«Общественная позиция»
(проект «DAT» №41 (358) от 10 ноября 2016 г.
ДАТ!
Ұлт жазушысы Қабдеш Жұмадiлов 80 жылдық мерейтойына орай өзiнiң туған өңiрiне барып, неге ел-жұртымен қауыша алмай отыр? Жазушының Алматыда өткен салтанатты жиынында биліктен бiр адам неге төбе көрсетпеді? Халық жазушысының кітабы орта ғасырлық инквизицияға ұшырап, неге өртелді?
Осы және басқа да сауалдармен «ДАТ!» төріне Қабдеш аға ЖҰМАДІЛОВТЫ шақырып, жазушыны мазалаған мәселенің мән-жайын сұрадық.
– Қабдеш аға, сіздің 80 жасқа толған мерейтойыңыз өзіңіз туған елім деп санайтын Шығыс Қазақстан облысында аталып өтпегенін естіп жатырмыз. Жазушылар одағы облыс әкiмi Даниал Ахметовке, өзіңізді «Құрметтi азамат» етiп қабылдаған аудан басшыларына арнайы хат жолдаған екен. Алайда ол жақтың әлі күнге дейін тым-тырыс жатқаны қалай?
– Мәселенің мәнісін жуықта «Жас Алаш» газетіне жаздым. Шығыс Қазақстандағы жерлестеріміз әр ауылдан телефон соғып: «Алматыда тойыңыз өтіпті, ал біз жаққа неге келмейсіз, біз неге тойламаймыз?» деп, сұрақ жаудырды. Бас-басына жауап беру қиын, менің неге жете алмай жүргенімді мақала жазып, халыққа түсіндіруім керек болды.
Шынында да солай болып отыр. Қазақстан Жазушылар одағында жыл басында 80 жылдық мерейтойды екі жерде атап өту жөнінде келіскенбіз. Біреуі өзім ұзақ жыл тұрған – Алматы қаласы, екіншісі – туған өлкем, Шығыста «Құрметті азамат» атанған – Аягөз, Тарбағатай мен Үржар-Мақаншы ауданында атап өтсек болады деген ұсыныс айтылған соң, қуана-қуана келіскен едім. Алматыдағы той Әуезов атындағы театрда дүркіреп өтті…
– Иә, аға, біз ол тойдың бас-аяғына дейін қатыстық: жиылған жұрт сыймай қалды, көп адам залда отыратын орын болмағандықтан, түрегеліп тұрды. Талай мерейтойларды көріп жүрміз ғой, дәл осындай нөпір жиналған тойды көрмеппіз…
– Енді, міне, сол тойдың жалғасы Шығыс Қазақстанда өтетін болған соң, күзге таман облыспен хабарластық. Өйткенi Алматы – менiң кейiнгi 60 жыл өмiрiм өткен, бала-шағам дүниеге келген, барлық шығармаларыма шабыт берген құт-мекенiм. Ал Шығыс Қазақстан – менiң шығармашылық өрiсiм, қолбасы Қабанбай, есiл ер Демежан, ұлы би Ақтайлақ сияқты тарихи кейiпкерлерiмнiң өркен жайған өлкесi. Шекара асып, көш бастап, ата-жұртқа оралғанда, алғаш рет табаным тиген топырақ.
Менiң бұдан бұрынғы 60 жас, 70 жасқа толған тойларым да Үржарда өтiп, басқа аудандар сонда келiп құттықтаған. Биыл да сол үрдiс сақталатын шығар деп ойлағам.
Жазушылар одағы Алматыдағы той қарсаңында облыс әкiмi Даниал Ахметовке, жоғарыда аталған, менi «Құрметтi азамат» етiп қабылдаған аудан басшыларына арнайы хат жазып, шақыру билеттерiн жiберген-дi. Алайда облыс тым-тырыс күйiнде қалды. Облыстан арнайы азаматтар келіп, құттықтап, қашан, қалай қарсы алатындарын алдын ала жоспарлап, ниет-тілектерін елдің алдында айтатын шығар деп ойлаған едік. Ол үмітіміз ақталмады.
Бұл тұста Жазушылар одағы төрағасының бiрiншi орынбасары, талантты ақын Ғалым Жайлыбайдың еңбегiн ерекше атап өтуге болады. Ол Шығыс Қазақстан облысы басшыларына қайталап хат жазды. Жауап жоқ. Облыс әкiмi Даниал Ахметовтың, оның орынбасары Жақсылық Омаровтың, Үржар ауданының әкiмi Серiк Зейнуллиннiң телефондарын қанша рет қоңыраулатты. Амал не, хатшы қыздар уәделесiп қойғандай бастықтарына телефонды қоспайды. Бұл қалай болды дедік те, қойдық? Тым құрыса, жеделхат жолдап, құттықтауға да жарамады!
– Осы ретте мына бір мәселені қозғауға тура келіп тұр: Алматы баспаларының бiрiнен 2013 жылы шыққан «Әрiп пен Сара» атты кiтабыңызды Үржар ауданының Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер тізімдеп тұрып, қайтадан жинатып алуына кітаптың мазмұны себеп болды ма, аға? Осы жәйтке де тоқтала кетсеңіз.
– Осы жағдайды айтпай-ақ қояйын деп, ішімде сақтап жүрген едім. Қысастықтары өтіп кеткеннен кейін, бар шындықты айтуыма тура келді. Осыдан екi-үш жыл бұрын Үржар ауданының ақкөз белсендiлерi маған қарсы тағы бiр өрескел қиянат жасаған. Жай ғана қиянат емес, қылмыс десем болады.
Алматы баспаларының бiрiнен 2013 жылы менiң «Әрiп пен Сара» атты кiтабым жарық көрдi. Кiтапта: «Абылайдың ақырғы күндерi», «Әрiп пен Сара» және Кенесары ханның сатқындар қолынан қалай қаза тапқанын баяндайтын «Ханның басы қанша тұрады» атты тарихи хикаяттар мен бүгiнгi заманнан жазылған он шақты әңгiме, баспасөзде жарияланып кеткен бiраз сұхбаттар бар болатын. Бұрынғы айтылып, жазылып жүрген қате көзқарастар мен жалған деректерді түзетіп, кітапқа енгізген едім. Бұл шығармаларды оқырман қауым жылы қабылдап, «Алматыкiтап» пен «Атамұраның» әр қаладағы дүкендерiнен жұрт талап алып жатты.
Шекара бойындағы Үржар-Мақаншы аудандары қашан да менiң бүйiрiмде тұрады ғой. «Апырай, мына «Әрiп пен Сара» сол аудандарға жетпедi-ау» деп, алаңдап жүргем. Сөйтiп жүргенде, Алматыдағы бiр жиынға Үржар ауданының әкiмi Серiк Зейнуллин мен мәслихат төрағасы, тағы бір бес-алты адам келе қалды. Өздерімен сөйлесіп, елге қайтарда келiсiп, «Әрiп пен Сараның» 150 данасын (15 бума) көліктеріне салып жiбердiм. «Аудандағы мектептер мен ауыл ағаларына жеткенiнше бөлiп берiңдер» деп тапсырдым.
Кітапты ел-жұрт оқыды деп, алаңсыз жүрсем, арада бiр ай өттi ме, өтпедi ме, Үржардан сұмдық хабар жеттi. Аудан басшылары апарған кiтаптарын мен айтқандай әр ауылға бөлiп таратқан көрiнедi. Кiтапқа сусаған халық жапырлап оқи бастаған… Дәл осы кезде ашық күнде төбелерiнен жай түскендей ауданнан тағы бiр бұйрық шығады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсендiлерi бiр апта бұрын таратылған кiтапты тiзiм бойынша түгендеп, қайтадан жинатып алып, өртеген. Аудан жұртшылығын сұмдық үрей билеген.
Шошынған жұрт, баяғы 1937 жыл қайта айналып келдi ме деп, зәрелерi ұшқан: «Аға, барсыз ба? Амансыз ба? – дейдi. – Жiберген кiтаптарыңызды ҰҚК бiзге оқытпай, зорлықпен жинатып алды. Өзiңiздi ұстап әкеткен жоқ па?» – дейдi. «Бармын, үйдемін. Сендер өйтiп шошымаңдар! Аудандағы шолақ белсендiлердiң iсi ғой – халықты үркiтiп жүрген. Қазiр менiң кiтаптарым Астана мен Алматыда, тағы басқа облыс орталықтарында емiн-еркiн сатылып жатыр», – деймiн жерлестерiмдi жұбатып.
Содан бері екі жыл уақыт өтіп кетті: айтудың өзі ұят, елімді, өзімді аядым. Алда 80 жылдық келе жатыр, сол кезде барып сөйлесерміз деп, жылы жауып қойғам. Енді осы жағдайды жария түрде айтпасқа болмады.
– Осы сорақылықтың түбі қайдан шығып жатқаны өзіңізге белгілі шығар…
– Шекара аудандарында кеңес заманында «ГПУ», «НКВД», «КГБ» билігі өктем болды. Ары-бері көшкен жұрттың ақ-қарасын айырмай, «банда» деп атып тастайтын. Сол заманда Тарбағатай тауының қуыс-қуысында «ГПУ» мен қызыл әскерлердің қолынан қырылған адам сүйегінің қаңқасы шашылып жатқанын көзіміз көрді. Сол өктемдік әлі күнге жалғасуда. 1992 жылы «Үш әріп – үрей ордасы» деген мақала жаздым, «КГБ», «НКВД», «ГПУ»-ды қазақ баспасөзінде алғаш рет әшкерелеген де мен шығармын. Олардың Қазақстанға, Шыңжаңға салған лаңы, осы жақтан Шыңжаңға бойтасалап барған Алаш азаматтарын қалай тұтқындап, көзін жойғанын ашық жазған едім. Сол «КГБ»-ның қатал заңы әлі күшін жоймай тұр.
Білетін азаматтардың айтуынша, күштік құрылымдардың Жарғысы жаңартылып, қайтадан жазылмапты, кеңестік үстемдік қалпын сақтап қалған екен. Тәуелсіздік алған елде демократиялық құндылықтарға лайықталып қазақ халқының мүддесін қорғайтын жаңа Жарғы жазылуы керек қой. Бұрынғы сарынды сақтап қалған Жарғы сол өктем пиғылдағы ұрда-жық кеудемен жүр. Менің осы кітабымды аудан әкімі, мәслихат төрағасы өздері алып кетіп таратқанын қайтейін, араша түсе алмаған. Конституция бойынша тағайындалған әкім мен сайланған мәслихат төрағасы жергілікті жердегі биліктің өкілі ретінде елді басқаруы керек қой, алайда «үш әріп» белсенділерінің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоюға дәрмені жетпеген, тіпті кітапқа ара түсе алмағанына не дерсіз? Ауылдағы ақсақалы мен «қарасақалы» да ауыздарын аша алмаған.
Мен – Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегерімін. Екеуін де сатып алған жоқпын, президенттің үкімімен алып, төсбелгісін президенттің өзі кеудеме таққан. Демек, мен президенттің назарындағы адаммын, менің кітаптарымды ешқандай соттың шешімінсіз, заңсыз өртеп жіберуге кімнің қақысы бар? «Нұр Отан» деген партия биліктің идеологиясын ұстап отырған ұйым десек, жергілікті жердегі бөлімшелері қайда қарап отыр? Осы бассыздықты неге тексермейді, асыра сілтеушілерді неге жауапқа тартпайды?
– Біздің газетке жеткен дерек бойынша, сіздің сол кітабыңызды жинап алып, жағып жіберуге ҰҚК-нің ақпары бойынша облыс әкімшілігі нұсқау берген екен. Ал қолында билігі жоқ жергілікті шолақ белсенділер қайтсін – қатаң нұсқауды орындаған екен…
– Жоғарыда айтып кеттім, «үш әріптің» үстемдігі баяғы сол қуғын-сүргін заманындағыдай деп. Кейiн барлап қарасам, кiтапқа тыйым салу науқаны Семей өңiрiнде бұрыннан етек алған көрiнедi. Олай дейтiнiм, биыл ақпан айында Семей қаласына жолым түстi. Менi ешкiм шақырған жоқ, туған нағашым Шәрiп Ақышұлының қазасына барғанмын. Сол қаралы күндердiң бiрiнде қала зиялылары менi Абай кiтапханасында кездесуге шақырды. Алда келе жатқан 80 жылдықты желеу етіп шақырған соң, амалсыз бардым. Сенсеңiз, бұл менiң Семей қаласында өткен алғашқы кездесуiм.
Айтайын дегенiм, залға жұрт жиналғанша, мен кiтапхананы аралап шықтым. Кiтапхана қоры бай, ескiлi-жаңалы мыңдаған кiтап тұр. Кейінгі буын – жастардың да кітаптары бар екен. Жазушының әдеті емес пе, ең алдымен өзінің кітабын іздейді. Бұл кiтапханада менің де, Мұхтар Мағауиннің де бiрде-бiр кiтабы жоқ. Менi ертiп жүрген кiтапханашы келiншектің айтуынша, мұнда бiздiң кiтаптарымыз болған екен. Соңғы жылдары жоғарының нұсқауымен әлдебiр белсендiлер сөреден алдырып тастағанын, сыбырлап айтты…
Әңгiме осы кiтапханадан басталды. Залға екi жүздей адам жиналыпты: мұғалiмдер, журналистер, бұрынғы «атқамiнерлер». «Менің кітаптарым мұнда жоқ екен, сіздер кімнің кітабын оқып жүрсіздер? – деп сұрадым. – Шығыс Қазақстаннан шыққан екі Халық жазушысы бар, бірі – Мұхтар Мағауин болса, екіншісі – мен! Екеумізді де ел-жұрт классик деп таниды..» – десем, бәрі үнсіз отыр. Сол жиында Шығыс Қазақстандағы жағдайдан секем алдым. Бірақ дәл осы жолы 80 жасымды елемей қояды, халықтың сұранысына құлақ аспайды, мені халықпен кездестірмей қояды деп ойламаған едім. Абай кiтапханасындағы бiздiң кiтаптарымызға салынған тыйым мен Үржардағы кiтап өртеу бiр тамырдан тарағанында күмән жоқ.
– Шығыс Қазақстан облысы десеңіз, оның ар жағында Семей облысының құлағы қылтияды. Осы өңірден шыққан азаматтар, кезіндегі Алаш арыстарынан бастап, бергісі Тәуелсіз Қазақстанда қуғын көргендер солақай саясаттың сойылына тап болды емес пе?..
– Әншейiнде Шығыс Қазақстанда «Бiз Абай елiнiң, Мұхтар елiнiң азаматымыз» деп мақтанғанда, бөрiктерi қазандай болады. Шығыстан шоқтығы биік азаматтар шықпады деп кім айта алады? Мемлекет басқаратын жігіттер шықты, Серікболсын Әбділдин, Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Зәуреш Батталова, Төлен Тоқтасынов сынды азаматтарға облыстың тізгінін тигізбеді. Шығысқа жаны ашитын азаматтарды билікке жолатпайды. Ұлттық потенциалдың қуатын толық пайдалана алмай отырмыз.
Бұл өңірді кім билемеді, жеті жыл Метте деген неміс ұлтының өкілі, жақсы-жаман демеймін, бірақ қазақтың мүддесін ойлады деп айта алмаймын. Одан кейін Храпунов бес жыл әкім болды, ол да қазақтың көсегесін көгертпегені белгілі. Сондай тағы да бір өткінші жауындай қысқа уақыт облыс басқарғандар болды. Ал Бердібек Сапарбаев пен Өскемен қаласына әкім болған Ислам Әбішев екеуі төрт-бес жылда облыстың бет-жүзіне иман келтіргендей болып еді. Абайға ескерткіш орнатылғанда: «Бұл қалаға Абай келді, соңынан шұбырып біз келдік», – деген едім. Керемет мешіт салынды, облыста жақсы жаңалық болса, мені шақыратын. Облыстың түрленуі оны басқаратын азаматқа байланысты екен. Әкім қалай кетті, Өскемен шалақазақтанып, сазбеттеніп, таз қалпына түсті. Бұрын Сапарбаевпен ақылдасып, Қабанбайдың ат үстіндегі бейнесі осы жерге лайық деп, Қабанбай көшесінің бас жағындағы гүлзарды белгілеген едік. Әкім ауысқан соң, ескерткішті тіпті қалаға кіргізбеген, Өскеменнен он шақырым, Семейге баратын жолдың үстіне қойыпты. Ескерткіш – найзасы төмен салбырап, әбден торығып, мал қарап, әбден шаршаған жолаушының кейпін елестетеді. Бір қызығы, ескерткіштің ашылу рәсіміне мені шақырмады. Айдалаға орнатылған ескерткішті көргенде, менің басқаша сөйлейтінім анық. Содан қорыққан болуы керек.
– Қабдеш аға, Жазушылар одағының 80 жылдығына қатысты «ДАТ» қа мынандай бір пікір айтқан едіңіз: «…Жазушыларды топтастырған үлкен ұжымның осындай атаулы мерекесінде осы ұжымның еңбегі ерен өкілдеріне, ардагер ағаларына үкімет тарапынан марапаттар берілуі тиіс қой. Неге олар елеп-ескерілмеске? Демек, Жазушылар одағымен ешкім санаспайтын болғаны ғой», – деген едіңіз. Ендеше Қазақстан Жазушылар одағының хатын місе тұтпау – облыс басшысы Даниал Ахметовтің кінәсінен гөрі, Ақордадан түсетін арнайы нұсқауға тіреліп тұрған тірлік емес пе?
– Көңілге дөп тиетін сұрақ екен. Өзім де осылай ма екен деп ойлап жүруші едім. Аудан әкімі – облысқа, облыстың әкімі – Ақордаға, ондағы шенеуніктердің қас-қабағына қарайды. Менің 60 және 70 жасқа толғанымда, Назарбаев маған құттықтау хат жіберетін. Осы жолы ондай құрмет жасалмады. Сенат төрағасы – Қ.Тоқаев, Жоғарғы сот төрағасы – Қ.Мәми, Мемлекеттік хатшы –Г.Әбдіхалықова құттықтаған папкалар бір құшақ болды. Дегенмен, жұрттың көбі президенттің құттықтауын күтеді екен.
Осы жолғы әңгімені жасырмайын, бір делдалдар келді: Назарбаевтың құттықтауын алу үшін, Алматы қаласының әкімдігі жасап берген шақыру қағазымен бірге президенттің атына өтініш хат жазып, жіберуім керек екен. Өлердегі сөзімді айтып, бас ұруым керек екен. Бүгінгі халге жетуім сол кісінің арқасы екенін айтып, хат жазып, шақыруымды жіберсем, бүгін жазған хатым ертең-ақ президенттің алдына жетіп, одан арғы күні құттықтау хат қолыма тиеді екен. Бұрындары құттықтау алып жүргендер осындай жолдан өтеді екен. Содан әлгі делдалдарға айттым: «Рахмет ақылдарыңа, құттықтауды сұрап алу, табиғатыма жат. Маған президенттің атынан бұрын да хат келген. Мемлекеттік дәрежедегі марапаттың бәрін сол кісінің қолынан алғам, мені ұмытпаған шығар. Сексенге келді деп құттықтап жатса, маған мәртебе ғой. Бірақ ондай құттықтауды сұрап алмаймын», – деп, делдалдарға тойтарыс бердім.
Президент әкімшілігінің маған деген салқындығы көптен бері байқалуда. Жазушыларға 1995 жылы тағайындалған мемлекеттік стипендия деген бар: себебі әдебиет пен өнер бюджеттен сырт қалған соң, шығармашылық қауымның наразылығын басу үшін, жазушы, суретші, композиторлардың жүз шақтысына мемлекеттік стипендия тағайындалады. Бұрындары сол стипендияны мен де алатын едім, жеті-сегіз жыл бұрын сол тізімнен мені және Мұхтар Мағауинды сызып тастапты. Елімізде бес-алты Халық жазушысы бар, алды тоқсаннан асты, артынан ілескені 75 жаста, соларды алаламай, сол стипендияны беруге болады ғой. Бұндай шөміштен қысу – экономикалық жақтан қысым көрсету емес пе?
– Мұндай қысым көруге не себеп болды деп ойлайсыз?
– Оған себеп – менің бүгінгі билікті, оның басында отырғандарды қолпаштап ештеңе жазбауым. Қоғамда өзім көрген қайшылықтарды, үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан реформалардың қателіктерін жаздым. Ауыл шаруашылығын қалай құртып алғанымызды ізіне түсіп тұрып жаздым. «Әдебиет – өмірдің айнасы» дейміз, ендеше бетің қисық болса, айнаға несіне өкпелейсің? Келешек ұрпақ бүгінгі назарбаевтық дәуірдің шындығын қай жазушының шығармасынан оқып, біледі? Билікті мадақтап, өлең, мақала, арнайы повесть, роман жазатын сарай жазушыларынан ба, әлде қоғамның қайшылықтары мен қиындығын ашық суреттеген менің шығармаларымнан шындықты таба ма?
Иә, жасыратын несі бар, жазушылар екі топқа бөлінді, біріншісі сарай жазушылары десек, біз алмаған стипендияны солар алады. Жақсы үйде солар тұрады, жақсы қызмет те соларға бұйырады. Келесі топ – халық жағында жүретіндер. Мені ешкім де «оппозиция» демейді, өйткені ешқандай саяси партияда жоқпын, халықтың басынан кешіп отырған тауқыметті айтудан жалыққан емеспін. Жаратушы иеміз маған тіл мен дарынды патша мен әкімді мақтау үшін емес, халықтың мұңын мұқтап, жоғын жоқта деп берді. Мен сол миссияны атқарып жүрмін, оған еш өкінбеймін! Стипендиясыз да, зейнетақыммен күнімді көріп жатырмын.
– «Ақ қағаз – арым, қара сия – қаным» деп ағынан ақтарылатын Қабдеш ағаны өмір бойы кәсіби жазушы болған десек, қазіргі кітап оқымайтын жас ұрпақты сендіре аламыз ба? Егер сендіре алмасақ, бұл да қоғамның рухсызданып бара жатқанын дәлелдейтін бір жәйт болғаны ма?
– Кәсіби жазушы деп кімді айту керектігін кім білсін, өзім өмірімді әдебиетке арнаған адаммын. Қызметті тастап, біржола творчествомен айналысқаныма – 40 жыл болыпты. Үлкен қызмет беріп, оны алмадым десем, өтірік болар. Өйткені маған ешкімде қызмет ұсынбады. Сөйтсем, «КГБ»-ның шеттен келгендерді жауапты қызметке қоймау керек деген тағы бір заңы бар екен. Мемлекеттік баспа комитетінде (Госкомиздат) аға редактор деген болмашы бір қызметтен өтініш жазып, кетіп бара жатқанымда, министр Шериаздан Елеукенов өтінішіме бірден қол қоя салмай, былай деп сұрады: «Жасың енді ғана қырыққа келді, алдағы уақытта жазатын кітаптарың бар, осы жер ыңғайлы болады…» – деді. «Маған бірегей қызмет бермедіңіздер, енді плебей болып жүргім келмейді» деп қалжыңдадым. Сонда Шериаздан шынын айтты: «Бас редакторлыққа, оның орынбасарлығына қойғым келген, бірақ осындай бір заң бар, сені ұстап тұрған мен емес, шекараның ар жағынан келгендерді жауапты қызметке қойдырмайды», – деген еді.
ҰҚК-ның Жарғысы қайтадан түзілуі керек деп бекер айтып отырған жоқпын, ұлттың қауіпсіздігін менен артық ойлайтын, ұлттың мүддесін менен артық қорғайтын кім бар екен? Мен – ұлт жазушысымын, ес-дертім ұлтымның мүддесі. ҰҚК-нің шолақ белсенділері кімнің кітабын тәркілеп, өртеп жүргенін өздері біле ме екен? Тым болмаса, идеологтарын шығарып, кітабымды сынап, «мынау – өтірік, мынау – жала» деп әшкерелесін. Үндемей қабатын ит сияқты, үн-түнсіз кітабыңды жинап алып, отқа тастайды. Оларға ондай құқықты кім берген? Сол сұрақты мен әлі биліктің алдына қоямын.
– Өзіңіз айтпақшы, «Ғұмырымды кәдімгі фанаттар секілді тек осы ала қағазға, жазу-сызуға арнаппын» дегенде, бүгін, міне, сексеннің де сеңгірінен астыңыз. Жалпы, елдің өнері мен мәдениетіне еңбек сіңірген, руханиятқа үлес қосқан тұлғаны ұлықтау – жас ұрпақты тәрбиелеудің бір тетігі болмас па?
– Өркениетті елдерде талантты адамдарды ұлттың байлығы, алтын қазынасы деп танып, оларды қорғау – мемлекеттің міндеті деп саналады екен. Одақта жеті жүз жазушы бар дейді, соның ішінен әдебиетті жасап жүргені – 20-30 адам. Тың тақырыптарды ашып, әдебиетті жаңа қырынан суреттейтін сол дарындарды билік көздің қарашығындай қорғауы керек. Ал біздің елде бәрі керісінше, қорғаған түрі анау – кітабыңды өртейді.
– Бүгінгі билік руханият өкілдерін қақ жарып, жартысын бауырына басып, қалғанын кеудеден итеретін саясаттың салқынын сізден артық татқан жазушы жоқ шығар. Осы алалаудың астарына үңіліп көрейікші!
– Алалаудың астарында – ұлттың болашағына деген немқұрайдылық жатыр. Өздерінің тақта, билікте ұзақ отыру мақсаттары үшін жандарын салатындар сын айтқан адамнан қорқады. Өзің тақта нық отырған болсаң, елдің алдында қызметің ашық болса, неден қорқасың? Көшеге бір 20-30 адам шықса, шеру жасады деп дүрлігеді. Демек, биліктің арты таза емес – былғаныш: біреу болмаса, біреу қоямызды ашып қояды деп сескенеді. Қазақ ауылдан қолын үзіп, қалаға келіп, арбаға жегілді, мен соны жаздым. Қылмыс жасау көбейді. Билік халықаралық терминді ұнататыны соншалық – «діни экстремист», «террорист» деп даурығады. Бізде террорист те, экстремист те жоқ, олардың аты біреу – ашынған адамдар. Жүргізіліп отырған саясатқа, билікке наразылығын білдіргендерге халықаралық таңба басудың керегі не?!
Біз – рухани кедейшілікке тап болдық. Құлдырап кеткен экономиканы бес-он жылда қалай көтеруге болатынын Қытайдағы Ден Сяо Пин дәлелдеп берді. Ал құлдыраған мәдениетті, руханиятты көтеру үшін кемінде елу жыл керек!
– «Елу жылда ел жаңа» демекші, бұл кезеңнен де өтерміз, Қабдеш аға! Ашық айтқан әңгімеңізге рахмет, ортамызда аман жүріңіз!
Сұхбаттасқан –
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»