Рысбек Сәрсенбайұлы: АЛТЫКЕНІМ ҮШІН құрбан болмағаныма ӨКІНЕМІН!

  • Газетіміздің өткен санында оқырмандарымызға уәде еткендей, белгілі журналист, қоғам қайраткері Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ 70 жас мерейтойына орай ағамызды салиқалы әңгімеге тарттық. Оппозицияға келуіңізге нендей себеп түрткі болды деген сұрақтан басталған әңгімеміз елдегі бүгінгі жағдаймен ұштасып, Рысбек ағамыздың өмірінен бұрыннан белгісіз болып келген тұстарын ашып берді.

­– Рысбек аға, тағы да 70 жастық мерейтойыңызбен құттықтаймыз! Десек те, сыртқы тұрпатыңыз бен талмайтын тұлғаңызға, қоғамшыл энергияңызға қарап, сіз 70-ке толды дегенге илану қиын сияқты…

– Сіздердің және оқырмандарыңыздың газеттегі, әлеуметтік желідегі құттықтауларыңыз бен ізгі тілектеріңіз үшін рахмет айтамын!

Иә, 70-ке жеткеніме тәуба! Балалық шақ пен жігіттік кезең қас қағым сәтте, ал одан кейінгі, бүгінге дейінгі аралық одан да тез өте шыққандай көрінеді. Жетпісінде жүнжіп жүрген құрдастармен салыстырғанда, жастау көрінуім, өзімді солай сезінуім мүмкін-ау! Адамдардың бәрі солай ма, әлде біздің замандастарымыздың пешенесіне жазылғаны ма, әйтеуір жастықтың ауылынан ұзағың келмейді. Жастық – ол жігер, күш-қуат!

Дегенмен, жетпіс желігі жоқ, желкені жел күткен жас па деймін. Өздігіңнен өрге ұмтылуды ойламайсың. Есеңді жіберіп, еңіске де түскің келмейді. Ел басындағы жағдай жаныңды жай тапқызбай жібергенде, атыңды ерттей бастайсың. «Аға, не істейміз енді?!» деп, ақыл сұрап алаңдаған ағайынға демеу болу – парызың. Ал парызды өтеу жасқа байланып қалмайды. Оның үстіне біздің ұрпақ бүгінгі қоғамдағы жайсыздықтардың орын алуына жол беріп қойған қателіктерімізді түзетуге міндеттіміз. Парыз бен міндет екі жақтап үйде отырғызбайды. Тындырған ісің болса, ел ризалығын білдіреді, тілеуіңді тілейді, қолдайды. Сонысымен дем береді.

– Сіздің мерейтойыңызға байланысты сұхбатты ең алдымен оппозицияға келуіңіздің тарихынан бастасақ, әңгіме тағы да Алтынбексіз айтылмайды-ау?

– Оппозицияны саяси күрес тұрғысынан қарастырсақ, Алтыкеннің (Алтынбекті ағасы үнемі осылай атайды – Ред.) алдымен аталуы орынды. Әдетте жалпы оппозицияны – биліктің немесе билік басындағылардың үстемдігіне, жөнсіздігі мен озбырлығына, қиянатына қарсы тұру, әділетке ұмтылу деп түсінеміз. Ал саяси оппозиция – билікті алмастыруды, өзінің бағдарламасымен мемлекеттік, қоғамдық қызмет атқаруды көздейді. Қарсылықтар мен наразылықтарды пайдалану, халықты өз жағына тарту арқылы мақсатқа жетуге қарекет жасайды. Күрес жолын таңдайды. Тәуекелге бел буады. Мәмілеге келу мүмкіндігін де қарастырады. Елдің экономикалық, әлеуметтік дамуының, азаматтардың құқығының қорғалуының, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартудың балама бағдарламасын ұсынады. Халық пен мемлекет үшін жауапкершілікті мойынға алады.

Саясат күрделі шаруа. Оны ойдағыдай жүзеге асырудың дұрыс жолын табу, қателеспеу керек. Міне, Алтыкен және оның серіктері Қазақстандағы оппозицияны осындай бағытта қалыптастырған еді…

Мен оппозицияға журналистика арқылы келдім. Кеңестік кезеңдегі әлеуметтік әділетсіздіктер, теңсіздіктер, астамшылықтар, басқарушылардың бассыздықтары талай адамдардың тағдырын тәлкек етті. Қорған іздеп, араша сұрап, газет редакцияларына арыз-мұңын жазатын оқырмандарға жанашырлықпен қол ұшын беретінбіз. Зерттеу жасап, деректерді анықтап, шындықты көрсетуге ұмтылатынбыз. Сын мақалаларымыз үшін қоқан-лоқы жасайтындардан жасқанбайтынбыз. Талай рет қарапайым адамдардың алғысын алдық. Партия мен кеңестерді басқару тізгінін ұстағандардың қырына ілігіп, қысымшылықты да көрдік.

– «Жетісу» газетінде жүргеніңізде Колбиннің қудалауына ұшыраған, Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болған Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековті қорғап, «Академик туралы ақиқат» атты мақала жазғандарыңызды білеміз. Облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, кейін депутат болған Зәуре Қадыроваға қарсы шығып, оның өзін мақалаға кейіпкер жасағаныңызды естігенбіз. Партия қатарына өтіп, қызметіңізді өсіруді былай қойғанда, тіпті жұмыстан кетіруі мүмкін екендігін ойламағаныңыз қалай? Бұл не, жанкештілік пе?

– Журналистік кәсіпке адалдық болар. 1985 жылғы Компартияның Орталық комитетінің сәуірдегі пленумында қабылданған жариялылық саясатына сенгендігіміз шығар. Одаққа танымал ғалым, академик Жолдасбековті Желтоқсан оқиғасынан кейін қудалап, партиядан шығарды, ректорлық қызметтен босатты. Ол кісіні кейбір шәкірттері, қызметтестері сатып кетті. Маңайына жоламай, аулақ жүргендері қаншама. Саяси, моральдық, психологиялық ауыр кезеңде ол кісінің ақтығын, қылмысы жоқтығын дәлелдеп, мақала шығару қиынға түсті. Үш ай бойы Орталық комитеттің, обкомның, партия комиссиясының табалдырығын тоздырдық. Ақырында асыра сілтеген Камалиденовтың, Меңдібаевтың аты-жөндерін атамау жөніндегі ұсыныстарына амалсыз келісіп, мақаланы сәл ықшамдап, газетке бастырттық. Елге шындықты жеткіздік. Мұның екеуі де жоғары деңгейдегі дөкейлер – алғашқысы Қазақстан Компартиясының хатшысы, кейінгісі Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. Авторитарлық коммунистік жүйенің басшылары қолында билік құзыреті тұрды. Соған қарамастан, олардың өздерін сынға алдық. Бұл мысалдарды кеңестік кезеңдегі оппозициялық әрекет деп бағалауға бола ма?

– Әлбетте! Қисыны бар екен…

– Ендеше менің билік жүйесіне қарсы келуімнің тарихы осындай баспасөзде жарияланған жазбаларымнан басталатын шығар. Демек, журналистің кәсібі шындықты көрсету, әділетті жақтау болса, сол үшін билікке қарсы келсе, оны оппозиция санатына қосқан ләзім. Ал биліктің дегенін істейтін, ақиқатқа аттап баспайтын, өтірікке, мадаққа, жағынуға бейімделген журналистерді басқаша атайды.

– «Академик туралы ақиқат» мақаласы авторының бірі ­ Бозымбеков деген журналист емес пе еді?

– Иә, дәл сол кісі – Жолдасхан Бозымбеков.

– «Жетісу» телеарнасынан көргенбіз. Сіздің жаламен сотталған журналист Бозымбековты Мәскеуге барып, СССР прокуратурасында кінәсіздігін дәлелдеп, ақтап қайтқаныңыз туралы баяндаған. Ол ағаның тағдыры не болды?

– Қазақ ССР прокуратурасы Мәскеудің пәрменінен кейін ол істі қайта қарап, Жөкеңді – Жолдасхан ағаны кінәсіз деп тапты. Одақ астанасында он күн жүріп, заң орындарына, «Литературная газета» сияқты беделді газеттердің редакцияларына барып, әріптесімнің жазықсыздан сотталғанын, соттың істі тапсырмамен бір жақты қарағанын құжаттармен, айғақтармен дәлелдеп бергендігім пайдасын тигізді. Облыстық газетке бұрынғы қызметімен деңгейлес жұмысқа қабылдап, өтемақы төледі. Әділеттілікті жақтап, талай адамға араша түскен, көптеген сын мақалалар жазған мықты журналист Бозымбеков «Жетісу» газетінің тарихында қалатын тұлға. Жөкең кейін «Қазақ батырлары» газетін шығарды. Марқұмды қызметтес әріптестері еске алып тұрамыз.

– 2004 жылғы парламенттік сайлауға түскен бірнеше партия болды ғой – қайсысын жақтадыңыз?

– Әрине, Алтыкендердің «Ақ жол» партиясын! Газет оқырмандарымен кездесулер ұйымдастырған «Егеменнің» тілшісі Батық Мәжитұлы екеуміз Алматы облысын араладық. Барлық жерде сайлау тақырыбын қозғап, «Ақ жолдың» бағдарламасын насихаттадық. «Отанның», «Асардың» халық қамын ойламайтын, сыбайластықты, жемқорлықты жоймайтын, қайта соған мүмкіндік беретін партия екендігін әшкереледік. Тәуелсіздікті, мемлекеттілікті сақтап қалу үшін, оппозицияны жақтап дауыс беруге шақырдық. «Президенттің газетінде істейсіңдер, неге қарсы жұмыс жасайсыңдар?» деп ренжіген әкімдер жоспарланған кездесулерге кедергі келтірді.

Алтыкеннің оппозицияны топтастырып, биліктің үрейін ұшырғаны, менің оларды ашық қолдауым президент әкімшілігі мен министрліктегілерге ұнамады. Газеттегі вице-президент қызметінен өз еркіммен кетуге, Алматыға көшуге бел буған мені жұмыстан босату туралы арызымды қабылдамай, штатты қысқарту арқылы жұмыстан шығарды. Өздерінше жазалаған сиқы. Содан бері қарай, яғни 2005 жылдың басынан саяси оппозиция сапына қосылдым. Не де болса, Алтыкенімнің қасынан табылайын, айналасында қорғаны болайын деген көптен бергі ойым орындалды.

Бірақ қорғай алмағаныма, ол үшін құрбандыққа кетпегеніме өкінемін. Алтыкенім аман жүрсе, қоғам да, біз де басқаша болар ма едік.

– Жеке сіз ғана емес, бүкіл қоғам үміт артқан ініңізге деген сағыныштың табы басылмай жүргенін сеземіз, аға… Сіздің ізіңізді басып, Алтынбек журналист болып еді, кейін ініңіздің ізін басып, сіз оппозицияға шықтыңыз. Дегенмен, Алтынбектер жасаған, қоғамды тұтастырған оппозициялық идеология бүгінде қожырап кеткенін мойындайсыз ба?

– Қазақ қоғамы бүгінде сансыраған, шаршаған, ашынған кейіпте. Маңдайы тасқа қайта-қайта соғылып, тауаны қайтқан, жасыған, өзін сенімсіздік жайлаған күйде тұр. Жұртты жұмылдырған кешегі оппозициялық идеологияның бүгінде жұрнағы ғана қалған. Көптің аңсауы бар. Ол – билік жүйесін өзгерту, Назарбаевты және оның нөкерлерін кетіру. Шыдамның таусылғандығы сонша, оны тезірек іске асырсақ дейді. Мыңдаған адам көшеге шықса, мына биліктегілер шет жаққа қашып кетердей үміттенеді. Қырғыздық күрес жолын аңсаушылар тіпті оларды өздері қуып жіберетіндей немесе қамап, шетінен сотқа тартатындай болады. Бірақ мұның бәрі қазірше қиял ғана, батыл қадам жасауға қауқарсыз. Бастаушы тұлға да, қолдай кетер көпшілік те көрінбейді.

Ең керектісі – басты мақсатқа халықты жұмылдырудың ортақ идеясы және оны жүзеге асырудың келісілген жолдары мен тәсілдері белгіленбеді. Алтыкеннің саяси пайымдауларына, ұсынған ұстанымдарына, таңдаған жолына, бет бұрған бағытына зер салсақ, не істеу қажеттігін айқындап аламыз. Ол Назарбаевсыз қоғам құру мәселесін алға қойды. Оған жету үшін, саяси реформа жасауды табанды түрде талап ете беру керектігін және бірден-бір дұрыс жол осы екендігін айтты. Саяси реформадан бұрынғы президент өлердей қорықты. Өйткені ол демократияландыруға есік ашса, сайлаулар әділетті өткізілсе, өлгенше билік жүргізу және мұрагеріне тақты қалдыру мүмкіндігінен айырылып қалар еді. Шалдың осал әрі жанды жері осында – саяси реформада! Он жылдан бері мақсатты түрде, үздіксіз және жұмыла жұмыс жасағанда, ендігі бір өзгерістердің болары анық еді-ау! Күрестің түп қазығына татырлық ортақ идеяны негіздеп, оны насихаттау мен түсіндіруге, саяси, заңдық, бұқаралық шараларды қолға алуға мән берілмеді.

– Сонда бұған не кедергі болды деп ойлайсыз?

– Саяси көшбасшылардың – саяси қайраткерлердің және қалыптасқан саяси партиялардың жоқтығы. Кәсіпқойлық, біліктілік қай жерде де аса қажет. Оппозиция үшін де солай. Идеялас серіктер топтасып, мәселені бірлесіп талқылап, бірыңғай шешім қабылдап, оны орындау жауапкершілігін тең бөліссе ғана нәтиже шығады. Халықпен тікелей араласып, ел ішінде жанды жұмыс жүргізбесе, тек билік тармақтарын, тізгін ұстағандарды әшкерелеумен, масқаралаумен, жұртты митингілерге шақыра берумен, өз көзқарасын, пікірлерін жария етумен іс алға жүрмейді. Қазіргі жағдай осыған көз жеткізді.

– Елдегі наразы топтар, қозғалыстар неге күш біріктірмейді? 2019 жылғы президенттік сайлаудан кейін саяси алаңға шыққан жастар ұйымдары мен жаңа қоғамдық құрылымдар («Оян, Қазақстан!», «Тәуелсіз бақылаушылар қауымдастығы», «ХАҚ» қозғалысы, Демократиялық партия және т.б.) туралы не айтасыз?

– Шашыраңқылықтың, топтаспаудың себептері көп. Біріншіден, наразы топтар мен әрқилы қозғалыстардың бәріне ортақ біртұтас идеясы жоқ. Мүдделері де өзгеше. Екіншіден, билікке мақсаттарын орындату үшін әртүрлі тәсілдерді пайдаланады. Біреулері қаттырақ кетіп, күшке салуды ойласа, басқалары тіл табысуды, мәмілеге келе салуды қалайды. Үшіншіден, кейбір топтар биліктің қолымен құрылады. Солардың дегенімен жүреді, сондықтан бірлесуден өздерін аулақ ұстайды. Егер арнайы тапсырма алса, топтарға қосылып, іштен іріткі салады. Төртіншіден, әр топтың немесе қозғалыстың кейбір жетекшілері дара басшы болуға, табыла қалған қаражатты өз білгендерінше жұмсауға ұмтылады. Бесіншіден, пендешілік мінез-құлықтан: іштарлық, қызғаныш, шамқойлық сияқты жеке бастық кемшіліктердің салдары болады.

Сұрақта аталған жастар ұйымдары мен қоғамдық құрылымдар, қозғалыс жайында қоғамда түрлі пікірлер бар. Бұл орайда Демократиялық партия жөнінде жеке тоқталудың реті келіп тұр. Бұл тіркелмеген партия өзінің бар екендігін, күреске бел шешіп, білек сыбанып шыққанын көрсетті. Оны бесігінде тұншықтырмақ болғандар жан-жақтан тиісті. Іштен де, сырттан да, биліктен де ақпараттық шабуылдар жасалды. «Биліктің жобасы» санап, халық жауы сияқты айыптауларды үйіп-төкті. Осындай даттауларға сеніп, байыбына бармастан қосыла жамандағандардың райларынан қайтқанын көрдік. Жанболат Мамай мен оның серіктері – жас жігіттер мен қыздар халық жағында екендігін нақтылы істерімен дәлелдеп келеді. Олардың ұйымдастырған митингілері, наразылық шаралары, ақпарат айдынындағы найзағайдай жарқылдары көптің көңілін өздеріне аудара бастады. Алматы қаласына әкім етіп қойылған, жас басымен жалмауыздай асаған, жемқорлыққа салынған Бәйбектің жегенін желкесінен шығарды. Пана сұрап, сотқа жүгініп еді, сол арада жүндей түтті. Билеуші «Нұр Отан» партиясын, оның көсемін айдай әлемге масқаралап берді. Мұны да «қойылым», биліктің ойыны дейтіндерге бір сұрақ: өзін, партиясын, сыныптасының баласын, тұтас билік жүйесін қылмыскер атап, тас-талқанын шығарту үшін, Н.Назарбаев Мамайға еркіндік беріп қойған ба? Әлде Жанболаттың «крышасы» делінетін Құлыбаев пен Мәсімов осылай істеткен бе? Қисынға салғыштардың қисыны қиыспайтын шығар енді.

Біз жаңадан құрылып жатқан ұйымдар мен топтарға, суырылып алға тартқан белсенділерге тек күдікпен қараудан арылғанымыз, оларға үміт артып, сенгеніміз жөн. Биліктің ықпалымен қолдан құрылатын немесе жүре келе солардың ықпалында қалатын ұйымдар, қозғалыстар сын сағаты соққанда әйгіленеді. Көпшілік олардан теріс айналады. Сондықтан бәріне күнібұрын айдар тағып, әшкерелейміз, сол арқылы қоғамды сатқындардан сақтандырамыз, тазартамыз дейтін байбаламшылықтың қажеті шамалы. Назарбаевтың өзімен және оның тамырын жайған отбасы, айналасы, олигархтары үштаған болып тіреп тұрған билік жүйесімен күресудің орнына, қатарластарымен қақтығысатындардың өзі қауіпті. Өйткені ол жұртшылық арасында жік туғызады. Негізгі мәселеден назарды басқа жаққа аударады. Билікке наразы, қарсы адамдардың өз ішінде бір-біріне сенімсіздігін, тіпті ерегесін туғызып, жауша жұлқыстырады. Бұл кімге керек? Жеке өзінің көзқарасын, пікірін ғана артық, өзгеше санап, басқалардың одан да көш ілгері ойын, ұстанымын бағаламайтын кеудемсоқ саясаткерсымақтардың да залалы тиіп жатыр.

– Қоғамға жарқышақ салудың технологиясын билік отыз жыл ішінде мықтап игерген сияқты. Оған көнбестікті қалай қалыптастыру керек?

– Елдегі жағдайды тездетіп, түбегейлі өзгертуді қалайтын адамдардың басым бөлігі бірлікті қалайды. Оппозиция жақтағы көшбасшылардың, белсенділердің басы қосылмайынша, бір тудың астына бірікпейінше, нағыз күрес те, жеңіс те болмайды деп шырылдап, соны талап еткендердің тілектері іске аспай жатыр. Мұның себептерінің біразын жоғарыда тілге тиек еттік.

Меніңше, саяси күштер, әртүрлі мақсаттар мен бағыттардағы қозғалыстар ортақ мәмілеге келудің жолы ретінде Саяси реформа жасау жөнінде ұлттық комиссия құрса. Ол комиссия елде өзгеріс жасаудың басты ұстанымдарын, тәсілдерін, барлық мүмкіндіктерін белгілеп, күшті топтастыруға алғы шарттар жасаса, ортақ мәмілеге келіп, келісімге қол қойса, қабылданатын мәлімдемеде елге жанашыр әрбір азаматтың міндеттері көрсетілсе дейміз. Ашықтық пен айқындық болған жерде сенім ұялайды. Сыртта жүрген белгілі саясаткерлер Ә.Қажыгелдин, М.Әбілязов, елдегі Б.Тұрсымбаев, Г.Ерғалиева, Е.Бапи, Ж.Мамай сынды бұрыннан саясат соқпақтарында сыннан өткен, тәжірибелі қайраткерлер бастап, жаңа толқын – белсенді жастар қосылып, осы іске кіріссе, халық қолдайды деген сенімдемін. Жоғарыдағы азаматтардың қазіргі өте күрделі және қатерлі кезеңде – Қазақ мемлекеттілігі жойылып кетуге, тәуелсіздіктен айырылуға, Қазақстан халқының күйзеліске түсуіне жақындаған сәтте барлық араздықты, келіспеушілікті, өткен кезеңдердегі өкпе-ренішті ысырып тастап, бас қосқаны, топтасқаны абзал!

– Рысбек аға, сіздердің бастамаларыңызбен «Халық құрылтайы» жиындары Астанада, Алматыда өткен еді. Әрқайсына 400500 адам қатысқан, оппозицияның көрнекті көшбасшысы Серікболсын аға Әбділдин бата беріп, қолдаған ол жиындар неге жалғаспады?

– Тосыннан жеткен індеттің ондай көп адам жинауға қауіптілігі және қаражаттың қол байлау болуы құрылтайға кедергі келтірді. Назарбаевтың биліктен кетуін, Конституцияны, заңдарды өзгертуді талап еткен, президент сайлауын өткізуге қарсылық танытқан, саяси реформа жасау туралы мәселе көтерген құрылтай қоғамдық санада серпіліс жасады.

Қытайдың экономикалық экспансиясына тосқауыл қойып, зауыттарын кіргіздірмеуге шақырған халық үні құрылтайларда естілді. Биліктің құлағына жетті. Бірақ президент Тоқаевтың Назарбаев пен Қытай алдындағы дәрменсіздігі енді оны сатқындыққа жетелеп барады. Бұлар осылайша Отанды сатуға кірісті. Сондықтан Халық құрылтайы, Халық билігі қозғалыстарының жұмысын қайта жалғастырып, «Ел мен Жер» және басқа да бірлестіктермен, топтармен бірлесіп, жауынгерлік штаб құрып, майдандасуға тура келеді. Халық құрылтайы саяси күштердің, топтар мен қозғалыстардың бірлесетін, ортақ шешім қабылдайтын алаңы болары анық.

– Сіз Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллинің дерегін, сүйегін іздеп Магаданға барған едіңіз. Сол экспедицияларыңыздан кейінгі жағдай қалай? Не өзгеріс болмақ?

– Екі ақынның да 1938 жылы атылды дегеніне мен сенбеймін. Мағжан – 1951 жылы, ал Сәкен – 1940 жылы Магадан облысы Сусуман және Ягодний аудандарында қайтыс болған. Оны ақындармен алтын өндірісіндегі лагерьлерде бірге болған атыраулық Әбдірахман Абдуллаев, қарағандылық Иван Мудров дәлелдеп берді. Әбдірахман ақсақал 102 жаста, Құлсарыда тұрады. 31 мамыр – Саяси қуғындарды еске алу күнінде хабарластым. Жылдағы дәстүрі бойынша өзінің азапты бастан бірге өткізген, пір тұтқан Мағжанына арнап садақа беріп жатқанын, құран бағыштағанын айтты. Ақсақал бізбен бірге қияндағы қиыр шетке барған кезде Петропавлдағы ақын әкесінің зиратына арнайы келіп, Мағжан үшін құран оқығанда, лагерьлесінің туған топырағында тұрып, өзінің білгендерін баяндаған еді. Әңгімелерінің бәрі Мағжанмен бірге болғандығын дәлелдейді, күмән туғызбайды. Біздің зерттеуімізді жалғастыратын жастар шықса, деректерді өзгертетін, ақындарымыздың сүйектерін елге жеткізетін күндердің туарына мен сенемін. Бұл істі соңына дейін жеткізуге қолдан келген көмегімді жасаймын.

Қоғам үшін пайдалы барлық істеріңіз сәтімен жалғасып, жеңістерге жетуіңізге тілектеспіз. Сұхбатыңызға рахмет!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн