«Қарны ашқандықтан емес, қадірі қашқандықтан»
Алдағы сәуірдің 15-і күні «ДАТ»-тың шыққанына 25 жыл толады. Медиа-жобаның 9 нұсқасында қызмет етіп, ширек ғасыр бойы газет шығарған редакция мен біздің айнымас оқырмандар үшін бұл торқалы той, Ұлы мереке!
«ДАТ»-тың тарихы – Қазақстанның жаңа тарихына хрестоматиялық жылнама деп білеміз. Сондықтан ел-жұрттың зердесіне салу үшін, назарбаевтық режимнің қуғын-сүргінінен қашып-пысып, отты-сотты болып жүріп шығарған 1000-нан астам нөмірде жарық көрген, мән-мазмұны күні бүгінге дейін сақталған жарияланымдар сериясын жалғастырамыз.
- Асқар Жұмаділдаев мырза – қазақтың Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымының докторы, профессор. Кезінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесінің екі мәрте депутаты болды. Екі-үш жылдай Европада тәжірибеден өтіп, біраз ғылыми еңбектер жазып, жұмыс істеп қайтқан азамат. Бүгін біз Асқар Жұмаділдаевтың жақында «Азаттық» радиосына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Өйткені Қазақстандағы ғалымдардың шетелдерге кетіп қалуы, яғни интеллектуалдық қазынамыздың ортайып бара жатқаны кімді болса да бейжай қалдырмаса керек.
– Асеке, осы біздің Қазақстанда, әсіресе қазақ ғалымдары, басқа өзге де ұлттың өкілдері соңғы кезде мынау экономикалық қиындықтарға, әртүрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты шетелдерге кетіп қалып жатыр. Бұл жөнінде сіздің пікіріңізді білсек деп едік.
– Ең алдымен осы мидың қашу жайында сөз қозғайтын болсақ, біз әріден бастауымыз керек. Ең болмағанда мың жыл кейін шегінсек. Әл-Фараби бабамыз Отырар жерінде туғаны болмаса, өзінің саналы ғұмырын араб елдерінде өткізген. Әбу Насыр бабамыз өзінің ұлы ғылыми еңбектерінің барлығын да араб тілінде жазған. Әлмаман дейтін Халифтің төңірегінде қызмет қылған, ғылым жасау үшін барлық жағдай да, барлық мүмкіндік те осы Халифатта жасалған. Фараби өзінің түрік екендігін еш уақытта ұмытпаған деген сөздер бар. Біздің қазақ та оны ұмытқан жоқ. Көкемізді мың жылдан кейін тауып алдық.
Мен білетін осы ғалымдардан бірдеңе шығады дейтін жастардың көбісінің қазіргі ойы – АҚШ-тың грин-картасын алу. Грин-карта не десеңіз, ол паспорт сияқты нәрсе, оның паспорттан айырмашылығы – Американың азаматы есебінде қызмет істеуге, жалақы табуға мүмкіншілік береді. Бірақ бір ғана өзгешелігі – сіз Американың президенті болып сайлана алмайсыз және сайлауға қатыса алмайсыз. Көп адамдарға бұл сайлаудың керегі де жоқ, тек Америкаға жетсе болғаны…
– Ал енді сол азаматтардың, жастардың Америкаға кетуінің себебі неде?
– Бізде соңғы кезде мынау «Болашақ» деген жаңа программа шықты. Осы программамен шетелге кеткен жастардың қайтып келгендері де бар және қалып жатқандары да бар. Ал егер сіз байыппен қарасаңыз, болашаққа үміт артатын жастар аз емес.
Менің ойымша, жалаң патриотизммен алға тым ұзап кете алмайсыз. Қолында күлшесі болмаған соң, ғалымдарды да, олардың бала-шағасын да асырау керек, ең басты кету себебі – осы.
Екінші бір себеп, өзім шетелде екі-үш жыл жүріп келдім. Шетелдің бір жақсы жері – онда ғылым жасау өте бір оңай және өте бір ғанибет нәрсе. Проблеманың екі түрі болады. Біріншісі – принциптік проблема, екіншісі – техникалық проблема. Мысалы, мен Ньютон институтында болдым. Англиядағы Кембриджде жарты жылдай болдым. Сонда осы математика институтында екі адам жұмыс істейді. Біріншісі – директор, математик, оның орынбасары да математик, сонымен қатар тағы да он шақты адам жұмыс істейді. Біреуі есіктің аузында отыратын, екіншісі шай құятын, үшіншісі тақта сүртетін қыз, төртіншісі сіздің компьютеріңізді жөндейтін бала, бесіншісі сізге кітап әкеп беретін қыз, солай-солай кете береді. Сонда сіз жұмысқа барсаңыз, сіздің ең бірінші және басты мақсатыңыз – ғылым. Басқа нәрсеге сіздің басыңыз ауырмауы керек.
Ал егер бізге келетін болсаңыз, өкінішке орай, пайдалы әсер коэффициенті жоқ деуге болады. Біздің жұмыс қуатымыздың 90 проценті техникалық проблемаларды шешуге кетеді. Дұрыс жұмыс орны жоқ. Лаборатория, құрал-сайман, кітап жоқ, компьютер бұзылып қалады, ксерокопия істемейді, интернетке шыға алмайсыз, электрондық почта жоқ, телефон істемейді, ақша төлемеген соң бәрін жоқ қылған. Міне, сол сияқты, т.б. кете береді.
Сонда сіз осында жүріп, осылай күйгендіктен, ұнатқан ғылымыңызды ұмытып қаласыз. Мінеки, мен үшін ең басты себеп осы. Мен шетелге барсам, өзімді адам есебінде сезінем, ғалым ретінде сезінем. Сен не істеп отырсың, саған не керек – осы сұрақтарды шешетін адамдар болады.
– Асеке, сонда бізде милы ғалымдар жоқ па, әлде олардың жағдайы нашар ма?
– Бізде милы ғалымдар бар. Егер басқа елдермен салыстыратын болсаңыз, ешкімдікінен де кем емес. Тек соның қадірін білетін адамдар аз. Енді Қазақстанда адамдардың бәрі жаман жұмыс істейді деп айтуға да болмайды. Мысалы, шетелге баратын болсаңыз, оның екі-үш түрлі жолы бар. Бірінші өкіметтің ақшасымен, мысалы, «Болашақ» сияқты өз қалтаңыздың ақшасымен барасыз, екінші сол шақырған жақтың ақшасымен барасыз. Мен көбінесе екінші жолмен барамын. Қырықтың қырқасына келдім, бала емеспін, қазір барып жатқандардың көбісі ғылым үйренеміз, оқимыз, стажер боламыз, аспирант боламыз деп барады. Мен стажерлыққа ешуақытта келіспеймін. Профессор ретінде барамын. Яғни, солардың ақшасына олар менің барлық жағдайымды жасаған кезде ғана барамын. Бұл енді шетелде жұмыс істеудің артықшылығы.
Бірақ онда барғаныңызда, сізге ақша төлеген соң, сізді олар құл есебінде жұмсауға қақысы бар. Ғылыми тақырыптар көп қой. Сіз тек қана солардың тақырыбымен шұғылдануыңыз керек. Тек қана сізді шақырған профессордың айналасында жүруіңіз керек. Өзіңіз білесіз, Америкада бір долларын босқа шығармайды. Германияда бір маркасын босқа шғармайды, пайдасы болмаса. Алматыда жұмыс істеудің бір жақсы жері – ғылыми еркіндік бар, ғылыми бостандық бар, сіздің не істеп жатқаныңыз ешкімге де керегі жоқ. Сіз өзіңізді ғылыми фантазия, творчество жағынан көрсете алсаңыз болды. Оған мүмкіндік бар.
– Асеке, әңгімеміздің басында айттық, сонау Әл-Фараби бабамыздан бастап сөз қозғадық, тілге тиек еттік, ал енді соңғы алты-жеті жылда тәуелсіздігіміз, азаттығымыз қолға тиген кезден бері қарай қаншама ғалымдарымыз шетелге кетіп қалды? Олар жөнінде не айтар едіңіз?
– Енді мен жаңағы ойымды қайталап айтамын. Бұған қарынның ашқандығы емес, қадірдің қашқандығы негізгі себеп. Әрине, қарынның ашқандығы да керек қой. Міне, есіме түсіп отыр, осыдан он шақты жыл бұрын Математика институтында комсомол комитетінің хатшысы болдым. Сонда біз мынадай сұрақ қойдық. Институт үшін, ғылым үшін бір академик ұстаған тиімді ме, жоқ әлде үш аға ғылыми қызметкер ұстаған тиімді ме?
Ойлап келсек, аға ғылыми қызметкерлер ұстаған анағұрлым тиімдірек екен. Өйткені академик ғылымды жасады, бірақ қазір қартайып қалды, түк те істемейді. Ал үш аға ғылыми қызметкер үлкен, көп жұмыс жасайды. Бұл ойды ары қарай жалғастыра берсеңіз, үш ғылыми қызметкерден гөрі он аспирант ұстаған тиімді екен. Өйткені олар жұмысты өте құлшына істейді.
Шетелге кеткен қазақтар жайлы айтсақ, мен өзім бес математикті білемін. Қазір Бразилияда Қайрат деген жігіт жүр. Екеуміз Мәскеуде бірге оқыдық. Бірақ өзі қазақша білмейтін еді. Жүре-келе оны да меңгерді. Баласына да үйретті. Сөйтіп докторлық диссертациясын қорғасымен, Америкаға кетіп қалды. Қазір Бразилиядағы белгілі бір университеттің профессоры. Екінші бір қазақ жігіт Португалияда қызмет істеуде. Сол сияқты өзге де шетелдерде жүрген ғалымдарымыз бар.
Ғылым екіге бөлінеді. Біріншісі – қоғамдық ғылым, екіншісі – фундаментальды ғылымдар. Жақында Н. Назарбаев мырза интеллигенциямен кездесу өткізді. Мен айтар едім, ол тек гуманитарлық интеллигенция, онда бірде-бір математик, не физик болған жоқ. Тек ақын-жазушылар, сазгерлер және т.б. болды. Фундаментальды ғалымдарға математиктер, физиктер, тағы да сол сияқтылар жатады. Өзге өркениетті елдерде осы ғылымға өте көп көңіл бөледі. Ал біздегі жағдай мәз емес. Қазір не көп – академик көп, доктор көп. Әңгіме сол – кім қорғап жатыр, қалай қорғап жатыр, қандай ғылым саласында қорғап жатыр. Мысалы, осылардың арасында бір математиктің қорғап жатқанын мен көргенім жоқ. Тіпті соңғы кезде парламентте техникалық ғылымдардың бәрін жабу керек деген сөз шықты. Бұл не деген сөз? Егер біз ілгеріде тәуелсіз ел боламыз десек, кез келген ғылымға жағдай жасап, оның өркендеуіне жол ашуымыз керек.
«ДАТ» газеті, 29 сәуір, 1998 жыл
Біздің таңдауымыз өзімізге мәлім… бе?
Өкімет мақсатына жетті. «Дат» газеті жабылды. Билік басындағылар қарауындағы барлық тетіктерді іске қосып (салық полициясы, сот, кеден, милиция, прокуратура, т.б.), ақыры соттың «қолымен» 3 желтоқсанда «Датты» банкрот деп жариялап, жауып тынды. Естеріңізде болса, салық полициясы тамыз айында «Датқа» 1,5 миллион теңге айып салған. Кейін біздің талабымыз бойынша, ол сома 1 миллион 136 мың теңгеге дейін төмендетілген. Оның үстіне олар бізден 240 мың қолма-қол теңге, есепшотымыздан 600 мың теңгені алып алған. Осының бәрін есептегенде, біз 300 мың теңгедей ғана айып төлеуіміз керек еді. Және төлей де алар едік.
Бірақ біз сол соманы төлесек, артынан Ерлан Сатыбалдиевтің (газетті сотқа берген биліктің шенеунігі) талабы бойынша 35 миллион теңгені тағы төлер едік. Егер оны да төлесек, одан кейін Рахат Әлиев бізді сотқа беріп («Даттың» №15 санындағы құқық қорғау органдарының материалдары негізінде дайындалған мақала үшін), тағы да айыппұл талап етер еді. Одан да құтылсақ, тағы біреуді табады. Бізге жеткен деректерге сенсек, жоғарғы жақта «Датты» тұншықтырудың осындай сценарийі дайындалып қойған көрінеді.
Мәселе бірақ «Датты» жабу да емес, мәселе өкіметтің «Даттан» өлердей қорқып, үнін өшіруге тырысуында. Оның да жөні бар. Өйткені «Дат» жарық көрген 8 айда халық ақ пен қараны ажыратып, жемқорлар мен парақорларды танып, шындыққа көздері жете бастаған еді. Сондықтан «Дат» лауазымды шенеуніктердің тамағына тұрып қалған сүйек сияқты болды…
Қорыта айтқанда, «Дат» жабылғанымен, ол бастаған іс өлген жоқ. Біз халықтың санасы мен көкейіне шындық пен әділдіктің тұқымын сеуіп кеттік… «Датты» бүгін жапқанымен, ертең оның орнына он «Дат» келеді.
Шәріп ҚҰРАҚБАЕВ, өкімет жапқан «Даттың» бас редакторы,
«ДАТ-Ақ-бота» газеті,
14–20 желтоқсан, 1998 ж. №7