Үкілай Бестай: ЖАҒДАЙЫ НАШАР отбасыларды көргенде, ЖАНЫМ АУЫРАДЫ

– Кеңестік кезден қалған дағды бойынша, ең алдымен сізді және осы сұхбатты пайдаланып, барша қазақстандық әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтап қоялық!

– Иә, рахмет! Бұл күн менің төл мерекем, туған күніммен қатар келген, ақжарма тілектер айтылатын күні – мен де әрдайым қыз-келіншек, апа-әжелерімізді құттықтаймын. Қуанышты сәттердің жиі болғаны, ақ тілектің көп айтылғаны жақсы. 

– Ендеше келе жатқан туған күніңізбен де құттықтаймын! Дегенмен, бес сәбиіміз өртте жанып кеткен, бір отбасындағы бес адам иіс тиюдің құрбанына айналып жатқан қайғылы жағдайда құттықтаудың реті де қиын. Қазақстан қоғамында қалыпты жағдайға айналған мұндай қайғылы оқиғалардың жиі қайталану себебін сіз қалай түсіндіріп берер едіңіз?

Шынымен де, соңғы жылдары тұтас отбасының бір күнде өмірмен қоштасуы жиілеп кетті. Өте өкінішті жағдай! Бір шаңырақтың 5 адамы бірдей кету деген қандай ауыр қайғы, Алла жақындарына сабыр берсін. 

Елді дүр сілкіндірген қазалы оқиғалар билікке соншалықты әсер етпеді-ау, аза тұту күні жарияланбады. Жаны ауырған жұрт бір-біріне көңіл айтып, бес бірдей періштеден кешірім сұраумен болды. Олардың мезгілсіз кеткені үшін, шырылдаған жандары қыршыннан қиылғаны үшін, мемлекеттен қамқорлық болмағаны үшін қарапайым халық кешірім сұрап жатты. Ал бұл жағдайлар үшін жауапкершілік билікте деп ойлаймын. Егер елдегі әлеуметтік жағдай дұрыс болса, мұндай қайғылы оқиғалар болмасы анық. Үкімет жағдай жасаса, әр үйде қауіптің алдын алатын сигнализациясы қосылып, қауіпсіздік шаралары қамтылған болар еді. Ақшалары жетіп тұрса, шаңырақ иелері күнкөрістің қамымен 5 баласын үйде қараусыз қалдырмас еді. Бәрі де сол қаржылық жағдайға тіреледі. Бар тапқанымен бала-шағасын асырағысы келеді. Ал билік мемлекеттің басты құндылығы әрі болашағынан тиесілі ақшаны аяп келеді. Жырымдап, жыр қылып беретін ақшаның сол күйі берекесі де жоқ. 

– Айналасы бір айдың ішінде болған қос бірдей қайғылы оқиға біздің елде ана мен баланы әлеуметтік тұрғыда қорғаудың орасан зор проблемалары бар екенін айқындап кетті. Ал сіз бұл орайда қандай кінәраттарды атап берер едіңіз?

Барлық елдерде адами капитал – мемлекеттің басты құндылығы. Бұл мәселеге біздің билік екі есе көңіл бөлуі тиіс. Ұлан-ғайыр жердің байлығын иеленіп, оны игерген соң, оның несібесін ел көруі керек деп есептеймін. Біздікілер үлгі тұтатын көрші Ресейде болсын, тіпті гендерлік саясатты қатты ұстанатын Еуропа елдерінде де дүниеге бала әкелген анаға ерекше қамқорлық танытады. Баласына да, өзіне де жететін төлемақы тағайындайды. Бір ғана мысал келтірейін, өзім ұзақ жылдар тұрған Чехияда жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелдіктерге де бала туғанда 1000 доллар көлемінде бір реттік төлемақы беріп, 3 жасқа дейін айына 400 доллар шамасында жәрдемақы беріп отырады. Прагада уақытша визамен оқып жатқан қазақ студенттерінің бір баласы үшін 9500 крон алып отырғанына куә болғам. Бізде 1 жасқа дейін төлейтіні 20 мың теңге ғана. Сол үшін мен аналар көп балалы бола ма, жоқ па, әр баласы үш жасқа толғанша мемлекет 100 мың теңгеден төлеуі тиіс деп санаймын. Сол кезде әр ата-ана ақша табудың соңынан кетпейді. 

Бізде соңғы екі жылда екі мәрте бір үйдің 5 баласы бірдей өз үйінде өрттің құрбаны болды. Бұл осы әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен мемлекеттік қолдаудың жетіспеушілігінен деп білем. Қаражаты жететін адам баласын қараусыз қалдырмайды, кемінде ақша төлеп біреуді жалдайды. 

– Үкілай бике, айтпақшы, сіз көптен бері әлеуметтік желілер және арнайы тренингтер арқылы көп балалы аналар мен бала тәрбиесін өз бастамаңызбен қозғап жүрсіз. Қатқыл қоғамда қағаберіс қалған бұл мәселелерді сөз ету сізге қаншалықты қызғылықты? Бұны азаматтық мүдденің мұқтаждығынан туған бастама деп айта аламыз ба?

Асыра айтқан болмайын, бірақ мен өзімнің рухани танымым арқылы ұлттың мүддесін көбірек ойлайтын адаммын. Аллаға шүкір, өз жағдайым жақсы. «Сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз» деп отыра берсем де болатын еді. Алайда елдің жағдайына бейжай қарай алмаймын. Өз басым биліктен ештеңе дәметпеймін. Ал елдегі жағдайы жоқ отбасыларды көргенде, шынымен жаным ауырады. Күнара менен көмек сұрайтын, әлеуметтік желіге жәрдем сұрап жазатын аналар көбейіп барады. Ауыр дертке шалдыққан қаншама балаға ақша жинау жүріп жатыр. Осыны көріп тұрып, қалай білмеген адам сияқты өтіп кетесің, әрқайсысына 2 мың, 5 мың теңгеден аударам, тіпті қалтамдағы соңғы 2 мыңымды аударып жіберген кезім де болды. Мен миллионер емеспін, өз балаларым да бар, бірақ біреу қиналып тұрса, қарны ашып тұрғанын айтса, шыдай алмаймын. Сол үшін ана мен бала мемлекеттің қамқорлығында болуы тиіс екенін айтудан шаршамаймын, әрдайым бұл биліктен елдегі ана мен балаға көмек беруін талап етемін. 

– Бәрекелді! Қазақ айтпақшы, Құдайдан қайтсын! Ал көп балалы аналар мәселесінің ұлттық және мемлекеттік маңызын сіз қалай бағалап берер едіңіз?

Дәл Қазақстанның қазіргі жағдайында көп балалы аналарды алақанымызға салып, ардақтауымыз керек. Оларға құрметпен қарайық деген пікірімді әлеуметтік желіде кейбір қазақ журналистері мазақ қылды…

– Айтпақшы, осы орайда сіздің «Фейсбукте» жазған постыңызды тәжіке қылған пікірлерді оқыдым. Ұлт мүддесі жолындағы пайымды пікірге қоғамның жай-күйін өз көзімен көріп жүрген жекелеген журналист келіншектердің, өздері де бала асырап отырған аналардың арсыланып айтқаны тіптен ерсі болды…

Бұл енді әр адамның таным-талғамымен өлшенетін жағдай болса керек… Мәселен, мен 3 баланың өзін әрең дүниеге әкеліп отырған ана ретінде 6 баладан көп туған аналарды Батыр деп есептеймін. Расында да, оларға құрметпен қараймын. «Фейсбуктегі» сол пікірталаста көп балалы отбасылар деп, көпке тіл тигізбейік, абайлап сөйлейік дедім. Себебі ел алдында жүрген журналистер сол жерде «көп балалы отбасылар қоғамға масыл, ақша үшін тарсылдатып туып жатыр, көп баладан – бір бала артық» деген ауыр сөздер жазды. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, көп ата-ана шуылдамай-ақ өз балаларын бағып-қағып отыр, ал олар туралы қоғамның пікірі дұрыс болуы қажет. Аналардың ел алдындағы бейнесін елге жағымсыз көрсету кімге, не үшін керек?

– Жеке бастың есер эгоизмінен туған ерегестің сөзі болар…

Бәлкім… Бірақ, менің пікірімше, жалғыз баланың бетіне қарап, оны «эгоист» қылып өсірмеу керек, кемінде 3-4 бала туған отбасының балаларында бауырмалдық, қамқорлық, ұлттық мүдде мен жауапкершілік мол болады. Сондықтан жас келіншектерге айтарым: біреуден артық бала туа алмасаңдар, асырап алып, бірнеше баланы бірге бағыңдар. Атам қазақ «бір бала – бала емес, екі бала – жарты бала, үш бала – бүтін бала» деп бекер айтпаған. Кең байтақ жерімізді ұстап тұру үшін де, алып елдерге жұтылып кетпес үшін де, ұрпақ санын өсіру керек. 

– Біз де байқадық: сіздің көп балалы аналарға қатысты әлеуметтік желілер арқылы жарияланатын ой-тұжырымдарыңызға кереғар пікір айтатын, тіпті осы маңызды ұлттық мәселеге қарсы шығатындар аз емес. Бір таңданарлығы – сіздің сол оппоненттеріңіздің дені әйелдер. Бұл қоғамдық кереғарлықты сіз қалай түсіндіресіз? 

Мен жұрттың пікірін сыйлаймын, бірақ елдің келешегін емес, тек жеке бастарын ойлаған адамдардың пікірін қабылдай алмаймын. Менің көпшілік пікірмен сабақтас сөзімді қабылдағысы келмеген кейбір журналистер бүкіл халықтың бюджеті мен келешегін кесіп-пішіп сөйлегеніне қарағанда, өздерін қоғам қайраткері санайтын болуы керек. Бір өкініштісі, олар қоғамға, көпбалалы аналарға тіл тигізуден қаймықпайтыны қорқынышты. 

Бар тілегім – сол көп балалы отбасын жақтырмайтын әйел-аналардың ниеті түзелсе екен. Әрбір туған баланың өз несібесі бар, тек соны балаларға қайтарсақ, әлдеқайда әділетті болады. Елдің қазба байлығы – ол балалардың да ырзығы, оны көпе-көрнеу өз басына пайдаланып кеткендердің жазасын Алла береді. 

Билік ең бірінші кезекте балаларға жағдай жасап, елін жақсы көретін ұрпақ өсіруге атсалысуы қажет. Қазақстандық патриотизм сол кезде ғана пайда болады деп ойлаймын. Өзін жоқшылық пен таршылықта өсірген мемлекетке ертеңгі жетілер ұрпақтың азаматтық аянышы қалай пайда болмақ? Бүгінгі билік халықты кедейшіліктің қорасына қамаумен қатар, оның рухын да сындырып жатқан сияқты көрінеді.

– Пікіріңізге толық қосылам, Үкілай ханым. Рухы қираған халық билікке таласа алмайды ғой: бүгінгі бишікештерге де керегі – осы! Ал жалпы аумағы үш миллионға тақау (2 724 902 км²) шаршы километр жеріміздің әр шаршы шақырымына жетіге жетер-жетпес адамнан келетін мемлекеттің демографиясына динамикалық пәрмен беру үшін бала туу мәселесін әлеуметтік тұрғыда мемлекет қалай шешуі керек деп ойлайсыз? 

Біз мақтана айтатын – төрт бірдей Франция сыйып кететін кең байтақ жердің халқы бар болғаны 19 миллионға енді ғана жетіп отыр. Ал төрт емес, бір ғана Францияның халқы, соңғы деректерге сүйенсек, 65 миллионнан асты (65 368 972 тұрғыны бар).

Жарайды, басқаны қойып, жанымыздағы көрші Өзбекстан халқының өсімін айтсаңызшы – 34 миллион болды. Бұл осы елдердің болашағы бар деген сөз. Өлмейтін ел ұрпағымен жасайды. Ал біздің журналистер қалмақпен соғысу үшін адам санын көбейту керек пе, не үшін көп бала туу қажет дейді?! Демография деген жауыр болған сөз деп тыңдағылары да келмейді. Ал мен жүрген жерімде марқұм ағамыз, демограф-ғалым Мақаш Тәтімов сияқты жас келіншектерге көп балалы болыңдар деп, әрдайым ынталандырып жүрем. 

Бәрі де сол – баяғы қаражатқа келіп тіреледі: егер мемлекет жағдай жасап отырса, көп балалы аналарға қолдау танытатын бағдарламаларды жүзеге асыратын болса, жастар баланы көптеп туар еді. Үй-күйі жоқ, жұмыссыз жастар өз күндерін көре алмай жүрсе, «қолын байлайтын» баланы қайтпек?! Халқы аз, жері кең мемлекет бірінші кезекте осы сұраққа бас қатыруы керек деп ойлаймын. Біз демографияны дамытпасақ, ертеңгі күні жұмыс күшіне де зар болып қаламыз. Қазірдің өзінде бір-екі баласы бар ауылдағы адамдар мал бағатын адам жоқ деп, зар еңіреп отырғанын естіп жүрміз…

– Үкілай бике, ана мен бала тақырыбына байланысты өзіңіз атқарып жүрген қоғамдық шаруалар төңірегінде не айтар едіңіз?

Мен енді бала бағып, үйде отырған адаммын ғой, қолымнан бәлендей ештеңе келмейді. Дегенмен, балалардың ішкі потенциалын ашатын, қабілеттерін дамытатын, әдемі сөйлеуге, ел алдында еркін ойлы болуға үйрететін сабақтар өткізіп, соған көп балалы отбасы балаларын тегін қатыстырып жүрмін. Карантин басталмай тұрғанда, Медеу ауданының «Бақытты отбасы» ғимаратында мүмкіндігі шектеулі балалармен тегін жұмыс бастаған едім. Олардың ішкі демін қалыптастырып, дыбысын бағыттап, ойларын жеткізіп сөйлеуі үшін жасайтын арнайы жаттығулар күшті көмектесе бастаған. Балалардың зейінін жақсартып, есте сақтау қабілетін дамытатын – нейрогимнастика жаттығулары керемет ұнап, қызығушылықпен жасалатын. Өкінішке қарай, карантиннің салдарынан ол жұмыс жалғасын таппады…

– Ал әлемге белгілі «Азаттық» радиосының бір кездергі танымал журналисі болған Үкілай ханымның әлеуметтік зерттеуші-тәлімгерге айналып кету себебі неде?

Сіз білесіз бе, осы журналистік әдетім болар, әлде азаматтық ұстанымымды танытып, дағдыланып қалғандықтан болар, қоғамдағы өзекті мәселелерге өз пікірімді жиі білдіріп отырам. Содан өз ойымды ашық жазам. Ешкімге тәуелді емеспін, еркінмін. Тіпті кейде әпкелерім біреудің зияны тиіп кетеді деп, уайымдап қалады. Кейде бір мәселені ашық жазғаным үшін «достарым» араласпай кетеді.

– Үкілай, бұл сұхбатта біздің сұрақтардан тыс ана мен балаға қатысты тағы қандай маңызды мәселенің сөз болғанын қалайсыз?

Ана мен бала тақырыбын қозғадық қой, енді мені алаңдататын мына бір мәселені айтқым келеді. Бізде мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Ең қиыны – сал ауруына (ДЦП) шалдыққан балалардың аналарына обал. Өсіп қалған балаларын көтергендіктен, ауыр салмақтан бәрінің белдері ауырады. Бірнеше ата-анамен сөйлесіп тұрамын. Олар ауру балаларына қарап отыр, енді емханаға барып емделейін десе, үйде отырғаны үшін олардың медициналық сақтандыру полистері де жоқ. Мысалы, Чехияда кәмелеттік жасқа толмаған 2 баласы болса, аналары да тегін медициналық көмек алады. Дәрігерге ешқандай шектеусіз, ақысыз қаралады. Бізде неге олай емес?

Сонымен қоса, өмір бойы арбаға таңылған баласына қараған аналарды зейнетке ерте шығару керек деп есептеймін. Денсаулығы жоқ адамға мемлекет қарайласпаса, бәрі бекер. Ең бастысы – осындай ауыр тақырыптарға халықтың өзі мейіріммен қарап, жанашыр қоғамдық пікір тудыратын болса, мемлекет те бұл мейірбан талапқа мойынсұнар еді.

– Иә, ойыңыз әбден орынды. Рахмет! Ел үшін, ұлт мүддесі жолындағы азды-көпті құлшынысыңызды Құдай қолдасын!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн