Ақталмаған үміт – руб. потолка.

НАЗАРБАЕВ «кеткен» екі жылда НЕ ӨЗГЕРДІ?

  • Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кеткеніне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болғанына екі жыл толды. Осы аралықта елде қандай өзгерістер болды?
Президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге астанадағы Наурыз мерекесіне арналған жиын-тойда жүр. 21 наурыз 2019 жыл.
Наразылық шеруіне шыққан жастар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Түркістаннан Кентауға баратын жол бойында тұрған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар билборд. 17 ақпан 2021 жыл.

«Азаттық» тілшісі сөйлескен сарапшылар Назарбаевтың президенттіктен кеткеніне екі жыл болса да, елдегі саяси жағдайға араласып отыр деп санайды. Тарихшы, профессор Хангелді Әбжанов билік ауысқанда халықтың өзгеріс күтуі қалыпты жағдай, бірақ сол өзгеріс әлі болған жоқ дейді.

«Президент ауысқанымен, халық күткендегідей күрт өзгерістер бола қоймады. Халық билік бірінші кезекте жемқорлық пен көзбояушылықты тоқтатса деп армандайды, соны күтті. Бірақ Тоқаев қоғам өмірінде байқалатындай өзгеріс бастаған жоқ. Ол Конституцияда өзіне берілген құқықты толық пайдалану керек еді. Бірақ «кеттім» деген президент одан да биік креслоға ауысып алып, кедергі жасап отырған сияқты», – дейді ол. Тарихшының ойынша, Тоқаевтың билікте отырған екі жылы – тарихи кезең тұрғысынан алғанда көп те уақыт емес, бірақ өзгерістерді бастауға жеткілікті уақыт.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің пайымдауынша, Назарбаев «президенттіктен кеттім» дегенде, қоғамда біршама эйфория болған, бірақ ол эйфория Тоқаевтың Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы Конституцияға сай келмейтін жарлық шығарған кезде-ақ тоқтаған.

«Бастапқыда Назарбаевтың кеткені қазіргі саяси тоқыраған өмірге жан бітіретіндей көрінді. Көлеңкеде жүрген жаңа адамдар саяси сахнаға шығар деген үміт болған секілді. Жұрт жаңа саяси күштер пайда болуы мүмкін деп, биыл қаңтардағы парламент сайлауынан да үміт күтті. Бәрі алдамшы болып шықты. Қазақстанда ешқандай өзгеріс болмағаны Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы жайлы қарарынан көрінді», – дейді сарапшы.

Парламент сенатының бұрынғы депутаты, саясаткер Зәуреш Батталова – Назарбаев кеткенде айтарлықтай өзгеріс болады деп күтпегендердің бірі. Ол Назарбаев еркін сайлау өткізудің орнына өзі қалаған адамды тағайындап кетті деп санайды. Батталованың сөзінше, президент ауысқан екі жылда саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістер болмаған.

«Тоқаев өзіне бағынатын бірнеше агенттік құрып, іске кірісетін сыңай танытқанымен, оның әсері байқалған жоқ. Жаңа билік іске кірісерде экономикадағы қателіктерді анықтап, оларды кім жібергенін айтып, түзеу жолын жариялауы керек еді. Жаңа өзгерістерге бастайтын бағдарлама жасауы керек еді. Олай болмады. Саяси реформа деп дабырайтып айтқанымен, шын мәнінде көзбояу болып қалды. Мысалы, парламент сайлауының алдында «Саяси партиялар туралы» заңға «партиялар сайлауға ұсынатын кандидаттардың кем дегенде 30 пайызы жастар мен әйелдер болуы тиіс» деген өзгеріс енгізді. Иә, осыдан кейін партиялар әйелдер мен жастар кандидатураларын көбірек ұсынды. Ал нәтижесінде 30 пайыз меже орындалған жоқ. Өйткені ол заңның талабы тек үміткерлерге ғана еді. «Парламенттік оппозиция туралы» өзгерісті де билік өзіне ыңғайлап жасаған. Парламентте оппозициялық партия болуы тиіс дейді де, шын мәнінде оппозициялық партияларды тіркемейді, парламентке де өткізбейді», – дейді ол.

Тоқаев билік пен халық арасында диалог орнату үшін құрған Ұлттық кеңеске мүше болып, кейін шығып кеткен белсенді Жәнібек Қожық Назарбаев президенттіктен кетсе де, биліктен кеткен жоқ деп санайды. «Назарбаев президенттіктен кеткенде, халықта айтарлықтай үміт болған жоқ. Орнына Тоқаевты ұсынғанда-ақ бұрынғы жүйе жалғаса беретіні түсінікті болған еді. Назарбаев та солай деп үміттенген болар. Меніңше, екі жыл ішінде Тоқаев Назарбаевтың сол үмітін ақтаған сияқты. Оған өзгеріс жасауға мүмкіндік бермей отыр», – дейді ол.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған саяси жүйені сынап жүрген құқық қорғаушы, «Ар. Рух. Хақ» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина «жаңа саяси өзгерістерден әлі де үміттенеді».

«Жақында бір танысым Қазақстаннан неге кетіп қалмайсыз деді. Кететіндер – кетті, осы елде өмір сүргісі келетіндер өзгерісті қалайды. Совет кезеңінен қалған ауыр мұраға Назарбаевтың 30 жылдық жүйесі қосылды, оны емдеуге көп уақыт кетеді», – дейді ол. Төреғожинаның сөзінше, «өзгеріс халықтың өзіне де байланысты, халық мемлекет басқару ісін кімге тапсыратынын өзі шешетінін де түсінуі қажет».

Заңгер Руслан Түсіпбеков «президент ауысқанда, қарапайым халық өзгеріс күтті. Саяси өзгерістер жасалады, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарады деп үміттенді. Бірақ бұрынғы саясаттан өзгерген ештеңе байқалған жоқ» деп санайды.

«Бір кездері мен де «Нұр Отанның» орталық аппаратында істегенмін. Біздің жұмысымыз биліктің саясатына халықты иландыру болатын. Ал шын мәнінде қандай өзгеріс болғаны Еуропарламенттің жақында берген бағасынан анық көрінді. Қазақстанда ештеңе өзгермегені бізге ғана емес, шетелге де түсінікті болды», – дейді ол.

Асылхан МАМАШҰЛЫ,

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн