Қош бол, БАҚАН!

Бақанымнан айырылдым! 

Қысастықпен күн кешкен көште де, ерегескенмен өште де сенімді серігім еді. Бақаным барда бағытым бекем, ту арқам тұтас еді. Бақанымнан айырылған соң, аспан асты айдалада аңырап қалған, қиянда қаңғырып қалған күйдің кебіндегі сенделісті енді сезінген сияқтымын…

Қаншама жыл редакцияның шаңырағына тіреу болған қос аша қара бақан қапыда сынды. Ашасының бір басы болаттан құйылған, екіншісі асылдан жасалған есілім еді… Қақ ортасынан морт опырылды! Енді күлдіреуішке күш түссе, күлдіреген киіздей күніміз не болар екен?! 

***

Ширек ғасырда Бақанмен біргі қаншама газет шығардық: өмірі ұзақтау болған он екісі есте. Бір-екі санынан соң жабылғаны есепте жоқ. Сол газеттердің барлығының басы-қасында Бақан болды. Шаңырағын тіреді, уылжыған уықтарына әл берді. «Бақансыз шаңырақ көтерілмейді» дейтін ежелгі көшпелі қазақтың сөзін бүгінгі күні тұрақты мәтелге айналдырған бізден басқа біреу бар ма екен?

Бақан түйдіріп кеткен тағы бір бұрынғы тәмсіл өксік кептелген тамағыма тұтылып қалғандай: «Қарындастан айырылған жаман екен, екі көзге мөлдіреп жас келеді»…

***

Иә, мен жылап жүрмін. Бақанымды қара жердің қойнына мәпелеп қойған күні кеңкілдеп жылағам. Әлі жылап жүрмін. Анау бір жылдары шешем 58-інде кеткенде, осылай жылағам. Одан кейін егілгенім есімде жоқ: 59-ында кеткен Бақантайымның қазасы шешемнен кем болмады…

Кеше тағы да жыладым. Редакцияға келсем, аядай екі бөлме аңырап тұр. Турасы – қаңырап тұр. Сұп-суық! Адам баласы бас сұқпаған моладай. 

Бақаным қаланы жаяу аралап жүріп, ең арзанын «Светофор» базарынан таптым деп, арбаң-гүрбің алып келген қара шәугімі әдетте сарқ-сарқ қайнап тұрушы еді: енді басын бұтына тығып жатқан қара мысықтай мелшиіп тұр. Бұрыштағы «қырық жылғы» столында оқырманның ашылмаған хаттары үйіліп жатыр. Хат иелері Бақанның кім екенін, өмірден кім кеткенін білер ме екен?!

Көптен кісінің қолын көрмеген компьютерін шаң басыпты. Енді оған отырар оғыланды қайдан табам? Кім маған Бақан бола алады?

Қара терін сүртетін саржағал орамалы орындығының арқалығында ілулі тұр екен: бір шетін жас жуған бетіме бастым… Бақыттың иісі сезілді… «Бақытсыз қалған осылай ілулі тұрсын, терімді сүртіп жүрермін…» дедім өз ішімнен.

Өткен аптадан қалған ыдыс-аяқты жуып жүріп: «Ереке, енді жыламай көр…» дедім өз-өзіме тағы да іштей. Пластик пакетте көгеріп кеткен жарты бәтерді ұсатып, Бақыттың терезесін торуылдайтын көгершіндерге қоқымын көлбей шаштым. Бақан сөйтетін. Бұл бейкүнә мақұлықтар мақұрым шығар: кімнің қолынан қоқым шашылғанында шатағы бар ма? Бірақ бұрындары редакцияда көгерген нан қалмайтын: киесі ұрады деп, дәріден бастап, дәкеге дейін жүретін сөмкесіне салып әкетуші еді…

***

Бүгін астыңғы қабаттағы асханадан жылымшы көжені жападан-жалғыз сораптап отырып, тағы да көңілім босады. Қасығыма дейін сүртіп беретін. «Түкіріктеп сүрттім…» дейтін әзілі есіме түсіп, өксіктің арасында езу тарттым. 

Екеуіміз жұмыста жер қопарардай боп жүруші едік – жалғыз қалыппын. Кенжетай бет қаттауға сейсенбі ауғанда, қонаға келеді. Оған: «Әй, маңқа, үй-ішің аман ба?!» дейтін апасы алдынан шықпайды енді…

Азамат тиісті тапсырманы түртіп алып, жалақысы бізден тәуір жердегі екінші жұмысына кеткен. Кенже екеуіне өйтпеске амал жоқ – газеттен түсетін жарымас жалақыға бала-шаға асырау мүмкін еместің мұқтажы меңдеген… «Айсұлуға сәлем айт!» деп, қатын-баласын түгендеп жүретін Азаматтың жұмыстағы жанашыры жоқ енді…

Қорбаңдап келіп, газеттің есебін, жиырма-отыз мыңнан аспайтын ақшасын беріп кететін Ерік бауыры әпкесін әлек боп іздесе – таппайды… «Бақыт апайдың жетісіне сойылатын қойға заказ бердім…» деген сөзі дәтке қуат қана…

Сәрсенбінің сәскесінде бет оқуға келетін Айман құрбысы бүгін есікті жылап ашарын сезіп отырмын… Соңғы жылдары бір-біріне бауыр басқан қос құрбы еді – сыңарынан айырылған Айманды басу сөз сабасына түсіре алар ма екен?

Екі ай ауырып жатқанда, әйтеуір бір келеді ғой деген сенім Бақыттың жоғын сездірмейтін. Жіпсіген жүзі жадырап, әне-міне кіріп келердей еді… Енді Бақан болмайды… Сене алмаймын… Ешқашан келмейтін болды. Өзім көміп кеткен Кеңсайдың тойымсыз топырағын түріп тастап, қойнауынан қайтып келген ешкім жоқ…

***

Бақыт турашыл туған тұлға. Анау-мынау жалтақойды бір сөзімен жалп еткізер мінезді еді. Бірде бір ағамыз газетке сұхбат беретін болды. Болды деймін-ау, бермесіне Бақыт болдырмады. Соның алдында биліктен теперіш көрдім деп, өзі келген жаққа ренішін сөз арасында сездіріп жүрген. Бақан сол ағасын шақырып алды. Шайын құйып берді, редакцияның жүгірмектерінен тыққан-мыққан тәтті-мәттісін алдына қойды. Сұхбат басталды. Көрші бөлменің ашық есігінен аңдып отырмын: Назарбаевтың аты аталған Бақытгүлдің сұрағынан анауың алай қашады, бұлай бұлтарады. Билікті жалпылама жадағай қамшылап өтпек ниеті бар. Ал «ДАТ» пен Бақанға былш еткізген батыл сөз керек.

Бір кезде Бақыттың шыдамы таусылды-ау деймін: «Ей, аға, жауапты ырбаңдатпай тура айтпаймысыз, әйтпесе билігіңе қайтпаймысыз!» – деп салды.

Анау сасып қалды. «Төңірегін төпесек, Нұрекең ешқайда қаша алмайды?!» деп, тағы сол ырбаңына сала бастап еді: «Әй, аға, 20 жыл болды сіз сияқтылар төңірегін шиырлағанға! Сіздің немереңіз де Нұрекеңнің ноқтасын киді, енді нені күтіп жүрсіз?!» – деп, сұхбатты кілт үзді. Анау ағасы үн-түнсіз шығып кетті. Бірақ сол сұхбаттың газетке шыққан үлгісінде Нұрсұлтанның нұсқасы сөз астарынан сезілгеніне разы болған ағасы ертеңгісін Бақытқа алғысын айтып кетті…

***

Кеңсайдың төбесінде де, кейіннен жаназа аста да әлденеше рет айтылған сөз: «Бақытгүл өлген жоқ…» деген болды. Көңіл жұбатуға жақсы сөз. Иә, 23 жылда әлденеше үзіліп шыққан 960 нөмірдің әрқайсысында тасқа басылған аты қалды. Енді ешкімге керексіз медаль-марапаты үйінде үйіліп жатыр.

Мен сотталып, бес жылға газет ісімен айналысуға тыйым салынғанда, тіпті корректор болуға да қақым қалмағанда: «Ер-аға, редактордың атына мені жаз, заты «ДАТ» боп қалса – болғаны да…» деп, түбірі «жау» сөзінен шығатын жауапкершілікті мойнына алды. Жаудың кім екені мәлім – бізді күні-түні аңдыған Ақорданың билігі. 2006 жылғы «Тасжарғаннан» бастап бас редактор болды. Он бес жылғы ол жазу архивте шаң басып жатқан газеттерде сақтаулы.

Бірақ әке мен шешеден шақа шағында айырылып, әпкесінің бауырында өскен, артында қалған жалғыз Шыңғысын «апаң тірі» деп қалай сендіресің? Ақиқатты қайтіп алдайсың? Универдегі оқуына кететін баласына ұйқысынан ерте тұрып, ботқасын кім пісіріп береді? Оның маңдайынан сыйпап: «Ағамнан қалған тұяғым-ау!» деп, кім құшырлана құшақтайды?

***

Көлденең кісіге көрсетпей көз жасқа әлі де әлденеше ерік беретін шығармын. Маған енді кім Бақан болады? Ұжымның шаңырағына Бақандай қара бақан табылмас… 

Білмеске Бақан кім еді? 

Адами ожданы озықтың орыны олқы боп қалады. Қашан да солай болған. Бақилық Бақытым маған осыны тағы бір дәлелдеп кетті. 

Әлбетте, орындаушы табылар, жұмысшы жалқы болмайды. Бірақ мен үшін Бақан сыңар туған сұңғыла. Еркегі ез боп кеткен дүниеде әйел басымен ердің есесін етегімен қымтап қалған ұрғашылар болған. Қабанбайдың ту сыртында Гауһар ару аттандап, аруақтарын шақырып, жауға шапқан. Бақан сол тұрпаттың тұлғасы, сол Гауһардың гөзал сынығы!

***

…Ертең газет шыққан соң, «Светофорға» барайын деп отырмын: жұмыстағы электр пеш күйіп кетіпті, тіпті қайтіп жасырайын, әжетке қажет қағаз да таусылған екен…

  • Жалғасы бар

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн