Қорғас су қоймасы КІМГЕ КЕРЕК?

  • Қорғас өзенінде қазақ-қытай су қоймасын салу жоспарлануда, деп хабарлады ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің (ЭГТРМ) баспасөз қызметі.

«Алматы облысының Панфилов ауданы Басқұнқан ауылындағы Қорғас өзеніндегі «Достық» интеграцияланған гидроэлектрлік кешенінде су қоймасын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді» делінген сейсенбіде таратылған хабарламада «Қазсушар» мекемесінің бас директоры Алтай Елжасов.

Нысан Қытаймен шекарада, Қорғас трансшекаралық өзенінде орналасқан. 2013 жылы пайдалануға берілген аралас гидроэлектростанция 14,5 мың гектар жердегі суармалы алқапты алып жатыр. Құрылымның өнімділігі – секундына 456,0 текше метр.

ЭГТРМ-да атап өткендей, соңғы үш жылда бұл гидроэлектрлік кешенде көрші мемлекеттен аз мөлшерде су ағыны болды, климаттық жағдай өзгерді, бұл фермерлер үшін өзекті мәселеге айналды. Жергілікті мамандар мен шаруа қожалықтарының басшылары бұл мәселені Қорғас өзеніне су қоймасын салу арқылы шешуге болатындығын атап өтті.

 «Бұл нысан трансшекаралық аймақта орналасқан. Сондықтан бұл екі елдің үкіметтері деңгейінде қарастырылып жатқан мәселе. Соған қарамастан, қазір нысанды салатын жерді анықтағаннан кейін, жергілікті атқарушы органдар жобалық-сметалық құжаттарды қарастырып, Экология министрлігіне тапсырады», – деді Елжасов.

ҚазТАГ

«ДВК» ЖАҚТАСТАРЫ ҚУҒЫНҒА ҰШЫРАУДА

  • 4 мамырда Петропавлдағы Ғабит Мүсірепов аудандық соты «экстремистік деп танылған ұйым жұмысына араласты» деп айыпталған белсенді Нұрбол Өнерханға үкім шығарып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын 6 ай 2 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.

2020 жылы 2 қарашада сот Өнерханды елде экстремистік деп танылған, Еуропарламент «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ – ДВК) және «Көше партиясы» қозғалысын қолдады деп айыптап, бір жылға бас бостандығын шектеген еді.

Биыл 27 сәуірде жергілікті пробациялық бақылау қызметі Өнерхан жазаны өтеу шарттарын бұзды деп, оның бас бостандығын шектеу жазасын түрме жазасына ауыстыруды сұраған. Сот барысында Өнерханға пробациялық жұмыстарға кешікті, бірнеше рет рұқсатсыз үйден шықты, профилактикалық әңгімелесуге келмеді деген айыптар тағылды. Пробациялық қызмет белсендіге төрт рет ескерту қағазы жіберілгенін алға тартады. Ал Өнерхан пробациялық жұмыстарға кешікті деген айыппен келіспей, бұл туралы жауапты адамдарды алдын ала ескерткенін айтқан. Бірақ сот дәлелдердің аздығын алға тартып, оның бас бостандығын шектеу жазасын түрмеге қамау жазасымен ауыстыру туралы шешім шығарды. Өнерханды сот залынан бірден қамауға алды. Белсендінің заңгері Константин Дарий соттың шешімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

Еске салсақ, СҚО-дағы мектептердің бірінде сабақ берген 27 жастағы Нұрбол Өнерхан елде қызметіне тыйым салынған ҚДТ қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязовтің «идеологиялық және заңға қарсы әрекеттерін әлеуметтік желіде қолдады» және «Көше партиясы» қызметіне араласты» деп айыпталған. Белсенді «ҚДТ-ны қолдайтынын, бірақ қозғалысқа мүше емес» екенін айтқан болатын.

Өнерхан 2019 жылдың қазанынан бері Youtube, Instagram әлеуметтік желілерге видео жариялап, елде «диктаторлық жүйе орнағанын, биліктің саяси реформалар жүргізбей жатқанын» сынаған еді.

blank

Бұл екі арада Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының 58 жастағы тұрғыны, бұрынғы шахтер Бүркітбай Насырхановқа «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы» қозғалыстарының жұмысына араласты деген айып тағылды. Тергеудің мәлімдеуінше, Насырханов Facebook желісінде ҚДТ мен оның құрушысы Мұхтар Әбілязовтың постарын репост жасап, ҚДТ мен «Көше партиясына» қосылуға үндеген және елді митингіге шақырған. Қазақстан билігі «Көше партиясы» ҚДТ-ға қатысы бар ұйым деп санайды.

Айыпталушы өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтып, прокурордан нақты не үшін айыпталып отырғанын сұрады.

Azattyq.org

 

Сыйлықтан ҚҰР ҚАЛМА, жорналшы!

  • Қазақстан Журналистер одағы Журналистика күніне арналған байқауға материалдар жинауды жалғастыруда.

Қазақстанда 2021 жыл айтулы дата – тәуелсіздіктің 30 жылдығы атап өтіледі. Соған орай бұқаралық ақпарат құралдары арасында 28 маусымда өтетін Журналистика күнінде байқау жеңімпаздары анықталады.

Байқау материалдарына қойылатын басты талап – тақырыпты объективті, жан-жақты, терең зерттеу, мәселеге өзіндік, шығармашылық көзқарас, өзектілік, тиімділік. Тиісті тақырыпқа арналған басылымдар сериясына басымдық беріледі.

Конкурсқа 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2021 жылдың 1 маусымына дейінгі кезеңде жарияланған немесе эфирге шыққан материалдар, фотосуреттер, радио-бейнеклиптер қабылданады. Конкурсқа материалдарды қабылдау 10 маусымда аяқталады.

Материалдар мен сіздің жеке деректеріңіз тек электронды түрде поштаға жіберілуі керек: union-press@kazmedia.kz, жарияланған материалдарға сілтемелер көрсетілген. Сауалнамада сіз жұмыс орнын, лауазымды, үйдің мекен-жайын, телефон нөмірін және қандай басылымдарда материалдар жарияланғанын көрсетуіңіз керек.

Нәтижелері 18 маусымда жарияланып, марапаттау рәсімі 2021 жылы 28 маусымда Алматыда өтеді.

Қазақстан Журналистер одағы

Анклав дауы

Қырғыз бен тәжік НЕГЕ ҚЫРҚЫСТЫ?

blank

Қырғыз-тәжік конфликтісіне қарай отырып, Қазақстан шекарасының толық анықталуы – бүгінгі биліктің ғана еңбегі емес екеніне көзіміз жете түседі. Өйткені Қазақ ССР-інде көрші республикалардың жері – анклав болған жоқ. Осыны әрдайым ескеру керек. 

Қырғыз-тәжік конфликтісіне анклав себеп болып отыр. Бақылап жүрмегендер болса, қысқаша айтып өтейік.

Қырғызстан аумағында Тәжікстанның Соғды облысына қарайтын, 30 мыңға тарта халық (басым көпшілігі тәжік) тұратын Ворух деп аталатын ауыл бар. Қырғыздар оның тәжік жері екенін мойындайды, бірақ халқының біртіндеп көбейіп, жері мысықтабандап, үлкейе бастағанын ұнатпайды. 

Қырғыз-тәжік арасында бұл қыжылдың жалғасып келе жатқанына 30 жылдан асқан. Қырғызстан Тәжікстаннан өзге көршілерінің бәрімен шекарасын анықтап алған. Осы Ворух мәселесі мен тағы бір шағын анклав шешілмей тұр. Түгін тартсаң, майы шығатын Ворухты тәжіктер атамекен санайды, өлсе – кетпеуге бекінген.

Биыл сәуірдің басында Қырғызстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің адуынды төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің екпіндетіңкіреп айтқан мәлімдемесі тәжік билігі мен тәжік ұлтшыл патриоттарына ұнамай қалған. Тәшиев шекара мәселесін шешудің екі жолын ұсынған: 1. Ворух жерінің қазіргі нақты өлшемін есептейміз (жерін әрі қарай ұлғайтуға жол бермейміз дегені) де, Тәжікстанға баратын жол ашып береміз. 2. Ворухты Қырғызстанға алып, соған тең аумақты Баткен облысының басқа жерінен береміз.

Тәшиев мұнысын «бұл мәселені шешпей, осы жерден екі елге әрі-бері өтіп жатқан контрабандалық жанар-жағармайдан бір грамм да жібермейміз, бұрын көз жұма қарап келген едік» дейтін сөздермен тұздықтаған. Тәжік саясаттанушылары бұл сөзді «күшінің басымдығына сенетін көршінің талабындай естілді, тәжік билігі жақтырмады» дегенді айтады.

Тәжікстанның бұрынғы сыртқы істер министрі «билікке шарбақтан секіріп түсіп жеткен (Садыр Жапаров билікке келген төңкерісті айтады) Тәшиев жер мәселесін де одыраңдап шешкісі келеді» деген сыңайда жауап қатып, тәжіктердің құлағын көтерген. Отыз жыл биліктен айырылмай отырған тәжікбасы қырғыздың демократияшыл, ептеп ұлтшыл жаңа басшыларын ұнатыңқырамайтынын осылай да бір аңғартқысы келсе керек.

Оның үстіне қырғыз билігі сол шекара маңында сәуірдің басында «Қауіпсіздік-2021» дейтін әскери жаттығу өткізіп, ат ойнатқан. Оған екі мыңға жуық солдат, жүзге жуық танк, т.б. техника қатысқан.

Бұл әрекеттерден кейін тәжікбасы Эмомали Рахмон Ворухқа барып, өзі тұрғанда ешкімге жер берілмейтінін мәлімдеген. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, кешегі екі күнгі қақтығысқа тәжік жағы айтарлықтай дайындықпен келгенге ұқсайды және оны ауыл адамдарының кезекті жанжалы емес, тәжік билігінің саяси ымдауымен болған әскери конфликт деп санайды. Қырғыз айылдары атқыланып, өртенді, қаншама жазықсыз адам оққа ұшып, жараланды. Қырғызстан екі күн аза тұтты. Тәжік жағында да оннан астам әскери қызметкер өлген. 

Қысқаша – осы.

(Ә дегенде ара ағайын бола салатын Назарбаев бұл жолы үндемеді. Эмомали досының бұрынғыдай құлақ аса қоярына сенбеді ме, әлде өзі қалжырап қалды ма екен? Бұ кісінің де жиі ауысатын қырғыз билігін құптаңқырамайтыны бар. Ешкім айтпағанды Атамбаев бетіне айтып кетті емес пе?).

Мәселені сырттан ешкім шеше алмайды дейді сарапшылар. Ауылы аралас, қойы қоралас қырғыз бен тәжік алқақотан отырып қана шешетін көрінеді. Екі елдің сыйлы адамдары мен азаматтық белсенділері қол алысуға дайын дейді, тек басшыларына Құдай таупиқ берсін!

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн