ҰЛТТЫҚ МҰРАТТАР ЖОЛЫНДА мен ешкімнен рұқсат сұрамаймын

Қазыбек Иса:

(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында)

– Өзіңіз депутат болып барған Қазақстан парламенті мен сол төңіректегі билік өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін әдірам қалдырып, күнделікті қарым-қатынаста орысшаға шүлдірлеп жүргеніне көзіңіз жеткен шығар?

– Айтып-айтпай не керек?! Мысалы, қазір біз – депутаттар Президенттің Іс басқармасына қарасты орталық емханада дәрігерлік байқаудан өтудеміз. Мұнда маған ем алу үшін үш бланк толтыруға тура келді. Қарасам, бәрі орыс тілінде. Мен, әрине, әдеттегідей мемлекеттік тілдегі нұсқасын сұрадым. Өзге ұлт өкілі, әйел дәрігер қазақ депутаттың орыс тіліндегі нұсқадан бас тартқанына таңданып, компьютерінен біраз іздеп, өзгелерге хабарласып жүріп, әйтеуір қазақша нұсқасын тауып алып, шығарып берді. «Не болды, бұрын ешкім қазақша нұсқасын сұрамаған ба?» – деп сұрадым одан. «Шынымды айтайын, осы емханада істегеніме 6 жылдан асты. Ұмытпасам, осы уақытқа дейін екі-ақ адам сұрады. Сіз үшіншісіз. Барлығы, жасы үлкен ағалар мен апалар да орысша сұрайды. Ешкім қазақша сұрамайды, тіпті одан да ағылшынша сұрайтындар көп…» – деп ағынан жарылды.

Мен талап еткен соң, менен кейін кірген жұбайымнан: «Қай тілдегі нұсқасы керек?» деп дәрігердің өзі сұрапты. Көрдіңіз бе, менің жай ғана мемлекеттік тілді талап етуім дәрігердің жұмысына оң өзгеріс әкелді.

– Президенттің Іс басқармасына қарайтын бұл емханаға келетін, мұнда дәрігерлік байқаумен қамтылатын кімдер?

– Ереке, біле тұра сұрайсыз, ә?! Мұнда тіркеуде тұрғандар кілең Үкіметтегі, Парламенттегі, Президент әкімшілігіндегі жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер!

– Ал осы жоғары лауазымдылардың 90 пайыздан астамы қазақ емес пе? Парламенттегі депутаттардың арасында бірең-сараң басқа ұлт өкілдері болмаса, басқа жоғары мемлекеттік органдардың басшылығы тегіс қазақтар ғой?!

– Менің айтып отырғаным да осы! Үкімет мүшелері, министрлер мен депутаттар бастаған мемлекеттік қызметкерлер бланкінің қазақ тіліндегі нұсқасын сұрамайтыны – олар қызметте де, тұрмыста да орыс тілін пайдаланады деген сөз! Жоғарыдағы мемлекеттік қызметкерлердің дені мемлекеттік тілді білмейді. Мұндай масқара жағдай әлемде тек біздің елде ғана бар шығар!

Ал осы емханаға тіркелу құқығын иеленген лауазымдылар қатарында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері» деген атақ алған әншілер бар. Фонограммамен екі ән айтса, есіріп, төрт ән айтса, төбеңе шыққысы келетін, бірақ әннің сөзін де, әнін де өздері жазып алғандай, ән авторларының аттарын айтқысы келмейтін әншілеріміздің көбісі – осы атақ иелері. Әлеуметтік желілер мен экраннан елге ақыл айтқыш солар неге бланкінің мемлекеттік тілдегі нұсқасын сұрамайды? Неге әлем елдеріне қазақ тілін насихаттап, қай елде болса да қазақша сөйлеп жүрген дүлдүліміз, қазаққа Құдай берген Димашымыздан үлгі алмайды? Қазақ тіліндегі шығармалары арқылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанған ақын-жазушыларымыз неге қазақ тілінің мүддесін ойлап, қазақша нұсқа талап етпейді? Композитор, суретші, кино-театр әртістері, көптеген өнер қайраткерлері ше?

Сондықтан Парламентте қазақша сөйлейтін депутатты көрсек немесе Үкіметте қазақша сөйлейтін министрді көрсек, жалпы Тәуелсіз Қазақстанның астанасында қазақша сөйлейтін қазақты көрсек, шетелде жүріп бір қазақты көргендей қуанатын жағдайдамыз қазір…

– Ал енді биліктегі осы орыстілділердің шымбайына тие берсеңіз, «Ақ жол» партиясы сіздің мандатыңызды кері шақырып алуы мүмкін ғой деген сұрағымызды жауапсыз қалдырмаңыз…

– Партия қазір ондай әлсіз кезеңнен өтіп кетті деп ойлаймын. Егер «Ақ жол» сондай солқылдақтыққа баратын партия болса, қаншама кедергілер кездескен және мандат алған күні де ашық арандатушылықтар тоқтамаған бұл жолғы сайлауда да мені депутаттыққа өткізе алмас еді. Бұл жерде партия басшысы Азат Перуашевтің қайсарлық көрсетіп, табандылық танытқанына шын ризашылығымды білдіремін. Менің депутаттыққа өтуімді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси жаңғырудың бір лебі деп бағалап жатқан жұрттың пікірі дұрыс деп ойлаймын.

– Айтпақшы, «Ақ жол» – парламенттегі оппозициялық партия болады деген сөз шығып еді. Әрине, мұндай «оппозициялыққа» қатысты қоғамда әртүрлі пікір бар. Дегенмен, «Ақ жолдың» парламенттегі фракциясы бұл рөлді бұдан былай батыл және халық мүддесіне сай атқару үшін қандай да бір әрекеттер жасап жатқанын айта аласыз ба?

– Біріншіден, «Ақ жол» о бастан өзін конструктивті оппозиция деп жариялаған партия. Келесі жылы, құдай қаласа, партиямызға 20 жыл толады. Ал «конструктивті оппозиция» деген не? Ол билікті сынап қана қоймай, өзінің баламалы ұтымды ұсыныстарын билікке ұсыну, соған қол жеткізу үшін күресу деген сөз. «Ақ жол» бұл бағытта тиімді жұмыс істеп келе жатыр. Жалпы, саясат дегеніміздің өзі келісімге келе білу арқылы жетістікке жетіп, елге пайдаңды тигізу ғой. Екіншіден, «Ақ жол» партиясы – президенттік басқару жүйесінен парламенттік республикаға көшуді ұсынып, саяси жүйені өзгертуді ұсынып отырған жалғыз партия.

2012–2016 жылдары «Ақ жол» депутаттары үкімет пен парламенттегі фракциялардың арасында тең қарым-қатынас қағидаларын қалыптастыру үшін көп күш салды. Осы қағидалардың бірі – біз әзірлеген, сегіз жылдан кейін қабылданған «Парламенттік оппозиция туралы» заң іске асырылды.

Айтпақшы, 2013 жылы «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын ОБСЕ жоғары бағалады. Бірақ оны қазақ үкіметі өткізбеді. Ал 2019 жылы Ұлттық кеңестің екінші отырысында бұл мәселені Президент Тоқаевтың өзі көтеріп, ол былтыр 2020 жылы қаңтардан бастап талқыланып, мамыр айында қабылданды. Заң жобасын жасаушы «Ақ жол» партиясы болды.

Бұл «Парламенттік оппозиция туралы» заң оппозицияны құрып бермейді – бұл заң парламенттегі азшылық партияға қосымша кепілдіктер береді. Яғни, алғаш рет біздің заңнамаға «парламенттік оппозиция» ұғымын «Ақ жол» енгізіп отыр.

«Ақ жолдың» заң жобасын жасағанына қарап, «ойбай, парламенттегі оппозициялық партия тек «Ақ жол» болады екен» деп, кейбіреулер шулап кетті. Олардың ішінде кәдімгідей саясаткер боп жүргендер, сақа журналистерді көргенде, күлкің келеді. Негізі, парламенттегі оппозициялық партия сайлауында екінші орын алған партия болып саналады. Иә, құдайға шүкір, биылғы парламент сайлауында «Ақ жол» екінші орын алып, 12 мандатқа ие болды. Мысалы, «Ақ жол» – еліміздің барлық азаматтары алуы тиіс базалық зейнетақыны енгізуді де ең алғаш ұсынған партия. Ал қазір базалық зейнетақыны тек «Ақ жолдықтар» алып жатқан жоқ қой, барлық ел азаматына тиесілі.

– Дегенмен, билік сызып берген шеңберден «Ақ жолдың» шығып кетуге қақысы жоқ екендігі де қоғамға мәлім жәйт… Сондықтан сіздерге «оппозициялық партия» үддесінен шығу оңай болмасын топшылай аламыз…

– «Ақ жолдың» өзге партиялардан айырмашылығы – біріншіден, ұлттық мүддені қорғауымыз, ұлттық саясатты ұстануымыз. Біздің партия тұңғыш рет 2007 жылы Ұлттық саясат концепциясын қабылдаған, 2012 жылы «Алаш» бағдарламасын ұсынған жалғыз партия! Ұсынып қана қоймай, соған байланысты жұмыс істеп келе жатқан партия. 

Мемлекет көңіл аудармаса да, Алаштың 95 жылдығын да, 100 жылдығын да атап өтуді Парламентте көтерген «Ақ жол» партиясы. 2012 жылы – Алаштың 95 жылдығын, 2017 жылы – 100 жылдығын өз филиалдары арқылы еліміз бойынша атап өтті. Алаштың 100 жылдығына арнап Халықаралық мүшәйра өткізді. Содан бері Алашқа арнап бірнеше рет республикалық ғылыми конференциялар өткізіп, мерекелік медаль шығарды.

2012 жылы Парламентте «Ақ жол» партиясы фракциясы құрылғалы бері Алаш бағдарламасын қабылдады. «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауы биыл оныншы рет өтеді. Бұл дәстүрлі байқау аясында жас Алаштанушылар шоғыры пайда болды.

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылын атап өтуді «Ақ жол» ұсынып, ел президентіне хат жазды. Қазақ хандығына арнап халықаралық мүшәйра өткізіп, мерекелік медаль шығарды…

– Айтпақшы, мақтанған болмайын,ол медальмен мен де марапатталған едім… Рас, оның дизайны басқа мемлекеттік салпыншақтардан ерек, жақсы жасалған сүйкімді медаль болды…

– Сіздің мақтануға ретіңіз бар, Ереке. Ал біздің мақтанатын тағы бір жәйтіміз – Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін ҚР Конституциясын, қазақ тілін және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсыру қажеттігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді саяси бағдарламасына жазып қойған жалғыз партия – «Ақ жол»!

Сіздің газеттің оқырмандарына айта кетейін, биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі комиссияның мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралары қатарында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы да бар екені көңілге қуаныш ұялатады. Сондай-ақ Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның атын беру жөніндегі шешімді халық зор қуанышпен қабылдады. Октябрьді Алаш ақыры жеңді!

Соңғы кезде Алаш тақырыбы ел арасында кеңінен тарала бастағаны – өте қуанышты тенденция. Ел тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер орнату, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет.

Алайда Алаш десе, қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімдері ғана келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда ауқымды.

2019 жылы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев белгілі тарихшы-публицист Сұлтан-Хан Жүсіп басқаратын «Алаш» институтымен бірлесіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Алаштанушы ғалымдардың зерттеулері негізінде жасалған тізімге көпшілік қауымға есімдері ұмыт болған әр өңірдің жергілікті Алаш қайраткерлері енгізілді. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандарға беруді ұсынған болатынбыз.

– Дегенмен, жергілікті жердегі әлдебір нысанға сол аймақтан шыққан алашшыл арыстың аты берілді деген хабар естімедік…

– Еститін жөндеріңіз жоқ! Себебі аймақ басшыларынан алынған жауаптар көңілге қонбайды. Көбінесе жауаптар жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы жиырма шақты танымал басшыларының есімдерін атаумен ғана шектелген. Мысалы, біз Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өзіне ғана Алаш арманы үшін айқасқан 125 адамның тізімін жібердік! Атап айтсақ, Тұрағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенов, Хамит Тоқтамысов, Жахабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы және т.б. Олардың барлығы еліміздің азаттығы үшін өз өмірлерін саналы түрде құрбан етті. Осы 125 батырдан бір адамның аты ескерілді ме? Жоқ.

Ең өкініштісі – осындай жағдай барлық облыстар мен қалаларда да қалыптасып отыр. Бұндай әділетсіздікті біз үлкен саяси қателік деп санаймыз. Сол себептен «Ақ жол» партиясы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін мәңгілік есте сақтап, ономастика тұрғысында қолдану үшін, аталған тізімді Үкіметке жібердік.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының депутаттары вице-премьер Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалда 2019 жылы біз жолдаған хаттарды жергілікті әкімдіктерге қайта көтеруді тапсырып, Алаш көсемдерімен бірге мыңдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау шараларын бақылауға алуын сұрадық.

– Қазеке, Алаш арыстары жанын салған ұлы мұрат – еліміздің жерін Кеңес көсемдерімен келісілген шекара ауқымында сақтау еді. Енді сол қазақ үшін ең маңызды Жер мәселесі қайта қозғалуда. Жерді сатуға уақытша тыйым салған мораторийдің мұрсаты биыл жыл соңында аяқталады. Сізде қандай ой бар, енді не қылмақ керек?

– Ол мораторийдің мен білетін тарихын айтып берейін. 2016 жылы ел патриоттары Макс Боқаев пен Талғат Аян бастап, атыраулықтар алаңға шығып, еліміз бойынша басталған «Жер дауы» күшейгенде, 30 сәуірде Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сол кездегі басшысы Аида Балаева Алматыдағы «Достық» үйінде барлық БАҚ басшыларын жинап, кеңес өткізді. Сол жиында мен тиісті заңнамада жерді сатуға мүмкіндік беретін даулы баптарға мораторий жариялау керектігін алғаш рет ұсынған болатынмын. Жиында отырған елге белгілі бас редакторлар – Марат Тоқашбай, Шәмші Пәттей, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек және т.б. журналистер менің ұсынысымды қолдады. 3 мамырда «Қазақ үні» газетінде «Елбасы елдің Жер туралы сөзін жерге тастамауы тиіс» деген көлемді мақалам жарияланды. 6 мамырда Елбасы мораторий жариялады.

Енді, міне, сол мораторий де аяқталып келеді. Сондықтан биылғы 2021 жылдың 20 қаңтарында мәжілістің жаңа құрамының алғашқы жалпы отырысында «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясы атынан депутаттық сауал жасаған Берік Дүйсембинов таяу арада мораторий мерзімінің аяқталатынына байланысты Жер мәселесіне нүкте қоюға шақырды. Үкіметтен үн шыға қоймаған соң, «Ақ жол» партиясы «Шетелдіктерге жерді сатуға да, жалға беруге де болмайды!» деген ұранмен «Жер туралы» заңға енгізу үшін біздің ұсыныстарымызды жолдады. Президенттің жарлығымен құрамында 80 адамы бар Жер комиссиясы құрылды. Комиссия жұмысын бүкіл ел қарап отыр. Қазір әлеуметтік желілер дүрілдеп тұр. Ешкім жер иеленуші латифундистер мүддесіне бұра тарта алмайды, халық талабы орындалады деп ойлаймын.

– Ал жуықта Алматыда өткен әйелдер шеруіне сіздің қарсы шығуыңызға демократиялық мүддедегі «Ақ жол» партиясының жетекшілері не деді?

– Ежелгі ата-бабамыздан бері келе жатқан ұлттық мұраттарды сақтау мақсатында әлдебір қарсылық қаракет қылуда мен ел азаматы ретінде ешкімнен рұқсат сұрамаймын, Ереке! Сол шеруге шыққан қазақ қыз-келіншектерінің қолындағы «Менің жатырым – менің ережем», «Күштің жынысы жоқ», «Ана болу міндет емес» деген ұрандарды өзіңіз де көрген шығарсыз.

– Көрдік… Бүкіл ел-жұрт көрді…

– Осыны көру қандай қасірет еді?!. Бұл сорақы ұрандарды не еркекке, не әйелге ұқсамайтын, ұсқындары қорқынышты біреулер ұстап жүр… «Бұл акцияны ұйымдастырған «Феминита» тобының негізін қалаған белсенділер лесби, бисексуал, квир, трансгендер қауым өкілдері жыныстық қызмет көрсететін әйелдердің құқығы қорғалмай, қорғансыздың күйін кешіп келе жатқанына көпшіліктің назарын аударды» – деп жазады «Азаттық-ТВ».

Яғни, біздің елде тіл шеруіне жол жоқ – жын шеруіне жол бар! Бұл қазақ үшін қасірет емес пе?! Ұлттық негізімізді, ділімізді құртатын, Ұлттық кодтың тас-талқанын шығаратын шеру ғой бұл! Осы ойымды айту үшін мен партия жетекшілерінен немесе Парламент басшылығынан «рұқсат беріңіздер» деп сұрай алмаймын!

– Ал енді қазақстандық билік режимінде жалпыға бірдей белгіленген ережемен жүргісі келмейтін азат ойлы азаматтарды аяқтан шалу болатынын парламенттік деңгейде сезіне бастаған шығарсыз?

– Әзірге сезіне қоймадым (күлді). Бірақ мені және ұлттық мүдде жолындағы мен сияқты жігіттерді арандату әрекеттері болған, бола да береді деп ойлаймын. Сондықтан сіз айтқандай «аяқтан шалушылар» мен арандатушылардың бәрімен айтысып жатқанша, өзім жазған «Қайраткерін қоғам тұңғыш қорғады» өлеңімді «ДАТ»-тың оқырмандарына ұсынайын. Қажет санасаңыз, газетке басарсыз, Ереке!..

– Беріңіз, басамыз газетке! Ал риясыз сұхбатыңызға рахмет! Айтпақшы, бұл менің соңғы 25 жылда Парламент депутатымен газет бетіндегі алғаш сұхбаттасуым болды. Әріптестеріңізге айта барыңыз, Қазеке, ел мүддесі жолында батыл болсын! Ары кетсе, 4-5 жылдан кейін депутаттық мансап түгесіледі, ал азаматтық атақ ұрпағына мұра болып қалады!

Ермұрат БАПИ

Тезек басып кетсең текке өмірде,

Табаныңның астынан шу шығады.

Көтерілген сайын сенің төрің де,

Көбейеді көлденеңнің сұрағы…

Тұмсықтарын тықпайтұғын жері жоқ –

Иісшілдер тұншығар өз деміне –

Ұлттың жоғын жоқтағанды ері боп,

Кәнден біткен кетіре алмас керіге…

Қара бастың қамын ғана күйттер ме ек,

Жемісі бар елге еңбек – төзімнің.

Балағымды тістелесе иттер көп,

Етігімді жалағандай сезіндім!..

Шибөрілер шуылдаса қаптады,

Тек төсекте жатсаң – тегіс жолдарың…

Қаскүнемнің құрған маған қақпаны,

Қапты өздерін – қалың елім, қолдадың!

Қадам бассаң – барын ұқтым қауіптің,

Ақын едім – Ұлтын жүрген ән ғылып…

Черчилльдейін* мен сырқаттан сауықтым –

Олар қалды масқара боп мәңгілік…

Жаман індет салып ойран өткенде,

Жалалы індет – жаюда ылаң тамырын…

Екі аяқты вирус қаптап кеткенде,

Сақтап сені қалады екен қадірің…

Аз емес-тін ер басын бұлт торлауы,

Бірлескенде ерекше екен ел күші!

Қайраткерін қоғам тұңғыш қорғауы –

Жаңа заман басталғанның белгісі!

Күйе жаққан қолына бір қарасын,

Аяқ асты аярлар жүр – көрсін көп…

Ұлт мүддесін қорғап жүрген дарасын,

Қорғап қалар халқым аман болсын тек!

* Парламентінің отырысына келген Уинстон Черчилльге бір депутат «ішіп алғансың» деп, мазақ еткісі келгенде, Ұлыбританияның әйгілі премьер-министрі: «Мен ертең мастықтан айығуым мүмкін, ал сен осындай ақымақ күйіңде мәңгілік қаласың» деп жауап берген екен.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн