Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ: Елдің ертеңіне деген ҮЛКЕН ҮРЕЙ БАР…

Дат

Театр сахналары мен кинофильмдерде қазақ хандары мен сұлтандарының эталоны болған, жасы 70-ке келген Тұңғышбай Жаманқұлов туралы біз бәрін білеміз бе? Ал «бәрін білетін» «Википедия» былай дейді:
«Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов (1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Абай ауылында туған) – актер, режиссер, театр педагогы, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор. Қазақстанның халық әртісі (1992). Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1992). Жамбыл облысының құрметті азаматы (2006). «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері. 1982 – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (Қазақ ССР), 1980 – Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты. Байзақ ауданының құрметті азаматы (2005). ҚР көптеген мерекелік медальдарымен, президенттің жеке алғыс хаттарымен марапатталған. ҚР Білім беру ісінің үздігі. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері».
Ал кезіндегі атақ-даңқы төске өрлеп, кейіннен қиянатпен сотты болған Тұңғышбайдың қазіргі тірлігінен, оның бүгінгі жан-күйінен не білгіміз келеді? Тарлан талант иесін газет редакциясы атынан 70 жасымен құттықтап, көпшіліктің көкейінде жүр-ау деген біраз сұрақты көлденең тартқан едік. Сондағы Тұқаңның «бір сөзін өзгертпей басыңыздар» деген сұхбаты төмендегідей болды.

– Тұқа, жеке жылнамаңыздың «70 жыл» деген бетін ашқан екенсіз: көңіл-күйіңіз қалай? Өткен соттың басқа салғаны қажыр-қайраттың біразын «жеп» қойған жоқ па?
– Жеді, неге жемесін… ет пен сүйектен жаралған адамбыз?! Оның үстіне сол нақақ нәубетті ұйымдастырған жебір сынды арсыз адам емеспіз. Жанға жара салынды, жүрекке дақ түсті, үміт жіңішкерді, ой орманын өрт шалды. Көңіл алаң, сезім жұтаң тартты. Сенім селдірленді, өткенің өкініш, келешегің келеке, болашағыңды бұлдыр тұман шалды. Осының бәрі билікте отырған бір нәкәстің (нәкес) боқты кө…інен бықсыған былық.
Аллаға шүкір, қажыр-қайрат орнында. Мен күткен ертең ертерек келсе екен деп отырмын: сонда болар жекпе-жекте қарымтаға дайынмын. Ол күреске қажетті күш-қажырды мен дегенде жанын қоярға жері жоқ тілеулес халқым беріп отыр.

– Турасын айтыңызшы, Тұқа, басы бәлеге қалып, сотты болған адам кінәмшіл келетін әдеті бар еді (оның үстіне басынан сөз асырмайтын қазақпыз): сөз нышаныңызға қарағанда, әділетсіз әлдекімге, атқа мінер ағайындарға өшпестей өкпеңіз қалған сияқты…
– Қалғанда қандай! Мен туғанда, шешем қалжа жеген – өкпе мен өшпенділікке мән бермейтін намыссыз боп туғам жоқ! Сонау «Желтоқсанда» ұлтым үшін шүберекке түйілген жанды құлқын үшін айырбасқа бермеспін! Атам Жаманқұл айтқандай, «бөрі жеген бөксем бар, иттен несін аяйын»… Кезі келгенде кезенермін, сол кезде қаны сұйылмаған халқым қасымда боларына еш күмәнім жоқ! Әлгі нәкәсті мұхит асса да, Алла алдыма келтірер!

– Қиянаттың ішке қатқан қаны ізгілікке іңкәр өнерге сыңар бола алмайды десек те, сол соттан аман-есен құтылған соң, сіз кешкен тірліктің өрісі не болды, Тұқа? Бүгіндері қай жақта жүрсіз?
– Өнерім – Жаратушыдан! Оның өрісі тарылса да, өресі тарылмайды! Қай жақта жүруші едім? Елімде жүрмін, өнердің ауылындамын. Мұхит асып қашатындай, қалтаға түскем жоқ, кісінікіне қол салғам жоқ. Оңым да, солым да, қолым да таза! Ісімді де, ізімді де кір шалған жоқ. Осы сұхбаттан кейін қуылып кетпесем, Әуезов атындағы театрдың актерлық тізіміндемін, «Жүргеновте» профессормын. Қоғамдық ұйым боп, борттың сыртында қалған, Қазақстандағы 54 өнер ошағының басын құрайтын республикалық «Театр қайраткерлері одағының» айлықсыз, көліксіз, баспанасыз төрағасымын. Ай сайын шығатын «Театр.kz» журналын шығаруға демеуші іздеп, жападан-жалғыз сандалудамын. Табамын. Шығарамын!

– «Дат» деген бізге аттас театр құрған екенсіз: ең алдымен құттықтап қоялық – өнерге шаңырақ қосқан қадамыңыз оң болсын!
– Айтқаныңыз келсін! Аттас болғанмен, жүзер айдынымыз бөлек…

– Ендеше жаңа театрдың мақсат-мүддесін ел-жұртқа жария етейік: алғашқы тырнақалды қойылым сіздің ғана орындауыңыздағы моноспектакль екен – бұл өзі жалғыз Тұңғышбайдың театры болмай ма?
– Уақыт көрсетер… Аш жүрсек те, айналаңызда жүрейік дейтін мұңдас, сырлас, дерттес, сертке берік достар мен әріптестер, кедір-бұдырсыз, бұрылыс-бұлтақсыз шәкірттердің бетін қақпаспын. Жеке театрлардың әманда желкесі жіңішке… Ақшасы мен бақшасы бабына келмесе, боқтыошақ боп босып кетуі кәдік. Парқыңды білер патша, нарқыңды білер нартұлғалар барда, қадірсіз болмаспыз деген дәме бар.

– Айтпақшы, «Дат!» деп, леп белгісін қосып белгілеген атаудың астарында не бар, аға? Әдетте ежелгі қазақ бұл датты хандарға ғана айтушы еді: сіздің бәс тіге сөз сұрауыңыздың бағыт-бағдары қай жақ?
– Астарында, ең бірінші, сіздердің көгеннен іргені аулақ салу бар. Бар гәп – сол леп белгісінде боп тұр. Әуелі – ол сіздердің «бізді қайталап жатыр» деген қазақы дауларыңыздан құтылу, сосын айтарым бар деген «айқай» меңзеп тұрғанын ұққан шығарсыздар, сөз қуған сөзуарсыздар ғой… Бірақ біздің айқай – жәй айқай емес, өнер тілімен айтылатын жанайқай… Білесіз: жанайқай – ханға да, қараға да, қоғамға да бірдей. Пендешілік те, саясилік те емес, олардан биік, Адами айқай. Көңілдеріңізге келсе де айтайын, пендешілік – екі тесіктің қамы, саясилік – тақ пен тәждің аңсауы. Заман азған жоқ, Адам азды! Ашкөзденді! Дон-Кихоттар дөң асып, келместің кемесін мініп кеткен, елде Мефистофельдер той басқарып жүр.

– Тұқа, біздің «ДАТ» 20 жылдан бері сол адамды аздырған билікпен жағаласып келеді: қарым-күшіміз кем болса да, қара-құрым қолдаушымыз бар. «Көңілімізге келер» дәнемені даттаған жайымыз жоқ… Ал «Дат!» деп, күштіден сөз сұраған соң, жеке бастың «жыры» болмайтыны анық: сіздің театр тарапынан қоғамның қойыртпақ қоясын қопару жағы қалай болмақ?
– Бейілміз. Өзің сүрген қоғамға, кезген кезеңге құлықсыздық – өнерпаздық емес, шала жансар көгенкөздік. Ұлы сөзде ұят жоқ: «көңілсізден кө…сіз бала туады» дейтін атам Жаманқұл… Басты меже сол – сіз айтқан қойыртпақ қоя. Тек саяси реңкпен емес, суреткерлік өремен! Шығармашылдық шырылмен! Ұлтыңның кешегісі, бүгінгісі, ертеңіне деген өлермендікпен!

– «Қойыртпақ қоя» демекші, жалпы, бүгінгі елдің жағдайын қалай бағамдайсыз? Қоғамның жай-күйі театр сахнасынан көрініс таба ма?
– Бұл жағынан сіздермен тілеулеспіз. Ел болмаса, біз кімбіз! Тіл тағдырына тартпасақ, неміз қазақ?! Жер тағдырына жыламасақ, неміз ұрпақ?! Бабадан қалған аманатқа берік боп, атой салмай, немқұрайды қалсақ, несіне бөрік киеміз?! Несіне мұрт қоямыз?! Несіне шалбар киеміз?! Атадан ұл боп тумай-ақ туа шөкпедік пе?! Ананың ақ сүтінен садаға кетпедік пе?!

– Тұңғышбай аға, сіздің де бір басыңыз талай қиянатты көрді. Ал әртіс қауымына өнерді алалаудан асқан қиянат жоқ шығар: мәселен, бүгіндері әлемдік гастрольдерге 60 жылдық тарихы бар «Гүлдер» ән-би ансамблі емес, бесіктен белі шықпаған «Астана-балет» деген театр шығып жүргенін естіген шығарсыз? Оның өзі театрдың өз ақшасына емес, мемлекеттің қаржысы есебінен жасалатын сапарлар екені мәлім. Осы сияқты қиянаттар қақысында айтар не бар, Тұқа? Өсіп келе жатқан таланттар арасында өрісі тарылған кімдерді атар едіңіз?
– Қусыз, ә! Жұрттың бәрі білетін құпияны менің аузыммен жария қылмақсыз… Мейлі, не көрмеген бас… Біріншіден, «Гүлдер» – эстрадалық ансамбль, кезінде оның да бармаған жері, баспаған тауы жоқтың қасы. Ол кездер жетпісінші жылдардың астында қалды. Заман озды, талғам өзгерді. «Астана-балет» бесіктен белі шықпағанмен, төрткүл дүниенің талабына, әлемдік талғамына сай кәсіби-хореографиялық ұжым болуы керек деп ойлаймын. Негізі солай болуы керек. Болмаса, болдыру керек. Ол басқа мәселе.

– Біздің сұрамақ «басқа мәселе» – өркениеттің белбала өнері – балетті Батысқа, орыстар айтпақшы, «Тулаға самаурын апаруға» ақша шашу қажет пе еді?
– Мемлекеттік қаржыландыруға келсек, оған да қарсы болмаған жөн. Алайда сол қаржыға көз алартып, дәмелі жемсауы желкілдеп, ақша шашуға келгенде, игерілмей жатқан қаржыны аста-төк жасауға «мәстір», қыпша бел қыздарды көрсе, аузынан суы ағатын министрді көгендеу керек-ақ…
Оны айтасыз, жоқ жерден «Астана мюзикл» деген де театр ашып, буыны қатпаған қазақы артистерге белдері көтермейтін шоқпар асындырып, шетелде әлдеқашан қаңсық болған шығармаларды айна-қатесіз көшіртіп қойғызып, олардың декорациясы мен ән-әуеніне авторлық нәпақа төлеп, сол мюзиклдің шыққан жері Парижге ұялмай апартып, қыруар ақшаны желге шашты.
Қазақтың ата театрында «АЛЖИР»-де (репрессия жылдарғы концентрациялық түрменің атауы – Ред.) тұтқында қалған Ахико деген жапон шалды әлдеқандай қылып, пьеса жаздырып, оны сахналатып, Токиосына қолтықтап апарып, айды аспанға бір-ақ шығарған. Ұлтымыздың тарихы мен басынан өткен зобалаңын жарты әлемге паш еткісі келген ұлтжандылық идеяны іске асырғысы келсе, толып жатқан тарихи тақырыптар бар емес пе? Мұнда да әлгі спектакльді мұхиттың ар жағында бір күн ойнау үшін ақшаны судай сапырды! Әншейінде саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын тексеруші органдар артын қысып, үй айналып, бұғатын көпек иттей үнсіз қалды…
Қызғанды демеңіз, күлімкөз қыздарды да, үкіметтің қаржысын да өзінікіндей иемденіп қана қоймай, білгенін де, білмегенін де істейтін, тисе терекке, тимесе бұтаққа сілтейтін, ардың-гүрдің сөйлейтін «шешендігіне» таңданыстан таңдайымыз кепсе де, маңдайымызға тимей-ақ қойғаны – ғасырдың жұмбағы шешілмес «ғаламаты» десе болғандай… Оқ өтпейтін, сөз дарымайтын «феномен» болды.

– «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дегеннің кебін киген кезді өз көзімізбен көріп, «феномендер фабрикасы» атанған ел болдық. Сол «феномендердің» деуімен саясат пен мәдениеттің әкім-қарасы театрдың аяғын тұсайды, «Дат!»-қа сахна бергізбейді деп ойламайсыз ба?
– Ойлағанда – қайтпекпін?! Бүгін көрген құқай ма?.. «Феномен» министр таққа отырғалы, «Қазақфильм» мені рольге шақырмақ түгілі, ауласына кіргізе алмай әуре. Мен бел ортасында жүретін «Қазақ хандығы», «Томирис» фильмдері хандар мен бектерді сомдаған Тұңғышбайсыз түсірілуде. Киностудияның басшысынан қосшысына дейін бірде-бір фильмге Жаманқұлов жолатылмасын деген қатаң бұйрық берілген. Бар кінәміз – нақақ «істі» болғанымыз… Сол күндері сот ісіне белсене араласып отырған министрдің «іскерлігінен» киношылардан 14 адам кәмәсия құрылып, біздің әлі бастап үлгермеген кино-жұмысымызға «онша дұрыс емес» деген «сараптама» жасалып, ұзын-сонар әктіге қолдарын қойғыздырды… Арасында аралас-құралас болып, дәмдес-тұздас сынды сормаңдай сценарист-режиссермін деген боркемік доссымақтардың болғаны қара жерге қаратты… Он бір адам сотталдық… Бірімізде де бірде-бір екі қабатты коттедж, қос-қостан «Хаммер» автокөлік жоқ… Он біріміз де тақыр кедейміз десек те болады… Диванның астынан пәшкі-пәшкі ақша тауып, қос-қостан кең сарай үйлерді, самолет-вертолеттерді тәркілуге бойлары үйреніп, алақандары қышып қалған тергеушілердің түк таппағаннан ұнжырғалары түсіп, «ұялып» қалды…
Сола-а-ай, жігіттер… Бұл күндері Абылай, Әбілқайыр, Қайырхан, Жәнібек, Салқам Жәңгір, Тәңірбергендерді «тірілткен» жанкештіден гөрі Бекежан, Қодар сынды қорқауларды ойнағандардың, миллиондарды жымқырғандардың жұлдызы жанып тұр… Талғамға талас жоқ деген… Мәдениет пен өнерге жанашыр болар басшының «іскерлік» өресі осы!
Хо-ош деңіз… Ал «ДАТ!» театрының алғашқы туындысы Қолғанат Мұрат есімді естияр баланың жазған «Қуыршақтар» моноспектаклін есті өмірімнің елу жылын сарп еткен төл театрымның кіші сахнасына қоюға рұқсат ала алмай жүргеніміз – судай жаңалық. Асхат Майемиров деген аяқ астынан асығы алшасынан түскен, Астана мен Алматыдағы екі бірдей театрдың тізгінін талтайып ұстаған, министр Мұхамедиұлының «меншікті» майшелпегі шешімге келе алмай шерменде…

– «Шерменде» дегеннен шығады: сол соттан кейін, келіншегіңіз – белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіптің театрдағы рольдеріне шектеу қойылыпты деген сөз шыққанын білеміз. Ол теперіштің соңы не болды? Дәрия-бике театрда қалды ма?
– Ой, сұрамаңыз! Келіншегім көрген құқай менен де асып түседі! Мен «істі» болып жатқанда, шәкіртсымағым Ерлан Біләлға министр тапсырма береді: Тұңғышбайдың әйелін алдыма әкеліп, аяғыма жығасың деген сыңайлы. Еңлік деген қыз балаға араша түскенім үшін, ол нәкәс қарымта ретінде менің әйелімнің сағын сындырмақшы болған екен… Асқандық деген осы да! Бұл да бір ардан ада адам баласына бітетін дерт шығар, шамасы… Астанаға билет алып қойып, үш күн бойы үйге де келіп, аңдып, тыным бермеген Біләлдан келіншегім зорға қашып құтылған. Олай болған күнде, қанша «құдай» болса да, министрің бір оқтық еді… Көрер қызығы бар екен байғұстың… Сонда түрмеге шын пейілмен отырар едім де… Аярлығының (афера) бәрін әйелдер арқылы іске асыратын «таланты» аспандап тұр. Маған араша сұрамақ болып, пресс-конференция жасамақшы болған шәкіртім Қадырғалидың сол «Астана-балетте» биші боп жүрген қаршадай қызына доқ көрсетіп, әкесін райдан қайтармаса, жұмыстан қуыласың деп, зар жылатқан екен… Сол пресс-конференцияға қатыспақ болған Желтоқсан көтерілісінің жоқтаушысы Гүлбахрам Жүніске де телефон шалып, райынан қайтармақ болған. Шақырылған тележурналистер есік алдынан «ойбай, бізге жоғарыдан, министрліктен нұсқау түсті, кешіріңіздер» деп қайтып жатты. «Күштінің к…ті диірмен тартатыны» рас екен…
Хо-о-ош деңіз… Бәрі рас… Келіншегімнің рольдеріне шектеу қойылды, Дулат Исабеков ағамыздың мерейтойына орай Лондонға барған спектакльден Дәрияны жалғыз өзі ойнап жүрген ролінен алып тастап, басқа актрисаны жегіп, Англияға барды. Әңгіме – Англияда, оны көре алмай қалып, көштен қалуда емес қой. Бұрындары жыл сайын сол Лондонға үлкен ұлымыз Ақсұлтанды апарып, екі ай жатып, ұлымыз ағылшынша оқып, Дәрия талмай театрларын аралайтын… Көпе-көрнеу қысастықта, нойыс нәкәстікте… Киноға жолатылмайтыны да шындық. Ол түгілі сериалдарға да шақырылмайды. Осы кеше ғана Ұлттық арнада көрсетіліп жатқан «Отыңды өшірмедегі» басты рольге түсіруші жігіттер бастарын бәйгеге тігіп жүріп, рұқсат алыпты! Сұмдық қой, ә!!!

– «Сұмдық!» демеске лаж жоқ. Дегенмен, «Тұңғышбай да 70-ке келіпті…» дегенге тәнті көрерменіңіздің біреуі сенер, біреуі – сенбес: елге қаратып айтар болсақ, өзіңіз бұл белестің биігінен нені көрдіңіз? Сол биіктің астында – елдің ертеңіне елең қылатын не бар екен, аға?
– Үрей бар… Елдің ертеңіне алаң бар… Бұл үрей мен алаң қалың елім – қазағымнан емес, шенеуніктердің шексіз қансыздығынан өрбіген үрей… Не боламыз, қайтып ел боламыз?!.. Жаппарқұлдар жайлаған елден не үміт, не қайыр?! Басыма бұлт оралған күндері қайда барсам да тыным бермей, «аға, министрді «қайталанбас тұлға» деген сыңайлы мақтап, үлкен кісіге хат жазыңыз» деп, қайта-қайта мазамды алған Сәбит Әбдіхалық атты жандайшабы, еркектен артық мінез көрсеткен Еңлік қызды іздеп тауып, ата-анасына министрдің атынан «ақыл» айтып, «тыныштандырған» Жеңіс Сейдоллаұлы сияқтылардан азар да безер болғанымды кімге түсіндірем?.. Міне, осындай ортақол өнер «шеберлері» бүгіндері мәдениет мекемелерінің бір-бір басшысы болып отыр… Ректор – солар, директор – солар, тіпті болашақ министр де, бәлкім… «Тұңғышбайды асу керек» деп, «Фейсбукты» жарған Астанадағы Ұлттық кітапхананың директоры өзі ұрлықпен ұсталғанда, «қандыкөйлек» қызметкерін ақтап алып, қайта таққа отырғызуға да пәтігі жеткен, «қолы ұзын, қоңы қалың», бетін тіліп жіберсе, қан шықпайтын, шашасына шаң жұқпайтын Мұхамедиұлының «командасы» осындай!
Мен жетпістемін ғой: ал жетідегі жеткіншегімнің күні не болады?.. Шетелде оқитын ұлымның елге қайтқысы жоқ… «Қой, балам, қайт!» деп жатырмын. Бұл нәубет те өтер, министрлер де мәңгілік емес қой, ұятты, текті біреу келер, «Орнында бар оңалар» деген арғыдан қалған бабаларымның аталы сөзін қайта-қайта айтамын. Баламның мұңлы көзіне көзім түскенде, әңгімемнің көгені үзіліп кетеді…
Үзілмейтін – жалғыз Ұлы Мәртебелі Үміт қана…

– Сол үміттің оты жаныңызды жылытсын, аға! Әлі де өнерге берері көп азаматтардың амандығы – ел тілегі: аман болыңыз! Шаншуы шашылып түскен сұхбатыңызға рахмет!

Ермұрат БАПИ

(медиа-проект «DAT» №35 (447) от 4 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн