Қандастардың қамын кім ойлайды?

  •  «Әділетті шешім шығару – тек қана Президенттің қолында. Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз көмектеспесеңіз, алыстан оралған ағайынның баспанасыз далада қалғаны – қалған…

СІЗДІҢ АППАРАТ қандастарымызға АПАТ ӘКЕЛДІ!

  • ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!

Қол жеткен ақпаратқа сүйенсек, Арыстағы жарылыстан толықтай өртке оранған үйлердің саны 21 екен; Мақтааралдағы су тасқыны кезінде 838 отбасы баспанасынан айырылыпты; Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы орман өрті 31 отбасының үйін жалмаған.

Бәрін қоссаң, 890 үй тып-типыл болған. Мен бұл жерде баспанасынан түбегейлі ажырап қалған отбасылардың санын ғана айтып отырмын. Бұл – соңғы екі-үш жылдың ішінде болған апаттар.

Ал Сіз Президент аппаратының араласуымен қабылданған Заңның қандай апатқа әкеліп соқтырып жатқанын, қанша қандасымызды баспанасыз қалдырғанын білесіз бе?!

Жасыратыны жоқ, Президент аппаратының араласуымен қабылданған заң халыққа алапат апаттар әкелуде! Соның бір дәлелі – қандастарымыздың баспана кезегінен лақтырылып тасталуы!

1997 жылғы 16 сәуiрде қабылданған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 68-бабында «Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтардың» тізбесі көрсетілген. Сол тізбенің жетіншісі болып қандастар тұр.

Қандастарымыз бұл заңды Елбасымыздың зор қамқорлығы ретінде қабылдап, байтақ Қазақстанның барлық өңірінде баспана кезегіне тұрған. Олардың алды 20 жылға таяу пәтер кезегін күтумен келе жатқан болатын.

Ол кезде «оралман» (бұдан әрі – «Қандас») мәртебесінің мерзімі республика азаматтығын алғанға дейін жарамды болатын. Кейін бұл мерзім жеті жылға қысқартылды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір жыл болып бекітілді.

Бірақ «Қандас» мәртебесінің мерзімі бір жыл болып бекітілуі қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын тездетіп алуға ынталандырғанымен, пәтер кезегіне тұру және пәтер алу мәселесін тым қиындатып жіберді. Нақтылап айтсам, бұл әдейі жасалған қитұрқылық еді.

Осы жағдайды ескеріп, 2019 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мәжіліс талқысына түскенде, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 68-бабына «Егер «Оралман» санатымен баспана кезегіне тұрған азамат Қазақстан Республикасының азаматтығын алған жағдайда оның кезегі сақталады» деген ескертпе енгізу туралы ұсыныс бердім.

Өкінішке орай, бұл ұсынысты қабылдауға мәжілістің құлқы болған жоқ. Өтірік талқылағансып отырды да, Үкіметтің қарауына жіберіп құтылды.

Үкіметтен «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 67-бабына сілтеме жасай отырып, «Қазақстан азаматтары мартебесін алған және тұрғын үйге мұқтаж оралмандар жалпы негізде біздің басқа азаматтарымызбен бірдей мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға үміткер бола алады. Осыған байланысты оралмандар үшін кезекті сақтау маселесін орынсыз деп санаймыз» деген Асқар Маминнің қолы қойылған жауап (№7-10-1282) келді.

Бұл Үкіметтің «жауабы» емес екеніне сенімдімін. Түптеп келгенде, Президент аппаратының қисынға келмейтін шешімі екені белгілі.

Қысқасы, бұл – «Қандас болсаң, қайтейін!» деген сөз!

Ең өкініштісі, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтардың қатарында «Қандас» мәртебесімен баспана кезегіне тұрып, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымыз қазір баспана кезегінен түгел алынып тасталды. Олардың саны – 1982.

Аталған 1982 отбасы – 2021 жылдың 5 ақпанына дейінгі кезектен шығарылғандар. Бұл – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың өз қолымен берген ресми мәліметі. Қазір олардың саны екі мыңға таяған немесе одан да асқан болуы мүмкін.

Баса айта кетейін, бұлардың ішінде көп балалы отбасылар да бар. Ең қорлығы – тым құрығанда сол көп балалы отбасылардың санаты ауысқан жағдайда, олардың бұрынғы кезегі сақталуы керек қой. Жоқ, Тұрғын үй департаменттері оларды кезектің ең соңына лақтырып тастауда.

Жәбірленушілер атынан жазылған арыз бен өтініште есеп жоқ. Әншейінде «Халық үніне құлақ асатын үкімет» алыстан оралған қандастарына келгенде тас керең болды да қалды. Сөйтіп, қандастарымыздың жиырма жылға жуық немесе одан да артық күткен алтын уақыттары зая кетті, үкілеген үміттері үзілді. Өгейдің күнін кешіп, байғұстар жер соғып қала берді…

Көрдіңіз бе, Президент аппараты қолдан АПАТ жасап отыр. Және ол апаттың Алланың жіберген апатынақарағанда, көлемі ЗОР, зардабы АУЫР болып тұр.

Естеріңізде болса, С. Терещенко, Ә. Қажыгелдин, Н. Балғымбаев, Қ. Тоқаев, И. Тасмағамбетов және Д. Ахметов Үкімет басқарған Назарбаев заманында әр бес жылда алыс-жақын шетелдерден аз дегенде 80 мыңнан астам қазақ көшіп келіп жататын. Тіпті 2002–2006 жылдар аралығында 384 мың 106 қандасымыздың елге оралғанын еске алсақ, бүгінгі көшті «өгіз аяң» деп атауға болады.

Соншама көп қазақтың көшіп келгеніне қарамастан, ол кезде Үкімет оларға қомақты қаржы ажыратып, басым бөлігіне келген бетте баспана беріп тұрды. Ал мына 1982 отбасы «маған бір жылдың ішінде баспана бересің!» деп тұрған жоқ, заң бойынша әрбірі өз кезегі келгенде алмақ.

Сіздің сайлауалды бағдарламаңыздың өзегі – «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталады. Бірақ дәл осы қандастарымыздың баспана кезегіне келгенде, «сабақтастық» үзілді. «Әділдік» аяққа тапталды. Енді көші-қон үрдісінде қайтіп «Өрлеу» болмақ?!

Бәрін жасап отырған – Президент аппараты! Қандастарымызды баспана кезегінен айырып тастап, осыдан кейін «Игілік баршаға!» деп айтуға ауыз бара ма?!

Сіздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басқалардан гөрі көбірек тілге тиек ететін, үнемі ту қылып көтеріп жүретін азаматтың бірі емес, бірегейі – менмін! Сол себепті баспана кезегінен шығып қалған қандастарымның алдында тілім байланып, қатты қысылдым. Қара жерге кіріп кетуге тесік таппай қиналдым. Тағы бір жағынан – өте қорландым…

Мен Президент аппаратының бұл әрекетін, заңнамадағы шикілікті біле тұрып, Елбасы жолға қойып, Президент жалғастырғалы отырған көші-қон саясатына әдейі жасалған ҚАСТАНДЫҚ деп бағалаймын! Қандастарымызды өзекке тебу деп түсінемін! Сондай-ақ Президенттің жұрт алдындағы абырой-беделін төмендетуге арналған ҚИТҰРҚЫЛЫҚ емес пе екен деп те ойлаймын!!!

Сіз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға тоқталып, осы мәселеге назар аудардыңыз. Қандастарымыз Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған жағдайда, олардың Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін де баспана кезегін сақтау туралы тапсырма бердіңіз.

Дау жоқ, аталған шешім шеттен көшіп келген қандастарымызды Үкімет айқындаған арнайы өңірлерге, шекаралық аймақтарға көптеп қоныстандыруға зор септігін тигізеді. Қандастарымыз жері кең, суы мол, еңбек күші тапшы өңірлерге барынша көп қоныстанулары керек. Бірақ бұрынғы пәтер кезегінде тұрған қандастар баспанасыз қалмауы тиіс! Өз басым сіздің бұл бастамаңызды қос қолдап қолдаймын және қандастарыма үнемі үгіттеп келемін!

Иә, мен сізді таққа отырған сәттен бастап қолдап келемін. Қолдай да беремін. Ол ықыласымды Президент аппараты мен Президенттің айналасы өте жақсы біледі деп ойлаймын.

Айтпақшы, 2019 жылы заң жобасы талқыланып жатқанда, қандастарымыздың осы баспана кезегіндегі шикілікті шешуге бағытталған ұсынысым Парламенттің қос палатасынан қолдау таппаған соң, Президенттің атына БАҚ арқылы «Қандастарыңызды баспанасыз тастамаңыз…» деген атпен «Ашық хат» жазғанмын. Ол хатым Президент аппаратына жеткенімен, Сіздің қолыңызға тиген жоқ.

Сөйтіп, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң мен «Халықтың көші-қоны туралы» заң арасындағы сәйкессіздік түзетілмеген күйі қабылданып кетті.

Ол аз десеңіз, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 13-бабындағы ҚР Конституциясының 14-бабының 2-бөлігіне қайшы норманы да біліп тұрып, Президент аппараты өткізіп жіберді…

Міне, одан бері де бір жарым жыл өтіпті. Аппарат үнсіз. Үкімет тым-тырыс. Ал қандастарымыз қан жылап, баспанасыз қалып барады…

Бұл жолы да сізге алаулатып «Ашық хат» жазбай-ақ, заң жобасы мәжіліс талқысына түскен кезде қандастарымыздың бұрынғы баспана кезегін күшінде қалдыру туралы үнсіз ұсыныс бере салуыма да болатын еді. Бірақ жаңа депутаттардың оны заңдастыруға дәрмені де, еркі де жетпейді. Себебі сол – төраға, сол – премьер-министр. Қандастарымыз тағы сорлап қала ма деп қорықтым. Бұл – бір.

Екіншіден, Президент аппараты тек қандастарымызға қатысты ғана емес, Парламентте талқыланатын барлық заңдарға араласып келе жатқаны жасырын емес. Мен бұған тіс-тырнағыммен қарсымын!

Жаңа Президент келгелі, жаңа саяси реформалар жүргізіліп жатыр. Үш билік бірінің шешіміне екіншісі кедергі жасамай, қол-аяғын тұсамай, әркім өз шаруасымен айналысуы керек деп есептеймін.

Үшіншіден, Табиғи апатқа ұшыраған отбасыларға үкімет, халық және қайырымды азаматтар қаржы ажыратып, судай жаңа баспаналар тұрғызып берді. Ал қолдан жасалған апаттың кесірінен далада қалған қандастарымызға қол ұшын беретін пенде бар ма?!

Меніңше, жоқ!!!

Әділетті шешім шығару – тек қана Президенттің қолында. Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз көмектеспесеңіз, алыстан оралған ағайынның баспанасыз далада қалғаны – қалған…

Сол үшін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлынан қанша қысылсам да, қанша ұялсам да, осы екінші «Ашық хатты» жазуыма тура келді.

Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сізден осы мәселелерді өз назарыңызға алып:

Бірінші, Президент аппаратының заң шығару жұмысына араласуын шектеуге;

Екінші, Қазақстан Республикасының азаматтығын алып, «Қандас» мәртебесінің тоқтатылуына байланысты баспана кезегінен шығып қалған екі мыңға жуық қандасымыздың кезегін қалпына келтіріп, реті келгенде баспаналы болуына;

Үшінші, аталған заңнамалардағы шикіліктерді түзетуге пәрмен беруіңізді сұраймын!

Зор құрметпен, Ауыт МҰҚИБЕК – ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі,

02.06.2021

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн