«Общественная позиция»
(проект «DAT» №14 (331) от 07 апреля 2016 г.
ДАТ!
Апта басында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай партияны реформалау туралы мәлімдемесін жария етті. Ол мәлімдеме бүгінде әлеуметтік желілерде қызу талқылану үстінде: жақтас пікір де көп, қыңыр қарсылық та аз емес, тіпті керауыз кесірлік те жетерлік.
Бірақ бұл мәлімдеменің мойындауға тұрарлық ең басты маңызы – партияны өзгерту арқылы Қазақстанды өзгертуге де құлшыныс. Әрине, ол талаптың нәтижесі не боларын алдағы уақыт көрсетеді. Ал әзірге біз өзіндік «мен» мінезінен аттап өтіп, жалпыға ортақ болуы тиіс қоғамшыл қадамға бет алған азаматтың ой-пікірін білу мақсатымен «ДАТ!» айдары аясында біраз тілдескен едік.
– Жармахан мырза, ең алдымен мәселенің мәнінен бастайық: партияны реформалау қандай қажеттіліктен туды? Стратегиялық тұрғыда ЖСДП елдегі басқа партиялардан кенде қалды деуге бола ма?
– Ең алдымен айтайын: елдегі басқа партиялардың қандай екенін, олар кімнің қолшоқпары болып жүргенін жұртшылық жақсы біледі. Ол партиялар өз қатарында өзгеріс жасай ма, жоқ па – одан елге келіп-кетер пайда жоқ. Бастысы – осы партияларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған сірескен биліктік жүйе өзгеруі тиіс.
Ал біздің партияның ұстанған идеологиясы мен құндылықтары тұрғысынан пайымдар болсақ, онда алып бара жатқан өзгерістер бола қоймайды. Ол ұстанымдар өзіміз күнделікті насихаттап жүрген демократиялық қоғам, әлеуметтік негіздегі халықтық мемлекет құру. Яғни, мемлекет халық үшін, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, әл-ауқатын көтеру үшін қызмет қылуы тиіс. Ол мүддеге жету үшін халықтың алдында жауап беретін, соған қызмет ететін билік болуы керек.
– Ендеше саяси тұрғыдағы күн тәртібі бұрынғыдай қалса, партиялық реформа жасаудың қажеті қанша еді?
– Бұған «сайлау» деген аты бар соңғы сайқымазақ саяси науқан түрткі болды. Жалпы, арыға барсақ, мен партияны реформалау қажеттігі жөнінде екі-үш жылдан бері ойланып жүрген едім. Ең бастысы – біздің, мен шамалас азаматтардың саяси белсенді уақыты өтіп барады. Осыған дейін біз қолымыздан келген, мұршамыз бен мүмкіндігіміз жеткен жұмыстарды шама-шарқымызға сай жүргіздік. Оның жетістігі мен кем-кетігі ел-жұрттың көз алдында. Ендігі кезек – жастардікі.
Сондықтан партия ішінде реформа жүргізу туралы айтқанда, ең алдымен кадрлық және партиялық ұйымдастыру жұмыстарын жаңа жағдайға, жаңа талаптарға сай өзгерту қажеттігі туғанын мойындауымыз керек. Партиялық жұмысқа жаңа критерийлер, соны коммуникативтік тәсілдер, елдегі жалғыз оппозициялық партияға халықты жұмылдыруға әсер ететін әдістер қажет.
Ал бүгінде мұндай жаңа тетіктердің бәрі жастардың қолында. Оған соңғы сайлау тағы да көз жеткізді. Әлеуметтік желілер арқылы жүргізілген біздің үгіт-насихат жұмыстарымыз жаңа мүмкіндіктердің бетін ашты. Осы мүмкіндіктерді ұштай түсу, желінің жетегімен «ел ішіне бару», сол арқылы салауатты қоғамдық пікірге ұйтқы болу – тағы да жастардың қарымы арқылы жүзеге асатын шаруа.
Ал бәрінен де маңыздысы – біздің партияны елдегі протестік топтарды бір жұдырыққа жұмылдыратын шынайы және халық сенім арта алатын күшке айналдыру. Қазіргі қалыптасқан қасаң әрі халықтан алшақ кеткен биліктің саяси әрекетіне қарсы әлеуметтік топтарды біріктіретін басқа оппозициялық партия жоқ. Оған осы сайлау нәтижесінде тағы да көз жетті. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейресми сауалнамаларға зер салар болсақ, халықтың 40 пайызға жуығы сайлаудан да, сол сайлаудың сайқымазақ сценарийін жасаушы биліктен де, ең бастысы – жағдайды өзгертуге болады деген сенімнен де түңілген. Бұл дегеніңіз – орасан зор саяси катастрофа, адам айтқысыз рухани дағдарыс. Халықтың өзін-өзі басқаруға деген ерік-жігер белсенділігі быт-шыт болған жерден жарқын болашаққа деген ынта-ықыластың, сенімнің сынығын да таба алмайсыз!
Міне, ЖСДП осы қирандыны қалпына келтіретін, елде өзгеріс жасауға болады деген халықтың селкеу сенімін жұлқылап оятатын күшке айналса екен деймін. Менің басқадай «жеке есебім», әлдебір басылымдар жазып жүргендей, әлдекімнің жетегіне ерген ойым жоқ. Ендігі ой-мұратым – жаңа толқын жастардың қуат-қарымымен осы партияны халықтық күшке айналдыру.
Әлбетте, тағы басқа біреулер дәл осындай партия құрам, халықты топтастырушы күш жасаймын десе – оған да мархабат! Бұл тұрғыда ешкіммен таласым жоқ. Тек ол күш халықты алдарқатып, жалған жарылқаулармен арман-үмітін бөтен арнаға бұрып кетпесе болғаны.
– Ендеше тағы бір мәселенің басын бірден ашып алайық: партияны реформалау келесі электоралды науқанға – жаңа сайлауларға дайындықтың бастамасы деп айта аласыз ба?
– Партия қандай науқанға да дайын болуы тиіс! «Келесі сайлауға дейін демала тұрайық» деген тыншу, қасаң ой – саяси партия атаулыға жат құбылыс. Сайлау ғана емес, елдегі кез келген саяси оқиғалар мен күнделікті болып жататын аумалы-төкпелі жағдайларға партия әрдайым дайын болуы керек. Партия дайын болу үшін, сол саяси күреске ерік-жігерімен белсене кірісетін азаматтар дайын болуы керек.
Есіңізде болса, «Әділетті Қазақстан» қозғалысы кезеңінде және кейіннен «Азат»-ЖСДП кезінде үкіметте қызмет етуге дайын тұлғалардың балама министрлер кабинетін жасаған едік. Бүгінгі күнде де партия ішінде сондай балама үкімет мүшелігіне лайықты азаматтардың қатары дайын болуы тиіс. Бірақ біз «көлеңкедегі үкімет» деп аталатын мұндай кабинетті протесті азаматтық қоғам өкілдерімен санасып, солардың мүмкіндігін ескеріп жасауымыз керек. Үкіметтегі әр саланың білікті, білгір балама тұлғасын партия өз ішінен дайындай алатын деңгейге жетуі тиіс! Күні ертең саяси билікте әлдебір форс-мажорлық жағдай болса, «біздің адамымыз дайын емес, бірер жыл күтіңіздер» дейміз бе? Сондықтан азаматтық қоғаммен бірге ертеңгі күнге, өзгеріс болатын сәтке (ондай жағдайдың болатыны анық) дайын болуымыз керек. Сол өзгеріс кезінде қазақ халқы тағы ұтылып қалмай ма? Тағы да бір кландық топтың жетегінде кетпей ме? Осы сұрақтар төңірегінде азаматтық ой топтастыратын кез келді!
– Жармахан мырза, «кландық топтар» дегеннен шығады – саяси билік басында форс-мажорлық жағдай тууы ықтимал ғой: мәселен, бүгінгі ел президентінің денсаулығына байланысты биліктің ауысуы – транзиттік мерзімі күні бұрын тууы мүмкін. Мұндай жағдайда ЖСДП-ны елдегі саяси күш ретінде танып, оған арқа сүйеуші үшінші күштердің пайда болу жағдайын қалай бағалайсыз?
– Сіз айтып отырған «үшінші күштің» ой-арманы, мақсат-мұраты салауатты ма, ол халықтық мүддені мансұқ етпей ме – мәселе осында. Егер елмен тілектес топтар, ниеттес азаматтар ту көтеріп шықса, оған қарсылық қылудың реті жоқ. Бастысы – өзгерістерді өзге пиғылдағы кландық-олигархиялық күштер иемденіп кетпеуі тиіс.
Жалпы, соңғы кезде осы форс-мажорлық жағдайға қатысты мені ойландырған мәселе көп. Бүгінде әбден байып, халықтың есебінен қаржылық тұрғыда нығайып алған олигархтық-кландық топтар бір-бірімен қырқысып, тақ таласы үшін қырық жылдық қырғын басталып кетпесе игі деген қауіптің бар екені рас. Сонымен қатар ел басына форс-мажорлық күн туса, жемқорлықпен семірген шенеуніктердің басы бірігіп, бір-бірінің мүдделері қабысып, ортасынан бір адамды шығаруы да әбден мүмкін. Ондай жағдайға да партия дайын болуы тиіс! Егер биліктің транзитін «теріс» топтар иемденіп, бұрынғы қасаң тәртіп, авторитарлық саяси жүйе сақталып қалатын болса, онда өзгерістің ауылы алыстап, соңы немен аяқталарын бір құдай білсін!
Ал егер, өзіңіз айтқандай, бізге қосылуға ниеті болып, арқа сүйегісі келетін «үшінші күштер» болса, олар халықтың «отын отап, суын сулауға» дайын болуы қажет. Транзиттік кезеңде кім бас көтерсе де, қоятын талабымыз біреу-ақ болуы тиіс – тек қана таза сайлау өткізу. Сол таза сайлаудың нәтижесінде жеңіске жеткен саяси күш қана ел басқаруға қақылы. Сондықтан ЖСДП тек қана халықтық мұраға қызмет ететін, әлдебір кландық топтың сойылын соғатын саяси ұйымға айналмауы тиіс.
Бірақ, менің ойымша, жағдай міндетті түрде солай болады деп айтуға келмейді. Биліктің өз ішінде де оппозициялық ойдағы азаматтар бар. Олар өз халқының бұйдасын басқа біреулерге байлап бермейді деп ойлаймын. Ал әбден байып алған кейбір әкім-қаралар мен министрлер байлығын сақтап қалу үшін тезірек қызметінен кетуге бүгін де даяр отыр. Олар өз байлығын әлдеқашан сыртқа шығарып алған. Енді тыныш өмір сүргісі келеді, қуғынға түсіп, сотты болғаннан қауіптенеді.
– Айтпақшы, сіз осы соңғы сайлау барысында, наурыз айында біздің газетке берген сұхбатыңызда ЖСДП-ны жаңарту қажеттігі жөнінде айтқан едіңіз. Онда сіз партия парламентке өткен жағдайдың өзінде депутаттық мандаттан бас тартам, жолымды жастарға берем деген едіңіз.
Осы арада мен газет оқырмандарына тағы бір жағдайды жайып салғым келіп отыр. Есіңізде болса, өткен жылдың күзінде екеуара бір әңгімеде сіз «жастарға жол беру» уақыты туғанын, менен партияның басшылық құрылымына тартуға боларлық қандай белсенді, адал жігіттер барын сұраған едіңіз…
– Әрине, есімде! Сонда сөз болған жастардың бірнешеуі бүгінде партияның белсенді қатарында жүр…
– Дегенмен, соңғы кездері жекелеген БАҚ беттерінде ЖСДП-ны және сіздің жеке басыңызды сынау үрдісі осы партиялық реформаға әсер етті деп айтуға бола ма? Сол «жазғыштар» Жармаханды біз мәжбүр еттік деуі мүмкін ғой…
– Әлбетте, олай емес! Айтып кеткенімдей, партияны реформалау қажеттігі сол «сыншылардың» сөзінен әлдеқашан бұрын туған идея. Реформа жасау қажеттігі әлдекімнің түртпегі емес – объективті жағдайдың көрінісі. Халықтың ішінде өзгеріс қажеттігін аңсаған оймен біздің партиялық ұстанымымыз сәйкес келеді, мәселе – осында.
Расын айтсам, өзгеріс жасаудың мерзімін ұзартып алған сияқтымыз. Шынында, соңғы төрт-бес жылдан бері қолға алмақ болған мақсатымыздың пісіп-жетілген кезеңіне кеш те болса жеттік. Қағаз жүзінде хаттап-шоттап, баяғыда-ақ реформа жасадық деп, елдің алдында есеп беруге де болар еді. Бірақ онымен кімді алдаймыз? Біз әлдебір декоративті, қолдан жасалған саяси күш емеспіз: әсіресе осы сайлаудан кейін елдің бізге артып отырған сеніміне сай келу үшін, арнайы мәлімдеме жасап, қортынды шешімімізді жария еттік. Реформа жасау үшін адам керек, кадр қажеттілігі – күн тәртібіндегі басты мәселе. Партияға келетін адамды іріктеу, оларға жігер беру, мақсат-мұратымызға үндеу – алғы шарт. Сайып келгенде, партияны реформалау – Қазақстанды жаңартумен үндесетін үрдіс деп білем.
Ал депутаттыққа бармайтыным жөнінде 2012 жылы өткен сайлауда да айтқан едім. Осы жолы да партиялық тізімде болсам да, парламентке өткен жағдайда депутат болмайтынымды қайталадым. Шынымды айтсам, мен бұл биліктің біраз дәмін татқан адаммын: басқасын айтпағанда, депутат та, мәжілістің спикері де болдым. Енді тағы да депутат болу мәртебе ме? Бұл мені қызықтырмайтын мәселе. Саясатта жүру – депутат болумен ғана шектелмейді. Мені ендігі қызықтыратыны – елдегі елеулі саяси өзгеріс қана. Ол өзгерісті шал-шауқандар емес, жастар ғана жасай алады. Себебі ендігі өмір, болашақ тағдыр, елдің жарқын келешегі – солардың мұрасы.
– Ал бір басылымдар сіздің жеке басыңызға тиетін, намысты қорлайтын жарияланымдарға жол беріп жатыр. Менің ойымша, тіпті ғайбаттауға барған мұндай жобалардың ту сыртында арнайы тапсырыс берушілер тұрған сияқты. Ол тапсырысшы билік емес, «есеп айырысуды» көздеген жекелеген мүдделі адамдар болуы да мүмкін. Әйтпесе елдегі жалғыз демократиялық оппозиция ұстанымындағы партияда құты қалғандай өршеленудің, «жеке басқа» барудың қандай қажеттілігі болуы мүмкін? Сіз бұл өрескелдікті сотқа беруге қалай қарайсыз?
– Саясат дегеннің өзі – қиын шаруа екенін басынан кешкен адам ғана түсінетін шығар. Саясатта жүрген адамның өз ұстанымы болады: ол біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Сондықтан да «позиция» немесе «оп-позиция» деген қарама-қайшылық жағдайда қарсыластар деген тараптың болуы заңдылық. Қарсы тараптың жігерін басуға, мұқатуға, намысына тиюге тырысады, «енді қайтер екен» деп, қарсы пікірлер айтылады, жазғырулар жазылады. Бұның бәрін қалыпты құбылыс санаймын. Сол себепті аты-жөні жоқ, түр-түсі белгісіз әлдебір виртуальды авторлармен бет жыртысар жөнім де, уақытым да жоқ. Ал өзіңді саясат сахнасына арнаған адам болсаң, әлдебір газетті сотқа беру, өзіңнің ақтығыңды дәлелдеу – саясаткер үшін қажет емес тірлік.
Біздің қарсыласымыз – бүгінгі авторитарлық билік жүйесі, ал биліктің диірменіне су құйып жүргендердің тірлігі – әдейі жасай ма, әлде біреудің тапсырмасын орындай ма, білместігі ме – ол жағы басқа мәселе. Саясат алаңына келген кезде осындай лас әрекеттерге тап болатынымды білдім, оған дайын болдым. Енді келіп, өзіңді ашық саясатқа арнаған соң, қайдағы бір бала-шағамен соттасып не табамын?! Қазақша айтқанда, «білген боғын» езе берсін…
– Бұныңыз да жөн екен. Расында, журналист ретінде мен де аңдап жүрмін: сіз бұған дейін өз атыңызға БАҚ арқылы айтылған бірде-бір ғайбат сөзге жауап берген жоқсыз. Өршеленген әлдекіммен бет жыртысу, есермен ерегісу, шәуілдекке жауап қату – азаматқа жат қылық. Мен ешкімді бетіне мақтаған адам емеспін: бірақ осы байыпты ұстанымыңызға тәнтімін.
– Рахмет! Бірақ жыным келетін кездер болады (күлді)… Негізі, осындай сөздің бәрі мені «биліктің жобасы» дейтін делқұлы пікірден шығады. Егер мен билікпен ауыз жаласқан болсам, он жылдан бері ЖСДП неге парламентке өтпейді? Мен неге әлдекімдердің былжырағын естіп, «биліктің адамы» атанып жүруге төзе беруім керек? Әрі-беріден соң, менде де азаматтық намыс бар адаммын ғой – неге айтпаймын ол билікке: болдым, жетеді, мені «пайдаланғанды» қойыңдар деп?!
Бәрі бос былжырақ! Оның бос сөз екенін дәлелдеп, жан-дәрмен болу – менің табиғатыма жат қылық. Бықсықтың арасында жүргім келмейді. Жүргісі келетіндерге – мархабат! Жүрсін!
Кезіндегі партиялар мен қозғалыстардың арасына жік түсуін, олардың бір-бірінен ажырасуын менен көретіндер де бар. Жанұшыра ақталғым келмейді, бірақ бұл да негізсіз ғайбаттау! Біріккен партияларды билік мемлекеттік тіркеуге алмаса, оған мен қалай кінәлі болуым мүмкін?! Тіпті қарапайым логикаға сыймайтын қисын ғой: билік ойына келгенін істейді, ал оған Жармахан жазықты болуы керек!
Менің пайымым бойынша, сол кездегі партиялар «Әділетті Қазақстан» қозғалысының құрамында жүруі керек еді. Бірақ оның жұмысы қаңтарылып қалғанына менің ешқандай да қатысым жоқ. Сол қозғалыстың ішіндегі «ажырасулар» дұрыс болмады. «Әділетті Қазақстан» қозғалысының аясында әр партия өз ұстанымымен, бірақ принципті демократиялық көзқарас аясында бірге жүруі керек еді. Сонда арамызға жік түсіп, партиялық эгоизм пайда болмас еді.
Сонымен бірге мені Назарбаевпен жолықты деп жазғыратындар бар. Иә, оппозицияға кеткеннен кейін, 2006 жылы ЖСДП құрылатын кезде президент Назарбаевпен бірінші рет кездестім…
– Есімде. Мен «ДАТ»-тың атынан сізге жолығып, Назарбаевқа не үшін бардыңыз деп, қысқаша сұхбат алғаным бар…
– Иә, мен сонда Назарбаевқа не үшін бардым? Партияны тіркету қажет болды. Ал президенттің ишарасы болмаса, партияны тіркету мүмкін еместігі қазіргі Қазақстанның ақиқаты екенін кім жоққа шығара алады?! Өкінішке орай, азаматтардың еркін ерік-жігері елде қалыптасқан осындай саяси жағдайға тіреліп тұрғанына Тұяқбай кінәлі ме?
Кездесу кезінде партия құрғалы жатқанымды, оған кедергі жасамауды ашық айттым. Президент кедергі болмайтынын, тек өзін қатты сынамауды сұрады. Сол кезде президенттің сол өтінішіне де көнуге тура келді. Себебі «жоқ, мен сізді быт-шыт қып сынаймын» десем, партия тіркеуге алынуы мүмкін бе еді? Саясат деген сиқыр – мәміле іздеудің, өзіңе қас емес, дос табудың құралы. Сондықтан президенттің ол уәжіне құлақ аспайтындай, елде басқа мүмкіндік бар ма еді? Бар болса, білек сыбанып жүргендер неге бас-басына партия құрып алмайды? Көрші қырғыз елінде қырық шақты партия бар ғой – бізде неге олай емес?
Ең бастысы – елдегі заң атаулыны бір ғана адам уысында ұстап тұрған қатаң саяси жағдайда партияны тіркетіп алудың өзі де бір үлкен жеңісіміз деп білемін. Партияны тіркету жөнінде билікпен өзара келісім жасалғаны жөніндегі жағдайды елдің бәрі білді, оны кезінде мені сынап, Ермұрат мырза, өзіңіз де жаздыңыз.
Біреуді бас-көзсіз сынау алдында осындай объективті саяси жағдайлар назарға алынуы керек қой. Жоқ, біздегі «жазғыштар» бәрін құртқан Тұяқбай деп, өрекпуден аса алмайды. Оларға шынайы құртқан адамнан гөрі қолында ешқандай билігі, жағдайға ықпал ету тетігін сымбылсыз қалдырған мені сынау оңай болып тұр. Сондықтан сол «сыншыларға» акцентті ауыстырып алмаңыздар деп айтудан басқа тілегім жоқ.
Иә, елде мызғымас авторитарлық билік тұрған кезде күрес тактикасын өзгертіп, «конструктивті оппозиция» әдісіне көшуге мәжбүр болдық. Азаматтарды ашық наразылыққа шақырудан нәтиже болмағандықтан, саяси ағартушылық бағытқа қарай бет бұрғанымызды сіз де, жұртшылық та біледі.
– Рас айтасыз, оппозиция шақырған митингілерге жиналған жұрттың қарасы қырғыз ағайындардың күлкісін келтіргеніне куә болғаным бар. Сол митингіге өздері де келмейтін, желіде ғана жінігетін қазаққа сөз өтпегені рас. Бәлкім, халықтың «жанды жері» әзірге қатты ауыра қоймаған шығар… Ал енді ше, сол «конструктивті» тактика өзгере ме?
– Тактика тұрғысынан айтқанда, біріншіден, партияны құруға бастама көтерген, оны құрған, бар ауыртпалығын осы күнге дейін арқалап келген, мақтанды демессіз – менмін! Маған осындай партия құрайық деп, кеңес беріп келген ешкім жоқ.
Яғни, партия көсемдік типпен құрылғанын мойындауымыз керек. Мұны мақтаныш ретінде емес, нақты жағдай солай болғаннан айтып отырмын. Біздің елде әзірге Еуропадағыдай саяси өркениетке жететіндей тәжірибе қалыптасқан жоқ. Төменгі бастауыш ұйымнан құрылып, республикалық деңгейге көтерілген бірден-бір партия болса, ол – ЖСДП.
Ал енді партияны жасақтау барысында оны аяғынан тұрғызу кезінде еңбек сіңірген азаматтар көп. Биыл партияның 10 жылдық мерейтойы кезінде ол азаматтардың барлығы аталады, рахмет күтіп жүргендер болса – айтылады.
Тағы да тактика тұрғысында айтар болсам, партияны осы уақытқа дейін аман сақтап, бүгінгі күнге алып келген – тағы да өзім. Бұл да сол уақытта ұстану қажет болған тактикадан туған әрекет болды..
Уақыт өтіп келе жатыр, қазір біздің барлық аймақтарда тәжірибелі ұйымдарымыз жеткілікті. Партияны саяси басқару, партиялық жұмысты ұйымдастыру, оның жұмысын жүргізу тактикасында енді көсемдік типтен –демократиялық-алқалық түрге өтетін кез келді. Осы күнге дейін партия жарғысындағы «Нұр Отан» сияқты жеке-дара төрағалық мәртебені, облыстық бөлімшелердегі жетекшілердің зор өкілеттілігін өзгертуіміз керек. Осындай мәселені алқалы кеңес арқылы, өркениетті елдердегі сияқты «праймерис» өткізу нәтижесінде шешіп, ортақ мәмілеге келетін басқару жүйесін құруымыз керек деп ойлаймын.
Екіншіден, партияның атын қойып, айдарын тақсақ деген мақсатымыз бар, партияны алғаш құрған кезде дұрыс ат таппаған соң, жалпы атауын қалдырған едік. Әсіресе ел ішінде партияның атауы болмағаны оның танымалдығына әсер ететіні анық. Ол да алдағы уақытта өз шешімін табады.
Партияны басқарудағы ұйым басшысының, алқа кеңесі мүшелерінің өкілетті мерзімі нақты көрсетілуі керек. Өзіміз ел президенті ауыспайды деп сынаймыз: сондықтан партия төрағасы екі мерзімнен артық уақыт ұйымды басқара алмайды деп, Жарғыда бекітілгені дұрыс. Оның өкілетті мерзімі 3-4 жылдан аспауы мүмкін. Одан кейін саяси органнан басқа, күнделікті жұмыспен айналысатын дербес атқарушы органның болуы да мүмкін. Күнделікті жұмыс жүргізу тәртібін де реттеу қажет. Партия мүшесінің жарнасын жинау, партияның ішкі, қаржылық, кадрлық, ұйымдастыру, тағы басқа да жұмыстарды жүргізу тиімділігін жетілдіру мәселесі де бар. Осындай көптеген мәселелер бойынша жан-жақты кеңесіп, өзгерістер енгізсек деген ойымыз бар, оның алғы шарттары жасалып жатыр.
– Айтпақшы, осы мәлімдемеде партияның басқару құрамын жасарту мәселесі баса айтылған екен… Жасыратыны жоқ, қазақтық менталитет салдарынан «кәрі гвардия» тарапынан қарсылықтар болады деп ойламайсыз ба?
– …(Күлді) «Кәрі гвардияның» бірі – менмін. Бірақ біздің уақыттың өтіп бара жатқаны – табиғи объективтік процесс екенін мойындауымыз керек. Оның үстіне «креслоға жабысып» қалатындай, партияда лауазымды қызмет те, жоғары жалақы да жоқ. Ал атақ-даңқ қажет болса, оны партиялық мансаппен емес, жігерлі жұмыспен дәлелдеу керек болады. Әлбетте, ешкімді «жасың толды» деп, партиядан «зейнеткерлікке» шығарудың қажеті жоқ. Бірақ бұдан былай партия саясатын жүргізетін, оның жұмысын алып жүретін негізінен жастар болуы керек деп санаймын.
– Дегенмен де, сол жастардың жас мөлшері қалай болады?
– Ол да салыстырмалы дүние ғой. «Отызында орда бұзар…» дегендей, алпысында да күш-қуаты мұқалмаған азаматтар бар. Жасы болсын, қарты болсын, жас мөлшерін шектейтіндей талап қойып отырған жоқпыз. Дегенмен, табиғаттың демалатын кезеңін де ескеруіміз керек. Партия басшылығын міндетті түрде бала-шағаның қолына ұстата салу керек деген де мақсатымыз жоқ. Бәрі де «праймерис» нәтижесінде анықталып, демократиялық қағидалар қалпында шешілуі тиіс. Алғыр, келешегінен үміт күттіретін жастардың жолы қашан да ашық. Мәселен, маған жиырма жылдан кейін сізді келешек күтіп тұр деп айта аласыз ба? (Күлді) Сол сияқты әр жастың өз мүмкіндігі, сарқылу шегі болады…
– Партия төрағасы екі мерзімнен артық уақыт отырмауы керек дейсіз: сонда сіз өз төрағалық мерзіміңізді жаңа Жарғыдан соң енді бастайсыз ба, жоқ әлде бұрынғы отырған уақытпен шектелесіз бе?
– Назарбаев мырза сияқты дейсіз ғой (күлді)? Қайталап айтайын, мойында-мойындама – біздің белсенді шағымыз өтіп барады. Маған салса, партияның идеологиясына берілген, келешегін қамтамасыз етуге шамасы келетін, ел таныған, күш-қарымы қуатты азамат бар шаруаны өз қолына алғаны дұрыс. Екіншіден, бір кезде елге танымал болған партиялар соңында атынан да, затынан да айырылып жатқанда, ЖСДП ондай тағдырды құшпасын деп уайымдаймын. Мені төрағалықта ұстап тұрған бір мәселе болса, ол – осы уайым ғана. Қазір осы орайда ақылдасу, кеңесу жүргізіліп жатыр. Тағы бір мәселені ашық айтайын – бұл кеңесулерді партия белсенділерімен ғана емес, азаматтық қоғам жетекшілерімен де өткізу үстіндемін.
– «Партияны тапсырып кету» дегеніңізде, есікті тарс жауып, «аш құлақтан – тыныш құлақ» деп кету ме, әлде «іштен шыққан шұбар жыланның» тағдырына қимастық сезімі ішті тырнай ма?
– «Тырнап» жатса, «келешек жастарда» деп, оны несіне дабыра қылам?! Осы уақытқа дейін партия басшылығында жүргенімнің өзі оның болашағына деген алаңдаушылық салдары. Әйтпесе басқа да атқарар тірлік те, шаруа да бастан асады, немерелер – өз алдына бөлек әңгіме. Меркантильді мәнде айтар болсам, партия – жеке басыма проблема тудырғаннан, әлдекімдердің әдепсіз сөзіне қалдырғаннан басқа мәртебе әкелген жоқ. Сондықтан «шұбар жыланға» алаңдайтыным анық. Көңілді жұбатар, орынды басар азамат табылса – мен дайынмын!
– «Басқа тірлік көп» дегенде, мемуар, кітап жазатын ниетіңіз жоқ па? Қазақ елінің тәуелсіздігіне дейін де, тәуелсіздік алғаннан соң да жоғарғы биліктегі лауазымды қызметтер атқардыңыз, көрген-білген, көңілге түйгендеріңіз де көп дегендей…
– Мен өте жастай өстім. Институт бітірген соң, үш жылдан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында тергеу ісін басқардым. Он жылдың ішінде республика прокурорының орынбасары болдым. Соның бәрінде мені «артымнан тіреп тұрған» ешкім болмады: қарапайым колхозшының қара баласы едім. Қазақ айтпақшы, басыма қонған бақ па, жоқ әлде сүйкімім болды ма – әйтеуір билік сатыларымен тез өстім. Өз күшіммен, бұйырған біліміммен жеттім. Соған орай жазам десем, қағазға түсетін көп дүние бар. Біреу білер, біреу білмес, КСТО прокуратурасының коллегия мүшесі де болдым, ол – кеңесті дәуірдегі үлкен лауазым еді. Әлемдік өлшемдегі тұлғалармен кездестім: Фидель Кастродан бастап, Клинтон, Бушпен, Шредермен… кездестім.
– Осының өзі де бірнеше кітапқа жүк болатын мемуар ғой…
– Соның керегі бар ма өзі? Мен сондай едім, мұндай болдым деп бөсетіндер сияқты мақтаныш үшін жазу керек пе?
– Тұлғалық тұрпатты көрсету үшін, өмір жолыңды келер ұрпаққа жеткізудің әбестігі болмас, Жәке. Амал қанша, уақытым болса, ерінбей-ақ сіздің айтуыңызбен ол мемуарды мен-ақ жазып шығар едім… Ал жазу-жазбау – өз қалауыңыз. Қалай болғанда да, аман болыңыз! Сұхбатыңызға ризашылық білдірем!
Ермұрат БАПИ