Қандастар акциясын АҚШ ҚОЛДАДЫ

  • АҚШ Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық өткізіп жүрген азаматтардың бейбіт жиналу құқығын қолдайды. Дүйсенбі күні онлайн баспасөз жиыны кезінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Vlast сайты жазды, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.

«Біз бейбіт жиналу құқығын қолдаймыз, бұл даусыз. Бұл азаматтар бар болғаны бейбіт жиынға қатысып жатыр. Біз, әрине, Қазақстан мемлекетіне көзқарасымызды жеткіздік. Қазақстанға санкция салынады деп қазір айта алмаймын», – деді журналистердің сұрақтарына жауап берген Уильям Мозер.

Еске салсақ, Алматыда бір топ адам Қытай консулдығы алдында 140 күннен астам уақыттан бері наразылық акциясын өткізіп келеді. Олар Шыңжаңда «жазықсыздан-жазықсыз» қамалған немесе сол жақта жоғалған немесе Қазақстанға өте алмай отырған туыстарын босатуды, Қазақстанға қайтаруды сұрайды. Осы уақыт аралығында консулдықтан ешкім шыққан жоқ. Ал сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Шыңжаңда қамалған қазақтардың «Қытай азаматы» екенін және олардың «заң бұзғанын» айтқан еді.

Бұл екі арада «Нағыз Атажұрт» еріктілері бірлестігінің жетекшісі Бекзат Мақсұтхан «ДАТ»-қа берген сұхбатында айтқандай, Қытайдың Шыңжаң аймағындағы адам құқықтары мәселесін көтеріп жүрген ұйымның YouTube-тегі арнасының жұмысы кенеттен шектелген еді. «Бұл құқық қорғаушылардың үнін өшірудің жаңа әдісі ме?» деген сауалмен MIT Technology Review осы мәселеге назар аударады.

Басылымның жазуынша, «Атажұрт еріктілері» ұйымының YouTube арнасы бірнеше күн өшіп қалып, видеолардың орнына желінің «қауымдық ережелерін бұзғаны үшін арна жұмысы тоқтатылды» деген ескерту шыққан. Бірнеше күннен соң арна қайтадан ашылғанымен, ондағы 12 ескі видео лентадан түсіп қалған, деп хабарлайды МІТ ТR басылымына сілтеме жасаған «Азаттық».

Бұл видеоларда Шыңжаңдағы қамау орындарында отырған адамдардың жақындары көрген қиындығы жайлы баяндайды. Видеотаспалардың растығын дәлелдеу үшін, кейіпкерлер өзінің және қамауда отырған туыстарының құжаттарын көрсетеді. Ұйым жетекшісі әрі арна қожайыны Серікжан Біләштің (суретте) айтуынша, олар осы арқылы адал жұмыс істейтінін айғақтайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қытай басшылығы аймақта адам құқықтарын өрескел бұзып отыр деп санайды, соған қарамастан Пекин мұны «экстремизммен күрестің бір бөлігі» деп ақтап алғысы келеді. Осындай жағдайда нақты деректердің болуы өте маңызды дейді Біләш. Оның үстіне «Атажұрт» жариялаған видеоларды халықаралық құқық қорғау ұйымдары пайдаланып, Шыңжаңдағы жағдай бойынша дерек жинайды.

«2018 жылы түсірілді деген бұл видеолар жылдар бойы YouTube-қа ешқандай мәселе тудырмай келген. Бәрі өткен аптада ғана өзгерді» деген басылым бұл видеолардың нақты қай ережені бұзғанын анықтауға тырысқан.

«YouTube-те қысымға қатаң тыйым салынады. Біз адам құқықтары саласындағы істерді құжаттау мақсатындағы жауапты әрекеттерді құптаймыз. Сондай-ақ бізде арналардың жеке ақпаратты жариялауына жол бермеу саясаты да бар», – деді YouTube өкілі MIT Technology Review-ге берген сұхбатында.

Басылымның өз болжауы бойынша, «Нағыз Атажұрттың»” Ютуб-арнасы жекелеген адамдардың төлқұжат деректерін жариялауы видеоларды өшіруге себеп болса керек.

15 маусымда «Атажұрт» арнасы өшіп қалған соң, басылым журналисі YouTube-ке сауалдар жіберген, көп ұзамай видеохостинг өкілі «Видео мазмұнын жан-жақты қарап шыққан соң…», оларды қайта ашып қойғанын, бірақ «видеоларды қайта шығару үшін, ондағы жеке бас мәліметтерін алып тастау мақсатында [Атажұрт] ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқанын» хабарлады.

«Атажұрт» бұл ережелерге бағынудың жолдарын іздеп жатқан, ал 22 маусымда YouTube тағы да әрекет етіп, «Атажұрттың бұрын жарияланған ондаған видеоның «жеке» статусына көшіріп, бұғаттап тастады. Компанияның айтуынша, бұл видеолар қылмыстық я террористік ұйымның қатысуымен жазылған, не соларды жақтайды.

«YouTube неліктен қамаудағы мұсылман отбасы мүшелерінің видеоларын зорлықшыл қылмыскерлер немесе террористер деп санайтыны, бұл «Атажұрттың» жеке мәліметтерін дұрыс бөліспегені туралы YouTube-тің бұрынғы мәлімдемелерімен қалайша қабысатыны белгісіз. YouTube өкілі электронды поштамен жіберген жауабында «бұл жағдайда контент әзірлеуші жұмысының мазмұнына байланысты емес, автоматты хабар алмасудың» нәтижесінде видеоларға шек қойылғанын айтқан», деп хабарлады бұл орайда «Азаттық».

Сарапшылардың жорамалына қарағанда, қазақстандық биліктің тапсырмасын орындаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті өздеріне бағынышты желі қолданушылардың атынан Ютуб әкімшілігіне шағымдар жазу тасқынын үдеткен сыңайлы. Ал желі әкімшілігі қалыптасқан ішкі ережесі бойынша, бұл шағымдарға мойынсұнған.

ДАТ-ақпарат

«Нағыз Атажұрт еріктілері» ұйымының Алматыдағы жиыны. 4 наурыз 2020 жыл.

Серікжан Біләштің Қазақстанда қуғын көріп, Түркияға қашқанын, қазір АҚШ-тың Техас штатында пана тапқанын жазған басылым ұйымның YouTube арнасындағы өзгерістерге бұл видеохостинг қызметінің алгоритмдерін алдап соқпақ болған Қытай не Қазақстан үкіметтеріне жақын біреулердің қатысы болуы мүмкін деген болжам жасайды.

YouTube-пен арадағы текетірес басталғанға дейін, «Атажұрт» арнасы «кемсіту және кибербуллинг» жасады деп екі айдың ішінде екі бірдей «страйк» (заңсыз контент жариялағаны үшін ескерту) алған. Ұйымның қарсы шағымдары қабылданбаған. YouTube ережелері бойынша, 90 күн ішінде үш страйк алған арна біржола жабылады.

«Жақтастарының айтуынша, бұл страйктар Біләштің не «Атажұрттың» ереже бұзғанының дәлелі емес, керісінше, Қытай және Қазақстан үкіметтерімен байланысы бар ойыншылардың жаппай шағымдану науқанының нәтижесі» деп жазады басылым.

«Атажұрттың» бір өкілі журналиске WhatsApp мессенджерінде тараған қазақ тіліндегі әлдебір видеонұсқаулықты көрсеткен. Онда видеоларды алып тастауға YouTube-ті көндіру үшін, оларға жаппай шағымдану жолдары баяндалады. Биыл осындай «шабуылдар» кесірінен «Атажұрттың» Facebook-тегі аккаунттары уақытша жабылып қалған.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн