Ауылды тұралатқан ҚОС КЕСАПАТ – кепілдік пен мал індеті

  • Менің қолыма қалам алып, тағы да «ДАТ»-қа мақала жазуыма себепкер болған – «ауыл шаруашылыған дамыту үшін мемлекеттен несие қорларына 600 млрд теңге қаржы бөлінді» деген сыңайдағы хабар. Осыны оқығаннан кейін, «Бұл неғылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» деген қазақы тәмсіл есіме түсті.

Расында, бұл не қылған қыруар қаржы және ол қаржы шаруалардың қолына қалай жетеді? Біздің мемлекет «Ауыл жылы», «Ауылды өркендету жылы» деп қаншама бағдарлама жасады, оларға миллиардтаған қаржы бөлінді! Қайда сол миллиардтар? Бұл қаржыны кімдер, қайда, қалай бөліп келді?

Иә, ауыл шаруашылығын «өркендетеді» деп, мемлекет тарапынан «Даму» қорын, «ҚазАгро» ұлттық операторын, «ҚазАгроҚаржы» компаниясын, жеңілдетілген шағын несиелік қорлар, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Атамекен» ұлттық палатасын құрсақ та, ауыл «баяғы жартас – сол жартас» кейпінде қалды, дүркіреп дамып кеткен ауыл жоқ. Миллиардтаған қаржы құмға сіңген судай жоғалды. Оның есебін сұрап жатқан президентті де, үкіметті де, парламентті де көрмедік.

Осының салдарынан ауыл шаруашылығы қайыршының күйін кешуде. Қазақстанда ауыл шаруашылық техникасы түгілі, айыр-күрек шығаратын кәсіпорын жоқ. Барлығы – шетелдерден, Ресей мен Қытайдан әкелінеді. Әлемге ақыл айтудан бірінші орындамыз. 30 жылда Қазақстан мемлекетін бүкіл әлем таныды деп, бөркімізді аспанға атамыз. Қай жағынан әлем таныды? 30 жыл бойы инвестор іздеп, қайыр сұраған елді ме?!

Менің ойымша, қаншама жылдан бері бөлінген миллиардтаған қаржы «ҚазАгро» мен «Даму» сияқты халықты сүліктей сорған компаниялардың, өз жандарын баққан екінші дәрежелі банктердің, аты бар, заты жоқ қаптаған қорлардың қалтасында кетті. Мәселен, бір ғана «ҚазАгроға» жыл сайын бірнеше жүздеген миллиард теңге бөлінеді. Бірақ одан дамып, өркендеп кеткен ауылды тірі жан көрмеді.

Енді, міне, 2020 жылға ауыл шаруашылығын несиелендіруге арналып, мемлекет тағы да 600 млрд теңге бөлген екен. Ол қаржыны шаруаларға тағы да «түбі тесік», сұрауы жоқ «ҚазАгро» бөле ме? Ауыл шаруашылығын қаржыландырудың қаптаған делдалсыз тікелей жолы неге қарастырылмайды?

Егер 600 млрд теңгенің бөлінгені анық болса, оның банктер мен несие қорлары арқылы әр серіктестік пен шаруа қожалығына қалай және қанша көлемде жетіп жатқаны жөнінде ашық ақпарат болуы тиіс. Қаржы қандай шаруашылыққа, қандай өндіріске бөлінді, ол кәсіпкер кім, оның құрылтайшылары кімдер? Олар аудан, облыстың басында отырған жемқор шенеуніктердің туған-туысқаны емес пе? Осы ақпараттың барлығы ашық қолданыста болуы тиіс және қаржының пайдаланылу ағыны қоғам мен масс-медианың толық бақылауында болуы керек!

Аграрлық салада көптеген жылдық тәжірибесі бар шаруа ретінде айтайын: сол бөлініп келген, енді тағы да бөлінетін қаржыны пайдалану мүмкіндігін шектейтін бірден-бір кедергі – банкілік кепілдік. Ауылдың дамымай тұрғаны да сол қаңыраған ауылда банкіге тігер кепілдіктің тапшылығы.

Жерінен басқа түгі жоқ, техника мен айналмалы қордан тұлдай шаруа кепілдікке несін тігеді? Мәселен, ауылда кепілдік арқылы несие алудың ең жоғары сомасы – 3-4 миллион теңге. Қарапайым шаруада бұдан асқан кепілдік қоятын түгі жоқ. Ал сол 4 миллион теңгені алу үшін, қияметтің қыл көпірінен өткендей боласың. Бір несиенің соңынан 5-6 ай жүресің. Оның өзінде кепілдігің керекке жарай ма, жоқ әлде соңында тұлдырсыз қаласың ба – оның түпкі нәтижесі белгісіз.

Ауылды тікелей қаржыландырудың өзім бастан кешкен жақсы бір жолын мысалға келтірейін: бұдан бірер жыл бұрын ШҚО Зайсан ауданының 37 шаруа қожалығына қытайдың «Мерей-Агро» компаниясы тек бір келісімшартпен бір жетінің ішінде келісілген несиені аударып берді. Басқа құжат жинап, кепілдікке қоятын мүлік іздеп қиналған жоқпыз. Несиені өндірілген өнім есебінен қайтаруға келісімшарт қана жасалды. Иә, жасыратыны жоқ, өнім өндіре алмаған, несиені қайтаруға қауһары жетпей қалған шаруалар сотқа тартылды. Қалай болғанда да, бұл несиелендіру амалы ашық және әділ еді.

Ауыл шаруашылығын тұралатып тастаған екінші бір кесапат – мал індеті, бруцеллез бен аусыл ауруы. Мысалы, шаруа адамы 4 миллион теңгеге 15 бас ірі қара мал сатып алса, арада 6 айдан кейін сол 15 бас малы бруцеллез болып шыға келеді. Мемлекеттік мал дәрігерлік саласы бруцеллезге қарсы жұмыста дәрменсіз. Аудандық мал дәрігерлік мекемесінің айтатын уәжі: бруцеллезге қарсы егетін дәрі-дәрмек сапасыз. Рас, ол дәріні шелектеп құйса да, малдан қайтадан бруцеллез шығады. Сол сияқты сиырдың қарасан ауруына қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек те дәрменсіз. Яғни, мал індетінің алдын алуға қарсы мемлекет тарапынан тиімді жұмыс жүргізілмейді. Ал әупіріммен күн көрген қожалық өз тарапынан қарсы шара қолдануға қауһарсыз.

Мал ауруының етек жаюы салдарынан елдегі мал саны да өспейді. Мәселен, Зайсан ауданында, статистика бойынша, 60-70 мың қой, 70-80 мыңға жуық ірі қара бар. Бұл көрсеткіш қаншама жылдан бері не өспейді, не өшпейді. Яғни, мал ауруы салдарынан өсімді қамтамасыз ету мүмкін емес. Түптеп келгенде, бір ғана Зайсанда емес, бүкіл қазақстандық ауылдың жағдайы осындай.

Егер ауыл шаруашылығында осындай күрделі жағдай одан ары сақтала берсе, қазақ, расында да, Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «екі сиырға» қарап қалады. Екі сиырдың төлі мал індетінің құрбаны болып, өсімді қамтамасыз ету мүмкін болмай қалады. Ал мұндай жағдайда ауыл адамы «екі сиыр» сатып алуға жұмсалған несиені қалай қайтарады?

Неге біз «қытай қатер» деп, көрші елдің экономикалық экспансиясынан зәредей қорқамыз да, олардың ауыл шаруашылығындағы экономикалық саясатын пайдаланбаймыз? Қытайдың ауыл шаруашылық кәсіпкерлік компаниялары кезінде тікелей комиссия құрып, Қазақстанмен шекаралас жатқан жердегі фермерлерге ешқандай кепілсіз-ақ – қанша көлемде жайылымдылық жері болса, сонша мал сатып алуға қаржылай көмек берген, несиенің үстемесін қайтаруға үш жыл жеңілдік берген. Ал егіншілік жері бар шаруаларға техника және тұқым берілген. Біз неге ауылды дамыту үшін осы тәжірибені қолданбаймыз?

Менің осы ойымды ауыл шаруашылық саласында еңбек етіп жүрген шаруалар қолдар деген ойдамын. Егер біздің мемлекеттен тікелей ауыл шаруашылығын қолдау комиссиясы құрылып, бөлінген қаржының пайдаланылуын бақылауға алатын болса, түпкі нәтиже оңды боларына сенімдімін.

Кезінде бүгінгі ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров парламент депутаты болғанда, аграрлық сала мамандарымен жиі кездесулер өткізіп, озық тәжірибені қолдану шеңберінде көптеген жұмыстар жүргізген еді. Қазір ол ауыл шаруашылық министрі ретінде менің осы ойымды қолдайды деп ойлаймын.

Әлібек МҰҚАШЕВ,

«Досхан-тур» ауыл шаруашылық серіктестігінің директоры

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн