ХАТ

- «Бұл сайлаудың ең үлкен өкініші – Арман Шораевты өткізбеу болды! Қазақтың бір шетіне шығып, ел намысын қорғап жүрген қайсар жігіт депутат болуы керек-ақ еді! Биліктің солақай ойлы шешімі осы бопты!..».
Арман бауыр!
Қоғамға қырғи салып, қырқай шалып, 30 жыл ойраңдаған озбырдан қалған сайлау жүйесі сені Парламентке өткізбепті деген хабар естігенде, «Фейсбукке» осылай деп жазған едім. Өзгені өзектен тебер жайым жоқ, бірақ қазақ үшін дәл сенің жөнің бөлек жігіт едің.
Президент Тоқаевтың саясатына алабөтен кереғар қарсылығың жоқтығын күнібұрын айтып жүрдің: саған қарсылықтың қисынын түсіне алмадым. Әлемде геосаяси гәу-гәу гүрілдеп тұрған кезде белі бүкшең біздерге Парламенттің партасын пергілеп сөйлейтін, шекараның арғы жағына «өй!» дейтін Армандар керек еді… Амал нешік?
Бірақ дәл қазір менің саған айтпағым басқа – бізге бұйырған мандаттың жәйті. Қазақтың қаласы мен даласында жоқ толқу «Фейсбук» желісінде туыпты. Екеуіміз жақсы білетін Мұхтар бауыр Тайжан сол желіде былай дейді:
- «Сайлау әділетті өткен жоқ, ол – факт. Билік қайтадан былық жасады, бұған көпшілік куә. «Аманаттықтарға» енді сөз жоқ, оларға бірдеңе айту мағынасыз деп санаймын.
Бірақ мен Ермұрат Бапиды, Абзал Құспанды да бұндай «жеңістерінен» бас тартып, бізбен бірге, көпшілікпен бірге шынайы, адал сайлауды қайтадан өткізуді талап етуге шақырам! Жеңіс болса, ол адал, таза болуы керек. Ал өтірік сайлаудың арқасында депутат болу – не пайда, не абырой? Өз басым бұндай депутаттық құрысын деп санаймын».
Менің басқадан емес, сенен білмегім – осы ұсыныстың жөн-жосығы. Елің тәнтілікпен таныған, сөзіңе қыруар халық құлақ түрген азамат болған соң, сенің сөзің мен үшін әлдеқайда қымбат. Мұхтарды мұқату – оллахи, ойымда жоқ.
Арман-бауыр, егер бұл ұсынысты маған наразылық алаңын қайыстырған қалың халық айтса, көптің сұрауына қарсы қайла табар ма едім? Бірақ «менің пәленбайға берген дауысым ұрланды, кері қайтарыңдар!» деп, билікке қарсы зығырданы жер тоқпақтаған наразы халықты көрмедім. Буырқанып жатқан – «Фейсбуктың» «тостағаны».
Неге? Дауысы тоналған халық атойлап алаңға неге шықпады, Арман? «Ұтылғанды» ұлт болып қорғап, «ұттырғанды» ұры деп қорлайтын халық қайда?
Иә, сайлауда қиянаты қалың қаралық болды, өрескел заңбұзушылықтан зарлап қалдық деген сөз желіде желдей есіп тұр. Бірақ сол «жел» қазақтың қаласы мен даласында неге соқпайды? Өз басын өзі билеуге мүмкіндік беретін саяси науқанның нойыс ұрлаған несібесін неге іздемейді бұ жұрт? «Фейсбуктағы» «фронт» ел ішінде неге тым-тырыс? Сен осы сұрақтардың жауабын білдің бе?
Мен білсем, бұл салғырттықтың сыры көп. Өзім аңдағанын айтайын. Ең бастысы – желілерде жазылып та, айтылып та жатқандай, бұл сайлау заңсыз болды десек, өзің озбыр санайтын орыстың «явка» деген сөзіне жүгінер едім. Отыз жылғы озбырдан әбден зәрезап болған халық оның мұраға қалдырған сайлауына келмеді – дауыс беруді далбаса деді. Ол үшін көпке топырақ шашуға болмайды…
Бұл екі арада осы сайлаудан «Жаңа Қазақстан» басталады, «кел, халық, өл-тіріл – сайлауға қатысу қажет» деп, билік те ел арасында үгітін үстеп, насихатын нықтап жасауға аса бір құлықты болмады. Анығы – биліктің тақ төрінен гөрі, оның аппараты тас бүркеніп, жатып алған сыңайлы. Бұл – әлдекімдердің саясаты ма, саботаж ба? Сайлаушының дауыс беруге неғұрлым аз келгені – сол аппаратқа соғұрлым қолайлы болды.
Басқасын білмедім, ал Алматыдағы үшінші округтің 184 учаскесін түгелге жуық жапқан менің бақылаушыларым қолына түсірген 60-қа жуық хаттамаға қарасам, дауыс беруге орта есеппен 20 пайызға жетер-жетпес сайлаушы келіпті. Бұл 400 мыңға тақау сайлаушының 20 пайызы. Сонда келмегені қанша – өзің есептей бер!
Енді осындай апатиялық жағдайда сол 20 пайыздың қаншасы «менің дауысым ұрланды» деп, алаңға неге атып шықпады? Егер дәл сол жиырма пайыздың құрығанда жиырма мыңы наразылық танытып, тым болмағанда екі күн алаңда тұрса, мен үшін мандатта мән-мазмұн болар ма?
Әлбетте, егер бұл мандат менің жеке меншік қайыс қамшым болса, ол құрғырды күресінге лақтыра салу қиыншылық туғызбас еді. Бірақ қалай болғанда да, бұл мандатты маған қалың халықтың бір пұшпағы ұстатты ғой! Ел мұратын мансұқ етудің қисыны қайсы? «Зеңбірекпен торғай атқан» «Фейсбук» айтты екен деп, азды-көпті ел сенімін аяқ асты етуге бола ма?
Негізі, бұл сайлау қаншалықты дұрыс-бұрыс болса да, халықтық саяси науқанға қатыспау – ең алдымен қоғам үшін үрей, болашақ үшін қорқыныш болу керек. Егер осы қоғам елдегі өзгерісті алаң арқылы жасай алмайтын болса, сайлау арқылы жасаудың мүмкіндігін мүлт жіберу – ертеңгі елдікке ерек сын болмақ.
Себебі – халық өз билігін қор көріп, өз күшін желінің желігімен ғана зор көрсе, ел аңсаған өзгеріс өздігінен өңмеңдеп келмесі хақ. Сол сияқты, сол билік қоғамнан бөлек жүріп, емен есікті кабинеттерде ешқашан өз бетімен өзгеріс жасай алмасы тағы анық. Халықтың «билікке баруы», мен «билікті алуының» бүгінгі қолда бар басты шарты сайлау ғана еді.
Дегенмен, Арман, менің осы томаға-тұйық қоғамды жазғыруға жөнім де жоқ сияқты. Біз қоғамның қалың қыртысын қаншалықты біліп болдық? Бюджеттің астауына байланғаны бар, өз күнін өзі көргені бар – осы уақытқа дейін қойыртпақ қоғамның әлеуметтік «тілімін» (срезь) тәуелсіз тәсілмен зерттеп көрдік пе? Оппозиция осындай әлеуметтік сұрау салу арқылы елдің саясатқа тәнті тыныс-тірлігін өлшеп-пішкен кезі менің 25 жылдық зердемде жоқ.
Ал біздің бүгінгі бір ғана өлшем – әлеуметтік желі. Сол желінің «желігін» қоғамның ортақ пікірі, темірқазық тұжырымы деп санаймыз. Немесе мемлекеттік статистиканың ресми есебін місе тұтудан басқа мүмкіндігіміз тапшы. Бізде басқа – тәуелсіз өлшеуіш параметр жоқ.
Әлбетте, ол желіде елдің есті бөлігі бәйге бастап отыратыны анық. Бірақ сол бәйгенің өзі алтыға айырылып, жетіге жарылып, бірі – екіншісін атарға оғы болмай жүргенін өзің де білесің, Арман. Осы да қоғамдық пікірдің ортақ ошағы болмақ па?
Осындай оғаш ойлар торлаған торығулы күндер мен түндерде мені меңдеген уайым осы, бауырым. Анау жылдары біз Назарбайдың ұрық-шәрпін «Қазақгейт» үшін сойып жүргенде, үстел жағалауды енді бастаған балалар бүгін жағаңнан алып жатқанда, ашуың асқына ма, жоқ па?
Сенің елге еткен еңбегіңді ендігілер еш кетіру үшін ентігіп жүргеніне налисың ба, жоқ па? Ағалық абыройды ізетсіз інілер ретсіз іреп, дабыраға қиқу қосқаны қинайды…
Ширек ғасыр халыққа қылған қызметіңді қор қылғанына қиналасың ба, жоқ па? Ел қамымен бармақ жеріңе жетіп болмай, ондағы халыққа қарайлас болар сөзің айтылмай жатып, әлдебір әңгүдік сөз жүрегіңе қадалғаны жанға батады…
Сол солақай ашумен мандатты мансұқ етудің жөні бар ма? Бәлкім, мен демократияның «балалық дертінен» арылып, «Газельдің» бортынан аспайтын митингілік қозғалысты әлдеқайда басқаша парадигмадағы салмақты саясат арқылы жүргізіп көрсем деген талпынысыма күдік тудырудың реті бар ма? Сол саясатты биліктің ішіне ендеп еніп, ендігі жерде «сырт алаңда» жүзеге асырудың мүмкіндігін күнібұрын жоққа шығаруға бола ма? Айғаймен, ойбаймен «Жаңа Қазақстан» жасалмайды. Біз қарсылық күрестің пәрменін салиқалы саясат деңгейіне көтеруіміз керек. Бәлкім, бүгінгі билік сонда ғана мемлекеттік мүддеге сай мәмілелі мәселе көтерген оппозицияны мойындайды. Ал 200–300 адамдық митингінің наразылық нарқы болмайды. Ендігі ұрпақ ондайда біз сияқты отыз жыл сағым қуып жүрері ғажап емес.
Солай, Арман, бұның барлығын басқадан бұрын сен түсінер деп айтып отырмын. Әгәркім, маған қарайлас қайырар жауабың болса, жария жазуға да, қалтафонға қоңырау шалуға да болады.
Ал егер менің уәжім көңіліңе қонбаса, үнсіз қалғаның да мен үшін үлкен жауап болады. Қазақтың қорғансыз қамын жеп, намысын жыртып жүрген сен сияқты арыс азаматқа еш ренішім болмайды.
Құрметпен (қаласаң да, қаламасаң да – ҚР Парламентінің депутаты), ағаң –
Ермұрат БАПИ
МӘЖІЛІС ПЕН МӘСЛИХАТҚА
өте алмаған 21 кандидат
ПРОКУРАТУРАҒА АРЫЗДАНДЫ

- Алматыда мәжіліс пен мәслихат сайлауына бірмандатты округтерден қатысқан 21 кандидат 29 наурызда прокуратураға ұжымдық шағым түсірді. Олар сайлау кезіндегі заңсыздықтар тексерілсін, заң бұзғандар қылмыстық жауапқа тартылсын деген талап қойды.
Ұжымдық шағымға 20 кандидат қол қойған. Наразы кандидаттың кейбірі Орталық сайлау комиссиясы депутаттыққа үміткерлерді алалады деп есептейді.
– Басында бәрімізге мектептерге кіріп, үгіт-насихат жасауға тең мүмкіндік берілген. Алайда көп жерге мені кіргізбеді. Өз ауданымдағы әр үйге кіріп шықтым, бірақ халықты жинап, сайлауалды бағдарламамды таныстыру қиын болды, – деді Алматы мәслихаты депутаттығына кандидат болған Олжас Әбілқайыр.
Шағымға қол қойғандар арасында үгіт-насихат үшін мемлекет беретін қаржыны әлі де ала алмай жүргендер де болды.
– Мемлекет үгіт-насихатқа 300 мың теңге көлемінде қаржы бөлген. Мен [соны есептеп,] Royal Petrol [жанармай құю бекетімен] 1110 литр жанармай алатын болып, келісімшарт жасастым. Талон дайын тұрды, ақша төленсе, аласың деді. Бірақ ақша аударылған жоқ. [Сайлауда] теңдік болған жоқ. Үміткерлерге теңдей жағдай жасалуы керек. Сайлау заңы бұзылып отыр, – деді Алматы облысындағы № 12 бірмандатты округтен сайлауға түскен кандидат Мейірхан Әбдіманапов.
20 адам қол қойған шағымда кандидаттар заңбұзушылыққа жол берген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті жауапқа тартуды талап еткен.
Олармен бірге Алматыдағы № 4 бірмандатты округтен сайлауға түскен кандидат Санжар Боқаев үш учаскенің үстінен шағымданды. Ол сайлау комиссиялары дауыс санын бұрмалады деп есептейді.
– Менің қолымда 202 учаскенің 192 хаттамасы бар. Сондағы дауысты Google кестесімен де, Excel-мен де, қолмен де санадық. Нәтижесінде мен жеңіп тұрмын. Ал Орталық сайлау комиссиясы басқа адамды жеңді деп, [билікке] ыңғайлы адамды өткізді. Біз ондайға келіспейміз, – деді бұрынғы кандидат «Азаттыққа».
Боқаевтың 20 наурызда Алматы әкімшілік сотына жазған талабы орындалмаған. Апелляциялық сот та комиссия төрағасының жауабына сүйеніп, «дауыс беру заң шеңберінде өтті» деген шешім шығарған.
Алматы қалалық прокуратурасы бұрынғы кандидаттардың шағымын қабылдап, «заңда белгіленген мерзімде жауап береміз» деді.
Белсенділер прокуратура алдында наразылық білдіріп, пікірін айтып тұрған кезде оларды жолдың ар жағынан бірнеше полиция қызметкері бақылап тұрды.
19 наурыз күні Алматыдағы 256 учаскені бақылаған «Қазақстан жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қорының есебінше де, № 4 бірмандатты округте дауыс саны бұрмаланған.
«Біздің қолымызға түскен хаттамалар бойынша, төртінші округте кандидат Санжар Боқаев көш бастап тұр. Ал ресми деректе басқа кандидат жеңді», – деді ұйым төрағасы Ирина Медникова 28 наурыз күні.
Ол Орталық сайлау комиссиясынан осы жағдайға түсініктеме беруін, болмаса дауысты қайта санап немесе төртінші округте дауыс беруді қайта өткізуін сұраған.
Санжар Боқаевтың сайлау комиссияларына жазған шағымына әлі жауап келмеген.
Кезектен тыс сайлауға өз-өзін ұсынып, мәжіліс пен мәслихатқа өтпей қалған кандидаттар дауыс беру кезінде заң бұзылғанын айтып, сайлау нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Елдің кемі төрт өңірінде: Алматыда, Астанада, Шымкентте, Оралда сайлауға түскен үміткерлер сайлау нәтижесін жоюды, дауыс беруді қайта өткізуді талап еткен.
24 наурыз күні Алматыда депутаттыққа үміткер азаматтар мен олардың сенімді өкілдері, қоғам белсенділері жиын өткізіп, «халық парламенті» құрылғанын жариялады.
Бұған дейін Бас прокуратура сайлау күні заңбұзушылықтар болғанын мойындағанымен, «бұл фактілер сайлау қорытындысына әсер етпеді» деп мәлімдеген болатын.
Қазақстандағы кезектен тыс мәжіліс пен мәслихат сайлауының нәтижесінде Парламентке алты саяси партия өтті. Мәжіліске 98 депутаттың 29‑ы бірмандатты округтер арқылы сайланды. 40 орын «Аманат» партиясының өкілдеріне тиді. Бірмандатты округтер бойынша өткен 29 кандидаттың 22-сі – «Аманат» партиясының өкілі.
Сайлауды бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы дауыс санау процесіне алаңдаушылық білдірген. Елдегі тәуелсіз бақылаушылар да сайлауда заңбұзушылық көп тіркелгенін мәлімдеді.
Azattyq.org