Айман Тұрсынқан: Қазақстанға техникалық ДЕФОЛТ ҚАТЕРІ ТӨНДІ

Премьер-министр Асқар Маминнің «Қазақстан тұрақты даму жолына түсті» деген мәлімдемесімен басталған 2020 жыл үкіметтің Азия даму банкінен 2 миллиард доллар көлемінде кезекті сыртқы қарыз алуымен аяқталды. Осы орайда «Еximar Foresight» агенттігінің директоры, тәуелсіз экономист-қаржыгер Айман Тұрсынқанның экономикалық жылдың қорытындысы жөнінде «Азаттыққа» берген сұхбатын газет оқырмандары үшін төменде қаз-қалпында жариялап отырмыз

– Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайды қалай сипаттар едіңіз?

– Мемлекеттік бюджет үшін бірінші рет техникалық дефолтқа ұшырау қаупі туды. Мемлекеттік бюджет дегенде өңірлік, республикалық (мемлекеттік) бюджет пен Ұлттық қордағы қаржыны меңзеп отырмын.

Мұндай қорытынды жасауға не себеп болды?

– Қазақстанның мемлекеттік бюджет тапшылығын жабу үшін сырттан қарыз алуын басты көрсеткіш деп атауға болады (21 желтоқсанда Қазақстан президенті Азия даму банкі мен Азияның инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 1,5 миллиард еуродан көп 1,5 миллиард еуро қарыз алу туралы заңдарға қол қойды – Ред.). Бұрын Қазақстанда мұндай жағдай болмаған. Бұл отыз жылда бірінші рет тіркеліп отыр.

Бұрын мемлекет сыртқы қарызды арнайы даму бағдарламалары аясында халықаралық көлік магистралін салу немесе халықты сумен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық жобаларға алатын. Әдетте мұндай мақсатта алынған қарыздың коммерциялық құрамы нақты көрсетіледі: уақыт өте келе жоба өзін ақтап, қарыз осы қызмет есебінен қайтарылады. Ал сыртқы қарыз республикалық бюджет тапшылығын жабу үшін алынса, оны қайтарудың жалғыз жолы – халық пен экономикадан жиналған салық. Мұнда басқа қаржы көздері жоқ, өйткені бұл – коммерциялық қарыз емес.

Азия даму банкінен алынған 1,5 милиард еуро көлеміндегі сыртқы қарыз мемлекеттік бюджет тапшылығын жабуға жұмсалады. Бұл – үлкен қауіп, өйткені елдің несие төлеу қабілетінің рейтингі «С», одан әрі «D» деңгейіне дейін түсіп кетуі мүмкін. Аталған деңгейлер дефолт алдындағы жағдайды білдіреді.

– Ұлттық экономика министрлігінің статистикасына сенсек, бюджет тапшылығы сіз айтқандай күрделі мәселе емес сияқты көрінеді. Қараша айындағы деректерге сәйкес, республикалық бюджет тапшылығы 2,2 триллион теңге болған. Ұлттық экономика министрлігі бюджет тапшылығының болжанған деңгейден аспағанын айтады.

– Бұл өтірік! Неге? Өйткені 2020 жылы жазда жарияланған республикалық бюджетте тапшылық көлемі 65 пайыз шамасында болады деп болжанған. Енді осы деректерді абсолют сандарда қарастырып көрейік: былтыр бекітілген, 2021 жылға арналған заң бойынша, мемлекеттік бюджет шығыны 14,5 триллион теңгеден аспауы керек. Ұлттық қордан түсетін қаржыны есепке алмағанда, бюджеттің кіріс бөлігі, яғни экономика мен бизнестен жиналатын шикізат салығы 11 триллион теңге көлемінде болады деп жоспарланған. Бірақ іс жүзінде қазір осы салықтың көлемі 9 триллион теңгеге де жетпейді. Яғни, 3 триллион теңге жиналған жоқ. Бұл – бір.

Екіншіден, тіпті 11 триллион теңге жинаған күннің өзінде, бізде 2,8 триллион теңге көлеміндегі жоспарлы бюджет тапшылығы қарастырылған. Бұл тапшылықтың орнын зейнетақы активтерін тарту есебінен толтыру көзделген. Бізде 2007 жылдан бері үкімет дәстүрлі түрде мемлекеттік құнды қағаздар шығару арқылы халықтың қаржысын пайдаланып келеді. Яғни, бұл – мемлекеттің халық алдындағы ішкі қарызы. Қазір республикалық бюджеттің зейнетақы қоры алдындағы қарызы халықтың бүкіл активінің 65 пайызына тең. Бұл өте көп.

Оған қоса, былтырғы заң бойынша, Ұлттық қордың түзету енгізілген трансферті 2,6 триллион теңге болуы тиіс еді. Бірақ кейін бұл соманы алты триллион теңгеге дейін арттырды. Шикізаттық емес салықтардан жиналмаған 3 триллион теңге көлеміндегі салық тапшылығын осылай жабуға тырысты. Бірақ бұл ақша жетпеді. Сондықтан [Азия даму банкінен] 1,5 миллиард доллар қарыз алды. Кассалық айырмашылық ауқымы қауіпті деңгейге жетіп үлгерді.

Биліктің дерегінше, мемлекет 1,2 миллион адамға тұрақты әлеуметтік жәрдем беріп отыр. «Тұрақты әлеуметтік қамсыздандыру» деген не? Бұл – табысы жан басына, яғни отбасы мүшелеріне шаққанда, күнкөріс шегінен аспайтын азаматтар. Олар 630 мың адам ұзақ уақыттан бері мемлекеттің тұрақты жәрдеміне күнелтіп келе жатқанын айтады. Бұл – кедейлік емес, тақыр жоқшылық.

Мұнайдан тыс бюджет тапшылығы дегеніміз не? Бұл – мұнай өндіруден басқа салалардан түсетін салық көлемінің шығыннан аз болуы. Сондықтан жоғарыда аталған 65 пайыз – қорқынышты нышан, өйткені былтыр бұл көрсеткіш 38 пайыз болған. Яғни, бізде республикалық бюджет тапшылығы екі есеге өскен.

– Ұлттық экономика министрлігі биылғы 11 айда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,8 пайызға азайғанын хабарлады. Қатаң карантин шаралары кезінде экономика 3 пайызға қысқарған. Ұлттық экономика министрлігі соңғы деректер «жағдайдың қалпына келе бастағанын көрсетеді» деп есептейді.

– Былтыр жалпы ішкі өнім көлемі өндіріс әдісімен есептегенде 68 миллиард доллар болды. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, биыл теңге түрінде алғанда елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) былтырғымен салыстырғанда 2,8 пайызға төмендеген.

Бірақ осы тұста доллардың жылдық орташа бағамына назар аударайық. Былтыр – 365 теңге, биыл соңғы тұрақталған дәліз 422 теңге болды. Осы жерден кемі 15 пайыздық «жылжымалы» девальвация болғанын көріп отырмыз. Девальвацияға ресми мойындалған, экономиканың теңге түрінде алғанда 2,8 пайызға қысқаруын қоссақ, 17,8 пайыз шығады. Қазір мемлекет жасырып отырған экономиканың қысқаруы туралы шынайы бағалау процесі доллар түрінде жүруі керек.

Шын мәнінде, экономика ресми деректен әлдеқайда көп деңгейде қысқарды деп ойлаймын. Өйткені Ұлттық қордың өзінде кассалық айырмашылық қаупі туды. Жыл бойы Ұлттық қорға тыныштық бермеді. Қорға жеткілікті салық жиналмағаны былай тұрсын, ондағы қаржының бір бөлігін мұнай өндірушілердің салығы ретінде кері қайтаруға тура келген кездер де болды. Нәтижесінде олар бірінші жартыжылдықтың өзінде [қордағы] жаратуға болмайтын 30 пайыздық межеге жақындап қалды. Осының бәрі елге ішкі міндеттемелері бойынша техникалық дефолтқа ұшырау қаупі төнгенін дәлелдейді. Сыртқы қарыз алу туралы шешім де ішкі төлемдер мәселесін шешу үшін қабылданды.

Бірақ бізде экономикалық дағдарыстың алдағы бірнеше жылында бюджетке түсетін салық көлемінің өсуі күтілмейді. Яғни, мемлекеттік бюджетке қосымша қаржы түспейді. Бірақ үкімет әдеттегідей шығынды қысқартудың орнына тағы да қарыз алады.

Бұл сөзсіз екі сценарийдің біріне әкеліп соғады. Біріншісі: бізді Халықаралық валюта қорының нұсқауымен халыққа қарсы сипаттағы реформалар жүргізуге мәжбүрлейді. Әлеуметтік төлемдер мен базалық зейнетақы көлемі азайып, денсаулық сақтау және білім жүйесіне бөлінетін қаржы қысқарады; салық мөлшері өсіп, міндетті төлемдерді жинау өте қатаң формада жүреді.

Екінші сценарий: мемлекет қарыз алуды жалғастыра береді. Бұл 2021 жылы Қазақстанды жалпымемлекеттік дефолтқа ұшырау қаупіне әкеліп соғады. Ал мұның тәуелсіздікті жоғалту, мемлекет қарызын қайтармайынша, сырттағы биліктің ықпалына түсу сияқты саяси кері салдарлары болуы мүмкін.

– Статистика комитеті 2020 жылдың үшінші тоқсанында табысы күнкөріс шегінен (кедейлік деңгейі) төмен халықтың үлесі 5,7 пайызды құрағанын, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайыздық пунктке жоғары екенін хабарлады. Осы ресми деректерге сенесіз бе?

– Мүлде сенбеймін! Өйткені Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 4,6 миллион адамға 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік төлем (коронавирус пандемиясына байланысты табысынан айырылған адамдарға берілген жәрдемақы – Ред.) берілген. Еңбекке қабілетті жастағы 11 миллион азаматтың 4,6 миллионы халықтың 42 пайызын құрайды. Демек, халықтың 42 пайызы табысынан айырылып, мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр болған. Біз мұнда не туралы айтып отырмыз? 42 500 теңге туралы! Бұл ақша бір адамның бір ай өмір сүруіне арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі саналады. Ұлттық экономика министрлігі өз-өзін ұстап беріп отыр.

Олар «бізде 5,7 пайыз кедей тіркелген, ал мемлекет халықтың 42 пайызына көмектесті» деп айтады. Бұл ақымақтық болып көрінеді. Биліктің дерегінше, мемлекет 1,2 миллион адамға тұрақты әлеуметтік жәрдем беріп отыр. «Тұрақты әлеуметтік қамсыздандыру» деген не? Бұл – табысы жан басына, яғни отбасы мүшелеріне шаққанда, күнкөріс шегінен аспайтын азаматтар. Олар 630 мың адам ұзақ уақыттан бері мемлекеттің тұрақты жәрдеміне күнелтіп келе жатқанын айтады. Бұл – кедейлік емес, тақыр жоқшылық.

42 пайыз деген дерек елдегі кедейлік деңгейін ашып көрсетеді. Статистика бойынша, жұмыс істейтін әр адам жұмыссыз отырған екі адамды асырайтынын білеміз. Демек, Қазақстан халқының 70 пайызынан көбі кедейлік шегінен төмен тұрмыс кешіп жатыр.

Мемлекеттік көмек толық көлемде көрсетілген жоқ. Жәрдемақы бірінші айда ғана толық төленді. Екінші айда жартылай берілді. Үшінші айда халықтың қолына болмашы тиын-тебен ғана тиді. Тамыздың соңында Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдерінде коронавирус пандемиясынан кейін туатын мәселелер мен кедейлік тақырыбында арнаулы брифинг өткізіп, өз есебін таныстырды. Дүниежүзілік банктің статистикасына сәйкес, Қазақстан халқының 13 пайызы кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Ресми статистика мен шынайы дерек арасында осындай алшақтық бар.

– Дүниежүзілік банк пандемияның алдында Қазақстанда девальвация мен ұлттық валютаны еркін айналымға жібергеннен кейін кедейлікті еңсеру қарқыны бәсеңдеп қалғанын айтқан. Алдағы уақытта елдегі жағдай қалай өзгеруі мүмкін?

– Жағдай одан әрі нашарлайды. Бюджет тапшылығын жабу үшін сырттан алынған қарыз кассалық айырмашылықтың орнын толтыруға жетпейді деп ойлаймын.

Бізде пандемия салдары байқалатын екі мерзім болады. Біріншісі жедел өтеді: шағын және орта бизнес біраз уақыт жұмысы тоқтағаннан уақытша табысынан, жалдамалы жұмысшыларынан айырылады. Екінші салдары кейін байқалады. Яғни, қазіргі міндеттемелер, мысалы, несие қарызы белгілі бір уақытқа кейінге шегеріледі. Қазір халықтың табысы бұрынғыдан азайды, оның 60 пайыздан көбін азық-түлікке жұмсайды. Мұндай жағдайда халық қарызды қай ақшадан төлейді? Олардың табысы коммуналдық төлемдердің өзіне жетпейді. Кедейліктің ушығуының салдары алдағы уақытта адамдарды тағы да қарыз алуға итермелейтін болады.

– Қыркүйекте «Азаттыққа» берген сұхбатыңызда «Қазақстанда шағын және орта бизнес өлген» деп едіңіз. Бірақ Ұлттық экономика министрлігі «Азаттықтың» хатына жіберген жауабында «елде 1,3 миллионнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұрғанын» айтқан. Олар бұл көрсеткіштің былтырғы жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға артқанын да атап өткен. Мұны қалай түсіндіруге болады?

– Олар үнемі статистиканы өзіне ыңғайлы етіп бұрмалайды. Олар шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 миллион дейді. Бірақ шын мәнінде бізде небәрі 250 мың заңды тұлға бар. Олардың 90 пайызы – шағын және орта кәсіпорындар. Яғни, 220 мың заңды тұлға елде шағын және орта бизнес субъектісі ретінде тіркелген. Қалғаны – жеке кәсіпкер патентін тіркеткен тұлғалар. Олардың көбі жеке кәсіпкер емес. Олар – кезінде жеке кәсіпкер патентін тіркетуге мәжбүр болған өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар. Жұмыс берушілер жалақы төлеу саласындағы салықтан қашу үшін оларды осылай тіркелуге мәжбүрлейді. Бүкіл бизнес осылай істейді.

Демек, бір жарым миллион кәсіпкердің 10 пайызы ғана жұмыс беруші болып саналады. 90 пайызы – не жалдамалы жұмысшы, не өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам. Сондықтан жеке кәсіпкер саны «көбейді» деген ақпарат кәсіпорындардың штаттан тыс қызметкерлері артқанын ғана білдіреді. Яғни, штатта істейтін қызметкерлерді жұмыстан босатқан. Бұл да жұмыссыздықтың көбеюіне әсер ететін жанама көрсеткіштердің бірі.

Мемлекет бизнесті қолдау үшін шектеулі қаржы ғана бөледі. Мысалы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1,8 миллиард теңге бөлінеді. Кешіріңіз, бірақ бұл ақша он жобаға ғана жетеді! Нарықта жұмыс орнын ұсынып отырған қалған 250 мың кәсіпорын ше? Демек, ешкім қарызға ақша алмайды. Амалдап күн көруге тура келеді.

«Азаттық» жыл бойы сұхбат жүргізген сарапшылардың көбі – дәрігерлер, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар мен басқалар «коронавирус Қазақстанның созылмалы кілтипан мәселелерін ашып көрсетті» деген пікір айтты. Бұл дағдарыс Қазақстан экономикасындағы қандай кемшіліктердің бетін ашты?

– Шынымен, пандемиядан кейін куә болған жағдайлардың бәрі Қазақстанда тұтас өндіріс тоқтаған 1998 жылдан бері байқала бастаған. Бізде шаруашылықтың үлкен бір саласы, ел экономикасының 26 пайызын қамтамасыз етіп келген агроөнеркәсіп кешені толықтай жойылды. Еңбек нарығындағы жұмыс орындарының 60 пайызынан көбін осы сала қамтамасыз ететін. Біз өндірісті, жеңіл өнеркәсіпті жоғалтып алдық. Көлік құрастыру саласы да жойылды. Мұның бәрі нені білдіреді? Ел ішінде өңдеуші кәсіпорындар аз болған сайын, тұрақты жалақы төленетін жұмыс орындары да шектеулі болады.

– Ал кейінгі жылдары экономикадағы үлесі артқан қызмет көрсету саласы ше?

– Ұзақ уақыт бойы «қызмет көрсету саласы мен сауда экономиканың үлкен бөлігін алып жатыр», «бәрі жақсы, бәрі тамаша», «жұмыс орындары бар» деп келдік. Бірақ пандемия кезінде тура осы секторлар жұмыс орындарынан айырылды. Екі үлкен сектордың есебінен көпіршіген көбік басылып, еңбек нарығының әлсіз тұстарын ашып көрсеткен шынайы көрініске куә болдық. Қазақстанда ұзақ мерзімді, тұрақты жұмыс орындары қалған жоқ. Кейінгі 28 жылда оларды түбегейлі жойып жіберді!

Адамдар «ештеңе етпес, осылай да өмір сүруге болады. Саудамен айналыссаң да, тура сол ақшаны табасың» деп ойлады. Карантин кезінде бұл жұмыс орындары жойылғаннан кейін бәрі өндірісте жүргендер ғана табысынан айырылмағанын түсінді. Нан мен сүт шығаратын зауыттар жұмыс істеді, ол жақта ешкімді жұмыстан шығарған жоқ. Бұл – еңбек нарығының жалғыз тұрақты бөлшегі. Ол тіпті кішірейіп, қазір 65 пайыздың орнына 10 пайыздан аз үлеске ие болып қалды!

Қазір биліктің 28 жылға созылған: капиталды сыртқа шығару, халықты арсыздықпен тонау, адам дамуына кедергі келтіру сияқты елді басқару саясатының «жемісін» көріп жатырмыз. Визуалды түрде елестетсек, бұл мен үшін Арал теңізіне ұқсайды: Қазақстанның экономикалық әлеуеті дәл осы теңіз тартылған сияқты қарқынмен жойылып кетті. Енді жағдай одан әрі қиындай түседі.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Аян ҚАЛМҰРАТ,

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн