АҚЫН КЕТТІ түгенделмей ЕР-ТҰРМАНЫ

Беу, дүние!

Көзінің тірісінде қазақтың классик ақыны аталса да, қазақ билігінен тиісті сый-сыяпат көре алмаған қайран Жәркен аға Бөдешұлы дүниеден өтті. Қоғам мен әдебиетші қауым тума талантын мойындаса да, коньюнктуралық тамыр-таныстықтың ым-жым кесапаты кесірінен ақынның пендәуи шері ішінде кетті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына бес рет ұсынылды – бес ретінде де ақтық комиссияда жолы болмады. Оның басына жазған тағдырлық биографиясы да, жағрапиясы да биліктің тақиясына тар келді. Қарама-қайшылық пәлсәфасына толы өлең-жырлары үшін алған жалғыз атағы – Қазақстан Жазушылар одағы беретін «Алаш» халықаралық сыйлығы ғана болды. Тиісті министрлік тарапынан ақынның таңдамалы жинағына да мемлекеттік тапсырыстың сыбағасы бұйырмады. Кезінде Мұқағали ақын айтқандай, «ер-тұрманы түгенделмей кетті»…

Бірақ Жәркен ағаның өлмейтін Ақындық тағдыры енді ғана басталды. Шекараның арғы бетінен – қазіргі Қытайдағы қазақ жерінен Атажұртын аңсап келген ақынның туған еліне деген сүйіспеншілікке толы жырлары талай жүректі шымырлатып, талай зерденің зейініне айналады.

  • «ДАТ» газеттер жобасының редакциялық ұжымы қазақтың ұлы ақындарының бірі Жәркен Бөдешұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстарына, барша әдебиетші қауымына қайғырып көңіл айтады.

АЙМАҢДАЙ АҚЫН

Не боп кетті дүние көркем мынау,

Жүрек сыздап тағы да өртендім-ау?!

Ақтамберді, Дулат пен Махамбеттің,

Сен де түстің жолына Жәркен жырау.

Жәркен жырау, Жәркен –жыр, Жәркен ақын,

Енді тумас дәл сендей көркем ақын.

Жырлағанда, Жәйір тау дүр сілкініп,

Жылағанда көзінен көл таматын.

Арғы тегің – Ер Түрік болған едің,

Бергі тегің – Ер Көкше болған едің.

Атырау мен Алтайдың арасында,

Жоқтап жатыр өзіңді толған елің.

Жармұхамед – азан сап қойған атың,

Жүрген жерің думан мен той болатын.

Бәйтерек боп қаласың жадымызда,

Жапырағын жыр болып жайған ақын.

Емен болып бүрледің түндерімде,

Аспан даусын естідің күнде-күнде.

Жұлдызға орын бермес Айым едің,

Ай боп қалдың, аға, жыр көгінде.

Сезімнен – сыр, жыр төккен ойдан дәйім,

Ақбөкен ең төңірегің толған қайың.

Аспан жаққа сен-дағы бет алдың ба,

Аспанға бас сүйеген Аймаңдайым?!

 Бауыржан ЖАҚЫП

ДАРА ЕДІ ДАНА ДАСТАН…

Қазақстанның азаматтық қоғамы орны толмас қазаға ұшырады – өмірден тәуелсіз тілді публицист, талантты саясаттанушы, дара Дастан өтті. Ол жан-жақты талантты жігіт болды: жазушылығы да, ақындығы да, музыканттығы да, тіпті қарапайым тұлғасы жақсы қазақ еді. Оның саясаттанушылық қасиеті де ерекше философиялық иірімдерге толы талант еді.

Ар мен жан тазалығын сақтаған Дастан соңғы жылдары билік өкілдері ұсынған ақысы ауыз толтырып айтарлық қызметтерден әрдайым бас тартып жүрді. «Зачем мараться этой преступной властью» – дегені бар еді бірде. Асыл арманы көп еді… Жаңа және жақсы Қазақстанды көруді аңсады, сондай замани елді өз қолымен жасауға тырысты… Қалды бәрі… Кетті!…

Өте өкінішті! Қазақстан қоғамы біртуар білімдар азаматтан айырылды. Атың өшкір коронавирус кесапаты Дастанның дара да, дана жолын қиып кетті. Орны толмас қаза… Кезінде Қазақстан демократиялық оппозициясының идеологиясын жасаған Нұрболат Масанов қайтыс болғанда, жетім қалғандай күй кешіп едім. Дәл сондай қайғылы қапылыстың қос батпан салмағын тағы да сезіндім…

Қош, алтын басты бауырым! Жатқан жерің пейіш болсын!

Ермұрат БАПИ

(Оқырман қауым Дастан Қадыржановтың қандай публицист, сұңғыла саясаттанушы болғанын зердесіне тоқып жүрсін деген оймен газеттің 14-ші бетінде оның «Абам бол!» журналында жарияланған «Казахская цивилизация» деп аталатын мақаласынан үзінді жариялап отырмыз).

  • «ДАТ» медиа-жобасының редакциялық ұжымы біртуар қазақ Дастан Қадыржановтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның ағайын-туғандарына, соңында қалған шәкірттері мен азаматтық қоғам өкілдеріне қайғырып көңіл айтады.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн