Құда мен құдағидың «ШЫНТАҚ-ШОУЫ» – сайқымазақ сайлаудың белгісі

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Маңайыңыздағылар мемлекетіміздің сайлауын сайқымазаққа, қасиетті антын әжуаға айналдырды! Бұл сайлау өзіңізге үміт артқан еліңіздің үміті, бабалардың арманымен өрілген толағай тағдыры емес пе еді?

Мынау не сайлау, қандай таңдау? 

Әділ өтеді деген уәдеңіздің деңгейі осы болғаны ма? Бұл не қылған жымыңдаған құда мен құдағидың «шынтақ-шоуы…» Көшедегі жеңілтек жасқа тән болғанымен, салмақты мемлекеттік қызметкерге ерсі қылық қой. Мемлекет мүддесіне жауапты деп танылған жандар сол мемлекеттің тілінде ант бере алмауы – масқара демеске шара жоқ. Мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы емес пе еді?! Отыз жылда керексіз деп тапса, мемлекеттік тілге бұдан асқан қорлау, мұнан асқан мазақ бар ма? Сонда Ақордада Ар-ождан деген киелі ұғымнан жұрнақ та қалмағаны ма? Мына болып жатқан жағдай соны меңзейді, түңілдіреді. Бұл енді шектен шыққандық қой!

Шекесінен шертіп жүріп «таңдап алған» депутаттарыңыздың жоғары ант қабылдағанда ежіктеп тұруы – алдымен мемлекетті, айналып келгенде сізді де сыйламау ғой! Неге тәртіп орнатпайсыз? Егер мемлекеттің тілін білмесе, сонда олар қай елдің жоғын түгендемек?

Депутаттар қандай талаппен таңдап алынады, жағымпаздықтың жоғары деңгейімен бе?

Конституциядағы Президенттік жоғары мәртебелі құқыңызды «қалап алған» қызметшілеріңізге неге таптатып отырсыз? 

Не ойыңыз бар? Конституциялық құқығыңызды толық пайдалануыңызды сұрар едік. 

«Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға!»

Біз сізге үміт артып келіп едік.

Ерлан ШАЯХМЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн