«Жаңа Қазақстан» АЛТЫНБЕКТЕН басталса керек-ті

  • Әлгі қазекеңнің «қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» дейтіні осындайда айтылған ба дерсің. Қаңтардың 16-жұлдызында Ғ. Мүсірепов атындағы театрда Алтынбек Сәрсенбаевтың 60 жасқа толған шағын қарапайым қазақ азаматтары атаусыз қалдырмай, діттеген ой-армандарын сахналап көрсетті.

Алтынбекті қадір тұтқан қара орман қазақ жұрты залға сыймады. Жазушылар одағының хатшысы, белгілі ақын Беделхан Бақыттың туындысы қойылды. Театр актерлері жаздың бел ортасынан бері Райымбек, Кеген, Шонжы, Қаскелең ауданының театрларында Алтынбекті жан-жақты насихаттап, оның ірі қоғам қайраткері екенін танытудағы алғашқы тырнақалды еңбектерін, тәуелсіз еліміздің алғашқы іргетасын бекітуге ерен еңбек сіңірген тұлғаға айналғанын, қырықтағы қамал бұзар шағында оқ құшақтап, опат болғанын қалың көпшіліктің есіне салды. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құрамыз деген ұраны осы Алтекеңнен бастау алса керек еді. Алаштың арыстай азаматы еді, атаусыз қалмаса екен деген тілектері орындалды.

Дегенмен, Сәрсенбаевтың ірі мемелекеттік қайраткер екенін ескере қоймаған Мәдениет және спорт, Ақпарат министрліктері, тіпті Алматы қаласының әкімдігі тарапынан ұйымдастырылып, мемлекеттік деңгейде аталып өтсе болар еді деген үміттері ақталмады. Қазаққа қажеті жоқ көрінген шараларға қыруар қаржы шығарып, думандататын қазақ билігі бұл жолы тырс етпеді. Әйтпесе Алтынбек қылшылдап тұрған шағында құрбандыққа шалынып кеткені үшін кінәлі ме? Осы қазағым қайтсе жұлдызы жанады және соны қайтсек іске асырсақ болады дегені үшін кінә тақпақ па?

Сонда жоғарыда ел билігінің тұтқасын ұстап отырған азаматтар селт етіп, дүбірлі етіп дүркіретсе, «Әй, сендердің бұларың не?» дейтін бе едік? Ол Алаштың Алтынбегі еді ғой.

Қаскелеңдегі халық театры өз күштерінің арқасында ойлаған жоспарларын сахналап, халыққа көрсетіп, сусап отырған қазақ елінің батасына кенелді. Сахна саңлағы

Асанәлі Әшімов ақсақал жасы ұлғайса да, азаматтардың жігерін жықпай, атқарған істеріне аталық ақ тілегін айтты. Министрлікте, қала әкімдігінде осы саланың құлағын ұстап отырған азаматтар атсалысып, ақ пейілдерін білдірсе, Асанәліден үлкен емес еді. Президенттің «Жаңа Қазақстан» жобасының іргесі бекіп, қабырғасы қатая түсуіне сеп болар еді. Сол биліктің ең жас, ең тиянақты бастамашысы осы Сәрсенбаев емес пе еді? Өзі жоқтың көзі жоқ дегізбей, бұқпантайламай, жастардың рухын көтеріп, Алтынбекке ту ұстатып, лидер етсе, не әбестігі бар?!

Театрға келген халықта қисап болмады, тіпті орын жетпей, тік тұрып қарады, көрді, көңілдері құлазып қайтты. Патриоттық тәрбие береміз десек, жастарға осындай ерен тұлғалы азаматтарды таныстырып, танытып, тарихымызға таразылап ендіре берейік. Жаңа тарих, «Жаңа Қазақстан» осыдан бастау алады. Келмеске кеткен кеңестік жүйе емес, енді бізге, жас өркенге жаңа, осы Алтынбектей еңселі тұлғалар керек.

Мағауия ӘДЕН, суретші

ВАХТАНГ МАҚТАН ЕДІ, ал біздің зиялылар ше?

Күні кеше бір топ зиялы президент степендиясының иегері болды. Тізім көп өзгермеген екен. Сол бұрынғы таныс бейнелер су жаңа мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың маңында үйіріліп жүр. Совет өкіметі, Назарбаев дәуірі, Қаңтар оқиғасынан кейін де өзгермеген зиялыларды көріп, таңқалмайсың. Өйткені әртістер, жезөкшелер, пәуеске айдаушылар секілді Қазақстан жағдайындағы зиялылар кез келген билікке, кез келген министрге қызмет ете береді. Оны уақыт әлдеқашан дәлелдеген.

Таяуда грузин актері, атақты Кикабидзе дүние салды. Сол Кикабидзе Ресей-Грузин соғысы кезінде Ресейге қарсы сөз айтқан, Совет өкіметі құлағанда қуанып, дастархан жайған адам. Ал Қазақстанға қарсы Ресейден қаншама сөз қарша борап жатқанда, президент стипендиясын жылда алатын біздің зиялылар ауыз ашқан емес.  Бұл да біздің бір трагедия.

Элита.kz

ЕЛ ӘКІМДІКТЕРІ ауылдың ақшасын ИГЕРЕ АЛМАДЫ

  • Әкімдіктер ауылды дамытуға бөлінген 128 млрд теңге қаржыны игере алмай отыр, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

«2022 жылы 577 ауылда бір мыңнан аса жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінген. Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша, облыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94%-ын игерген», – деп мәлімдеді Қуантыров сейсенбі күні үкімет отырысында.

Сонымен қатар 7,7 млрд теңге қаржы игерілмей отыр. Қаражаттың дұрыс игерілмеуі Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Еске салсақ, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанда 6 293 ауыл бар, онда 7,8 млн-ға жуық қазақстандық тұрып жатыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін, болашағы бар 3,5 мың ауыл іріктеліп алынды.

ҚазТАГ

Қарашығанақ

ЕРЕУІЛДЕП ТҰР

16 қаңтарда Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кенішінде KKS-Sicim жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 500-ден астам жұмысшысы жалақыны елу пайыз көбейтуді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартты.

Олар қаңтардың қақаған аязында бірін-бірі кезек алмастырып, төрт күннен бері ереуілді жалғастырып жатыр. «Жалақымызға 50 пайыз қоссын деген ғана талабымыз бар, басқа ештеңе сұрамаймыз», – дейді ереуілшілер.

Бірақ БҚО әкімі Нариман Төреғалиев KKS-Sicim компаниясы жұмысшыларының талабымен келіспейді. Бұл туралы әкім сейсенбі, 17 қаңтарда үкімет отырысына қатысқаннан кейін журналистердің сұрағына берген жауабында айтты, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.

«Талаптары орынсыз деп ойлаймын. Себебі олардың ұжымдық келісімшарты бар, оның сыртында әрбір жұмысшы мен жұмыс беруші арасында жасалған жеке келісімшарт бар. Сондықтан сол келісімшарттарда қаралған екіжақты міндеттемелерде жалақыны 50 пайыз немесе 100 пайыз көтеру деген жоқ. Келісімшартта 20 пайыз деген ғана бар. Сондықтан да (талаптары) орынсыз», – деді Нариман Төреғалиев. Әкімнің сөзінше, мекемеде орташа жалақы 280 мың теңге, «ең жоғарғы жалақы 800 мыңға дейін барады».

«ККС-Сичим» – италиялық Sicim мен қазақстандық «ҚазКомСервистің» бірлескен кәсіпорны, деп жазады Ongar_onlaine тelegramm арнасы. Заң бойынша, Қашаған және Қарашығанақты игеру үшін, инвесторларда қазақстандық қамту болуы тиіс. Сондықтан мықты мұнай кен орындарын алу үшін, итальяндықтар осындай бірлескен кәсіпорын құрып алған. Бірақ «ККС-Сичим» оларға тек прокладка ғана.

Анықталған дерек бойынша, бөлінген қаржы қалай «ККС-Сичим» шотына түседі, бірден итальяндықтар оны Sicim компаниясының Қазақстандағы филиалына аударып тастайды. Сонда филиалдағы қаржы «ККС-Сичим» шотындағы қаржыдан 9 есе асып кеткен. Осы арқылы жұмысшыларға ақша жоқ деп сылтау айта алады. Ия, шынымен де, себебі «ККС-Сичим» шотында ақша жоқ.

Ал есесіне барлық тендерлерге «ККС-Сичимді» қатыстырып, қазақстандық жұмыс орындары бар деп, былтыр Қарашығанақтан 1,5 миллиард доллардың контрактысын алды.

Нәтижесінде, біздегі Қашаған мен Қарашығанақты игеріп отырған Италия инвесторлары өздері алып келген ақшаны түрлі махинациялармен қайтадан өздеріне шығарып алып жүрген. Есесіне, инвестиция салдық деп, енді келісім бойынша ондаған жылдар бойы қазақ мұнайынан қомақты үлес алып отырады. Және біз оған ештеңе істей алмаймыз. Себебі халықаралық арбитраж арқылы Ұлттық қорымызды тартып алуға мүмкіндіктері жетеді, Ongar_onlaine.

Сәрсенбі күні ереуілшілер ҚР президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың атына арнайы мәлімдеме қабылдап, қалыптасқан жағдайға араша түсуді сұрады. Ел президенті Араб Әмірліктерінде ресми сапарда жүргендіктен, әзірге Ақорда жақтан жауап жоқ.

ДАТ-ақпарат

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн