе ешқашан шешілмейді

  • Бұған дейін Қазақстан Парламенті депутаттары арасынан «ДАТ» газетіне сұхбат беруден (2000-жылдардың басында) қаймықпаған әйгілі Серікболсын аға Әбділдин мен атақты «ДВК» қозғалысын құрушылардың бірі Төлен Тоқтасыновтан басқа депутат атаулы болмаған еді. Енді, міне, жаңадан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса біздің газетке сұхбат беруден жалтармады. Төменде жарияланып отырған, Қазыбек мырзамен болған әңгіменің көлемі кең болғандықтан, бұл сұхбатты газеттің екі нөміріне бөліп жариялап отырмыз.

– Қазыбек мырза, ең алдымен парламенттегі депутаттық мандатты ел мүддесіне сай қолданып жатқан беталысыңызға ризашылық білдіреміз! Жалпы, өзі депутат болған қалай екен?

– Мен де алдымен, Ереке, парламенттегі беталысымызға берген бағаңыз үшін өзіңізге рахмет айтамын!

Жалпы, Парламент Мәжілісінің депутаты жоғары мемлекеттік қызмет болғандықтан, өзіндік ерекшеліктері бар. Менің еңбек тәлімім 37 жыл екен. Соның алғашқы 7 жылы ғана мектепте мұғалім болғандықтан, бәрі уақыт кестесімен белгіленген еді. Ал қалған 30 жылымда өз еркім – өзімде, уақытқа тәуелсіз еркін қызметтерде жүрген екенмін. Енді осы депутаттық қызметте белгілі уақыттар жүйесімен жүріп-тұруға бейімделуге тура келуде.

Ал депутаттық мандаттың маңызына келсек, көтерер жүгім бірнеше есе ауырлады деп ойлаймын. Мысалы, Ереке, біз бұған дейін де ұлттық мүддемізді қорғау жолында күресіп келе жатырмыз. Ол кезде менің өз еркім – өзімде еді. Енді мен депутаттық мандатқа ие болған соң, ұлттық мүдде жолында күресуге тікелей міндеттімін. Осындай жауапкершілікті сезіну біраз күш-жігер мен қайрат-қабілетті, тынымсыз және тынышсыз жұмысты талап етеді. Бұрын жұрт маған қоғамға өз үнін білдіріп жүрген ақын, қаламгер-қайраткер деп қараса, енді депутат деп қарайды да, бәріне жауап беруге міндетті деп ойлап, артатын жүктері де өте көбейіп тұр.

Депутаттық жұмысқа келсем, негізі 4-5 заң жобасының жұмыс тобы мүшесімін. Оның ішінде Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетіндегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Бұл заң жобасы нағыз менің тақырыбым десем де болады. Сондықтан ол заң жобасына белсене араласудамын. Жұмыс тобының мүшелері 40-қа жуық ұсыныстар жасады. Ол енді екінші оқылымда қаралады.

Бұл заң жобасы қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге де байланысты ғой?

– Әлбетте! Қазір, мысалы, басқасын айтпағанда, күнделікті дүкендерде тауар бағаларының қазақ тілінде жазылмауы көп дау тудыруда. Бұл мәселені бұрын жергілікті әкімдіктердің Тілдер басқармасы бақылайтын. Бұл бақылаушылық функция 2013 жылы енгізіліп, «екі жылда ешқандай шағым түспеген» деген сылтаумен 2015 жылдан бері Кәсіпкерлік кодексінен алынып тасталған. Ал 2018 жылдың алты айы ішінде елімізде жарнама мәтіндерін заңнама талаптарын бұза отырып, рәсімдеудің 13 мыңдай фактісі анықталған. Соңғы жылдары көрнекі ақпараттың дұрыс рәсімделмеуіне қатысты азаматтардың уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарға өтініштерінің саны өсуде. Айталық, 2018 жылы – 12 886 өтініш, 2019 жылы – 12 900, 2020 жылы – 1050 өтініш (карантин кезеңіне байланысты азайған).

Енді сол бақылау функциясын Тіл басқармаларына қайтармасақ, жағдай күннен-күнге қиындап келеді. Заңды қадағалау орындарынан қайыр болмаған соң, Мемлекеттік тілдің көпшілік орындарда қолданылуын талап етуді халық өз қолына алуда. Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында да, Алматыда да, Павлодар, Өскемен, т.б. қалаларда дүкендерде бағаның мемлекеттік тілде жазылмауы және сол дүкендер мен емханаларда, жолаушылар көліктерінде Қазақ мемлекетінің мемлекеттік тілі қолданылмауына байланысты наразылықтар әлеуметтік желілерде көбейіп тұр. Павлодарда – Руза Бейсенбайтегі, Өскеменде – Жұлдызай Форт, Нұр-Сұлтанда – Жасұлан Иса, Оғыз Доған, Мұқағали Балқыбай және т.б., Алматыда – Қуат Ахмет, Садық Жанықұл, Жанар Жахат секілді тіл қорғандарының қайрат-қарекеттері «Қазақ үні» ұлттық порталы бастаған көптеген сайттарда да жиі жазылуда.

– Дегенмен, әсіресе тұтыну орындарында қазақ тілінде қызмет көрсетпеу жағдайларына байланысты дау-дамай жиі көтерілетіні жасырын емес қой…

– Көп жерде осындай заңды талапты орындамай, дау тудыруға себепкер болған дүкен иелері өздерінің кінәсін білмей, бірден полиция шақырады. Ал жетіп келген біздің полиция тұтынушының талабы заңды екенін өздері де білмей, сатушыға қосылып, «бізде – екі тіл» деп жалған айтып, тұтынушыны полиция бөлімшесіне сүйрей жөнеледі. Орыс тілі біздегі Тіл заңы мен Конституция бойынша тек мемлекеттік мекеме мен жергілікті басқару органдарында ресми тіл ретінде қолданылады. Ал дүкендер мен жеке емханалар, жолаушылар көліктері мемлекеттік мекеме емес, сондықтан оларда тек мемлекеттік тіл ғана қолданылуы керек екенін түсіндіріп бере алатын деңгейге біздің полиция да, жеке меншік кәсіпорындар мен мекеме басшылары да жеткен жоқ. Ал Тіл басқармалары қолдарындағы ондай бақылаушылық құзіреттен айырылып қалған.

– Шығармашылық пен газеттегі жұмысыңызға депутаттық міндет кесірін тигізіп жатқан жоқ па?

– Иә, ол да бар. Әсіресе шығармашылыққа еркін уақыт керек қой, сол жетпей қалады. Бұрын мен түнгі 3-4-ке дейін, кейде тіпті таңғы 5-6-ға дейін жұмыс істей беретінмін. Енді олай құлашты еркін сілтеп жазуға не оқуға отыра алмай қалдым. Өйткені таңертең 7-де тұруың керек. Жұмысқа бару керек. Сондықтан ары кеткенде түнгі сағат екі жарымдарда ұйықтауға тура келеді. Дегенмен, шабытым келгенде күй талғамаймын, жазып қалуға тырысамын. Елуге толып, ел газеттеріне сұхбат бергенде айтып едім – менің ең күшті өлеңдерім пойыздағы төсектің екінші қабатында жазылған деп…

Ал «Қазақ үні» газетіне келсек, депутаттың ондай жеке кәсіппен айналысуына болмайды. Сондықтан сайлау басталған кезде газеттің ұйымдастырушылық басқару тізгінін газетте бұрыннан менеджер болып істеп жүрген ұлым Қанышқа сенімді басқаруға өткізгенмін. Шығармашылық пен «Қазақ үні» газетінің жағдайы қазір осындай, Ереке. Мен де сіз секілді «Бас редактор» емес, «Бас оқырманмын» бүгінде. Бас редактор – өзіңіз жақсы білетін, елге белгілі журналист-жазушы Құлтөлеу Мұқаш.

– Ал енді өткен аптада Қандастар көшіне байланысты ҚР премьер-министрі Асқар Маминге жолдаған сауалыңыз турасында білгіміз келеді. Мұндай депутаттық талап негізіндегі сауалыңызға қандай жағдайлар түрткі болғанын газет оқырмандары үшін айтып берсеңіз?

– Әлемде қандай ел болса да, ұлттық қауіпсіздігін сақтаудағы басты факторлардың бірі – демографиялық ахуал болып табылады. Аумағы бойынша әлемде 9-орынды, халық саны бойынша 64-орынды иеленген Қазақстан әлемде халықтың орташа тығыздығы бойынша БҰҰ таныған 195 тәуелсіз елдер тізімінде 184-орында. Бізде бір шаршы км – 6,7 адамнан келетін болса (Өзбекстанда – 76 адам), әлемдік орташа көрсеткіш – 56 адам. 2012 жылдан бері миграцияның теріс айырма сальдосы 30 мыңның үстіне шықты, соның салдарынан сырт елдермен шекаралас солтүстік пен шығыс өңірлерде ауылдар босап қалуда.

«Отандастар» қоры мәліметінше, шетелдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Бұл қазақ халқының 50% пайызға, яғни жартысына жуығы. Олардың алдағы уақыттарда ассимиляцияға ұшырау қаупі өте жоғары. Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл үлкен әлеует болып табылады. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Кім кедергі?

1991 жылы басталған Ұлы көшке де биыл 30 жыл толады.

Осы уақытта елімізге 1 миллионнан астам қандастарымыз келді. Алайда соңғы жылдары көші-қон тым баяулап, кедергі қатты көбейіп тұр. 1993–2021 жылдар аралығындағы бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 еседей азайып кеткен! 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда, 60 мыңдай (10 мың отбасы), 2009 жылы 100 мыңнан аса адам (20 мың отбасы) қабылдаған Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөлді. Осыншама, бұрынғы межеден 100 еседей азайып, анти-рекордқа жететіндей, басымызға не күн туды?

– Сіздің ойыңызша, қандастарды Қазақстанға көшіру мәселесінің тіптен саябырсып қалуында қандай себептер болуы мүмкін?

– Бұның бірден-бір себебі – кезіндегі Көші-қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу – әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру – әр облыс әкімшілігіне берілгенінен болып тұр. Әкімдер шетелдегі қандастарымызды шақыруға оларды орналастырудың қиындығынан қашып, елдің ырысын емес, жанның тынышын ойлап отырғандықтан, барлық облыстарда квота бөлу күрт төмендеп кеткен. Мысалы, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017–2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлуге бірде-бір адам ұсынбаған. Ол облыстарға еліміздің стратегиялық мақсаты – халқымыздың санын қандастарымызбен көбейтудің қажеті болмағаны ма?

Ал 2012–2017 жылдар арасында қатарынан 6 жыл бойы еліміз бойынша қандастардың келуіне бірде-бір квота бөлінбеген?!.

Бұл келеңсіздіктің себебі, кейбір болжамдар бойынша, Жаңаөзен оқиғасында наразылыққа шыққандардың дені қандастар деген лақаптың жоғарыға жетуі көшке тұсау салды деген де сөз бар.

Бүгінде көштің бұлай саябырсып қалуы елдің бәрін алаңдатуда. Президент Тоқаевтың өзі де «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз» деп атап көрсетті.

Демек, жалпы айтқанда, бүгінгі күндегі квота жүйесі мемлекеттің көші-қон және демографиялық саясатына ешқандай оң әсерін бермеуде. Сондықтан бүгінде бірнеше министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру керек. Қандастарды қабылдау квоталарын жылына 20 мың отбасына – 100-120 мың адамға жеткізу керек.

Біріншіден, елге көшіп келген қандастарға бірден азаматтық статус ешқандай әуре-сарсаңсыз берілуі керек. Екіншіден, қандастарымызға азаматтық алуда жинайтын қаптаған құжат саны аздай, кейінгі кезде тағы бір қиын кедергі – шетелдегі Қазақтардың өздерінің қазақ екенін дәлелдеу, оны құжат жүзінде рәсімдеу ең басты мәселенің бірі болып отыр.

Қазақтың қазақ екенін растайтын ол құжатты бұрын 1992 жылғы 23 қыркүйекте шыққан Үкіметтің №791 қаулысына сәйкес «Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы» беретін.

Бұл жұмыстар 2017 жылға дейін заңды негізі болмаса да, қалыптасқан тәжірибе ретінде жалғасып келген.

Қауымдастық тарапынан анықтама беру тоқтағаннан кейін, мәселе қандастар арасындағы қоғамдық ахуалға әсер ете бастады, әлеуметтік желілерде үлкен талқыға түсіп, резонанстық жағдайлар бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

Сонымен, 2017 жылдан кейін 4 жылда бұл шаруамен ешкім айналыспай, ақырында қазақ екенін дәлелдейтін анықтама ала алмай, қаншама қазақ Қазақ еліне келе алмай жүр, келгені әлі азаматтық ала алмай жүр.

Сондықтан «этникалық қазақ» екендігін дәлелдейтін құжатты беру механизмін тез арада дұрыс жолға қоймасақ, алдағы аз уақытта көп қандастарымызды «жоғалтып алу» қаупі бар.

Шетелдегі қандастар Қазақстанға келуі үшін тағы бір кедергі – олардың мұнда тікелей туысы болуы керектігі. Бір түсініксіздігі – бұл талапты шетел емес, біздің ел қойып отыр.

Иә, қандастарды, мемлекет басшысы айтқандай, әсіресе елдің халық аз қоныстанған солтүстігі мен шығысына қоныстандыру керек. Жамбыл ауданының (СҚО) Екатерина ауылында барлығы 100-дей отбасы болса, 80-дей үй бос тұр. Ғ.Мүсірепов ауылында үлкен мектепте 35 бала ғана оқиды. С.Мұқанов ауылында 35 отбасы ғана бар.

Бұл өңірлердегі ауылдарда бос қалған жап-жақсы үйлердің бағасы 200–500 мың теңгенің арасы. Ал әкімдік салып беріп, қандастарға ұсынып жатқан үйлердің бағасы 7,5 млн теңге!.. Баспана алу үшін қандай адам бағасы 40 есе қымбат үйге ұмтылады?

Қарап отырсақ, біздің үкіметтің талаптары мен ережелері бір-біріне қарама-қайшы. Елге келген қандастар мал жайылымы үшін әкімдіктен жер сұраса – жер бермейді, өйткені жер беруі үшін, оның малы болуы керек екен. Өзі зорға жеткен қандаста қандай мал болуы мүмкін?!. Мал алайын десе, банк несие бермейді, өйткені несие алу үшін кепілге қояр жері де, малы да жоқ. Сонда Көк туды көру үшін көзі жасаурап, елім деп еңіреп көшіп келген қандастарымыз қалай күн көреді?! Алдымен несие беріп, содан соң алған малы мен жер телімін неге кепілге қоймасқа?

Одан соң қандастар жұмысқа орналасайын десе, олардың шетелде алған дипломдарын біздің мемлекет танымайды.

Біздің үкіметтің қандастармен жұмыс істеу жүйесіне қарасақ, «Қойшы көп болса, қой арам өледі», «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген мақалдар еріксіз еске түседі.

Негізгі міндеті шетелдегі қазақтардың этникалық бірегейлігін сақтау болып табылатын «Отандастар қоры» қоғамының бюджеті Ресейдің «Россотрудничество» мекемесі бюджетінен 60 есе аз немесе оның бюджетінің 1,6 пайызын ғана құрайды.

Шетелдердегі қандастарымызды елімізге жүйелі түрде көптеп көшіріп алудың ерекше екі маңызы бар. Біріншіден, Тәуелсіз мемлекетіміз үшін аса маңызды болып тұрған халық санын арттырады. Екіншіден, қазір кейбір шетелдерде өз тілінде оқи алмай, ана тілі мен ұлттық ғұрыптарынан айырылып қалудан және саяси қысымдарға түсуден құтқарады.

Адами капитал мемлекетіміздің басты құндылығы болғандықтан, біз келесі нақты шараларды қабылдауды ұсындық:

1. Қандастарды қабылдау квоталарын 2009–2011 жылдардағыдай жылына 20 мың отбасына дейін ұлғайту;

2. Өңірлерде қандастарды бейімдеу-кіріктіру орталықтарын құру;

3. «Отандастар қоры» қоғамының шетелдегі қандастарды қолдау жобаларын қаржыландыруды еселеп ұлғайту;

4. Комиссия отырыстарына консулдық өкілдерінің және арыз берушінің мекендеген елінен онлайн режимде қатысуын қамтамасыз ету;

5. Ауыл шаруашылығымен айналысуы үшін пайызсыз несие және 5 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастыру. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу үшін жеңілдіктер жасау;

6. ҚР көлемінде бір реттік тұрғын үй салуға және жеке шаруашылыққа байланысты жер телімдері берілуі керек.

– Мәжіліске бара салып жасаған алғашқы депутаттық сауалыңызда қазақ тілінің мәселесін көтердіңіз: бұл парламенттік деңгейде қозғалған батыл және нақты талап болды. Бірақ ел билігіндегі саяси шешімге кереғар ұсыныстар мен талаптар жолдау сіздің депутаттық қызметіңізге залалын тигізуі мүмкін ғой…

Мәселен, биліктің қысымымен «Ақ жол» партиясы сіздің мандатыңызды кері шақырып алуы мүмкін бе?

– Мемлекеттік тіл туралы депутаттық сауалымды жоғары бағалағаныңыз үшін тағы да рахмет айтамын! Әйтпесе, көріп жатырсыз, өмірінде тілді қолдамақ түгілі, қазақ тіліне қарсы шыққандар енді аяқ астынан екіжүзділігін көрсетіп, тіл «жанашыры» бола қалып, «Қазыбек Иса тіл мәселесінде не істеді, парламентке барды, енді неге тілді көтермей жатыр» деген жалақорлар балаққа жармасып, өздері масқара болып жатыр.

Мен депутаттығыма зияны тиеді деп, ұлттық мүддені қорғаудан бас тартатын адам болсам, баяғыда депутат болар едім. Баяғы 2004 жылғы өзің де түскен парламенттік сайлаудан бері есептегенде 16 жылдан (төрт шақырылым) кешігіп берілген мандат бұл. Яғни, төрт шақырылымның жүгі бар десек те болады.

Ал өзіңе осылай сенген, осылай он алты жыл үмітін үзбеген Ел Аманатын қалай тастап кетесің?!. Қолымнан келгенінше қайрат етемін. Оның үстіне мен жалғыз емеспін ғой, артымда Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, Президентке жазылған Ашық хат-петицияға қол қойған 126 мыңға жуық қалың қол тұр. Олардың артында миллиондаған халық тұр. Мені қолдайтын «Ақ жол» партиясы мен оның парламенттегі фракциясы бар. Мәжілістегі 107 депутаттың ішінен ұлттық мүддені қорғауда бір қатардан табылатын ұлтшыл депутаттар да шығады деп сенемін. Өйткені қазір Парламенттің 85 пайызы қазақ тіліне қарсы шыққан 2004 жыл емес қой! Есіңізде болар, 2004 жылы «Қазақ үні» газетінде «Мемлекеттік тілді табанға таптаған парламент таратылуы тиіс» атты мақаламызда қазақ тіліне қарсы дауыс берген депутаттар тізімін жариялап жіберуіміз елді дүр сілкіндіріп, қоғамда сең қозғаған сенсациялық бомба болды!

Ал енді мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайына келер болсақ, бұл бүгін де өте өткір де, өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да жоғарыда депутаттық сауалымда айтқандай, Мемлекеттік тілді міндеттеу туралы заң қабылдамай, бұл мәселе ешқашан шешілмейді. Қазіргі заңның бұл мәселені шешетін қауқары жоқ.

2018 жылы елбасы: «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деп нақты тапсырма берді. Бірақ іс оңалды ма? Әлі де депутаттар да, министрлер де мемлекеттік тілімізді аттап өтіп, Ресей тілінде сөйлеуде. Мемлекеттің министрлері мен депутаттары бастап, мемлекеттік қызметкерлеріне дейін мемлекеттік тілде сөйлемейтін Қазақстаннан басқа елді әлемнен тауып бере аласыз ба?

Енді мемлекеттік тілдің өз атына сай болуын кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені қазіргі кезде 1989 жылғы қазақтың саны 39 % кезінде қабылданған алғашқы Тілдер туралы заңнан бері демографиялық өсіміміз екі есеге өсті, қоғам да мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуын талап етуде, уақыты да келді.

Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ ұлты 78%-ға жетіп қалды. Ресми мәліметтер бойынша, қазақ халқы мен қазақша түсінетіндерді қосқанда, жалпы саны – 88,7 пайыз болып тұр. Ал сол халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі тұрғындардың сапалы қызмет алу құқығын аяқасты етіп отыр. Тәуелсіз Қазақ елін аңсап келген миллионнан астам қандастарымыз және ауылдық миллиондаған қаракөздеріміз қанша жылдан бері жапа шегумен келеді. Халықпен етене араласып жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің, әсіресе жоғары шенділердің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауы халық пен билік арасындағы алшақтықты көрсетуде. Мысалы, тек қазақша сөйлейтін қандастарымыз мемлекеттік органдар мен қызмет көрсету мекемелеріне барғанда, мемлекеттік тілде қызмет ала алмағаны баспасөзде талай жазылды. 

30 жылдан бері әлі күнге дейін мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі туралы талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы қазір жаңсақ айтылып жүргендей, азаматтың жеке басын тіліне қарай кемсіту емес, мемлекеттік қызметшілерге, бар болғаны 100 мыңға жуық адамға қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Сыртқы істер саласының мамандарынан шет тілін білуді қалай талап етсе, немесе көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей болуы тиіс міндет бұл.

Ал қазір Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отырғанда, Мемлекеттік тіл туралы өз статусын толыққанды атқара алмаған заңымыз демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр… Суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей, оны үйрену де сондай мүмкін емес! Ал ешбір заңда не бағдарламаларда, мемлекеттік органдарда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу туралы норма (!) жоқ. Сондықтан да Парламентте «Ақ жол» партиясы фракциясы жасаған депутаттық сауалда біз:

1) мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы стандарт енгізу;

2) мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу, оның қажетті механизмдерін жасау;

3) заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, ақпараттары мен есептерін, іс қағаздарын және т.б. рәсімдеудің негізгі нұсқасы – тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс» – деп, біз осылай Үкіметке нақты талаптар қойдық.

Негізі, мемлекеттік тілді тек Парламент пен Үкіметте ғана емес, әркім күнделікті кез келген жерде талап етуі керек. Қай ұлт өкіліне болса да қазақша амандасыңыз. Банкте, банкоматта болсын, барлық жерде қазақ тіліндегі нұсқасын пайдаланыңыз. Сонда ғана нәтиже болады. Балтық бойы елдері осындай талаппен тілдік майданда жеңіске жетті.

  • (Сұхбаттың жалғасы газетіміздің келесі санында)

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн