Қазақстан үшін аграрлы ел ретінде агроөнеркәсіп саласын дамыту аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда Алматының символы саналатын апорт алмасын жаңғырту жөнінде арнайы тапсырма беріп, қазір ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол қалай атқарылуда, апорт бақтарының азайып кетуіне, сапасының төмендеуіне қандай жағдайлар әсер етті, алманың бұл түрін жаңғырту үшін не істелініп жатқанын білу мақсатында Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (ЖКШҒЗИ) Талғар аймақтық филиалының директоры, Алматы апортын жаңғырту бойынша ғылыми диссертация қорғаған PhD докторы Сағи СОЛТАНБЕКОВ мырзаға жолығып, арнайы сұхбат құрдық.
– Сағи Сайранұлы, бір кездері кез келген отандасымыз, тіпті шетелдіктер де апорт десе – Алматыны, Алматы десе – апортты алдымен естеріне алғаны анық. Үлкен өкінішке қарай, қазір олай емес. Өйткені, біріншіден, бұрынғыдай апорт алмасы жоқ, бар болса да, дәмі тіл үйірмейді. Екіншіден, танауыңды қытықтап, тынысыңды кеңейтетін хош иісі де өзгерген. Сіз дәл осы Алматы апортын жаңғырту бойынша докторлық диссертация қорғапсыз, оның үстіне ғылыми-зерттеу институтының аймақтық филиалын басқарып отырсыз. Ғалым ретінде бұған не айтар едіңіз?
– Ойыңыз өте орынды. Шынында да, әсем де алып Алматының атын әлемге жайған мақтаныштарымыздың бірі – апорт алмасы екені даусыз. Алматы десе – алдымен апорт есімізге түсіп, көз алдымызға қанқызыл түсті, хош иісті дәу алмалар келетіні рас. Тіпті Алматыны қыдырып қайтқан кез келген жанның отбасына, ағайын-туысына, дос-жарандарына алып баратын басты базарлығы да осы апорт алмасы болатын. Алайда соңғы ширек ғасырда оның кезінде жер жарған даңқы түсіп кеткені көпшілікті қынжылтады. Әдетте үлкендігі балуан жігіттің жұдырығындай болып келетін, адам ағзасы үшін аса пайдалы бұл жемістің көлемі кішірейіп, дәмі мен иіс сапасы да едеуір төмендеп кетті. Ал қуаныштысы – мемлекет басшысы бұған жіті назар аударып, осы даңқы әлемге жайылған апорт алмасын жаңғырту жөнінде арнайы тапсырма беріп, қазір ол жөнінде үлкен жұмыс жүріп жатыр.
Әрине, бұл жұмыстарды алғаш бастаған ғалым – атақты академик, ғылым докторы, бүгінде марқұм болып кеткен Мағжан Малғаждарұлы Исин. Мен 2011 жылы сол кісінің қасына келіп, еңбек жолымды лаборант болып бастап, біраз жыл ғылыми жұмыстармен айналыстым, докторлық диссертация қорғадым. Біздің мекеме Қазақ ЖКШҒЗИ Талғар аймақтық филиалы деп аталады, қысқаша айтсақ, Қазақстандағы жалғыз Помологиялық бақ. Қазіргі кезде 138,6 гектар көпжылдық жеміс ағаштары, 1666 сұрып үлгілері бар. Одан бөлек, зертханаларымызда, зертханалық банктерде 200-ден артық сұрып түрі сақталған. Бізде селекционерлер жұмыс жасайды, өзіміздің сұрыптарымызды шығарамыз, сырттан сұрыптар алып келіп, интродукция жасаймыз, яғни бұрын жоқ жеміс сұрыптарын отырғызып, жерсіндіреміз.
Қазіргі таңда Президент тапсырмасының аясында Қазақстанның мақтанышы, ұлттық брендіміз болып кеткен апорт алмасын «масштабтау», қарапайым тілмен түсіндірсек – осы жеміс ағашы отырғызылатын аумақты кеңейту жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Былтыр қаңтар айында Президентпен бірге Италияның астанасы Рим қаласындағы БҰҰ-ға қарасты ФАО-ның (Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы) штаб-пәтерінде болдық. Сол жерде Қасым-Жомарт Кемелұлы апорт алмасын тікелей өзі таныстырды. Сондай-ақ ФАО-ның бас директоры Цюй Дунькюй мырзаға қазақстандық жабайы алма әлемдегі барлық алмалардың түпкі атасы екендігі туралы тарихты айтып берді.
Оның үстіне 12 сәуір – Ғылым күні өткен үлкен жиында мемлекет басшысы: «Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда», – деп, отандық ғалымдардың алдына үлкен міндет жүктеді. Осыған орай біз барлық жұмыстарды ғылыми негізде жүргізіп, ғылым мен өндірісті ұштастыруға ұмтылып жатырмыз.
Жалпы, апорт алмасын қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды Президент әкімшілігі және Ауыл шаруашылығы министрлігі жіті қадағалап отыр. Қазіргі кезде апортты жаңғырту бойынша Жол картасы жасалып жатыр.
– Бұл – мемлекет басшысы тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау мен қамқорлық. Сонда ол бұрын болмады ма, неге апорт өсетін алма бақтары азайып, сапасы кеміп, даңқы төмендеп кетті?
– Оның бірнеше себептері бар. Бұрынғы алма бақтарында өскен апорт ағаштарының көбі ауруға шалдыққан, сондықтан жеміс бермейді. Қазақстандағы апорт бақтарының көлемі 100 мың гектарға жеткен еді, алайда 1950 жылдардағы ерекше қатты қыс барлық алма бақтарының қысқаруына әсер етті. Шамамен 1970 жылдардан бастап Алматы апортын жаңғырту жұмыстары басталды. Соған қарамастан, 1980 жылдары апорт бақтарының тек 20 пайызы ғана қалды, жеміс ағаштары әбден тоза бастады. 1990 жылдардан бастап алма бақтары аяусыз оталып, қалада қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Кезінде апорт бақтары орналасқан аумақтарда зәулім ғимараттар, жеке тұрғын үйлер бой көтерді. Айталық, Алматы қаласындағы қазіргі «Қазақфильм», «Алмагүл», «Таулы қырат» ықшамаудандарының орнында бұрын алма бақтары жайқалып тұратын еді. Мына тауды жағалай, тіпті Бірлік, Белбұлақ ауылдарының тұсында Талғар-Алматы тас жолының екі жағы да жайқалған алма бағы болатын. Үлкен өкінішке қарай, солардың көбі жойылды. Қазір бүкіл ел көлемінде бар-жоғы 2500 гектардай апорт алмасы орналасқан бақ қалды. Дегенмен, апорт бақтарында бұрынғыдай алма төгіліп тұрмаса да, бұл сұрып түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Тәуелсіздік жылдары мемлекет тарапынан, Ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті атқарушы органдар тарапынан да қолдау шаралары, ғылыми жобалар болып жатты.
Біздің ойымызша, апорт бақтарының осындай деңгейде азайып кетуінің негізгі төрт себебі бар. Бірінші себеп – апорт өз экологиялық аймағынан шығып кетті, екінші – осы сұрыптың көшеттерін жоспарлы және сапалы түрде өсіретін шаруашылықтардың жойылуы. Үшіншісі – зиянкестер мен бактериялық аурулардың дамуы және оларға қарсы шаралардың дер кезінде әзірленбеуі, себебі апорт – төзімсіз сорттардың қатарынан. Төртіншісі – көшет дайындауда сорттың ағаштарын дұрыс таңдамау, яғни жеміс сапасына емес, біржылдық өскінге қарап бүршік жинаған. Сондықтан біздің Помологиялық бақта зерттеу, тәжірибелік жұмыстар жүргізетін ғалымдар мен мамандардың басты міндеті – бағбандарға ғылыми негізделген агротехникалық ұсыныстар беру, оларды сапалы отырғызу материалдарымен қамтамасыз ету, өсімдікті қорғау қағидаттарын ұсыну болып отыр.
– Алма жемісінің тарихы, оны күтіп-баптаудың, әсіресе апорт алмасының ерекшеліктері жайында не айтар едіңіз?
– Алдымен неге апорт алмасын жаңғырту жұмыстары біздің филиалда жүргізіліп жатқаны жайында бір-екі ауыз айта кетейін. Өйткені менің ғылыми жұмысым осы апорт алмасымен тығыз байланысты. Жоғарыда айтқанымдай, 2011 жылы апортқа сиверс алмасын заманауи әдістермен телу жұмыстарын академик Исин бастады. Өйткені апортқа ең жақсы тамырсабақ – сиверс алмасы болып саналады. Қазақстанда 17 мың гектар жерде сиверс алмасының орманы бар. Ондай ауқымды көлем әлемнің ешбір жерінде жоқ. Сиверс – табиғи жабайы алма. Бұл алма ағашының ғалымдар үшін тарихи маңызы ғана емес, ғылыми маңызы да бар. Бұл түрдегі ДНҚ құрылымы ерекше күшті және бойында көптеген ауруларға төзімділік гендері бар құнды донор болып саналады. Сиверс алма ағашы қатты аязға да, ұзаққа созылған ыстыққа да төтеп бере алады.
Ал Қазақстан – алманың отаны! 2002 жылы Оксфорд университетінің генетик-ғалымы профессор Барри Джунипер мұны генетикалық талдау көмегімен дәлелдеді. Оның тұжырымдары Қазақстанның жабайы ормандарында жиналған алма фрагменттерін молекулярлық-генетикалық зерттеу нәтижелерімен расталды. Франциядан келген зерттеуші Кэтрин Пэкс те алманың шығу тегі туралы дәл осындай қорытындыға келді. Осының өзі біздің елімізді әлемге танытатын және бүкіл қазақстандықтар мақтаныш тұтатын үлкен тарихи дерек.
Жаңағы 17 мың гектар жерде өсіп тұрған сиверс алмасының 1 мыңнан аса формасы бар. Оны түрмен шатастырмау керек, түр біреу-ақ, ол – сиверс алмасы. Форма дегеніміз – ол жемістің түсіне, дәміне, ағаштың қабығына байланысты берілетін сипаттама. Мысалы біреуі – қызыл, біреуі – сары, біреуі – тәтті, енді біреуі – қышқыл болып келеді. Сол 1 мыңнан аса сиверс алмасының бәрі апортқа тамырсабақ болып келмейді. Не үшін апорт жоғалды? Оның басты себептерінің бірі, жоғарыда айтқанымдай, бұл сұрыптың көшеттерін бақылаусыз, дұрыс көбейтпегендіктен.
Қазір біздің теңіз деңгейінен белгілі бір биіктікте орналасқан мониторлық алаңдарымыз бар. Сол алаңдарда біз сиверс алмасының жеміс түсіне, дәміне, ағаштың қабығына, генетикалық резерватына қарай 30 формасын жинадық. Сол 30 формадан ДНҚ сараптамасы бойынша тек 11-і ғана апортқа жақын болып шықты. Сол 11 форманы тамырсабақ етіп, біз апорт алмасын жаңғыртып жатырмыз.
– Тамырсабақ дегеніміз не? Оны қарапайым тілмен қалай түсіндірер едіңіз?
– Тамырсабақ дегеніміз – «подвой» немесе өсімдікті көбейту үшін телітуші негізгі тамыр, ал «привой» дегеніміз – телінетін өсімдіктің түрі, сұрыбы. Алмада тамыр бөлек, сұрып бөлек болады. Мысалы, сіз алманың дәнін отырғызғаныңызбен, ол алма болып шықпайды. Ол үшін оған сұрып түрін телу қажет. Тамырсабақ дегеніміз – үйдің іргесі сияқты жеміс ағашының негізі. Соған апорт алмасын пробиркада өсіріп, вирустардан тазартып, сауықтырып, қанқызыл түсті Алматы апортын «қайта жаңартып», 2011 жылы тамырсабақ жинадық. 2012 жылы телу жұмыстарын жасап, 2015 жылы көктемде біз екі жылдық көшет алып, 5 гектар бақ отырғыздық. Бұл бізде осы Помологиялық бақтың аумағында ғылыми-экспериментальды бақ болды, сөйтіп тамырсабақтық-сұрыптық комбинацияда ауқымды жұмыс жүргіздік. Сөйтіп, 2022 жылы айтылған бақтан алғашқы өнім алдық.
– Нәтиже қалай болды? Өздеріңіз күткен көрсеткіштерге қол жетті ме?
– Көрсеткіштер жайында айтар болсам, ең үлкен алманың салмағы 443 грамм болды, дәмі, иісі де нағыз апортқа толықтай дерлік сәйкес келді.
Осы жерде 11 тамырсабақтық-сұрыптық комбинацияның ішінен біреуінде бактериялық күйік және тазқотыр сияқты аса зиянды, бақтардың қас жауы саналатын өсімдік ауруларына төзімділік гендері анықталғанын бөліп айтқым келеді. Енді, бұйыртса, біз осы жерден Қазақстанда апорт алмасын көбейтеміз.
Көпшілік біледі, апорт алмасы сегінші-тоғызыншы жылда ғана өнім бере бастайды. Өйткені оның тамырсабағы сиверс алмасы болғандықтан, тамырын тым тереңге жібереді. Сондықтан да ұзақ жасайды, орташа 40-50 жыл жақсы өнім береді, осы мерзімнен кейін ақырындап деградация басталады. Бірақ агротехникалық талаптар сақталып, жақсы күтіп бапталса – 70 жылдай өнім береді.
Айтпақшы, дәл осы тұста апорт алмасы еліміздің барлық аймақтарында өсе бермейтінін де айта кеткенім дұрыс болар. Ол тек үш өңірде – Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарында, теңіз деңгейінен 900 метрден 1200 метрге дейінгі биіктікте ғана өседі. Одан төмен болса, ерте пісіп кетеді, жоғары болса – қажетті күн калориясын ала алмайтындықтан, жеміс сапасы төмендей бастайды. Сондықтан апорт ағаштары қажетті температура, күн жылуы, ылғал жеткілікті болатындай оңтайлы биіктікте отырғызылуы керек.
– Сонда апорт алмасы өскен аумақ 100 мың гектардан 2,5 мың гектарға дейін азайса – бұрынғыдан 40 есе кеміп кеткен екен ғой! Не деген сұмдық! Өз несібемізді, Алматының ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы, ұлттық брендке айналған бірден-бір құндылықты жоғалтып ала жаздаған екенбіз. Президентіміздің ғылымға деген қамқорлығымен сіздер енді оны қайта жаңғырту бойынша аса жауапты, әрі күрделі ғылыми жұмыс жүргізіп жатыр екенсіздер. Енді бұған бүкіл бағбандар қауымын жұмылдырып, Алматы апортының бұрынғы даңқын қайта оралту үшін, не істеу керек?
– Апорттың даңқын арттыру үшін, оның көлемін ғылыми негізделген нәтижелерді пайдалана отырып, тамырсабақ сапасына мән беріп, көшет дайындау қажет. Халық арасында насихаттау жұмыстарын жүргізіп, оның ұлттық құндылық екенін дәріптеу керек деп санаймын. Біздің филиал тарапынан былтырғы жылы сиверс алмасының әбден тексеріліп зерттелген сұрыптары жиналып, биыл көшет дайындалып, 2026–2027 жылдары мемлекет қолдауымен бақ отырғызуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстарға Алматы қаласының әкімдігі, жеке қожалықтар, ЖОО және ҚР көшет өндірушілер қауымдастығының, Алматы бағбандары қауымдастығының мүшелері қызығушылық білдіріп, қолдау көрсетіп отыр. Осы жерде үлкен-кіші шаруалардың, бағбандардың және өндірістік бақ шаруашылықтардың отандық брендті, ғылыми жобалар мен әзірлемелерді қолдауының маңызы зор.
– Агротехника демекші, тек бағбандар арасында ғана емес, жалпы еліміздің ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп саласында бұл талап орындала бермейтін сияқты. Оның апортқа қатысты тұстары жайында кеңірек түсіндіре кетсеңіз.
– Мысалы, апорт ағаштарын бір жылда кем дегенде 7-8 рет суғару қажет. Содан кейін алғашқы үш жылда апорт ағашының бұтақтарын қалыптастырушы кесу жұмыстары, ал төртінші жылдан бастап санитарлық кесу жұмыстары жүргізіледі. Апорт ағашы бұтақтарын көп кескенді жақтырмайды. Өйткені ол өнімін бұтақтарының ұшында береді, оларды кесіп тастасаң, өнім бермейді. Ал басқа сорттар өнімін түптерінде, бұтақ, өркен бойында бере береді. Төртінші жылы апорт бақтарына жоңышқа отырғызылып, ол шөп бірден орып алынбай, төрт-бес рет шабылып, биошырындары қалыптасып, ол топыраққа сіңіп, құнарлылығын арттыру үшін, сол жерде шіріп жатуы керек. Өйткені жоңышқа өзіне ауадан азот жинайды. Оны бірінші үш жылда отырғызбай, қара жер күйінде ұстау қажет. Себебі әртүрлі зиянкестер алма ағашының тамыр бөлігін жеп қоюы мүмкін. Сондықтан апорт ағашын күтіп-баптаудың осындай қиындықтары да бар, әрі агротехника талаптары қатаң сақталуы тиіс.
Оның үстіне, мамандардың айтуынша, қарапайым алма ағашы екі жылдан соң-ақ тоннаға тарта жеміс берсе, апорт 7-8 жылдан кейін ғана жеміс салуға жарамды болады. Одан кейін, апорт ағашы тұрақты түрде жыл сайын өнім бере бермейді дейді. Алайда біздің мамандар бұл жағдайды да тыңайту жүйесін оңтайландыру арқылы жыл сайын өнімге қол жеткізуге болады дейді.
– Қазір қанша адам жұмыс істейді?
– Біздің институтта селекционерлер, көшет шаруашылығы, биотехнология, агрохимия, өсімдік қорғау мамандары қызмет атқарады. Институттың оңтүстікте және оңтүстік-шығыста орналасқан үш аймақтық филиалы бар. Жалпы алғанда, шамамен 200 адам жұмыс істейді. Ал Помологиялық бақта, яғни филиалда Жеміс-жидек дақылдары және жүзімнің селекциясы бөлімі, Бау-бақша дақылдарының тектік қоры зертханасы шоғырланған, мұнда 30 адам жұмыс істейді. Жалпы ғылыми қызметкерлер мен қарапайым жұмысшылардың тапшылығы сезіледі. Өйткені жалақысы төмен болғандықтан, көп адам, әсіресе жастар келмейді, сол жағынан қиналып отырмыз.
– Қаржыландыру жағы қалай болып жатыр? Өздеріңіз өнім өндіріп, нарыққа шығара аласыздар ма?
– Ғылыми мекеме болғандықтан, біз негізінен ғылыми жұмыстар жүргізіп, базалық жалақы аламыз. Оған қосымша ғылыми жобалар жасалып, олар мақсатты қаржыландыру бағдарламаларына сәйкес Үкімет тарапынан қаржыландырылады. Енді Президент тапсырмасына орай, апорт алмасын жаңғырту бойынша Жол картасы жасалып жатыр, оған да қаржы бөлінуі тиіс.
Бізде өндірістік бақтар жоқ, бәрі ғылыми тұрғыдағы селекциялық, коллекциялық экспериментальды бақтар. Бұл жерде ғылыми жұмыстар жүргізіледі, олар бизнес ретінде қаралмайды. Мысалы, бәленбей гектар баққа ие кәсіпкерлер бар, олар бір сұрыпты ғана өсіреді де, өнімін жинап сатады, сөйтіп табыс табады. Ал бізде зерттеу, тәжірибелік жұмыстар жүргізіледі. Әрине, біз де аз мөлшерде болса да өнімдерімізді сатамыз, бірақ әртүрлі сұрып болғандықтан, арзан бағада сатамыз. Оларды негізінен өзіміздің шаруашылық мұқтаждықтарымызға пайдаланамыз.
Бір сөзбен айтсақ, біз апорт алмасын өндірістік мақсатта өсірмейміз, біз таза ғылыммен айналысамыз. Алдағы жобаларымыздың аясында алғашқы өндірістік апорт бағын отырғызамыз деп жоспарлап отырмыз, сол кезде халыққа өнімімізді ұсынып, нарыққа шығарамыз. Жалпы, апорт бағын экономикалық тиімсіз деп айтуға да келмес. Жақында бір экономист маман өз пікірін білдірді, оның есебі бойынша апорт бағы пайдалану мерзімі тарапынан қарқынды бақтарға қарағанда тиімдірек екен. Әрине, табысқа 3-5 жылда кенеле қалмаса да, тұрақты көп жылдық табысқа қол жеткізу әбден мүмкін. Осы орайда, егер апорт алмасын өсіріп, оны кәсіпке айналдырып, табыс тапқысы келетін, оның көлемін уақыт өткен сайын еселеп арттырғысы келетін бағбандар, жеке шаруашылықтар, кәсіпорындар – біздің ғылыми негізделген ұсыныстарымызды қатаң сақтап, күнделікті басшылыққа алатын болса, жақын жылдарда-ақ ұлттық мақтанышымыз саналатын Алматы апортының даңқы қайта жаңғыратынына күмән жоқ!
– Сарабдал сұхбатыңыз үшін рахмет. Еліміздің даңқын асыратын апорт алмасын қайта жаңғырту жолындағы ғылыми ізденістеріңізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ,«D»