Бүгінгі күні әлемдік дамудағы айқын беталыстардың бірі – үкіметтік емес ұйымдардың саясат пен экономика, әлеуметтік және мәдени саладағы рөлінің артуы болып отыр. Тіпті үкіметтік емес сектордың өсуін жаһандық құбылыс ретінде сипаттауға болады. Өз кезегінде бұл азаматтық қоғамның дамуына үлкен ықпал етіп отыр. Оның деңгейі кез келген елдегі үкіметтік емес ұйымдардың саны мен сапасына қарай айқындалады.
Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда бірқатар ірі саяси реформалар жүргізілді. Оның бәрі елімізде азаматтық қоғамды нығайтуға бағытталған. Бұл тұрғыда қоғамдық қатынастарды реттеуде мемлекет пен азаматтар арасындағы тиімді дәнекер рөлін атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың дамуы үлкен маңызға ие болып отыр. Олардың саны, жағдайы мен қызметiнiң тиiмдiлiгi азаматтық қоғамды дамытуға да шешуші ықпал етеніні сөзсіз.
Қазіргі кезде елімізде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның 19 мыңға жуығы белсенді әрі тұрақты түрде жұмыс істейді. Соңғы 15 жылда ҮЕҰ саны 6,5 есе өскен. Бұл ұйымдардың барлығы әлеуметтік мәселелерді шешу және қоғамды демократияландыру үдерісіне азаматтардың барынша белсенді қатысуына шешуші ықпал етіп, мемлекеттің сенімді серіктесіне айналды. Оларды қолдау мақсатында мемлекет әлеуметтік тапсырыс, гранттар, стратегиялық әріптестік сынды қаржыландыру тетіктерін жыл сайын арттырып келеді. Бұл салада қазір 100 мыңнан аса адам тұрақты негізде, сондай-ақ уақытша кеңесші, сарапшы және ерікті ретінде жұмыс істейді.
Жалпы, еліміз азаматтық қоғамның дамуына аса мүдделі. Өйткені мықты азаматтық қоғам қалыптасқан елдерде көптеген мәселелер мемлекеттің тікелей араласуынсыз-ақ шешіледі. Бұл әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан қай ел үшін де тиімді. Сондықтан билік үкіметтік емес ұйымдарды қолдап, түрлі байқаулар өткізеді, гранттар бөледі. Нәтижесінде азаматтық қоғам нығайып, еліміздегі ағартушылық сала да жыл өткен сайын дамып келеді.
Негізінде, азаматтық қоғамның дамуы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Қоғамның алға жылжуы да, демократиялық бағытта дамуы да, экономикалық өрлеу де – азаматтардың қоғам өмірінің барлық маңызды салаларына белсенді қатысуының арқасында жүзеге асатын құбылыстар. Сондықтан азаматтық қоғамның белсенді болуы кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының берік негізі болып саналады. Себебі азаматтық қоғамда жеке тұлғалар өзін-өзі таныту мүмкіндігіне ие болып, «адам – қоғам – мемлекет» үштігінің біркелкі даму үрдісін жылдамдатады. Бұл үрдіс елдің экономикалық-саяси дамуы мен халықтың əл-ауқатының, мəдениеті мен сана-сезім деңгейінің артуымен бірге қалыптаса отырып, азаматтардың өз жүріс-тұрысын жеке мүдделеріне негіздеп, əрбір əрекетіне жауапкершілік алуды үйретеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты: «Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қазақстандықтардың қашан да дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн», – деген еді.
Алма ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ, «D»