«Қазақстан жазушылары» кітапханасында белгілі ақын, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері, журналист, қоғам қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның құрметті жазушысы» Жұмаш Кенебайдың «Аққулар жүрек жасайды» атты поэзия кеші өтті. Әдеби шараны кітапхана жетекшісі М. Мұхаммедова жүргізіп отырды.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д. Гүлжаһан Орда өлеңмен жазылған «Аягөз» тарихи романы жайында қазақ халқының басынан өткерген қасіреттер жайлы қанды оқиғаларға автор жан бітіріп, қазіргі қазақ әдебиетін тарихи оқиғалармен, ұлттық қаһармандармен толықтырып отырғанына тоқталды. Қаламгерлер Бақытжан Тобаяқов, Сержан Тоқтасынұлы, Болат Есіркеп, Темірақын Жақып, Жаңылхан Мәмежанқызы ақынның шығармалары халқымыздың тарихы мен тағдырының айнасы, ұлттық мәселе талқыға түскенде оның ешқашан өзіндік ұстанымынан айнымағанын атап айтты. Кітапхана қызметкері Аружан Сламбек ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесімен таныстырды.
Шара барысында ақын Жұмаш Кенебай оқырмандардың сұрақтарына жауап бере отырып, өзінің өмірі, қоғамдық қызметі, өлеңдері, тарихи еңбектері, ой-толғамдары туралы сыр шертті.
Ғ.Мүсірепов атындағы № 86 мектеп-гимназияның, № 175 «Жаңа ғасыр» гимназиясының оқушылары мен Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің студенттері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Дәстүрлі әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Саят Нұрғазин халық әні «Гаухартас», «Аягөз» әндерін орындаса, № 175 гимназия оқушылары Келгенбай Мұхаммед, Аманғали Рамазан күй тартысты жарыса ойнап, Батырбек Даниял «Менің әкем ең жақсы адам» әнін, Хуанайқызы Аружан «Мереке» әнін шырқады.
Кеш соңында кітапхананың ардагер қызметкері Е. Ағайса мерейтой иесіне ізгі ниет білдіріп, белсене атсалысқан қатысушыларға Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры М.Бектембаевтың атынан Алғыс хаттар табыстады.
«Қазақстан жазушылары» кітапханасының жауапты қызметкері