Суббота , 5 июля 2025

КЕСІЛГЕН ТІЛ, ШЫҚҚАН КӨЗ

«Обще­ствен­ная позиция»

(про­ект «DAT» №8 (372) от 2 мар­та 2017 г.

Астар

 


 

О тоба, көзінің орны үңірей­іп тұр. Не балқы­тып қорға­сын құй­ған, не көмір­дің шоғы­на қақталған қып-қызыл істік­ті бырш еткізіп сұғып алған. Әлде авто­ген­нің жалы­ны­мен күй­дір­ді ме екен?! Әйте­уір қос жанар­дың орны – үңірей­ген қуыс. Жүре­гім атқақтап, аузы­ма тығыл­ды. Бар күшім­ді жиып, соңғы рет қара­дым: тұла бой­ын­да бұры­нғы дегдар бол­мыстан тұл­дыр да жоқ. Сүле-сопа біреу. Оның кім екені­нен хабар беретін жалғыз бел­гі – басын­дағы көзта­ныс қал­пағы ғана.

Мен Алаш ақсақал­ды бала күнім­нен біле­мін. Әкем­нің сыр­ла­сы еді. Жалғыз әкем емес, бүкіл ауыл оны пір тұта­тын. Оның сөзі – сөз еді. Оның айтқа­нын халық ақиқат­тың шыңы санай­тын. Кей­ін біліп жатыр­мын ғой – Алаш ақсақал­ды бүкіл қазақ дәл осы­лай баға­лап­ты. Айтқа­ны­на ұйып­ты, пай­ы­мы­на наныпты.

Өзі де бір өзге­ше жара­ты­лған жан еді-ау! Жасы жүз­ге жуы­қ­та­са да, бой­ы­нан жасты­қтың жалы­ны есіп тұра­тын. Ел мен жер­дің бүтін­ді­гіне қауіп-қатер төн­се, Алаш ақсақал айғай салып алды­ңғы шеп­ке шыға­тын. Қаза­қтың намысы үшін, әділет­тілік үшін кім­мен бол­са да айқа­са кететін әдеті – қаны­на сіңіп кеткен.

Өзге­ге қай­дам, маған осы кісі өлмей­тін­дей, мәң­гі жас көрі­ну­ші еді. Мен оны күн сөн­ген­ше өмір сүретін шығар деп ойлайтынмын.

…Өлмеп­ті. Бірақ біз оны жоғалт­тық. Ақсақал іңір­де ізім-ғай­ым бол­ды. Бір топ қыз­мет­ші таңер­тең бөл­месіне кір­сек, іші астаң-кестең, киім-кеше­гі шашы­лып жатыр. Әлдебіре­улер төсек­те жатқан жері­нен бай­лап әкет­кен тәрізді. Тел­пе­гі аяққа тап­та­лып­ты. Күш­теп, сүй­реп әкет­кені – шұба­ты­ла созы­лып, жар­ты­сы босаға­ның сыр­ты­на шығып кет­кен бел­бе­уі­нен аңдалады.

Біз оның қолы­на су құй­ып, иығы­на шапа­нын ілгені­мізді бақыт санай­тын­быз. Қол­ты­ғы­нан демеп, мәсісін кигіз­гені­мізді мәр­те­бе көр­дік. Енді ол жоқ. Қай­да? Кім әкет­ті? Қай­да әкетті?

Мен оны осы­дан бір апта бұрын көр­дім. Алды­мен дауы­сын естір­мін деп үміт­тен­гем. Өйт­кені оның қаһар­лы дауы­сын­дай дауыс бұл әлем­де жоқ. Қаза­қтың намысы­на тиетін сөз есті­се, қаза­қтың несі­бесіне өзге­лер көз аларт­са, Ала­штың дауы­сы аспан­ды қақ айы­рар­дай гүр ете түсетін.

Саңы­рау болғыр құлағым оның бұл үнін ести алма­ды. Мен оны топ кісінің ара­сы­нан көрдім.

Сеней­ін бе, сен­бей­ін бе – ақсақал өзі жек көретін, жиір­кене қарай­тын жағым­паз шал-шабыр­дың, олар­дың өрен-жаран­да­ры­ның ара­сын­да тұр. Мені бай­қар ма екен деген дәме­мен айнал­соқтап біраз жүр­дім. Наза­рын бұр­ма­ды. Әлде көр­меді, әлде көрмегенсіді.

Екі күн­нен соң қай­ы­ра соқтым. Тура кеше­гі қал­пы. Қаққан қазы­қтай қақай­ған күйі тұр. Мына әлем­де не болып жатқа­ны оған бәрібір сияқты. Айна­ла­сы мәз-мәй­рам. Кеше ғана маңы­на жуу­дан қай­мы­ға­тын­дар енді оны­мен сыр­лас-пікір­лес жан­дар­дай қасы­на топ­та­лып алып­ты. Жүз­дері­нен өзін Ала­шпен тең санай­тын астам­шы­лық бай­қа­ла­ды. Әлде аузын айға біле­ген Ала­шың да біздің қата­ры­мы­зға өтті деп масай­рап тұр ма?!

Шыдай алма­дым, көп­тің ара­сы­нан киме­леп, сүріне-қабы­на ұмты­лып, тура алды­на келіп тоқта­дым. О қу Құдай, мынау – біздің ақсақал емес. Кеше­гі қасқыр іші­гінің қай­да қалға­нын кім біл­сін, үстіне Қытай­дың арза­нқол жұқал­тым, жыл­ты­рақ пла­щын киіп алып­ты. Оны­сы­ның жеңі шын­тағы­нан сәл ғана асып тұр. Өңірі алқам-салқам. Сон­ша уақыт қасын­да жүріп, ақсақал­дың жас бала құсап, қара көзіл­дірік таққа­нын көріп тұрға­ным – осы.

«Ата­тай-ау, мына жүрісің не сенің?!».

Аяғын құшып, өкі­ре құла­дым. Мені таны­ды. Таны­ға­нын иығы­ма тиген қолы­ның жылуы­нан сездім. Өңін­де абы­р­жу ма, ашы­ну ма – әйте­уір бір­деңе бар. Бірақ оны ажы­ра­тар­лық қауқар мен­де жоқ еді.

Сұм­дық содан кей­ін бол­ды. Ақсақал көзіл­дірі­гін көтер­ген… О тоба, көзінің орны үңірей­іп тұр… Көзім тұман­да­нып, қою қараңғы­лы­ққа сүң­гіп бара жаттым.

Бір қара­сам, қау­ма­лаған көп­тің орта­сын­да тұр екен­мін. Дұры­сы, әлдебіре­улер ақсақал­ды қау­ма­лап алып­ты. Мен оның жанын­да­мын. Екі-үш еркек, бірер әйел ерекше бел­сен­ді. «Е‑е, бай­ғұс ақсақал­ды түн орта­сын­да сүй­реп әкет­кен жаңа қыз­мет­шілері – осы­лар екен ғой!» деп топшыладым.

Бәрінің көзін­де – қара көзіл­дірік. Әлде көзіл­дірік емес, көз­дерінің өзі сон­дай ма?! Әйте­уір қап-қара, әйте­уір жып-жыл­тыр. Сырын алдыр­май­тын, ойын оқыт­пай­тын бада­на­дай-бада­на­дай кілең тас­көз. Біре­уінің белін­де шумақталған арқан жүр. Бірі қол­ты­ғы­на кет­пек­тей кем­піра­уыз қысып алып­ты. Енді бірі ұялы теле­фон арқы­лы алы­стағы әлдекім­мен сөй­лесіп тұр. Басын қай­та-қай­та шұлғып, ләб­бай­лап жатқа­ны­на қараған­да, тап­сыр­ма алып тұрған жайы бар. Әңгі­месі біт­ті білем, енді ол бұй­рық беру­ге көшті. Дауы­сы­нан тау қопарған кісінің зор­сы­нуы бай­қа­ла­ды: «Әй, ана неменің басын бері бұры­ң­дар, біз енді былай қарай жүреміз!».

Серік­тері ақсақалға ұмтыл­ды. Қимыл­да­ры жетек­те­ген­нен гөрі, жұлқы­лағанға жақын. Құд­ды, Ала­штың қыз­мет­шілері емес, оған биші­ке­штің итар­шы­ла­ры сияқты. Анау бей­ша­ра әлдене айтқы­сы кел­ген­дей, «а‑а» деп, аузын ашқан…

Аста­пы­рал­ла! Тілін кесіп алып­ты. Кес­кен­де де қыл­пыл­даған ұста­ра­мен осып жібер­ме­ген. Жүзі май­ы­ры­лған әлде­не­мен қида­лаған. Тілінің кесіл­ген бөлі­гі­нен қалған тұқы­лы ескі ара­ның жүзін­дей кедір-бұдыр.

Ақсақал бір­деңе айтқы­сы келеді. Бірақ бұры­нғы дауыс жоқ, үні жер асты­нан шыққан­дай, құмы­ғып естіледі. Кедір-бұдыр тіл­ден шыққан дыбыс – был­дыр-был­дыр. Мұны жағым­паз-жан­дай­шап­тар өз ыңғай­ы­на қарай тәп­сір­леп бара жатыр: «Был­дыр-был­дыр» – «бәрі жақ­сы», «был­дыр-был­дыр» – «бәрі дұрыс».

«Бәрі жақ­сы», «бәрі дұрыс» деген лепір­ме сөзді енді «Алға, Қаза­қстан!» деген көпір­ме ұран басты. Улаған-шулаған топ Алаш ақсақал­ды ортаға алған күйі ұзап бара жатыр. «Олар өтірік айта­ды, оларға сен­бең­дер! Ала­штың көзін ағы­зып жібер­ген! Ол ештеңе көріп тұрған жоқ! Ол мылқау. Оның тілін кесіп тастаған! Бей­ша­ра­ны мұн­дай қор­лы­ққа қалай қия­сы­ң­дар? Одан да өлтіріңдер!».

Менің бұл шырқы­раған дауы­сым алқа­лаған әңгі топ­тың айқай­ы­на көміліп кет­ті. Еріксіз, өз ықти­яры­нан тыс, толас­сыз түрт­пек­тен кей­ін ғана аяғын әрең басып бара жатқан ақсақалға қарай алмай, теріс айналдым.

Жүзім бұры­лған жақ – нөпір халық екен. Баяғы бей­қам, топан су тобы­ғы­нан кел­мей­тін қазақ. Олар Ала­штан айы­ры­лға­нын сезбей­тін де сияқты. Көз­дерін­де не болып, не қой­ға­нын аңға­ра алмаған таң­да­ныс қана бар.

Ала­шты ортаға алған тобыр өзен­нің арғы жағы­на өтіп бара жатқа­нын сезіп, жүре­гім шымыр етті. Бар күшім­ді жиып, ақсақалға ту сыр­ты­нан бол­са да, соңғы рет қарағым кел­ген… Дәтім жетпеді.

Сан­сыз­бай НҰРБАБА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн