ОЛ МЕНІҢ БАРЫМ БОЛАТЫН

ОЛ МЕНІҢ БАРЫМ БОЛАТЫН

  • Иә, ол менің барым еді… Айтып отырғаным – «ДАТ»-тың оқырманы білетін Мәкімбай Бақытгүл Көпбайқызы. Мен оның туған ағасы – Мұхаметтің қызымын.

Мен ес білгелі, алтын әпкемнің қамқорлығы мен қолдауынан шықпаған маған оның қазасы ауыр тиді. Бала жасынан әділетсіздікті көп көрген Бақытым мектепті үздік оқыса да, 4 пәннен көпе көрнеу «төрттік» баға қойылып, алтын медаль иегерлігінен шеттетілген-ді. Ол сонда әділет жолында өмірінің соңына дейін күресетінін айтқан еді. Солай болды да…

Мен анамның құрсағында жатқанда, бойжеткен Бақытгүл жеңгесі Нүрсипаның қыз туғанын қатты қалапты. Отбасында үш ағасынан соң жалғыз қыз болып өскендіктен болар. Көпбай әулетінің алғашқы немересі болғандықтан, Бақан апам сол жылы қолдан-қолға өтіп, таптырмай оқылған «Мейір гүлденген шақта» повестінің әсерінен болар, менің есімімді Мейіргүл қойыпты.

  • Мені Барым өсірді

Тұңғыш бала, алғашқы немере болған мені анам 9 ай емізіп, әжем Көкеннің тәрбиесіне берген екен. Содан да болар, ата-анамды есімдерімен атап, Бақытгүлден соң туған Көкеннің қызы болдым. Еркелігімде шек болмады. Әжем 11 жасымда өмірден озғанша аяқ киімімді теріс киіп, еркеліктен өз қалаған образымда еркін де ерке қыз болып өстім. Әжем намаз оқыса, арқасында отыратынмын. Содан болар, кейін намазда оқылар құлағыма жағымды сүрелер тез жатталды. Бақытты балалық шағымда алаңсыз еркелеп өсуіме мүмкіндіктер жасап, қалаған ойыншығымнан бастап, киім-кешегіме дейін әперіп, әлпештеген менің Бақыт апайым мен үшін бар қалауымды жасайтын менің Барым болды.

Жалпы, біздің әулет әдебиет пен өнерге өте жақын болдық. Оған себеп – атамыз Көпбайдың қиссашы-домбырашылығы мен ақындығынан келген қасиет болар. Бақаң да сол қасиетке жақын болды. Менің әкем Мұхамет те өзінше өлең жазып, аудандық көркемөнерпаздар байқауында өте жақсы өнер көрсететін (пантомима, сықақ оқу, т.б), ал кіші ағасы Жұмахан домбырада керемет ойнайтын. Одан кейінгі ұрпақ – біздер – мен азырақ өлең жазам. Арман қуып, Алматыға келгенде, Театр және өнер академиясына түскім келген еді. Алайда ол мақсатты 360 градусқа өзгерткен Бақыт әпкем еді. Оның айтқаны бізге заң болды. Сонымен КазГУдің география факультетіне оқуға түсіп, оны бітіріп, бүгінде сол мамандықтың ғылыми жолында еңбек етіп жатқан жайым бар. Айналайын апатайым-ай десеңші, маған заманыма лайық адам болуыма мүмкіндіктер мен қамқорлықтар жасап кетті ғой!..

Бақатайымның үш ағасы Дәулетхан, Мұхамет және Жұмаханнан туған – Күміс, Жанна, Жанар, Әділ, Марал, Ақтөре, Шыңғыс және мен – біздің білім алуымызға, толықтай отбасылы болуымызға атсалысып, барын беріп, баптап тәрбиелеген біздің панамыз, қорғанымыз – әкеміздің жалғыз қарындасы Бақытгүл Мәкімбай болатын. Осылайша үш ағасының артынан ерген 8 баласына қамқоршы пана болды.

  • Бақанның әскери тәртібі

Үш ағасынан ерте айырылған Барым біздерді ағаларының көзі деп қарап, қызғыштай қорыды, аялады. Бірақ қатал еді, Бақан апам тағайындаған тәртіп деген әскери түрде болды. Қаталдық деген не үшін керектігін енді өзім бала тәрбиелеп өсіріп жатқанда, бір-ақ түсіндім. Университетте оқып жүргенімде, сағат кешкі 8-ден қалмай үйде болу керек. Сауық кешке, биге бару дегенге тыйым салынған. Ауылдан келгеннен шаш кесу, бояну деген мүлдем болмайтын және ол қайта талқыға салынбайтын тақырып еді.

Қайран апай-ай десеңші, біздерге – Жанар екеуімізге: «Мамандық таңдау, жұмысқа тұру, қалай киіну – барлығы менің айтқанымдай болады. Ал күйеулеріңді өздерің таңдайсыңдар», – дейтін. Солай болды да.

Бізден кейінгі «тәртіп эстафетасына» Шыңғыс тап болды. Тәртіпке бағынған құл болмас дегендей, темірдей тәртіптің арқасында өмірдің кез келген сынынан мойымай өтуге бейімделдік. Қаталдықдың ар жағында саған деген үлкен үміт пен шынайы тілеулестік барын білдік.

  • Сыйлық жасау салты еді

Біз студенттік сессиямызды беске тапсырсақ, Бақыт апайымыздың сыйлық жасайтын әдеті еді. Алтын сырға, сақина, алқа, жақсы киім деген мақсатқа жету жолындағы ынталандыру түрі болатын. Оның үстіне сол бір тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан кейінгі ауылдардың жұмыссыздығы мен қаржылық қиындығына тура келген біздің студеттік кезімізде ата-анамыздан қаржылай көмек мүлдем болмады. Сондықтан сессияны жақсы тапсыру – стипендия алудың басты мақсаты болды.

Қазір ойласам, жалғыз өзі қарапайым газет тілшісінің мардымсыз айлығымен біздерді қалай асырап, баққанына таңым бар. Менің әкем Мұхамет 1997 жылы 42 жасында қайтыс болды. Мен жиырмаға да толмаған едім. Жанар сіңілім сол жылы мектепті бітіріп, КазГУ-ге оқуға түсті. Мен 4-курс студенті – қаланы жақсы меңгеріп алғам. Бақытым сол жылы бізге цирктен еден жуушының жұмысын тауып, Жанар екеуміз сабақтан соң цирк қызметкері болып шыға келдік. Еден емес, шындығын айтқанда, дәретхана тазалайтынбыз. Айлығы 3 мың теңге, ол кезде ондай ақшаны анау-мынау адам ала алмайды. Барым осылайша еңбекке де араластырды.

  • Жанында жақсылар жүрді

Біздердің үй шаруасын дөңгелетіп әкетіндей аспаз болуымызға Бақанның жан құрбысы Ділдәр апайдың жасаған алуан тамақ түрлері, дастарханы үнемі бірден-бір үлгі бола білді. Ділдәр апай мен Қыдырәлі ағаның отбасының бізге сондай жақын болғаны соншалық, біз ол кісілерді Барымның достары ретінде емес, нағыз жанашырымыз, туысымыз деп білеміз. Ол кісілердің үйінен қарның да тойып, жаның да рухани байып қайтатынбыз. Екеуі де шығармашылық адамы болғандықтан, баспадан жаңадан шыққан тарихи, әдеби шығармалардың мазмұнына қанып, рухани тұрғыдан нәрленетінбіз.

Барымның қолының берекесі болатын. Тамақ жасаса, дәмді, киімді қысқарту, қайта өңдеп, сәндеп тігу деген сүйікті хоббиы болатын. Барымның дос қызы Ұлбала апай да керемет киім тігетін. Жаңадан шыққан сәндегі киімдерді сол кісі тігіп, біздердің көрікті студент болуымызға атсалысқан жанның бірі десем, артық емес.

  • Жатқа да жанашыр еді

Студент кезіме, сол жылдарға тұспа-тұс келген тағы бір жайт – елге оралған оралмандардың жағдайы болатын. Аядай бір бөлмелі пәтеріне Қытайдан келген 12 оралман қазақты пропискаға тұрғызды. Бұны Барым өзінің азаматтық міндеті деп білген еді. Олар кириллица қарпімен жаза алмағандықтан, бүкіл құжатын қолмен жазуды тағы біздерге – Жанар екеуімізге міндеттейтін Барым: «Қамқорлық жасау – әр адамның міндеті», – дейтін еді.

Сол оралман қазақтар бүгінде мықты бизнесмен, ауқатты отбасыға айналған. Алайда солардың бірде-біреуі Бақан апамның жаназасында бас көрсетпегені өкінішті-ақ болды…

Айта берсем, Барымның жасаған жақсылығында есеп жоқ. Бір күні, 3-курста оқимын, үйге келсем, менен біраз ғана үлкен Құралай есімді бір қыз жылап отыр. Барым саспастан маған: «Құралайды бір жетіден соң ұзатамыз», – деп жымиды. Сөйтсем, бұл қыздың жігіті алдап кеткен екен. Өзі айтқандай, Құралайдың тәтесін ауылдан шақырды, ұмытпасам, Жамбыл облысынан. Қашып жүрген жігітті қайдан тапқанын білмеймін, әйтеуір келер аптада жақсылап дастархан жасап, әлгі Құралайды біздің үйден ұзатқан еді. Сонда мен: «Бұл қыз кім, жақынымыз ба?» десем: «Бір жақсы қыз, ауруханада таныстым…» деп отыр сабаз апам. Сонда ғана ұқтым – жақын болмаса да, кез келген адамды қамқорлығына алу – оның жүрегінің кеңдігінен екен. Одан кейін сол Құралай балалы болды деп, артынан іздеп барып жүрді. Міне, алтын жүректі адам!

Ол өзінің әлдекімге жасаған қамқорлығына ақы сұрамайтын риясыз ақ жүректі жан еді. Аядай ғана пәтеріне оқуға түсуге келетін ақсуаттықтардың санында есеп жоқ. Кейде жаз болса – балконға, қыста – ваннаға жатуымызға тура келетін күндер де болды…

«Менің үйімде өлім болмайды, тек жақысылық жасалатын болады», – деген Барымның өз пәтерінен сүйегі шықпады. Өз аяғымен жедел жәрдемге отырып кеткен апам сол беті өз үйіне оралмады. Ауруханада 18 күн жатып, жан тәсілім етті. Сүйегі мәйітханада аруланып, жаназасы зират басында шығарылды.

Қайран апатайым-ай, жамандықты жақындарынан аластата жүріп, тек жақсылықты ырым еткен пейіліңді Алла да дұрыс деп қабылдаған адал құлдардың қатарынан екенсің!

Алғыс айтам…

Жоғары айтқанымдай, әділетсіздікті болашаққа басқан алғашқы қадамынан-ақ көрген бала Бақыт мектеп бітірген жылы КазГУ-дің заң факультетіне оқуға тапсырып, жолы болмай құлайды. Жақсы бағаға толы аттестатпен Алматы байланыс техникумына оқуға емтихансыз түседі. Аталмыш техникумды үздік оқыған студент Бакытгуль Мәкімбаева Киев қаласына саяхатқа барғандағы әсерін жиі-жиі шаттанып айтатын.

Ағасы Дәулетханның өмірден ерте озуы оны бірден есейтіп, бір-ақ күнде панасыз қалғанын айтқанда, етегі жасқа толатын. Жоғары білімі жоқ, қалалық прописка жоқ, не тұрақты жұмысы жоқ жағдайда «Қазақстан мектебі» журналына әріп теруші болып кіріп, бөлім редакторлығына дейін көтерген, еңбегімді, жағдайымды біліп, қамқорлық жасаған сол кездегі журнал редакторы Сайраш Әбішоваға алғыстармын дейтін. Аға өлген соң, пәтер жағалап, шынайы жетімдікті тартып жүрген қызға редакцияға қажетті маман ретінде үй кезегіне тұрғызып, 1993 жылы пәтерлі болуға септігін тигізіп, жақсылықтың төресін жасаған Сайраш апай болған-ды.

Пәтер жағалап жүргенде, жанашырлық танытып, әр кез қамқор болған Фарида Жолымбетова апайдың жасаған жақсылығы ұшан-теңіз деп отыратын апам. «Жақсылық жасауды кімнен үйрендің?» десең, осы адамдар менің жақсылығымның әліппесі дейтін. Редакцияға жұмысқа кірген соң, Ділдәрдай дос тауып, Қыдырәлідей ағалы болдым дейтін. Ұлбала апаймен де сол редакцияның жас мамандары ретінде достасып, жастық шағының сүбелі кезеңдерін бірге өткізген «қанды көйлек» достар-ды.

«Атымды дардай еткен «ДАТ» газетіме алғыстармын. «ДАТ» бар жерде – ақиқат бар, олай болса, мен бармын» дейтін апатайым. Сөйткен Барым өзінің «ДАТ»-ын 23 жыл бойы ештеңеге айырбастамаған адал журалист, өз кәсібінің шебері болды.

  • Жалғасы бар

Мейіргүл МӘКІМБАЙ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн