«Общественная позиция»
(проект «DAT» №41 (405) от 09 ноября 2017 г.
Соңғы жылдары бізде әсіребілгіш тарихшылар шыға бастады. Жасы мен жасамысы аралас. Қазақ тарихына қалам тартса болды: «1917 жылғы Октябрь (Қазан) төңкерісі, Ленин мен Сталин, Кеңес дәуірі, 1941–1945 жылдарғы соғыс қазақтың соры болды» деп сайрай жөнеледі. Патшалық Ресейдің қазақты қор қыларын бажайлаған баба жырауларымыз «Керзаман келді!» деп дабылды жыр жазса, олардың бүгінгі кейбір «әсіресауатты» ұрпақтары Кеңес дәуірін «керзамандатып» әлек. Екі заманның арасы жер мен көктей екенін тым болмаса бір уақ ескерсейші!.. Осы «құбылысқа» орай өзімдік ойларымды айтуды ұйғардым.
Ресей Алтын Орданың шегінен заман ағымымен шығып, өз алдына патшалық ел болғанда, «Еуропаға терезе тескен» І Петр патша дін басы мен жандармерия бастығын шақырып алып, үшеуі шетелдердей бай болу үшін, Ресей тұрған құрлықты өздеріне түгелдей қаратып алуға құжат жасапты. «Бұратана» халықтарды әуелі дін жолымен алдап-сулап жіпсітіп, христиан дініне енгізу, аты-жөндерін орысшалау, егер оған көнбесе, қару күшімен тізе бүктіру керек делініпті. «Бөтендердің» кең-байтақ жерлерінің асты-үсті байлығын тегін иеленудің оңай жолын тапқаны. Тоқаш пен тоқпақ саясаты.
Мен оны сонау жылдары, қызмет бабымен аралас-құралас болып жүрген кезімде мәскеулік сақа жазушылардың бірнешеуінен естідім. Ол құжат Кеңес Одағының мемлекеттік мұрағатында сақтаулы екен де, «№1 үстелдегі» онымен танысқысы келетіндер СОКП Орталық комитетінен рұхсат алуға тиіс екен, ал рұхсат өтінгенге беріле салмаған және көшірме алуға тыйым болған.
«Азиялықтар білім-ғылымға қабілетті емес, олар қара жұмысқа ғана жарайды» деп, бетпақтанған І Петрдің бұтарлау-отарлау саясаты Ресейдің солтүстігін, Қиыр шығысын жалмап, Қазақстанға ойысып, көк түріктің көне мекені – қазақ Алтайының жартысын жалмаған кезде, Қазан революциясы болып, құрлықты отарлаудың, адамды адам қанаудың апанына айналған патшалық жүйе жойылды да, Алтайдың екінші жартысындағы (бүгінгі Кенді Алтай – Шығыс Қазақстан облысы) қазақтар шоқындырудан аман қалды.
Бірақ Ресей дала билігімен бұрынғы шарттасуы бойынша қазақ жерін тіміскілеп, «ғылыми экспедицияларын» шығарып, «оларды қорғайтын әскери бекініс» дегендерін сала бастап, қарашекпенділерін қаптатып үлгірген.
Сол сұрқиялықтың зардаптарын зерттеген қарт журналшы-жазушы Сапабек Әсіпұлы деректі үш кітап жазды («Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Қауқарсыз қазақ мәселесі»). Өкінішке қарай, тарихшы қауымымыз «ғылыми дәрежесі жоқ» автордың ол еңбектерін зерделемеді. Енді Алтайдың орыстандырылған жартысындағы (Горный Алтай) бір қаламдасымның халін баяндайын.
Барнаулдық (қала аты түріктекті төлеуіт халқының «по-ронгы-ул» – «лайлы өзен» сөзінен шыққан) ақын Сергей Сергеевич Каташ 1973 жылы Алматыға келіп, Ғылым академиямызда докторлық диссертация қорғады. Ол өздерінің педагогика институтында Алтай филологиясы кафедрасының меңгірушісі, профессор, «Алтай батырлар» атты көптомдықты құрастырған тарихшы-ғалымдар тобының жетекшісі екен.
Жазушылар одағында танысып, еркін әңгімелесіп жүрген күндеріміздің бірінде ол: «Ай, ағайын! Ата-әкелерің де, өздерің де Иванов, Сидоров, Козлов, Гусев, Воробьев… болып кете бармай, байырғы қазақ қалыптарыңда қалған сендер өте бақыттысыңдар! Ленинге күн сайын алғыс айтсаңдар да көп емес. Арыда қазақ, беріде орыс болып кеткен бізді көрсеңші, Ғабба! Біз – ата-бабамыздың дінін, тілін қайтарып алуға зар болып кетіп бара жатқан сорлымыз!» – деп күйінді (әрине, орыс тілінде сөйлеп). Оның сол минөттегі әлемтапырық қазақы әлпеті әлі де көз алдымда, дірілдей құмыққан дауысы әлі де құлағымда!..
Жақұт (якут) жазушысы Николай Габышевтан да сондай налыс естігенім бар. Ол екеуіміздің фамилиямыз ұқсас екеніне таңдана жымиып отырып: «Осы «Кабышев» деген фамилияны саған дейін Белоруссияда, Украинада естідім. Генерал болған Карбышев та ұқсастау, демек, православтықтарда осындай кісі аты болғаны. Түрік тұқымды маған бұл аты-жөнді шоқындырған орыстар беріпті, саған кім берді, сендер шоқындырылған жоқсыңдар ғой?» – деді. Мен: «Әкемнің аты Қабдырахман екен, әжесі «Қабыш» деп еркелетіп, кейін солай жазылып кетіпті», – дедім…
Және бір жәйт.
1978 жылы КСРО жазушыларының «Дубулты» шығармашылық үйіне (Балтық теңізі жағасында) дем алуға бардым. Ықшам денелі, қара торы жігіт ағасымен үстеліміз бір екен, таныса отыру үшін сөз бастап:
– Туысқан, қайдансыз? Қырғызсыз ба, өзбексіз бе? – дедім.
– Не понимаю, – деді ол, қысық қара көзі күлімдей жымиып. Сұрағымды орысшаладым.
– Я – коряк. Моя фамилия Косыгин, а зовут Владимир, – деді.
– КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгин туысыңыз емес пе? – дедім әзіл аңғарта. – Ол кісі де кеше келіпті, осы жағадағы үкіметтік санаторийде.
– Онымен туыс болсам, өстіп жүрем бе? – деді. Үнінен қыжыл аңғарылды.
– «Өстіп жүрембеңіз» қалай? – дедім, көмескі қыжылын аршып көргім келгенін жасырмай.
– Патшалық Ресейдің басқыншылық саясатынан хабарыңыз бар шығар, Лениннің еңбектерінде айтылған ғой. Біздің коряк ата-бабамыз сол саясаттың құрбаны болыпты. Поптарын бетке ұстаған патшалық әскери жасақтар солтүстік пен Қиыр шығысты басып алып, бізді – коряктарды да христиан дініне алдап-арбап кіргізген, ата-бабамыздың аты-жөнін жойып, орыстың аты-жөнін берген. Көнбегендерді көрге лақтырған.
Менің ұлы атам Бола Коянто екен, ол – «Еркін тірлік» деген ұғым. «Коянтоны» олар «Косыгинге» айналдырыпты, балаларына коряктің атын қоюға тыйым салыпты. Содан бері біздің үрім-бұтақ – косыгиндер: Владимир, Василий, Иван, Ефрем, Кирилл… болып жүрміз.
– Жазушысыз ба? – дедім.
– Ана тілі орыс тілі болып кеткен ақынмын, Мәскеуде екі жинағым шықты. КСРО Жазушылар одағының мүшесімін. Бірақ, міне, бес жыл болды, коряк аты-жөнімді қалпына келтіре алмай жүрмін, өтініш бермеген жерім жоқ, біріне-бірі сілтеп шаршатты, – деді. Ол ақырын сөйлесе де, ашық ашынып сөйледі. Сірә, менің де басқа ұлттан екенімді аңғарып, біздің арамызда бірімізді-біріміз жатырқамас себеп бар деп топшыласа керек. Маған:
– Сіз қайдансыз? Ұлтыңыз қайсысы? – деді.
– Мен Қазақстаннанмын, ұлтым – қазақ, – дедім, сөз бастамас бұрын өзімді таныстырмағаныма іштей өкініп.
– Казакстан?!
– Қазақстан – КСРО құрамындағы одақтас он төрт республиканың бірі.
– Космонавтар ұшып жүрген жақ па?
– Иә, космонавтар біздің «Байқоңыр» деген космодромнан ұшады.
– Казакпын дедіңіз бе? Орыстармен туыссыздар ғой?
– Туыс емеспіз. Біз «қазақ» деген халықпыз. Казактарға қатысымыз жоқ, олар – христиандар, ал біз – мұсылманбыз, «қазақпыз», Қазақстан! – дедім, «қ» әрпін қатаң айтып.
– Қызық екен. Аты-жөніңіз кім?
– Ғаббас Қабышұлы. Бізде орысша аты-жөн жоқ, – дедім, «Қабышев» дегендегі «ев»-ті жасырып.
– Патшаның арнаулы отрядтары сіздер жақта болмаған ба?! – деді ол, шын таңданып.
– Болыпты, мысалы, біздің Шығыс өңірімізге Ермак Тимофеевич деген атаманның отряды зеңбіректерін сүйретіп келіп, қырғын жасап, жерімізді тартып алуға кірісіпті, бірақ біздің Сәтбек деген батырымыз ол жауыздың отрядын талқандап, өзін Ертіске батырып өлтіріпті.
– Сіздер бақытты екенсіздер! – деді Косыгин, қысық қара көзі өткірлене. Үнінен ризашылықтың нышаны байқалды. – Біз де аздап бақыттымыз, – деді ол сәлден соң. – Егер патшалық Ресейдің езгісінде енді он жыл жүрсек, сауатымыз ашылмастан құрып кеткен болар едік, сөз жоқ, коряк ретінде құрып бітетін едік, енді қазіргі күнімізге шүкіршілік етіп жүрміз…
Егер 1917 жылы революция болмаса, қазақтар да патшалық Ресейдің «құшағында» кетіп, мөлшері 1920-25 жылдары жұтылып тынатын едік. Бұл – арғысы, ал бергісі, қысқа қайырғанда, қазақ халқының перзенттері: Абай шет жұрттарға да танылып, ескерткіштері қойылар ма еді? Патшаға қарсы күрескен Исатай-Махамбет дәріптелер ме еді? Жыр алыбы Жамбыл «Дала Гомері» аталар ма еді? Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Күләш Байсейітова және басқа Тұлғаларымыз алыс-жақын елдерге мәшһүр болар ма еді? Әміре Қашаубаев Парижде қазақ әндерін шырқар ма еді? Публицист жазушымыз Әнуар Әлімжанов әлемнің алпыс шақты елінде болып, Қазақстанын, қазағын насихаттар ма еді?.. Кеңес өкіметін көзді жұмып, құлақты бітеп алып күстәналай бергенше, бір уақ осыны неге ойламаймыз?
Қазан революциясы («төңкеріс» – билік тобын өзгерту, «революция» – билік жүйесін өзгерту, яғни «Қазан революциясы» деу жөн сияқты) әлемге әкелген Кеңес дәуіріне тоқталсам, бүгінде қайсыбір: саясатшы, тарихшы, журналшы-жазушы қазекемдер оны да тілі жеткенінше жамандауда, онысын қостамағанды «Кеңесін аңсап жүр» деп мардымсып мұқатады. «Мен білем!» деген бұл ғадет саяси Алаш қозғалысымызды ұйымдастырған, басқарып тұрған арыстарымызда да болыпты, олар әр пұшпақты илетіпті. Ортақ мақсатта ортақ тілді бола бермей, Қазақ Өлкелік партия комитетін басқара алар «қазақ таба алмай», Кремльге «құда түсіп», Голощекинді келтіріп «жарылқаныпты» (сол жолмен Мирзоян, күні кеше Колбин де әкелінді).
…Халықаралық сипат-талап бойынша, халықтық мемлекет білім беруі мен медицинасы тегін елде ғана болады. Кеңес мемлекеті соған сай болды: бастауыш мектептен бастап, жоғары оқу орындарында білім беру тегін, тіпті студенттер жатақханасы да ақысыз емес пе еді?
Диплом алған студенттер жер-жерден келіп жататын сұранысқа қарай мамандығы бойынша қызметке жолдамамен барып, онда да тегін жатақханада тұратын, көп кешікпей тегін пәтер алатын. Иә, Кеңес дәуірінде «пәтер сатып алу» деген сөз де болған емес. Сондай-ақ медициналық қызметтің де барша түрі ақысыз емес пе еді? Қазірде ше? Бәрі керісінше. Және бір салыстыру: Кеңес үкіметі тұсында «жұмыссыздық» деген суық сөз де болған жоқ.
Бүгінде ше? Бүгінде жұмыссыздық қоғамның бір дерті болып тұр – оған ем қонуы үшін ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, ғылым-білімді, мәдениетті, медицинаны кеңестік қалпына келтіру қажет. «Рухани жаңғыру» сонда ғана болады!
«Оңбаған» Кеңес үкіметін оңды-солды сынаушылардың қайсыбірі: «Қылышынан қан тамған Кеңес кезінде халықтардың ұлттық мейрамдарына тыйым салынды, сондықтан қазақ Наурызын тойлаудан қалды», деуден жалықпайды. Кеңес үкіметі қай жылғы, қай айдағы, қай күнгі, нөмірі нешінші бұйрығымен тыйым салыпты? Мысалы, ауылда туып-өскен, қала дегенді 21 жасында ғана (1956 жылы) көрген мен өзіміздің де, іргелес үш ауылдың да Наурызды жылда еркінше тойлағанына куәмін. Қайсыбір жерлерде «нешетүрлі тыйым салынса», ол – жергілікті «жаңашыл», рухсыз жандайшаптардың қиямпұрыстығы.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы