ҚҰТТЫҚТАУДА Назарбаев туралы БІР СӨЗ ЖОҚ

  • АҚШ президенті Джозеф Байден қазақстандықтарды Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.

«29 тамыз күні Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай АҚШ атынан Қазақстан халқына ең ізгі құттықтауымды білдіргім келеді. Америка Құрама Штаттары бұрынғы сынақ полигоны аймағын қалпына келтіру мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Сіздің Үкіметіңізбен арадағы жалғасып жатқан ынтымақтастықты қоса алғанда, Қазақстанмен берік серіктестігін нығайта бермек. АҚШ Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы күнінен бастап, Семей аймағында әріптестік қарым-қатынаста жұмыстар атқарып келеді», – делінген сәрсенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Байденнен келген құттықтау хатында.

«Америка Құрама Штаттары Сіздің еліңізді дос деп мақтана айтады және мен серіктестігіміздің әлеуетін толық әрі жемісті іске асыру үшін Сізбен жұмыс істеуге дайынмын», – деген Байден.

ҚазТАГ

  • Тақырыптың жалғасы 8–9-бетте

 

ЖЕТІБАЙДАҒЫ ЕРЕУІЛ тоғызыншы күнге ұласты

  • Маңғыстау облысының Жетібай кентінде жалақыны көтеріп, ұжымдық шарт жасауды, тәуелсіз кәсіподақ жұмысына мүмкіндік беруді сұраған «West Oil Software» компаниясы жұмысшыларының ереуілі тоғызыншы күнге ұласты. Жұмыс беруші ереуілге шыққандарды еңбек заңын сақтамады деп сотқа тартқан.
blank

Мекеме алдында қолдан тігілген палаткаларға түнеп жатқан жұмысшылар талаптары орындалмағанын айтады. «Бала-шағамызды, үйімізді көрмегенімізге тоғызыншы күн болды. Ертең сабақ басталады», – дейді диспетчер Дариға Есжанова.

Жүргізушілер Моторбай Әбдірашев пен Қашқынбай Қошқарбаев жұмыс беруші қысым көрсетiп жатыр деп санайды. «Жұмыс істеп жүргеніме 42 жыл болды. Мұнайдың үстінде отырсақ та, жалақымыз 120–200 мың теңге. Мына қымбатшылықта неге жетеді? Адал еңбегімізді беру орнына «West Oil» басшылығы жұмысшыларды сотқа сүйрелеп жатыр», – деді ол.

Ереуілшілердің айтуынша, Серік Қапанов, Базарғали Нұрболғанов, Мұратбек Самаров, Берік Махмұдов, Батыржан Жарылғашев «заңсыз ереуілді ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушылар» деп саналып, сотқа тартылған. Істі Маңғыстау облысының Қарақия аудандық соты қарап жатыр. «Алғашқы сот отырысы кеше болды. Бізді Еңбек кодексінң 164–171–176-баптарын сақтамады деп айыптап, ереуілді ұйымдастырушы деп көрсетіп отыр. Қазір сотқа кетіп барамыз», – деді Базарғали Нұрболғанов «Азаттыққа».

«West Oil Software» «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес мекемесі «Ойл Транспорт Корпорейшэн» компаниясына көлік-техникалық қызметтер көрсетеді. «Маңғыстаумұнайгаздың» Маңғыстау облысы Қарақия ауданы аумағындағы Жетібай кен орындарындағы ұңғымаларды тазалайды.

Azattyq.org

Желідегі жазба

Тоқаевтың тапсырмасына МИНИСТР ПЫСҚЫРМАДЫ

 «Хабар» телеарнасының «Бүгін» бағдарламасында болып, Ауғанстандағы этникалық қазақтар мәселесін талқыладық.

Бағдарламаға депутат Қазыбек Иса, кезінде Қазақстанның Ауғанстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған Өміртай Бітімов, онлайн байланыс арқылы Дос Көшім қатысты және мен қатыстым.

Естеріңізде болса, 18 тамызда Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) өкілі Айбек Смадияров мәлімдеме жариялап, «Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтінішіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қажет болған жағдайда тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды…» деген болатын.

Бағдарлама барысында СІМ тарапынан президенттің сол тапсырмасы аясында қандай әрекеттер жасалып, нендей нәтижелерге қол жеткізгенін білетін болдық қой деп, қуана-қуана барғанбыз.

Өкінішке орай, ол үміт ақталмады. Бағдарлама басталарға санаулы сағаттар қалғанда ҚР СІМ қатысудан бас тартыпты. Олардың орны үңірейіп бос тұрды.

«Хабар» арнасының бағдарламасына қатысудан бас тартуына қарағанда, Ауғанстандағы этникалық қазақтарға көмектесу, елге оралту туралы берген президент Тоқаевтың тапсырмасына СІМ пысқырмаған көрінеді. 

Өз тарапымыздан ойымыз бен ұсынысымызды айттық. Көші-қонға қатысты заңнаманы мәжілісте қайта қарап, оған құжатына ұлты жазылмайтын елдерден келген қандастарымыздың ұлтын анықтайтын норманы тездетіп енгізу керектігін тәптештедік.

Жаңа маусым басталды. Заң жақын арада парламентте қайта қарала ма, қаралмай ма – білмеймін. 

Ауғанстандағы қазақтардың тағдырына байланысты заң жобасын жеделдетіп қайта қарау үшін, депутаттық ұсыныс беруге Сауытбектің /Абдрахманов/ салмағы мен Қазыбектің /Иса/ қауқары жете ме – ол да белгісіз!

Ауыт МҰҚИБЕК

 

 

Мамай Байбекті СОТҚА БЕРДІ

blank
  • Жанболат Мамайдың қорғаушысы Ерлан Қалиев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етіп, Алматы прокуратурасына шағым түсірді.

«Бауыржан Байбек туралы фильмде оның Алматы әкімі кезінде жасаған істерінде қылмыс бар екені дәлелді көрсетілді. Осыдан кейін жемқорлықпен күрес қызметі деректі фильмдегі мәліметтерді тексеруге бірден кірісуі тиіс еді. Әлі күнге дейін тексермегендіктен, арыз түсіруге мәжбүр болып отырмыз», – дейді Ерлан Қалиев.

Жанболат Мамайдың сөзінше, Бауыржан Байбектің «іскерлік беделіме нұқсан келтірді, ар-намысыма тиді» деген арызы бойынша істі қараған сот фильмдегі мәліметтердің рас-өтірігін тексеруді құқық қорғау органдарына жүктемеген.

«Бауыржан Байбек Алматы әкімі болып тұрғанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жердің бір бөлігін әкімдікке алғаны, бірақ бастапқы уәдеде айтылғандай ештеңе салынбағаны, қаладағы басқа да бағалы жерлердің заңсыз жолдармен жекеге өткені, әкімдікке қарайтын автопарктің жолаушылар автобустарын асыра бағалап, сатып алғаны анық дәлелденген фактілер, бұл жөнінде қылмыстық іс қозғалуы тиіс», – дейді ол.

Биыл көктемде Жанболат Мамай Youtube-тегі «Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан» арнасында «Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы» атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Байбекті «мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды», «Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты», «құрылысқа және көлік тұрағына» қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің «жерін берді», «пара алды», «көмір мафиясын құрды» және Алматыдағы ЖЭС-2-ні «газға көшіруді кешеуілдетті», «адам құқықтарын бұзды» деп айыптаған.

15 маусымда Алматының Әуезов аудандық №2 соты «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Байбек пен Мамай арасындағы дауға байланысты шешім шығарды. Сот Жанболат Мамайды шенеунік жайлы шығарған фильмді өшіруге міндеттеді. Судья Байбекті жемқорлық жасады деп айыптаған фильмдегі мәліметтер шындыққа жанаспайды деп тапты. Осылайша Байбектің шағымы толық қанағаттандырылған. Сот Жанболат Мамайды 860 мың теңге көлемінде сот шығынын және психологиялық-лингвистикалық сараптама үшін 75 мың теңге төлеуге міндеттеген.

Жанболат Мамайдың жақтастары таяуда көшеге шығып, «халықтан Бауыржан Байбекке садақа беруді» сұраған. Бұл әрекеттерін сот шешімін заңсыз деп санайтынымен түсіндірген. Мамай «садақа жинау» науқанынан кейін сот міндеттеген ақша төленгенін, бірақ видеоны өшірмейтінін айтты.

Azattyq.org

 

ХАЛЫҚ САНАҒЫ қазақтың есебін ҚАНША ҚЫЛАДЫ?

blank
  • 1 қыркүйекте Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы басталды, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметінен.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап елімізде халық санағы үшінші рет өткелі тұр. «Шара алғаш рет цифрлық технологияларды қолдану арқылы өтпек. 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде халық санағынан өтуге болады. Сайт 24 сағат бойы қол жетімді», – деді ҰСБ басшысы Нұрболат Айдапкелов.

 «Халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Алайда азаматтар сауалдардың барлығына жауап береді дегенді білдірмейді. Себебі санақ парақтарында шетелге кеткен немесе елге келген адамдарға, тек қана әйелдерге қойылатын сұрақтар бар. Сондай-ақ үйдің жағдайына қатысты сауалдарға тек үйдің иесі ғана жауап беретін болады. Орташа есеппен санақ сауалдарына жауап беруге 20–25 минут қажет», – делінген хабарда.

ҚазТАГ

Көңіл айту

«ДАТ» медиа-жобасының редакциялық ұжымы көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның тәуелсіздігін қалауға қатысқан танымал кәсіпкер, газеттің тұрақты авторы

Жауғашты Нәбиевке өмірлік зайыбы

ӘСИЯ АПАМЫЗДЫҢ

қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстары, құда-жекжаттары мен жора-жолдастарына қайғырып көңіл айтады.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн