Ұлттық қордың ТҮБІ көрініп қалды

·       Болашақ ұрпаққа қажет деп құрылған Қазақстанның Ұлттық қоры барған сайын азайып барады. Қор қаржысының қысқарғаны жөнінде ҚазТАГ Қаржы министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

 2021 жылғы қазанда Қазақстанның Ұлттық Қоры 4,2 пайызға қысқарды. Қордағы қаражат 2021 жылғы қазан айының басында 28,2 трлн теңге болса, айдың соңында мұндағы қаржы 27 трлн теңге болды. Осылайша, қазан айында Ұлттық қордың қаражаты 4,2 пайызға қысқарды. Жарияланған есепке сәйкес, бір айдағы кіріс Т2,7 трлн болса, шығыс – Т3,8 трлн теңге. Шығыстардың ең үлкен көлемі – 2, 4 трлн теңге кепілдендірілген трансферттер – мемлекеттік бюджеттің жыртығын жамауға жұмсалған.

Бұл екі арада ел экономикасындағы инфляция 0,7%-ға өсіп, 2020 жылғы қазанмен салыстырғанда 8,9 пайызға жетті, деп Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі Агенттіктің Ұлттық статистика бюросы. Соған сәйкес, азық-түлік бағасы артқан. Ресми ақпарат бойынша, «бағаның өсуі жұмыртқа 7,2%-ға, жаңа піскен көкөніс – 5,5, құмшекер мен құс еті – 1,4 пайызға, картоп – 1,2, нан – 0,7, пастерленген сүт – 0,6, айран, шошқа еті мен қарақұмық жармасы – 0,5, шұжыққа, макарон өнімдері мен ұн – 0,4 пайызға өскен.

Ескерте кетейік, бұл – мейілінше екшеліп, өсімі қысқартылып берілген ресми ақпарат. Ал базар бойын жағалалған нақты өсім бұдан әлдеқайда жоғары.

ДАТ-ақпарат.

«ҚОРҒАС» КЕДЕНІ:

Қытайға кіре алмай,

10,3 МЫҢ КӨЛІК ТҰР

  • «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының (ХШЫО) Қазақстан тарапынан Қытайға кіру үшін 10,3 мыңнан астам автокөлік кезекте тұр, деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен (МКК).

«Шектес мемлекет – Қытайға кіруге «Нұр Жолы» («Қорғас») өткізу бекетінде 10 346 қазақстандық көлік кезек күтіп тұр» делінген сейсенбіде МКК таратқан хабарда. Сондай-ақ, МКК мәліметтері бойынша, 215 авто «Бақты» кеденінде Қытайға шығу үшін кезек күтуде.

 Естеріңізге сала кетейік, 22 қыркүйекте Мәжіліс депутаты Дания Еспаева Палатаның жалпы отырысында Қытаймен шекарадағы контейнерлердің тоқтап қалуына және бұдан Қазақстанға 170 млрд теңге шығын келгеніне алаңдаушылық білдірген еді. Оның айтуынша, «Қазақстанға теміржол рейстері тоқтатылғанына қарамастан, сол Қытайдан Қазақстан арқылы, бірақ Еуропаға транзит тасымалы емін-еркін жүріп жатыр».

 12 қазанда ҚазТАГ Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин екі ел шекарасындағы жағдайға байланысты Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянға хат жазғанын хабарлады. 21 қазанда Қазақстан мен Қытайдың вице-премьерлері шекарада жүктердің жиналуына байланысты жағдайды талқылағаны белгілі болды. Сонымен қатар, шекарада шамамен 7 мың вагонның жиналуына байланысты жағдай қазақстандық биліктің алаңдаушылығын тудыратыны атап өтілді.

 ҚазТАГ.

 

Бұл екі арада

 

Ресей кіргізбей тұрған

КӨЛІКТЕР ТІЗБЕГІ

сегіз шақырымға жетті

Қазақстанның Ресеймен шекарасында тұрған көліктердің кезегі сегіз шақырымға жеткен. «Жүк көліктерінің жүргізушілері «Қайрақ» кеден бекетінде тұрғанына екінші тәулік болды. Кәсіпкерлер тауарын шекарадан өткізе алмай, шығын шегіп жатыр» деп хабарлады Tengrinews.kz.

«Шекарада тұрғанымызға 22 сағат болды. Кезектің ұзындығы 8 шақырымға жетті. Бұл тек Қазақстан жағында ғана. Мен азық-түлік апара жатырмын, бұлай тұрғанымыз азық-түліктің жарамдылық мерзіміне әсер етеді. Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрадық», – дейді жүргізушілердің бірі Бауыржан Сарқытбаев.

«Жүк тасушылардың сөзінше, мұндай жағдай Ресейдің шекара қызметі тарапынан да жиі жасалады. Ресейдің Челябинск облысындағы құзырлы органдармен сөйлесеміз», – дейді Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев.

Қостанай облысының Мемлекеттік кіріс департаментінің сөзіне қарағанда, бұл жағдайға белгілі бір маусымда жүк көліктерінің күрт көбейетіні, өзге облыстардың шекарадағы пункттеріндерінде жүк көліктерінің рентген аппараты жоқтығы және Ресейде 30 қазаннан бастап карантин енгізілгені ықпал еткен.

Azattyq.org

 

АНТИВАКСЕР АЙНА

ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

blank

Қазанның соңында ел астанасындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты екпе салуға қарсылық білдіріп жүрген дәрігер, шымкенттік белсенді Айна Бекееваны «ұсақ бұзақылық жасады» деген айыппен 10 тәулікке қамады.

Осыған байланысты шымкенттік бір топ азамат Бекееваны босатуды талап етіп, абақты алдына жиналды. Олардың арасында дәрігердің туыстары, жақтастары мен белсенділер бар. Жиналғандар қолдарына «Балаларды қорғап жүрген дәрігер Айна Бекееваны босатыңдар!», «Айна, біз сізбен біргеміз!», «Айнаға бостандық!» деп жазылған плакаттар ұстап тұрды.

«Біз екпе салдыруға емес, мәжбүрлеп салдыруға қарсымыз. Бұл екпе әлі тексерілген жоқ. Сондықтан оны салдыруға қорқамыз. Осыны айтып жүрген Айнаны қамап тастады. Айна Бекееваны босатуды талап етеміз!» – деді белсенді Жақсылық Досқайырұлы.

«Сот кабинеті» жүйесіне жарияланған қаулыға қарағанда, Бекееваның үстінен астанадағы №58-мектеп-гимназиясының директоры Самал Нұғыманова арызданған. Арызға сай, қазанның басында Бекеева Шымкенттен астанаға барғанда, бір топ ата-анамен бірге мектеп-гимназияға келген. Оқушының ата-анасы баласына мектеп әкімшілігі ескертусіз екпе салдырғанын айтқан. Мектеп директоры ата-ана мен Бекееваның мектеп ішіне кіруіне қарсы болған. Директор арызында Бекеева өзіне «былапыт сөз айтып», қоғамдық тәртіпті бұзғанын жазған.

Бекеева сот процесінде тағылған айыпты мойындамай, әкімшілік істі қысқартуды сұраған. Бірақ судья Элвиру Ищанова Бекееваны Әкімшілік кодекстің «Ұсақ бұзақылық» (434-бап) бабымен кінәлі деп тауып, 10 тәулікке қамаған.

Azattyq.org

АҚШ СЕНАТЫ

қазақ қызын

ҚАБЫЛДАЙ МА?

«Ақ үй» Сауле Омарованың кандидатурасын Ақша айналымын бақылаушы басқарма басшысы лауазымына бекітуге Сенатқа жіберді, деп жазады Reuters.

 «Кеше «Ақ үй» Сенаттың қарауына Сауле Омарованың кандидатурасын Ақша айналымын бақылау басқармасының (OCC) басшысы лауазымына бекітуге ресми түрде жібергенін хабарлады. Бұл қадам «Ақ үйдің» банк саласындағы ғалымдардың тым қатты қарсылығына қарамастан таңдау жасағанын растайды», – делінген хабарламада.

 Ескерте кетейік, қыркүйек айында оның осы лауазымға кандидатурасы жарияланған сәттен бастап, Корнелл заң мектебінің Қаржы құқығы профессоры Омарова банктер тарапынан табанды және ашық қарсылыққа тап болды. Егер ол мақұлданса, ол елдің ең ірі банктерін тікелей бақылауда маңызды рөл атқаратын тұлғаға айналады.

 Басылымның мәліметінше, Омарованы осындай маңызды бөлімді басқара отырып, Уолл-стрит үшін қатаң қадағалау мен ережелерді сақтау керек деп санайтын жаңашылдар қолдады. Бірақ Сәуле ханымның тағайындалуын оның бұрынғы ғылыми жұмысы танымал емес деп санайтын бизнес және банк топтары ерекше қатал және ашық қарсылық білдіруде.

 Омарованың кандидатурасының Сенатқа ұсынылуына байланысты, ол республикашылардың қатты қарсылығына тап болуы мүмкін және ол бірнеше қалыпты демократтарды Сенатта қолдауға сендіруі керек, олардың пікірлері бірдей бөлінді.

ҚазТАГ.

Республиканский еженедельник онлайн