Қымбатшылық ҚАМЫТЫ қысып барады

Өткен ақпан айында Қазақстанда күнбағыс майы, қант, жұмыртқа, ұн, жарма және тауық қымбаттады, деп хабарлады Ұлттық банк.

«Ақпанда бағалар одан әрі – 42%-ға көтерілді, күнбағыс майы, қант – 39%, жұмыртқа – 33%-ға артты. Ұн, жарма мен нан, құс еті қымбаттады», -– делінген өткен жұмада таратылған Ұлттық банктің хабарламасында.

Ақпаратқа сәйкес инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік бағасының өсуі қосады. Ақпанда азық-түлік инфляциясы қаңтардағы 11,4%-дан 11,6%-ға дейін өскен. Инфляция 2021 жылғы ақпанда 0,7% болды, жылдық мәнде өзгеріссіз қалды – 7,4%.

ҚазТАГ

Тағы бес белсенді «САЯСИ ТҰТҚЫН» санатында танылды

  • Қазақстандық құқық қорғаушылар «саяси тұтқындар» тізімін тағы жаңартты. 17 наурызда жарияланған жаңа тізімге тағы бес адам қосылған.

Олардың барлығы тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы және «Көше партиясына» қатысы бар деп күдікке ілініп отыр. Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған ҚДТ мен «Көше партиясын» Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.

  • Екібастұз тұрғыны, азаматтық белсенді Мақсұт Аппасов, құқық қорғаушылардың айтуынша, азаматтық белсенділігі үшін қудаланып отыр. Тергеу органдары оны тыйым салынған «Көше партиясын» қолдады деп айыптаған. Ақпан айының соңында ұсталған. «Бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін» талай рет әкімшілік жазаға тартылған.
  • Қостанай қаласының тұрғыны, белсенді Медет Есенеев – 2020 жылы қаңтарда Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-бөлігі бойынша («Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу», нақты жағдайда «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы) кінәлі деп танылып, бостандығы бір жылға шектелген, пробациялық бақылау белгіленген. 2020 жылы 4 қыркүйекте «пробация шартын бұзғаны үшін» шартты жаза түрме жазасымен алмастырылған.
  • Ақтаулық белсенді Абзал Қаналиев – Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-бөлігі бойынша («Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу») күдікке ілінген. Былтыр қараша айында үйқамаққа алынған. Алайда «әлеуметтік желідегі жазбасы үшін» ақпан айының соңында қамауға алынған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ол талай рет видео-челлендждер, пикеттер, «саяси тұтқындардың» отбасына көмек беру акцияларына қатысып, сол үшін әкімшілік жазаға тартылған.
  • Маңғыстау облысы Бейнеу ауылының тұрғыны Мерей Құрбақов – «тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген күдікке ілініп, қамауға алынған. Құқық қорғаушылар оның бір жылдан астам уақыттан бері азаматтық позициясы үшін қудаланып келе жатқанын айтады. Ол былтыр желтоқсан айында «билік өкіліне күш қолданғаны үшін» кінәлі деп танылып, 40 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттелген. Мүгедектігі бар белсенді онкологтар есебінде тұр.
  • Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, белсенді Айдар Сыздықов – Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-бөлігі бойынша («Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу», нақты жағдайда «Көше партиясы») күдікке ілініп, қамауға алынған. Осыған дейін көптеген митингілерге қатысып, саяси көзқарасын ашық білдіргені үшін әкімшілік жазаға тартылған.

Еске салсақ, Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев«терроризмді насихаттады» деп сотталған Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағалиев те бар. Қазақстандағы саяси қудалау туралы ақпарат тарататын Tirek.info сайтының мәліметінше, жаңадан қосылғандарды есептегенде, Қазақстанда барлығы 29 саяси тұтқын қамауда отыр.

Azattyq.org

Жергілікті депутаттар жайылымдық жердің МӘСЕЛЕСІН ҚОЗҒАДЫ

Түркістан облыстық мәслихатының кезекті үшінші сессиясында өңірдің дамуына қатысты бірқатар мәселе қаралды. Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай көп жылдан бері елді толғандырып отырған өзекті мәселе – жайылым жерлерінің жетіспеушілігін қозғады.

Қай ауданда болсын, жердің жырын айтып, қиындық көріп отырған ауыл тұрғындары жетіп артылады. Мал жаятын жайылым таппай, төрт түлігін қорасында қамап ұстауға мәжбүр жұртшылықтың шыдамы да таусыла бастағаны жасырын емес. Бұған дейін бірқатар ауылда жергілікті тұрғындар наразылықтарын білдірген болатын. Тіпті жайылым үшін таласқа түсіп, біріне-бірі қару қолданғандар да тіркелген. Осыдан төрт жыл бұрын «Жайылымдар туралы» арнайы заң қабылданғанымен, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр.

Ғалымжан Елшібай жараның аузы жарылып кетпей тұрғанда, арнайы депутаттық комиссия құрып, жайылым жердің мәселесін зерттеп, зерделеуді ұсынды. Шиеленіскен мәселені шешуде нақты қадамдар жасау қажеттігін айтқан халық қалаулысы алдағы уақытта мәслихат пен ақпарат құралдарындағы әріптестерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

ҚазТАГ

  

«РЕСЕЙДІҢ СЫЙЛЫҒЫ» жайлы Путин тағы айтты

blank
  • Ресей президенті Владимир Путин 18 наурыз күні кешкісін Мәскеуде өткен Қырым аннексиясының жеті жылдығына арналған шарада Ресейдің Совет Одағы құрамында болған елдерге жер беріп, «мол сыйлық» жасағанын тағы да айтты. Ол Совет Одағы құлаған соң Ресей «талай территориядан айырылып қалды» деп санайды.

Путин өз сөзінде Қырымның Ресейге қосылуын «тарихи әділдік» деп атады. Ол Қырымды орыс халқының қалыптасуына негіз болған жердің бірі деп санайды.

«Өткен ғасырдың 20-жылдары большевиктер Совет Одағын құрып, әлі күнге түсініксіз себеппен көп аумақты, географиялық кеңістікті квазимемлекеттік құрылымдарға берді. Кейін өздері қирап, партия мен Совет Одағын құлатты, соның салдарынан Ресей көптеген территориясы мен геосаяси кеңістігінен айырылды», – деді ол.

Путин Ресей «жаңа геосаяси жағдайда өмір сүруге» дайын екенін де айтады. «Біз көршілерімізді географиялық тұрғыдан жақын көрші ретінде ғана емес, бауырлас ел ретінде де қараймыз. Оларға көмек қолымызды созып, біздің бәсекеге қабілетті мүмкіндіктерімізді пайдаланып, дамуға, алға жылжуға жағдай жасауға дайынбыз. Бізде [мүмкіндік] жеткілікті» деді ол.

Путин «көршілерге көмек» жайлы айта келе, «Ресейдің сыйлығын Ресей Федерациясына қарсы қолданғандармен ешқашан келіспейтінін» ескертті. «Бұл сөзімді естиді деп үміттенемін», – дейді Путин.

Қырым аннексиясының жеті жылдығына арналған концерт Мәскеудегі «Лужники» стадионында өтіп, оған ресейлік әншілер қатысты. «Россия 24» телеарнасы таратқан видеоға қарағанда, стадион толы болған, көрермендердің көбі маскасыз отырды.

Ресей 2014 жылы Қырымда референдум өткізіп, Украина құрамындағы түбекті аннексиялап алған. Бұл шара Ресей әскерилерінің бақылауымен, Украина заңнамасына қарсы өтті. Референдумнан кейін Қырымды Ресей әскері бақылауға алды.

АҚШ пен Еуропа одағы Ресейге Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдағаны үшін санкция салған. Мәскеу Қырымның Ресейге қосылуын «тарихи әділдік» дейді, ал Донбасстағы әскери қақтығысқа қатысып жатқанын жоққа шығарады.

Бұл екі арада Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу мен Пекин доллармен және «Батыстың бақылауындағы» төлем жүйелерімен есеп айырысудан бас тарту керек деп мәлімдеді. Оның пайымдауынша, Ресей мен Қытай осы арқылы санкцияның салдарын азайта алады. Бұл туралы ол қытайлық басылымдарға берген сұхбатта айтты. Лавровтың сөзі Ресей СІМ ресми сайтында жарияланды.

Ресей сыртқы істер министрінің ойынша, АҚШ-тың мақсаты – «Ресей мен Қытайдың техникалық дамуына кедергі келтіру». Лавров Батыстың, соның ішінде Вашингтонның басты құралы – санкция деп санайды.

Наурыздың басында АҚШ президенті Джо Байден Алексей Навальныйдың улануына байланысты Ресейге алғашқы санкцияны салған. Қара тізімге орган өкілдері, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко, ФСБ басшысы Александр Бортников кірген. Бұған қоса, АҚШ Ресейдің әскери мақсатта қолданылатын тауарларын елге кіргізуге тыйым салды.

Ресей жаңа санкцияларды «Ресейге қарсы шабуыл» деп сипаттады. 18 наурызда Ақ үй алдағы уақытта Ресейге тағы шектеулер болатынын мәлімдеді.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн