Нағыз еңбек адамының маңыздылығын арттырудың, мәртебесі мен беделін көтерудің, оған деген құрмет пен сыйластықтың белгісі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы болды. Ел Президентінің: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады», – деген тұжырымы ел арасында үлкен қолдау тапқаны рас.
Қазіргі заманда кез келген мемлекеттің қарқынды дамуы, тұрақты экономикалық өсімі мен әлеуметтік әл-ауқаты еңбек адамдарымен тікелей байланысты. Ел игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген азаматтар – қоғамның шынайы қаһармандары. Сондықтан «еңбек адамы» ұғымы бүгінгі күннің өзекті және құрметке лайық тақырыптарының бірі болып саналады. Еңбек адамы – бұл тек өнеркәсіптер мен кәсіпорындарда, зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейтін жұмысшы ғана емес, бұл – кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын, өз ісіне адал кез келген маман. Мұғалім де, дәрігер де, кітапханашы да, инженер де, шаруашылық иесі де – барлығы қоғам дамуына өз еңбегімен үлес қосуда. Олардың барлығын ортақ қасиет біріктіреді – ол маңдай термен келген адал еңбек. Бұл қадамдар еңбек адамының қоғамдағы орнын нақтылап, оның болашақ ұрпаққа үлгі болуына мүмкіндік береді.
Осы ретте, дәл осы үдеден шығатын «Мәдениет қайраткері», «Кұрмет», «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері, «Өскемен қаласының құрметті азаматы», Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, кәсіби ұстазым Қабиба Мырзақанқызы Ақжігітова жайлы қалам тербегенді жөн көрдім.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мен жаңа ғасырдың жолайрығында, еліміз тәуелсіздік алған тұста Қ.М.Ақжігітова А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасын басқарып, өзін мықты көшбасшы, жігерлі, кеңінен ойлайтын басшы, жаңашыл және креативті тұлға, жастардың жанашыры ретінде көрсетті. Оның дәлелі, сол жылдары жаңа ғана оқу бітіріп, бұл салада тәжірибесі жоқ жастарды, атап айтсам, Ләззат Әскербекқызын, Шынара Батырханқызын, Гүлбаршын Тілегенқызын, Жанна Сакпанованы, Айгүл Дәркембаеваны, Марина Максимованы, Гузаль Дурдыеваны, Меруерт Кемешеваны, Зәуре Бықаеваны, Анар Байжуминаны және мені жұмысқа қабылдады. Басшымыз – сырт қараған адамға мінезі қатал көрінгенмен, жақын сөйлескенде ішіндегі сырын ақтарып сала беретін ақжүрек кісі. Қанаты қатпаған, бауырын жазбаған сары ауыз, ақүрпек балапандардай бізге қамқорлық танытып, кәсібіміздің қыр-сырын үйретті, білікті мамандарға айналдырды. Біздің өмірімізде әріптестен де жоғары, басшыдан да жоғары, кәсіби әрі рухани ұстазымызға айналды. Бүгінгі таңда шәкірттері еліміздің әр жерінде жүрсек те ұстазымыздың берген сабағы мен тәжірибесінен нәтиже шығара білген білікті мамандарға айналдық. Қазіргі таңда әр шәкірті – өз ісінің шебері, жастарға ұстаздарынан алған тәжірибесін үйретіп, адал еңбекпен табыс тауып, еліне қызмет етіп жүрген кәсіби мамандар.
Тоқырауға түскен тоқсаныншы жылдардан бастап Қабиба Мырзақанқызы шәкірттерімен қоса сынды әріптестерімен кітапхана саласын мүлдем жаңа деңгейге көтерді.

Өскеменде – Қазақстан кітапханалары алғаш рет – 1998 жылы Қабиба Мырзақанқызының бастамасымен Интернет желісіне қол жеткізілді, ол «Жазғы мектептер» халықаралық қорларының қолдауымен еліміздің барлық өңірлерінен кітапханашыларды жаңа технологияларға оқыту бойынша ұйымдастырылды. Қ.М.Ақжігітованың ұсынысымен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі еліміздегі алғашқы ауылдық кітапханаларды Интернетке қол жеткізумен компьютерлендіру бойынша жобаны қолдап қаржыландырды.
Қорларды, оқырмандарды, кітап беруді есепке алу бойынша жаңа RFID-технологияларды пайдалана отырып, кітапханаларды автоматтандыру жұмысы да Қ. М. Ақжігітованың басшылығымен елімізде жүзеге асты.
Жүргізілген кітапханалық қызмет көрсетуді автоматтандыру нәтижесінде облыс кітапханаларының халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту бойынша қызметі жандандырылды. Сондай-ақ, БҰҰДБ-мен Шығыс Қазақстан облысыда республикамызда алғашқы болып инновациялық серіктестік жобаны іске асыру мүмкін болды: ауыл кәсіпкерлеріне, мұғалімдер мен жастарға арналған Ақпарат және электрондық білім беру орталықтары 32 тірек ауылдық кітапханаларының жанынан құрылды. Шығыс Қазақстан кітапханашыларының бұл тәжірибесі республиканың тағы бірнеше облыстарында енгізілген.
Қазақстанның кітапхана ісінің тарихында алғаш рет 1999 жылы Қ.М. Ақжігітова бүгінгі күні Халықаралық қауымдастық мүшесі болып табылатын IFLA (www.ifla.org) кітапханашылар қауымдастығын құру туралы бастама көтерді. ШҚО қауымдастығының белсенді қызметінің арқасында Қазақстан делегациясының жыл сайынғы Халықаралық кітапханашылар кәсіби конференциясына қатысуы ұйымдастырылды. 2016 жылы АҚШ-тағы IFLA-ның 82-ші конференциясында Шығыс Қазақстан облысы қауымдастығының кітапханалық онлайн-орталықтар желісінің жұмысы туралы «IT-ОТАУ» жобасы әлемнің 130 елінен 205 жоба арасында үздік деп танылды.
Қ.М.Ақжігітова соңғы жылдардағы серпінді инновациялық жобаларының бірі «VR-киіз үй» — виртуалды шындық студиясы болып табылады. Онда Өскеменнің тарихи-мәдени объектілері бойынша өткен ғасырдың шынайылығына виртуалды қарау әсерімен 3D-визуалды экскурсиялар жасалады. Екі халықаралық қордың грантына ие болған «IT-arular mektebi» жобасы бойынша О. Бөкей атындағы кітапханада 12–17 жас аралығындағы қыздарды бағдарламалау, 3D-модельдеу және 3D-басып шығару негіздері бойынша оқыту жүргізіледі. Қабиба Мырзақанқызының тағы бір бірегей экологиялық жобасы «Борис Щербаковтың Жасыл үйі» деп аталады. Жасөспірімдер мен жастардың техникалық ғылымдарға және қазақстандық ғарыш тақырыбына қызығушылығын дамыту жайындағы Қ.М.Ақжігітованың идеясы «Ғарышқа жол кітапханада басталады» жобасында көрініс тапты.
Қабиба Мырзақанқызы – әр қызметкерінен ақпараттар тасқынында оқырманның іздегенін «шөп ішінен ине іздегендей» іздеп, нақты, дәл, көңілінен шығатындайын тауып, «соқырға таяқ ұстатқандай» орындайтын ақпарат іздеудің қас шеберін жасауға тырысатын басшы. Кез келген оқырман іздеген сұрағына тұщымды жауап алып, кітапханадан риза болып шығуды басты мақсат етіп қойды. Хабиба Мырзақанқызы Талғат Ешенұлының сөзімен айтсақ: «Жердегі жүрегі бар жалғыз үйге, яғни кітапханаға келген әр оқырман сұрақ белгісімен кіріп, леп белгісімен шығуын» қамтамасыз етті. Кітапханашының көзі қарақты оқырман үшін әр орындаған анықтамасы табыс пен сәттіліктің тарихына айналуын қадағалады. Мысалы, оқушылар ғылыми жоба қорғау үшін, пәндік олимпиадаларға дайындалу үшін кітапханаға келеді, оқиды, дайындалады. Ертең сол оқушы жеңімпаз атанады, Халықаралық сайыстарға, олимпиадаларға жолдама алады. Соның нәтижесінде еліміздің және әлемдік жоғары дәрежелі оқу орындарының гранттарын ұтып алады. Студенттер, магистрлар, докторанттар курстан курсқа көшу үшін, өздерінің білім деңгейін көтеру үшін, ғылыми дәрежелерін қорғау үшін кітапханаға бет бұрады. Мыңдаған кітаптарды ақтарады. Ал мамандар біліктілік деңгейін арттыратын аттестацияларына дайындалу үшін кітапхана табалдырығын аттайды. Өзі еңбек етіп жүрген саласы бойынша мәліметтер мен ақпараттарға қанығып, дәрежесін көтереді. Барлық оқырманның білімі, дәрежесі, санаты артқан сайын ол адамның табысы көбейеді. Ал табысы көбейген жанның өмірі жақсарады. Кәсіби ұстазымның «Кітапханашы мамандығы – адамдардың өмірін жақсартушы, табыстарын арттырушы мамандық» деген сөзі – менің кітапханашы ретіндегі мамандығымның бағдаршамы. Бүгінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасына жетекшілік ететін маған ұстазымның өнегесі, үлгісі, тәжірибесі әрқашан шамшырақша жарқырайды. Ұстазымызға барлық шәкірттерінің атынан еліміздің адал еңбекпен адал табысын тауып отырған адал азаматтары ретінде, адамдардың өмірін жақсартып, табысын арттыруға септігін тигізетін маман иелері ретінде кісілік кішілікпен алғысымды айтып, сондай-ақ, биылғы мерейтойымен құттықтап, денсаулық, сәттілік тілейміз.
Жанар Сабешқызы, кітапханашы,
Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі