Сықақ әңгіме
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
«Өй, опасыз дүние-ай!» деді Барбол, төсегінен төңкеріліп түсе жаздап оянып кетіп. Шошайып отырып, көзін тырнап аша жан-жағына жұмсап. Бөлме іші таңның елесіндей ала көлеңке. Әуелі іздеген Мүкісханы жоқ. «Әй, жаңа ғана… өй, ит сол… түсім екен ғой? Бәсе, ол мені ұмытқалы қай заман…».
Барбол шырт ұйқыдағы Шағиына қарап қойып, құсжастығын қопсытып алып, төсегімен қайтадан табысты, ұйқысын шақырды, бірақ онысы шошып оянған бұдан дереу безіп кетсе керек, белгі берер емес. «Көзімді жұмсам да, көрем сені» – Мүкісханы көлбеңдей берді. Әдетінше жымыңдап, көзі ойнап, қазақ тілінде бастап, орыс тілінде жалғап, бірдеңе деп сайрады, сұңқылдады. Не дегенін Барбол ұға алмады. «Әй, опасыз!» деп күбірлей тағы да бір өкініп, көрпесін қымтанды. Көрпесіне ілесе шұбырып ой да жетті. Барбол олардың «ең сүбелісін ұстап қалып», үнсіз сөйлей бастады:
«Мүкісхан екеуіміз кеңестік кезде осы маңайдағы төрт ауданның партия және совет атқару комитеттерінде он үш жыл қызметтес болдық. Ол менен сауаты артылмаса да, қалайда ұпайы артып, көбінесе бірінші орындарда жүрді. Тәуелсіздік келісімен екеуіміз теңесіп, аудан әкімдеріне айналдық. Алайда ол екі жылдан соң облыс әкімі болып, самғап кетті. Президенттен бата алудың айналма жолын да, тура жолын да тапқан-ау. Қабілетіңе сай өсудің орнына жол-тәсілмен өсетін заман басталды ғой.
Сонымен, Мүкісхан өзін жоғарыға шығарып салып тұрған дос-жолдастарының арасындағы маған иіліңкіреп: «Бареке, сен өсуге әзірлене бер, көп кешіктірмей аппаратыма қызметке шақыртып аламын. Ретіне қарай көрем ғой, орынбасарым болуың мүмкін» деді. Несін жасырайын, пенде емеспін бе, іштей қуанып, алдын ала рахметімді айттым. Сөйтіп, арада жып-жылмағай жиырма жыл жылжып өтіп, аудандағы мен зейнет жасына жетіп, орнымды жастарға босатып бердім. Ал облыстағы Мүкісхан кеше ғана тағайындалған сіп-свежий әкімше тайраңдап, сусылдап, сампылдап жүр.
Мүкісекеңнің ең бай облысқа ие бола кеткенін айтсаңшы! Жерінің бетінде: орманы қалың, көлдері терең, өзендері жүйрік, астығы мен шөбі, жеміс-жидегі нөпір. Жерінің астында: әлгі Менделеев деген оқымысты шал үкілеп атап кеткен металл қат-қабат, оған қоса газы бусанып, мұнайы тұнып жатыр. Соларды мүкісхандар, тілінің қышымасы барлар айтқандай, «прихватизациялап» алып, базарды қыздырды. «Мүкісхан және оның командасы». Командасыз командир жоқ, командирсіз команда жоқ дәуір басталды. Біреуге жұмбақ, біреуге аян. Мүкісхан сол жұмбақ пен аянды араластырып, жеке меншік команда құрып алды. Иә, кәдімгі жеке меншік! Ондағыларының көбін танимын. «Облыс басы» атанған Мүсіпханның ымынсыз аузын ашпайтын, құлағын түрмейтін, отырмайтын, жатпайтын, әй тіпті ұйықтамайтын да, жуынбайтын да «сабаздар».
Ноқай Бақаевы – аудандардың тамыршысы. Әкімдерінің қай тамыры қашан, қалай, қайтіп бүлкілдейтінін, лықситынын, білеуленетінін біліп, шұғыл шара қолданады. Біреуін басынан сипап, біреуін арқасынан қағып, біреуінің қолын бұрап, біреуінің башайын басып дегендей. Ондай «жақсылығын, кешірімділігін» ұққысы келмегендерге жұдырығын иіскетіп-иіскетіп қояды.
Тәмпіш Құлақовы – мұнайды шелектеп сатудың дипломсыз шебері. Иә, бөшкелеп сатады. Бағасын да «ауа райына» қарай алып-қосып отырады. Өзіміздің облыстармен, іргелес Ресейдің бірнеше губерниясымен саудасы күндіз-түні қызу. Сумен жүретін техникасы жоқтар алуға мәжбүр. Әу баста облыстық мәслихат ресми бекіткен жоспар уақытынан бұрын және асыра орындалады, белгіленген баға да ашыған қамырша қомпияды. Сөйтіп, олардан артығырақ түскен табыстың «тиын-тебені» Тәмпіштің уысында қала береді. Үш-төрт үйі, оншақты иномарка аутомәшіні бар. Жөн ғой. Бір шелек мұнайды өткізу үшін жарты шелек тер төгеді де!
Иван Кумовы – газдың қоймашысы.
Борис Трашпенкосы – шөп пен астықты қорғаушы.
Тобық Сармаевы – орман-тоғайды қорушы.
Моисей Мешоковичі мен Антон Симі – түсті металдың менеджерлері.
Солай да солай. Бәрінің кіріс-шығысы Мүкісханның есепшотында. Бәрі Мүкісханға «жарна» төлейді. Жариясыз ол құбылысты төменнен қағылған дабыл бойынша жоғарыдан екпіндеп жеткен комиссия сан тексеріп, санын соғып тынған. Жасаған актілерінің қайда қаңғып кететінін ит білсін – өзі тұрғай, ізі де қалмайды. Әрине, керек етпегендер қалдырмаған соң.
Мүсіпханның арық-семіз, ұзын-қысқа, ер-әйел, кәрі-жас кадрларының арасындағы қапысыз қолғанаты – облыстың бас полицейі Шоқпар Сілтебаев. Ол облыс орталығы – Ақұлтан қаласының, сондай-ақ аудан орталықтарының көшелеріне, мысалы, тұрғындарының бес-алтауы жиналып шығып, тұрмыстарының жыл санап ауырлап, құлдырап бара жатқанын, қымбатшылық қылғындыра бастағанын дауыстап айта бастаса, – всё, бітті! Шоқпардың шошымалы «шәкірттерінің» оншақтысы паровозға бергісіз ұзынқара мәшінмен жетіп барып, бассалып сүйрелеп, түйгіштеп тиеп алып кетеді. Дәнеңе дей алмайсың, – бізде жұртшылықтың алаңға, көшеге шығып ереуіл жасауына тыйым салынған қосымша заң бар.
Міне, осындай тырп еткізбейтін «тәртіп» болған соң, «бай – бай болады, кедей – қайыршы болады», «әркім өз күнін өзі көрсін» деген «ғұламалық» қағидаға мойнымызды ұсынып, уламай-шуламай жалтақтап, бұғып күнелтудеміз. Кейде мұның бәрін әдейілеп еске алмай, алақай арманымды ағылтамын: «Мүкісханнан қалыспай, ерегесе тақымдап, ұлдарым мен келіндерімнің, қыздарым мен күйеу балаларымның, інілерім мен қарындастарымның, құда-құдағи-құдашаларымның, нағашыларым мен жиендерімнің, «штатымнан тыс» қиғашқастарымның бәрін шылқа байытсам, олар азулары алты қарыс, құлаштары алты метр капиталистік елдердің астаналарынан тарихи ғимараттарды сатып алып, жеке меншік желкенді кемесімен жүзіп, күміс қанат самолетімен ұшып жүрсе ғой шіркін!» деймін…
Ай-хой арман!.. Қайтейін-ай, қайтейін!.. Мына маған – Барболға жеткізбейсің, Жоқболдың, тойыст, Мүкісханның маңайынан кетпейсің! Бұл өмір дегеніміз – кереғарлық екен ғой, кереғарлық!»…