МҰНАЙДЫ мұңға айналдырған ЖЕТІ МӘСЕЛЕ

Осы аптаның басында ҚР Парламенті Мәжілісінде «Ағымдағы қызмет және мұнай саласының даму перспективалары» деген тақырыппен Үкімет сағаты өткен еді. Онда Мәжілістің Экология және табиғат ресурстары комитетінің төрағасы, депутат Еділ Жаңбыршин мазмұнды баяндама жасады (баяндама қаз-қалпында жарияланып отыр).

Құрметті Альберт Павлович!

Қадірлі әріптестер!

Еліміздің мұнай-газ саласы әлемдегі трендтер мен мемлекет басшысының алдымызға қойған стратегиялық міндеттерін ескере отырып жұмыс жасауы қажет. Өйткені дилемма бар. Бір жағынан, Қазақстанның жалпы әлемдік парниктік газ шығарудағы үлесі 0,56 % болса да, еліміз «Париждік келісімді» ратификациялап, «Глобалды метан иницативасын» қолдады. Яғни, біз парниктік газдарды азайтып, көміртектік бейтараптыққа бағыт алып, «жасыл энергетиканы» дамытамыз деп жарияладық.

Ал екінші жағынан, 2029 жылға дейін Ішкі жалпы өнімді 450 млрд АҚШ долларына, Ұлттық қордағы активтерді 100 млрд АҚШ долларына жеткізу міндеті тұр. Яғни, экономикамыздың қазіргі драйвері – мұнай-газ өндірісін дамытпай, бұл көрсеткіштерге жету мүмкін емес. Өйткені еліміздің негізгі қаржылай әрі экономикалық ресурсын мұнай-газ саласы қамтамасыз етеді. Мысалы, республикалық бюджетке жалпы түсімдердің шамамен 30 пайызын, ал нақты салықтық түсімдердің 50 пайызынан астамын қамтамасыз ететін және Ұлттық қорға да жалғыз қаржы аударатын – мұнай-газ кешені. Олай болса, еліміздің отын-энергетика саласында «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» қағидатты ұстанған жөн.

Дегенмен, бұл салада әлі де қордаланған мәселелер жеткілікті. Осы тұста солардың негізгілеріне тоқталып өтейін.

БІРІНШІ – ГЕОЛОГИЯ

Бүгінгі таңда мемлекет есебінде 348 көмірсутек шикізатының кен орны бар. Сондай-ақ еліміздегі мұнай қорының жалпы көлемі – 4,3 млрд тоннаны құрайды. Бұл ретте көмірсутек шикізаты қорының 72 %-ы – «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» сияқты ірі кен орындарының үлесінде.

Ал алдағы 10–15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай-газды өндіру көлемі төмендейтіні анық. Оған қоса, игерудің кеш сатысындағы кен орындарында мұнай-газ өндіру тіпті азаяды, кейбірі жұмысын тоқтатады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізде геологиялық зерттелу деңгейінінің төмен екенін атап өтті.

Әріптестер, шындығында, сонау академик Сәтбаевтың кезеңіндегідей, тәуелсіздіктің соңғы 25 жылында жүйелі, масштабты геологиялық зерттеу-барлау жұмыстары жүргізілген жоқ. Ал қазіргі уақытта қорлардың өсімі сонау Кеңес Одағы кезінде ашылған кен орындарын қайта бағалау мен зерттеу есебінен толығуда. Бірақ соңғы бес жылдағы мұнай қорларының өсімі орта есеппен 73 млн тоннаны құраса, өндіру көлемі – 80 млн тоннаға жетті. Яғни, мұнай қорының толығуынан оны өндіруіміз қазірдің өзінде 7 млн тоннаға артық. Бұл – мұнай-газ саласындағы зерттеу жұмыстары мен өндірудің арасындағы дисбалансты нақты көрсетіп отыр. Геологиялық барлаудың қазіргі баяу қарқыны мен мұнай өндірудің бүгінгі деңгейі сақталар болса, таяудағы 15 жылда еліміздің көмірсутек ресурстарының қоры таусылатыны анық. Дұрысында мұнай-газ қорларымыз өндіруден кемі 1,5 есеге артық болуы тиіс.

Қазақстанда көмірсутектердің жаңа кен орындарын ашу үшін бізде қажетті әлеует бар. Геологтар елімізде 76 млрд тонна болжамды отын ресурсы бар деп және түрлі дәрежеде зерттелген 15 шөгінді бассейнді бөліп көрсеткен болатын. Алайда 30 жыл ішінде 2021 жылы бір ғана жаңа мұнай кен орны ашылды.

Дегенмен, бізде тауарлық-материалдық қорларды толтырудың, өндірісті ұлғайтудың және жоғары табыс табудың нақты мүмкіндіктері бар. Бірақ қазір оларды пайдалану мүмкін болмай отыр. Оған себеп – елдің экономикасына едәуір үлес қосатын қазба байлықтарымызды дамыту саласы тұралап, оның мүмкіндіктері шектеліп отыр. Яғни, экономиканың негізін құрайтын геология саласы стратегиялық шешім қабылдай алмайтын, құзыреті шектеулі, бюрократиялық шырмаумен байланған Үкіметтің комитеті деңгейінде ғана жұмыс жасауға мәжбүр.

ЕКІНШІ – МҰНАЙ ӨНДІРУ

Еліміздегі «Қашаған», «Теңіз», «Қарашығанақ» сияқты үш ірі кен орнынан басқа мұнай-газ кен орындарында жыл сайынғы шикізет өндіру көлемі төмендеуде. Мысалы, соңғы бес жылда мұнай-газ өндіру 36 млн тоннадан 30 млн тоннаға дейін азайып отыр. Ал Қызылорда облысында мұнай өндіру көрсеткішінің едәуір төмендегені байқалып, өндіру көлемі соңғы 10–15 жылда 5 есе азайған. Сонымен қатар мұндай сарқылып жатқан кен орындарында өндіру көбіне қосымша геологиялық қиындықтармен қатар жүреді. Оның ішінде кен орындарында жоғары сулану, жоғары тұтқырлық деңгейі байқалады.

Уважаемые коллеги! Во всем мире добыча нефти оценивается показателем «коэффициента извлечения нефти», который варьируется от 0,09 до 0,75, то есть от 9 до 75 % нефти извлекается от геологического запаса. Например, для сравнения, на месторождениях Китая и США КИН достигает 0,5–0,55, то есть могут извлекаться половина геологических запасов нефти. Данная цифра показывает высокотехнологичность извлечения нефти из недр в этих странах.

Теперь какая ситуация в Казахстане? На начало 2024 года на месторождениях Озень фактически показатель КИН составляет – 0,32. То есть только одну треть нефти извлекаем. На месторождении «Тенгиз» на сегодня реальный КИН составляет всего лишь 0,15, тогда как плановый показатель выше 0,40.

Осы көрсеткіштердің барлығы мұнай-газ өндіру саласында ғылыми-технологиялық прогрестің қажет екенін айқын көрсетеді. Осы орайда Президенттің соңғы кезеңде игеріліп жатқан мұнай кен орындарындағы мәселелерді шешу мен оларды тиімді пайдалану бойынша тапсырмасына сәйкес, Парламент депутаттары «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне түзетулер әзірлеп, қабылдады. Соның аясында арнайы «сарқылып жатқан» кен орындары деген түсінік енгізіліп, критерийлер бекітілді. Соған сәйкес, мұндай кен орындарына жаңа келісімшарттық міндеттемелер қарастырылды. Бұл статус сарқылған кен орындарының «өмірін» ұзартып, мұнай көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Дегенмен, мұнай-газ кен орындарында жаңа технологиялар мен әдістерді, цифрландыруды енгізу арқылы мұнай өндіруді ұлғайту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Сонымен қатар жоғары тұтқырлы битумды мұнайды өндіруді қолға алатын уақыт келді. Қазіргі таңда мемлекет балансында осындай 11 кен орны бар. Тиісті заңнамалық актілерді жасақтауды қолға алуымыз қажет.

ҮШІНШІ – ШИКІ МҰНАЙДЫ ӨҢДЕУ

Мұнай өңдеу қуатын ұлғайту және мұнай өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын жөндеуге және жаңғыртуға 2 трлн теңге жұмсалды, бұл ретте мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 млн тоннадан аспайды.

Еліміздегі ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін жеткізуді тек отандық мұнай өндіру компаниялары қамтамасыз етіп отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың мұнай өндіру көлемі азаюда. Сонымен қатар бізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады, ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл нонсенс.

Іс жүзінде Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импорттық отынға тәуелді және 7 жыл ішінде елімізге 6 млн тоннадан астам мұнай өнімдері импортталды. Яғни, еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді. Осы ретте жаңа ғана министрдің баяндамасында алдағы 8 жылда мұнай өндіруді 56 процентке көтеріп, 28 млн тоннаға жеткізу жоспары бар екенін естідік. Бірақ бұл жоспардың уақытында орындалатынына күмәніміз бар. Осы ретте бірнеше маңызды сұрақтар туындап отыр.

Бірінші. Үш китті есепке алмағанда, еліміздегі компаниялардың мұнай өндіру мүмкіндіктері төмендеуде, яғни жоспарланған қосымша 10 млн тонна мұнайды қайдан аламыз? Қазіргі инфрақұрылымның мүмкіндіктері шектеулі екенін ескерсек, ол көлем табылған күнде оны қайдан, қалай тасымалдаймыз?

Екінші. Тек экспортқа мұнай шығаратын трансұлттық компаниялар ішкі нарыққа отандық компанияларға қойылған арнайы төмен бағамен қажетті көлемде мұнайды сата ала ма? Олармен келіссөздер жүргізіліп отыр ма? Қазіргі ішкі нарықта мұнай бағасының диапазоны 30–40$ AҚШ, ал сыртқы нарықта – 60-80$ AҚШ.

Үшінші. Қосымша өндірілетін 10 млн тонна өнімді қайта өңдеу үшін, міндетті түрде жаңа зауыт салынуы керек. Сол салынатын зауыттың орны, жобалық құжаттары, инфрақұрылымы, қаржысы, инвесторы, технологиясы белгілі ме? Бұл жөнінде нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр ма? Әзірше біздің қолымызда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу бойынша нақты ақпарат жоқ. Министрдің баяндамасынан да естімедік.

Тағы бір мәселе – жеке меншік мұнай компанияларының мұнай өңдеу зауыттарына қолжетімділікті және экономикалық жағынан тиімділікті қамтамасыз етуде өзекті мәселенің бірі болып отыр.

  ​ТӨРТІНШІ – ШИКІ МҰНАЙДЫ ТАСЫМАЛДАУ

Еліміздің мұнайын экспорттау – саяси-экономикалық мәселе. Сыртқы нарыққа шығарылатын мұнайдың 80 % Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Бұл маршрут мұнай компанияларына экономикалық тұрғыдан тимді, ал екінші жағынан, егер бұл инфрақұрылымда форс-мажор жағдай орын алса, еліміздің экономикасында күрделі проблемалар туындайды. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдар ықтимал тәуекелдерді азайту бағытында майдан қыл суырғандай қылып, шаруаны реттеуі керек. Осы орайда балама маршруттар арқылы мұнай экспорттау көлемін арттыру – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бұл сұрақты Президент бірнеше рет көтерген болатын.

Тағы бір шешімін таппаған проблема – Энергетика министрлігі белгілі бір критерийлер мен заңды негіздерсіз мұнай-газ кәсіпорындарының өзі өндірген мұнайын қай бағытта және қандай көлемде жіберетінін дербес анықтап, жер қойнауын пайдаланушыны мұнай құбырларын еркін пайдалану мүмкіндігінен айырып отыр. Бұл жағдай кәспорындардың шығындарын көбейтеді. Себебі көпшілігінің кен орындарындағы көмірсутек қорлары таусылуға жақын, олар мұнайды ішкі нарыққа әлемдегі мұнай бағасынан төмен бағамен сатады, ал мұнайды қайта өңдеу мен тасымалдау тарифтері қарқынды өсуде. Сондықтан Энергетика министрлігі мұнай өндіруші компаниялармен бірлесіп, ішкі нарыққа мұнай квотасын бөлу мен мұнай тасымалдау бағыттарын анықтайтын механизмді түсінікті, ашық, жемқорлықтан ада «ойын ережесі» бойынша жасақтауы қажет.

БЕСІНШІ – ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Соңғы кезде батыс энергетика торабында орын алған апаттар мұнай кешеніне айтарлықтай шығын әкелді. Мәселен, 2023 жылы МАЭК-тегі электр станцияларында болған апаттардың кесірінен 2 айда (шілде-тамыз айлары) шамамен 400 мың тонна мұнай өндірілмей қалды. 2024 жылы батыс аймақта электр энергиясының өшуіне байланысты республика бойынша 41 мың тонна көмірсутегі өндірілмеді (Атырау облысы – 30 мың тонна, БҚО – 11 мың тонна). Сондай-ақ 2023 жылы мұндай апаттардың салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауыты электр энергиясынан 11 рет ажыраса, 2024 жылы – 14 рет ажыраған. Бұл сұйытылған мұнай газы мен жанар-жағармай көлемінің азаюына, көп мөлшерде газдың алауларда жағылып, экологияға әсер етуіне әкелді. Энергетика министрлігі мұнай-газ кешені объектілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі үшін, келесі проблемаларды шешуі қажет:

– Маңғыстау облысының әкімдігімен «МАЭК»-ті тездетіп модернизациялау;

– КЕГОК акционерлік қоғамымен солтүстік және батыс электр энергетикалық жүйелерін біріктіру жөніндегі жобаны іске асыруды жеделдету;

– «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен Жаңаөзен қаласында жобаланып отырған гибридті электр станция құрылысын уақытында бітіру.

Мұның бәрі еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

АЛТЫНШЫ – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Мұнай-газ кешені елімізде ауаны ластау бойынша энергетика, тау-кен секторынан кейін, жылына 520 мың тонна зиянды заттарды ауаға шығарып, 3-орында тұр.

Көптеген ірі кәсіпорын иелері экологиялық стандарттарды енгізу үшін қаржы салуға және өндірісін жаңғыртуға экономикалық тұрғыдан ынтасы жоқ. Өйткені олардың рұқсат алған эмиссияларының жоспарлы көлемі іс жүзіндегі шығарған көлемнен екі немесе одан да көп. Мысалы, Экология министрлігінің мәліметі бойынша, «Теңізшевройл» компаниясының 2024 жылғы жалпы жоспарлы шығарындыларының көлемі 711,214 мың тонна, ал іс жүзіндегі эмиссия көлемі – 150,217 мың тонна. Осындай жағдай НКОК, Атырау мұнай өңдеу зауытында, жалпы еліміздің барлық кәсіпорындарында орын алған. Яғни, компаниялар факт бойынша эмиссияны төлейді де, лимиттен асып отырған жоқпыз деп, экологиялық технологияларды енгізуге құлықсыз.

Бұдан басқа, Экологиялық кодекске сәйкес, 2025 жылдан бастап енді олар он жылға кешенді экологиялық рұқсат алып, эмиссияны төлеуден де босатылады. Осы жылдар ішінде олар ең озық техникаларды енгізуі қажет. Меніңше, бұл да әділ принцип емес, өйткені зияндаушы зиянын азайтқан кезде ғана сондай мөлшерде төлемнен босатылуы қажет.

Екінші мәселе. 2023 жылдан бастап 1-категориядағы 9 ірі мұнай компаниясы зияндаушы көздерге автоматтандырылған мониторинг жүйесін орналастыруы қажет еді. Алайда бүгінгі таңда тек 5 компания ғана ондай жабдықты толық іске қосты, 2-уінде қосу жұмыстары жүріп жатыр, 2-уі әлі іске қосқан жоқ. Атап айтсақ, «Петро Казахстан Ойл Продактс» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Жанажол мұнай-газ өңдеу кешені. Уәкілетті орган, яғни Экология және табиғи ресурстар министрлігі автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатпаған кәсіпорындарға пәрменді шараларды қабылдауы қажет.

Соңғы кезде Каспий теңізінде болып жатқан экологиялық жағдайлар қоғамда әртүрлі сұрақтар туғызып отыр. Әсіресе итбалықтардың неден өліп жатқанын нақты ешкім айта алмай отыр. Жалпы, еліміздегі барлық кәсіпорындар экологиялық мониторингті өздері жүргізіп отыр. Сондықтан олардың мәліметінің шынайылығы күмәнді. «Кім ақша төлейді, сол музыкаға тапсырыс береді және оны таңдатады» деген әңгіме бар ғой. Қазіргі жағдай осыған ұқсас.

Мемлекет қоршаған ортаға өзі толық мониторинг жүргізбей, біз кімнің, қалай, қандай зиянды заттармен қанша көлемде экологияны бүлдіріп жатқанын нақты айта алмаймыз. Тіпті Экология министрлігінде су айдындарын зерттейтін арнайы жабдықталған кеме де жоқ. Каспий теңізіндегі кен орындардың айналасына қоршаған ортаның жағдайын онлайын режимде құзырлы органға беріп отыратын автоматтандырылған стационарлық станцияларды орнатудың уақыты келді. Мұндай стационарлық қондырғылар жерде де орнатылуы керек. Сонда ешқандай дау тумайды. Кім бүлдірді, сол айыппұл төлейді. Бұл халықаралық принцип. Экологиялық талап еліміздегі барлық мұнай-газ компанияларына қатысты. Компания таза стандарттарды сақтай ма – онда оған сұрақ жоқ.

Біз мұнайды басқа өніммен алмастыра аламыз, бірақ Каспий теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге ғасырлар керек болады.

Тағы бір мәселе – «Көкжиде» жерасты су кен орны аймағынан мұнай компанияларын шығару. Бұл жөнінде мемлекеттік органдар тарапынан әлі нақты шешімді көрмей отырмыз. Сонымен қатар кен орындарында тарихи мұнай қалдықтарын тазалау, радиоактивті қалдықтарды залалсыздандыру, алауларда жағылып жатқан ілеспе мұнай газдарының көлемін азайту сияқты әлі шешімін толық таппаған экологиялық проблемалар бар.

ЖЕТІНШІ – ИМПОРТТЫ АЛМАСТЫРУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы халыққа Жолдауында: «Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс», – деді.

Бұл – Президенттің нақты тапсырмасы, оны орындау – бәрімізге міндет. Дегенмен, қазіргі отандық тауарлардың ірі мұнай-газ компанияларындағы үлесі 20 пайызға да жетпей отыр. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Қарашығанақ» жобасында отандық тауарлар өнімінің үлесі – 11 пайыз, «Теңіз» жобасында – 8 пайыз, ал «Қашағанда» – 18 пайыз.

Осы ретте «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақ» мұнай-газ жобаларында елшілік құндылықты арттыру, сондай-ақ тауар өндірісін оқшаулау мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Энергетика министрлігінің бірлескен арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының төрт отырысы аясында ТШО, NCOC және КПО компанияларының бірінші басшылары тыңдалды. Осы саладағы басты проблемалар ашық айтылды. Отандық тауар өндірушілер мен ірі компаниялардың арасын нығайтатын арнайы жәрмеңкелік форум ұйымдастырылды. Осынау жұмыстардың нәтижесінде үш ірі трансұлттық компаниялармен 700 млн АҚШ долларынан асатын келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойылды.

Президентіміз айтқандай: «Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті». Сондықтан алдағы уақытта осы үш ірі компаниядағы отандық тауар үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуіміз қажет. Ол үшін жұмыс тобы алдында арнайы 5 жылдық іс-қимыл жоспарын дайындау міндеті тұр. Оған қоса, отандық мұнай-газ компаниялары да бұл мәселеден тыс қалмай, өндірістерінде отандық өнімдерді сатып алуды кемі 60 пайызға жеткізуі тиіс.

Құрметті әріптестер!

Президенттің «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» концепциясына сәйкес, бүгінгі Үкімет сағатында көтерілген мәселелер бойынша біз арнайы ұсыныстарды дайындап, оның орындалуын жүйелі түрде қадағалаймыз. Сондықтан осында айтылған проблемаларды реттеу үшін, технологиялық және басқару шешімдерін бүгіннен бастап ойластыруларыңыз қажет.

Республиканский еженедельник онлайн