Қайтып келген ҚЫЗ ЖАМАН…

blank
  • Өткен аптада шетел басылымдары Қазақстанда сайлау күні болған жағдайларға мән беріп, елдің алдағы саяси болашағына болжам жасады. Сарапшылар «өзі сияқты ықпалды президенттің болғанын қаламайтын» экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «конституциялық манипуляция» жасауы ықтимал деп санайды. Өзге басылымдар «Дариға Назарбаеваның мәжіліске қайтып келуінің артында не жатқанына» тоқталып, «Тоқаев позициясының әлсіздігіне» назар аударады.
  • «Өзінен кейін мықты президент болғанын қаламайтын» Назарбаев

Eurasianet.org сайтының «Сайлау өтті, енді саясаттың уақыты келді» деп тақырып қойған мақаласында автор Қазақстанда ың-шыңсыз өткен сайлаудан кейін «конституциялық тәртіп манипуляцияға түсуі мүмкін» деген болжам жасайды. Оның тұжырымы бойынша, елді ұзақ жыл басқарып, 2019 жылы биліктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев өзінен кейінгі ешбір басшы өзі сияқты көп өкілетке ие болғанын қаламайды.

Eurasianet тұжырымы бойынша, бірде-бір оппозициялық партия қатыспаған сайлау – «Нұр Отан» партиясының төрағасы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «қазақстандықтар елдің даму болашағын біздің партиямен байланыстырады» деген мәлімдемесін тексерудегі «ыңғайлы өлшем критерийі емес». «Қазақстандағы көп жылдан бері жалғасып жатқан экономикалық және әлеуметтік тоқырауға ашу-ызасын айтатын адамды кездестіру оңай» деп жазады Eurasianet.

blank

«Неге «Нұр Отанға» дауыс беруім керек? Аз-маз зейнетақы үшін бе? Олардың жақтасы көп екеніне күмәнім бар. Жұрт бұрыннан өзгерісті қалайды» дейді сайтқа сұхбат берген алматылық зейнеткер Болат Ескендіров.

Халықтың мұндай көңіл-күйінен билік хабардар, сондықтан да «Нұр Отан» «сайлау қарсаңында қызықсыз брендіне жан бітіру үшін кандидаттардың бір бөлігін праймеризде таңдап алды. Әншілер, спортшылар, бизнесмендер мен әлеуметтік желідегі ықпалды адамдар праймеризді көз тартардай жылтырақ ету ісіне тартылды» деп жазады автор.

«Эволюцияланып жатқан әлеуметтік және демографиялық трендтерді көрсету үшін аздап өзгеріс те жасалды». Сонда да «Нұр Отанның» 71 пайыз дауыс жинағанына сенбейтін сарапшылар бар. «Билік үнемі 70 пайыздан жоғары алуы керек, бұл – психологиялық шек, одан төмен түсе алмайды, сөйтіп қажет санды ойдан жазады», – дейді Eurasianet-ке сұхбат берген саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және азаматтық қоғам институтының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы алдын ала қорытындысында сайлауды демократия стандарттарына сай өтпеді деп сынады.

«Интернетте пікір плюрализмінің аясы аздап кеңігенімен, қысым жасалған науқан сайлаушылардың саналы таңдау жасауына мүмкіндік бермеді. Сайлау қарсаңындағы келісілген шаралар кей отандық бақылаушылардың тиімді бақылау жүргізуіне кедергі болды. Дауыс берудің өзі тиімді ұйымдастырылғанымен, сайлау күні процедуралық аспектілердің көбі транспарентті болмады» делінген ЕҚЫҰ бақылау миссиясының есебінде.

Сонымен, мәжілісте «ескі де жаңа адамдардан тұратын» «Нұр Отан» басым күшке ие болды. «Ескі өкілдерінің арасында былтыр мамыр айында жоғарғы палатаның спикерлігінен алынып тасталған Дариға Назарбаева сияқты билікке шын берілгендер бар» деп қорытады автор.

Сайлау өткенімен, «конституциялық тәртіп төңірегіндегі манипуляция басталуы мүмкін» деп болжайтын сарапшылар да бар. Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, билікшіл «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің былтыр қарашада «жаңа шақырылымда парламенттің рөлін нығайтатын заңдар ұсынамын» деген сөзі осыған дәлел бола алады.

Кейбіреулер бұл процесс 2017 жылы-ақ басталып кеткен деп санайды. Сол кездегі президент Назарбаев атқарушы билік пен парламент арасындағы билікті теңдестіретін реформа жасауға шақырған. Ол тұста Назарбаев мұны «тарихи» өзгеріс деп атағанымен, бұл сарапшыларға онша әсер етпеген дейді автор. «Артқа көз тастап қарасақ, Назарбаевтың бұл реформаны жүзеге асырудағы басты мақсаты – өзінен кейінгі бірде-бір президенттің өзі сияқты ықпалды болуына жол бермеу» деп жазады Eurasianet.

Дегенмен, автордың ойынша, мәжілісті «мөр басып қана отыратын ұйқы келтірер кеңседен» үлкен күшке айналдыру үшін қыруар жұмыс істелуі керек. Бір кезде оппозицияда болған Петр Своиктың ойынша, ондай ерекше реформа бола қоймайды. Билік «жүйеде елеулі өзгерістер жасаудың орнына тұрақтылықты сақтаумен ғана айналысады». «Яғни, Назарбаевтың ізбасары, президент Қасым-Жомарт Тоқаев әзірге өз беделін сақтауға тырысады», – дейді Своик. Оның ойынша, Тоқаев «тепе-теңдік пен сабақтастықты сақтауға тырысады және билік транзиті табиғи түрде аяқталған сәтті күтеді».

  • Дариғаның қайтып келуі 2020 жылғы оқиғалардың сырын түсінуге жол ашады

Америкада шығатынThe Diplomat бұл сайлаудың басты интригасы – орнынан кетсе де, билік тізгінін қолында ұстап, «Нұр Отан» партиясын басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның парламентке қайтып келуі деп санайды. «Оның парламентке қайта сайлануы болашақтағы саяси өзгерістер туралы әңгімені қоздыра түсері анық» деп жазады мақала авторы Кэтрин Пуц.

Автор Назарбаеваның бұрын парламент мүшесі болғанына, 2016 жылы сенатқа депутат болып барғанына тоқталады. 2019 жылы наурызда әкесі отставкаға кеткен соң, оның орнына сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев барып, елдегі екінші лауазым Дариға Назарбаеваға бұйырған. Алайда Тоқаев президент болып сайланғаннан соң бір жыл өтер-өтпестен, 2020 жылғы мамырда ол спикерліктен де, парламенттегі орнынан да кетті. The Diplomat Назарбаеваның отставкасын кімнің қалай сипаттағанына тоқталады.

«Болған жайт бірнеше тұрғыдан берілді, бұл біздің [Қазақстандағы] астыртын саяси әрекеттер туралы түсінігімізді шатастырып жіберді» деп жазады автор. Оның айтуынша, кей ақпарат құралдары Назарбаева «қызметінен кетті» десе, басқалары оның президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен орнынан алынғанын айтқан.

«Назарбаева орнынан кетірілді ме, әлде өзі кетті ме, осы жағы белгісіз болып қалды. Ал бұл жайт өте маңызды: Тоқаев басқаруды қолына алып, Назарбаеваның амбициясын ауыздықтағысы келді ме, әлде бұдан бұрын айтқанымдай, Қазақстан коронавирус пандемиясымен күресіп жатқан тұста саяси бірлік ретінде Назарбаевтар тым болмаса ресми түрде биліктен кете тұрды ма? Оның үстіне Назарбаеваға қатысты бірнеше дау-дамай болды, бұған осының барлығы себеп болуы да мүмкін» деп қорытады автор.

Оның айтуынша, экс-президенттің үлкен қызының билікке қайтып келуі былтыр болған оқиғалардың себебін анықтауға да, елдегі саяси биліктің болашағын бажайлауға да мүмкіндік береді.

Парламенттегі мандаттардың бөлінуін сараптай келе, автор сайлау нәтижесінде билік партиясының сегіз орыннан айырылғанын айтады, бірақ «Нұр Отанның» «циркі жалғасып жатыр» деп ескертеді ол.

  • Тоқаевтың позициясы тым әлсіз

10 қаңтарда өткен парламент сайлауы «режимнің билігін бекітіп берген рәсім ғана болды», биліктің бейбіт демонстранттарды күшпен таратуының мәні жоқ еді. Дамушы экономикалардан инвесторларға арнап хабар тарататын Intellinews сайты осындай тұжырым жасайды.

Мұнда да автор бұл сайлауды түрлі саяси күштер арасындағы теңдікті сақтау шарасы деп бағалайды. Intellinews-тің жазуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Назарбаев маңындағы басқа топтар арасында» «саяси ойынның» бар екені бұрыннан байқалған. Мысал ретінде автор 2019 жылы қыркүйекте мұнай өндірісінің 120 жылдығына арналып Атырауда өткен мерейтойда Назарбаевтың күйеу баласы, аса ықпалды бизнесмен Тимур Құлыбаевтың елеусіз қалғанын және режимнің басты сыншысы, қуғындағы саясаткер Мұхтар Әбілязовпен «күресте» Назарбаевтың ұзақтан бергі үзеңгілесі Болат Өтемұратовтың «құрбандыққа шалынғанын», Дариға Назарбаеваның былтыр сенатор спикерлігінен түсірілгенін еске салады.

«Кей сарапшылар парламент мүшелерінің тізіміне байыппен қарасаң, Қазақстандағы элитаның түрлі мүшелері билікке қаншалық ықпал ететінін көруге болады деп санайды. Мәселен, мәжіліс сайлауына Дариға [Назарбаева] қатысуы оның былтыр мамырда орнынан түсірілгеніне қарамастан, элитаға әлі де ықпал етіп отырғанын аңғартады (бірақ бұл ықпал тұрақты болмауы да мүмкін)» деп санайды автор.

Оның айтуынша, «Нұр Отанды» Назарбаев басқарып отырғандықтан, билік тепе-теңдігіне де экс-президент ықпал етеді. «Оның үстіне бұл бір жағынан Қауіпсіздік кеңесі арқылы билікті ұстап отырған Назарбаевтың Тоқаевты тізгіннен босатпауына мүмкіндік береді. Бұл маңызды, себебі көп сарапшы Тоқаевтың әрекеттері оның Назарбаевтан алшақ кетуге тырысатынын байқатады деп есептейді» деп жазады Intellinews.

Десе де, билік үшін күрес туралы бұл болжамдар тым әсіреленген болуы мүмкін. «Себебі Назарбаев ескі серіктесі Өтемұратовқа қолдау көрсеткені байқалмайды» дейді автор.

Қалай болған күнде де, Тоқаевтың позициясы әлі тым әлсіз. «Назарбаев орнына қойған ізбасары ретінде Тоқаев елді ол сияқты емін-еркін басқара алып отырған жоқ. Өмір бойғы «елбасы» статусының және Қауіпсіздік кеңесін бақылауының арқасында ол биліктің барлық деңгейлеріне әлі де үлкен ықпалын сақтап отыр» деп жазады автор.

Бұған қоса сарапшы билік органдарының сайлау күнгі шектен тыс сақтық шараларына да назар аударады. Алматыдағы Республика алаңында полицияның арнайы жасағының құрсауында қалып, сағаттар бойы аязда тұрған наразы жұрттың халін суреттеген автор олардың дәретханаға да жіберілмегеніне назар аударады.

Автор сол күні елдің басқа бөліктерінде де ондаған адам ұсталып, кешке босатылғанын айтады.

«Өкіметтің оларға қатысты әрекеттеріндегі ең бір түсініксіз нәрсе – биліктегі режимді қайта бекітетін рәсімдеу сипатындағы сайлауға ешқандай ерекше қауіп төндіре қоймайтын, салыстырмалы түрде аз ғана наразыларды күштеп таратуы болды. Салыстырып қарасақ, 2019 жылғы мерзімінен бұрын президент сайлауы кезіндегі бүкіл елді қамтыған демонстрациялар қоғам наразылығының анағұрлым салмақты көрінісі болған еді» деп жазады IntelliNews.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн