Суббота , 5 июля 2025

Ермұрат Бапи: САЯСАТТЫҢ СЕҢІ ҚОЗҒАЛДЫ елдің ертеңіне қызмет қылайық

– Армысыздар, «Адыр­на» пор­та­лы­ның көре­рмен­дері, бүгін біздің эфи­рі­міз­де қонақта бел­гілі жур­на­лист, сая­сат­кер Ермұрат Бапи аға­мыз. Ере­ке, «Адыр­на­ның» эфи­ріне қош кел­діңіз! Депу­тат­тық ман­дат үшін сай­ла­у­ға түсіп жатқа­ны­ңы­зды біле­міз, дай­ын­ды­ғы­ңыз қалай, не себеп­ті депу­тат болуға бел шеше кірістіңіз?

Бұл сұх­ба­ты­мыз жар­на­ма болып кет­пе­сін, маған бұл тура­сын­да аздап тар­тын­шақтап сөй­ле­у­ге тура келеді, себебі ертең­гі күні өзінің кан­ди­да­ту­ра­сын жар­на­ма­ла­ды деген сөз тумасын.

Сай­ла­у­ға үміт­кер­лік­ке түсуім­нің басты себебі – бұл менің соңғы 25 жыл­да атқа­рып жүр­ген сая­си-қоғам­дық шару­ам­ның жалға­сы. Мен бір ғай­ып­тан идея әкеліп оты­рған жоқ­пын. Жаңа Қаза­қстан­ның қалып­та­суы­на ықпал етіп, соған ара­лас­сам деген әрбір аза­мат­тың ерік-жігері болуы керек деп ойлай­мын. Диван­да жатып неме­се әле­умет­тік желі­де оты­рып алып, «мынау жаңа Қаза­қстан емес, бол­май­ды, тол­май­ды, бәрі теріс» деп, өре түре­геліп, жаса­лып жатқан азды-көп­ті дүни­е­ге қар­сы шыға беру – сана­лы, салиқа­лы аза­мат­тың ісі емес.

Қазір қоғам­да бір өзгерістер баста­лып жатыр екен, сая­сат­тың сеңі қозға­лып, елге сая­си жылы­мық кіріп жатқан кез­де осы іске ара­ла­сып, оған екпін беріп, демеу болып, елдің ертеңіне, қоғам­ның бола­шағы­на мүм­кін­ді­гім­ше өз үлесім­ді қосып, бір пұшпағын көтеріп жүруді өзім­нің бір аза­мат­тық пары­зым деп сана­дым. Сон­ды­қтан осы сай­ла­у­ға баруға ынта қылған жағ­дай­ым бар.

Ең басты шаруа – жаңа Қаза­қстанға қыз­мет қылу. Бұл Тоқа­ев­тың иде­я­сы деген сөз бар, бірақ әрбір исі қаза­қтың, әрбір Қаза­қстан аза­ма­ты­ның арма­ны: Қаза­қстан өзгеріп, бір ада­ми қалы­пқа кел­се екен, әділет­ті бол­са екен, әрбір ада­мға ел бай­лы­ғы, тиісті мұра­сы әділ бөлініп беріл­се екен деген ой-ниет әркім­нің ойын­да жүр. Сол үшін де жаңа Қаза­қстан қалып­та­сты­руға күш-қуа­тым жете­ді деген аза­мат­тың бар­лы­ғы жәр­дем ету керек деп ойлаймын.

– Қаңтар оқиға­сы­нан кей­ін жаңа Қаза­қстан келеді деген­ге көп­шілік­те сенім оян­ды, бірақ уақыт өте келе кей­біре­улер бұл ойдан айнып, сені­мі азая бастаған жағ­дайы бар. Енді қоғам екі­ге бөлініп тұр деп айт­сақ бола­ды. Жаңа Қаза­қстан емес, әділет­ті Қаза­қстан деп айта баста­дық. Сіздің осы жаңа Қаза­қстанға сені­міңіз зор ма?

– Сөз жоқ, Қаңтар халы­қты оят­ты. Бұл енді сти­хи­я­лық тұрғы­да болған төң­керіс пе, көтеріліс пе, әлде оқиға дей­міз бе – оның ресми баға­сы әлі беріледі. Осы жағ­дай сти­хи­я­лық түр­де өткені бол­ма­са, халық сан жыл­дар­дан бері қалып­тасқан, ішін­де тоң болып қатқан запы­ран-зарын төгу­ге әре­кет етті. Бұл назар­ба­ев­тық билік қалып­та­сты­рып кет­кен қия­нат, қасірет, қай­ыр­шы­лық, кедей­шілік – соның бәріне халы­қтың лық­сып шыққан нара­зы­лы­ғы болды.

Қаңтар­да қырғын бол­ды, одан кей­ін тер­геу мен азаптау бастал­ды, осы­дан кей­ін билік өзінің кінәсін түсіне баста­ды. Ескер­тус­із оқ атуға бер­ген бұй­ры­қтың өзі, әрине, оңай емес қой, қан­ша­ма жазы­қ­сыз, бей­күнә адам­дар өліп кет­ті. Осын­дай жағ­дай­да билік өзінің кінәсін жуып-шаю үшін халы­ққа қарай­лас әре­кет­тер­ге бара баста­ды. Жеңіл­дік­тер, қоғам­да бір өзгерістер жаса­удың әлпе­ті сезілу­де. Бірақ билік­тің өзгеріс­ке деген ықы­ла­сы өте баяу, салғырт, сыл­быр жүр­ді. Содан әу бастағы халы­қтың сені­мі сел­дірей бастады.

Қаңтар­дан бері ара­да бір жыл өтіп кет­ті, басталған өзгерістер­ге деген ықы­лас бір­тін­деп билік­тің тара­пы­нан сиы­рқұй­ым­шақта­на баста­ды. Сосын, әрине, қоғам­ның екі­ге жары­ла­тын себі бар. Бір жағы – «Жаңа Қаза­қстанға, билік­тің уәдесіне әлі де үміті бар, жаға­лас­пай шыдай тұрай­ық» дей­ді. Екін­шісі – «Бұл билік­тен түк шық­пай­ды, бұны құр­ту, жою керек, орны­на басқа билік келуі керек» деген қоғам­ның тағы бір бөлі­гі бар. Орта­сын­да әрі-сәрі болған тағы бір топ бар.

Өзгерістер­ге сен­бей­тін, «Тоқа­ев­тың билі­гі сол Назар­ба­ев­тың жалға­сы, бұл ешқа­шан өзгер­мей­ді, ол үшін жаңа қоғам, жаңа адам­дар керек» дей­тін екін­ші жақты да түсі­ну­ге бола­ды. Себебі өзгерістер тез ара­да, шап­шаң қарқы­н­мен жаса­луы керек. Кез кел­ген рефор­ма халы­ққа ауыр тиеді. Бірақ қан­ша­лы­қты ауыр бол­са да, оны жедел өткіз­сең, оның ауыр­лы­ғы да, қиын­ды­ғы да халы­ққа қат­ты сал­мақ сал­май өте шыға­ды. Ал біз­де бәрі керісін­ше, ұза­ққа созы­лып, біт­пей­тін про­цес­ке айна­лып бара жатыр.

Мынау 30 пай­ы­здық сай­лау жүй­есі­нен өткен, тәу­ел­сіз ман­датқа ие бола­тын депу­тат­тар Пар­ла­мент­ке бар­са, осы өзгерістер­ге екпін беріп, сол про­це­сті жедел­дет­се, ара-жігі ажы­рап кет­кен билік пен халы­қты бір-біріне жақын­дат­са, қақ айы­ры­лған жары­қ­шақты жой­са деген менің бір мақ­са­тым бар. Бұл енді қоғам­ды тұта­стан­ды­ру­дың бір ама­лы ғой. Халық бір жақта, билік бір жақта жүріп, жаңа Қаза­қстан жасал­май­ды ғой.

– Ере­ке, Қаңтар оқиға­сы қай­та­ла­нуы мүм­кін деген қауіп­тер жоқ емес. Тіп­ті Назар­ба­ев­тың әулеті реванш жасай­ды деген сыбыст­ар бар. Өзіңіз сая­сат­тың бел орта­сын­да жүр­сіз. Көп жыл­дан бері оппо­зи­ци­я­лық басы­лым­ды басқа­ра­сыз. Сіздің бұл жай­ын­дағы пікіріңіз қандай?

– Қаңтар­дың қай­та­ла­ну мүм­кін­ді­гі қоғам­да әлі сақталған. Оны жоққа шыға­руға бол­май­ды. Мәсе­лен, осы сай­ла­уда, егер де билік дауыс беру нәти­же­сіне ара­ла­сып, жаман бол­са да, қалып­тасқан заң­дық нор­ма­лар­ды бұзуға әре­кет ететін бол­са, өз үміт­кер­лерінің өтпей, нақақ қия­нат жасалға­нын түсін­ген халық нара­зы­лы­ғын біл­діреді. Сон­ды­қтан билік дәл осы сай­ла­у­ға, әсіре­се жеке ман­дат­пен түсетін үміт­кер­лер­дің дауыс беруі про­цесіне ара­лас­па­уы керек. Бұл – халы­қтың тала­бы. Ал егер керісін­ше болған жағ­дай­да қоғам­да бір тең­селіс болуы мүмкін.

– Ол тең­селісті біре­улер пай­да­ла­нып кетуі де ғажап емес қой?

Әрине! Қаңтар­да Жаңаө­зен­де тып-тыныш басталған газ ере­уілін «реван­ши­стер» ұйым­да­стыр­ды деген пікір бар, ол әлі зерт­теліп болған жоқ. Сол сияқты халық осы сай­ла­уда өзінің ерік-жігерін, дауы­сын қорғап шыға­тын бол­са, оны тағы да әлдебір реак­ци­я­лық күш­тер пай­да­ла­нып кетуі әбден мүм­кін. «20 мың тер­ро­рист» деген сияқты лаң­кест­ік лақап тара­ды, сон­дай бір реак­ци­я­шыл топ­тар қоғам­ды басып кет­се, нағыз тең­селіс, қоғам­дағы қота­ры­лыс сон­да бола­ды деп ойлаймын.

– Жал­пы, өзіңіз 30 жылға жуық осы «ДАТ» басы­лы­мын басқа­рып келесіз. Ол жер­де көп­те­ген сыни мате­ри­ал­дар шықты, басқа­лар айт­паған сын­ды айтып жүр­сіз. Өзіңіздің жеке басы­ңы­зға неме­се ұжы­мы­ңы­зға қауіп төн­ген жағ­дай­лар­ды, қыспақтар­ды бастан кештіңіз. Соның бәріне қалай шыдап келесіз?

Оның бәрін жіп­ке тіз­ген­дей айта бер­сем, ете­гім жасқа тола­тын ұзақ әңгі­ме туа­ды. Алдағы сәуір айы­ның 15-інде осы «ДАТ» медиа-жоба­сы­ның 25 жыл­дық, ширекға­сыр­лық той­ын өткіз­бек­ші­міз. Сон­да біраз әңгі­ме­лер айтылар.

Жал­пы, 25 жыл­дың ішін­де осы газет­ті жетек­теп келе жатқан, оны шыға­рып жүр­ген бір­не­ше адам қай­тыс болып кет­ті. Асхат Шәрі­п­жа­нов деген мықты жур­на­лисі­міз бол­ды, жұм­бақ жағ­дай­да көз жұм­ды. Оның бер жағын­да талай адам сот­тал­ды, Шәріп Құрақ­ба­ев «ДАТ»-тың алға­шқы редак­то­ры, мой­ны­на мил­ли­он­даған тең­ге айып­пұл салы­нып, оның соты­мен 2 жыл­дай жүр­ді. Сол сияқты қиын­дық-қия­нат­тар бол­ды. Оның үстіне «ДАТ»-ты алға­шқы 4–5 жыл­дың көле­мін­де Қаза­қстан­да баса алмай, шетел­дер­де шығар­дық. Ресей­де, Алтай өлкесін­де, Бар­на­ул­да, Қорған, Сара­тов, Аст­ра­хань қала­сын­да басыл­ды, соның бәрін шека­ра арқы­лы түн­де­летіп, көлік жал­дап, бат­пақ­пен, дала­мен тасы­дық. Біш­кек­те «Ала­тоо» деген бас­па­ха­на­да 4–5 ай басы­лып тұр­дық, кеден-шека­ра­лық бекет­тен өткіз­бей қой­ған­да, Шу өзені арқы­лы газет­ті қай­ы­ққа тиеп, үстіне шөп жауып, оны қамыстың ара­сы­на тығып, кей­ін Алма­ты­ға тасы­ған кез­дері­міз болды.

Редак­ци­я­мы­зға қарақ­шы­лық шабуыл жасал­ды, менің орын­ба­са­рым болған марқұм Бақыт­күл Мәкім­бай мен газет­тің жау­ап­ты хат­шы­сы Кен­же­тай Айт­ба­ки­ев еке­уін ұрып-соғып, аяқ-қолын скоч­пен бай­лап, редак­ци­я­ны тонаған, тере­зесі­нен оқ аты­лған кез­дері бол­ды. Ұрып, соғып кету қатар­дағы жағ­дай­ға айнал­ды, менің өзім екі рет сот­тал­дым, 5 жыл жур­на­ли­стік қыз­мет­тен айырылдым…

Осы сияқты қиын­ды­қтар көп бол­ды, бірақ газет халы­ққа, қоға­мға керек болған­нан кей­ін, халы­ққа аль­тер­на­тив­ті ақпа­рат жет­кізіп тұрған­нан кей­ін, ол бір бала­ма басы­лым болған­ды­қтан, бұл менің жеке аза­мат­тық пары­зым бол­ды. Мой­ы­нға алған­нан кей­ін, оны жерор­та­да қал­дыр­май, шама кел­ген­ше қоға­мға жет­кі­зу ама­нат бол­ды. Бұл біздің жанқи­яр­лық еңбе­гі­міз ғой.

– Мем­ле­кет­тен қар­жы алған жоқ­сыз ба?

– Жоқ, мем­ле­кет­тен көк тиын алға­мыз жоқ. «ДАТ»-тың бірін­ші құры­л­тай­шы­сы Әке­жан Қажы­гел­дин бол­ды. Ең алғаш «Кара­ван» сияқты газет ашсаң­дар­шы деп өзі ұсы­ныс жаса­ды және «ДАТ»-тың шығуы­на көп көме­гі тиді.

– Ол кісі сол кез­де билік­те ме еді?

– Билік­тен кетіп жатқан кезі бола­тын. 1997 жылы отстав­каға кет­ті, 1998 жыл­дың басын­да «Кара­ван» сияқты газет­терің не бол­ды деп сұра­ды. Сосын баста­дық, алға­шқы­да жасы­рын бастық, редак­то­ры марқұм Шәріп Құрақ­бай бол­ды. «СолДАТ»-тан бастап, оның бір­не­ше нөмірін шыға­руға да Әке­жан Қажы­гел­дин көмек­те­сті. Оның аза­мат­тық көме­гін айту керек.

Одан кей­ін ешкім, ешқа­шан «ДАТ»-қа тұрақты түр­де көмек жасаған емес. Ара­сын­да қысы­лған­да, қиын жағ­дай­дан шығу керек кез­де мен көмек сұрап барған біраз аза­мат­тар­дың жәр­де­мі бол­ды. Болат Әбі­ло­втің көме­гін ашық айтып оты­рам, кей­ін «Айна плюс», «Тасжарған», «Обще­ствен­ная пози­ция» деген «ДАТ»-тың жалға­сы шықты, оның алға­шқы сан­да­ры­на да Болат жәр­дем жасады.

Ал осы 25 жыл көле­мін­де біре­улер тұрақты қар­жы­лан­ды­рып тұр­ды деген – ол бекер әңгі­ме. Қазір интер­нет желісін­де «салы­қтан қашып­ты», «ақша ұрлап­ты» деген алып-қашпа сөз­дер­дің бәрі бос сөз. «ДАТ»-тың жағ­дай­ын­да салы­қтан қашу тіп­ті мүм­кін емес.Үнемі бақы­ла­уда болған газет­тің салы­қтан жал­та­руы тіп­ті де мүм­кін емес қой!

Біз тек қана оқыр­ман­дар­дың арқа­сын­да саты­лған газет­тен түс­кен ақша­мен газет шыға­рып отыр­мыз. Қазір 18 мың тираж­ды шыға­ру үшін, апта сай­ын 500–600 мың тең­ге бас­па­ха­наға төлей­міз, оның бер жағын­да редак­ци­ядағы қыз­мет­кер­лер­дің жалақы­сы бар. «Жалақы» деген аты ғана, міне, жаным­да оты­рған Кен­же куә, ол айы­на 70–80 мың­ның көле­мін­де ғана жалақы ала­ды. Ол өзінің осы газет­ке беріл­ген жан-дәр­мені­мен жүр­ген жігіт…

(Жалға­сы газет­тің келесі санында).

  • «Адыр­на» ұлт­тық пор­та­лы­ның жетек­шісі, жур­на­лист Арман Әубәкір жүр­гіз­ген видео-сұх­бат­тың газет­тік мәтінін дай­ын­даған Алма Жақсылыққызы.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн