«Egemen Qazaqstan» газетінің 2024 жылғы 5 маусым күнгі санында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері» атты мақаласы жарық көрді. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалық өзгерістердің қоғам дамуына ықпалын саралаған автор бұл еңбегінде әділеттілікке негізделген жаңа қоғам құру жөнінде ой толғап, осы туралы өз пайымын қалың қауым назарына ұсынады. Ең бір бөліп айтатын жайт – Ерлан Қарин ел жұртшылығына Қазақстанның қазіргі даму кезеңіндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптастырған Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасының негіздерін барынша талдап, мейлінше терең түсіндіреді.
Ә дегенде «Еліміздің даму жолындағы осы маңызды мезетте бүкіл қоғам болып, өркендеген, демократиялық, әділетті Қазақстанды құру идеясының төңірегіне топтасуы керек» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы сөзін келтірген мемлекеттік хатшы алдымен «Әділетті Қазақстанның мәні неде?» деген сұраққа жауап іздейді. Дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айқындап бергенін айта келе: «Әділдік» деген ауқымды ұғым осы идеологияның арқауына, ал «Әділетті Қазақстан» деген түсінік мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналды», – дейді.
Қариннің пайымдауынша, «Әділетті Қазақстан» – мемлекеттік идеологияның өзегі әрі мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты. Сонымен бірге бұл – қоғам санасына орныққан болашақтың бет-бейнесі. Ол кеше ғана немесе жұрт айтып жүргендей, соңғы екі-үш жылда ғана пайда болған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне келген күннен бастап әділдіктің қастерлі қағидатына айрықша мән беріп келеді. Әділетті мемлекет құру идеясы қасіретті Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның идеологиялық темірқазығына айналды. Өйткені ол қоғамның сұранысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келеді. Яғни, «Әділетті Қазақстан» ұлтты ұйыстыратын идеяға айналды.
«Әділдік дегеніміз – бәрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Әділдік – ең алдымен құқықтар мен міндеттерді бәріне бірдей бөлу деген сөз. «Әділдік» ұғымын дәл осылай ұғынып, түйсіну қажет. Ол барлық реформаның өн бойында тұр», – дейді автор.
Әрі қарай соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім осы әділдік идеясына орай қабылданып келе жатқаны айтылып, оған нақты мысалдар келтіріледі. «Шын мәнінде, Әділетті Қазақстан – бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идеясы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі», – дей келе: «Президенттің елімізді түбегейлі және жан-жақты жаңғыртуға қатысты байыптамасының түпкі мәні осында жатыр» деп түйіндейді.
Бұл мақаладан қарапайым оқырман, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, сарапшылар, саясаттанушылар, әртүрлі деңгейдегі өкілетті билік өкілдері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан, идеологиялық сипаты «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында көрініс тапқан саясаты қандай тұжырымдарға негізделгенін анық біліп, өздерінің күнделікті қызметінде, үгіт-насихат және ұйымдастыру жұмыстарында нәтижелі пайдалана алады.
Мемлекеттік кеңесшінің түсіндіруінше, ол басты бес тұжырымға негізделген. Президент оның әрқайсысын әртүрлі кезеңде ұсынып, саяси өмірге біртіндеп енгізіп келеді. Айталық, «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» атты алғашқы тұжырым «Әділдік және Әділетті Қазақстан дегеніміз не?» деген сауалға жауап береді. Оның түйіні тең құқылы, сындарлы талқылау арқылы бәріне ортақ байлам жасап, шешім қабылдау қажет деген пайымға келіп тіреледі.
Ал «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты екінші тұжырым «Әділдік қалай орнайды?» деген сауалға «ел-жұртпен тығыз байланыста болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдай білу арқылы орнығады» деп жауап беруге негізделген. Сондай-ақ бұл тұжырымдама елімізді дамытуға қатысты басты мәселелер бойынша қоғамның барлық өкілінің пікірін ескере отырып, байыпты әрі ортақ шешім қабылданатынын аңғартады.
Үшінші тұжырым – «Заң және тәртіп» әділдік орнатудың әдіс-тәсілдерін айқындайды, яғни «Әділдікті қандай жолмен орнатамыз?» деген сауалға жауап береді. Заңды мүлтіксіз сақтау, баршаның заң алдында тең болуы, ең бастысы заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты. Осының бәрін іс жүзінде орындау өте маңызды. Сонымен бірге заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттің ғана міндеті емес. Бұған бүкіл жұртшылық ұдайы атсалысуға тиіс.
Төртінші тұжырым – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» Әділетті Қазақстанның институционалдық ауқымын айқындайды, яғни «Әділетті Қазақстан» қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап береді. 2019–2021 жылдардағы саяси реформалардың төрт топтамасы және 2022 жылғы саяси жаңғыру бағдарламасы осы тұжырымды нақты жүзеге асыруға арналды. Соның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік жүйесі бар мемлекеттік құрылымның жаңа институционалдық үлгісі қалыптасты.
Бесінші тұжырым – «Адал азамат» ұғымы «Әділетті Қазақстанды кім қалыптастырады?» деген сауалға жауап бере отырып, ел-жұртымыздың рухани-адами келбеті болашақта қандай болатынын және азаматтық қоғам қалай дамитынын көрсетеді. Мемлекет басшысы: «Адал азамат» – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам» деген еді. Идеологиялық тұғырнама туралы айтқанда, мына мәселеге назар аударған жөн. Бұл – қандай да бір қатып қалған қағидаларды үгіт-насихат арқылы жасанды түрде жаппай санаға сіңіру емес, керісінше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дәріптеу деген сөз», – дейді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесшінің реформалардың нәтижесі, Жаңа Қазақстан турасында айтқан пікірлері де назар аударарлық. Ол өзгерістер әп-сәтте жасала қоймайтынын, реформаларды жүзеге асыру үшін, орасан зор күш-жігер, қисапсыз уақыт қажет екенін, кім не десе о десін, Қазақстан реформалар жолымен сенімді қадам басып келе жатқанын, соңғы бес, тіпті көптеген салада түбегейлі әрі жүйелі бетбұрыс жасалғанын айтады. Оған мысал ретінде саяси жүйенің құрылымы қайта жасақталғанын, саяси реформалар конституциялық реформаға ұласып, еліміздегі мемлекеттік институттардың мәртебесі мен рөлі едәуір артқанын айтады. Бұған Конституциялық сот жұмыс істей бастағанын, Президенттің құзырына кіретін мәселелер азайып, керісінше, Парламенттің құзыреті кеңейгенін қосыңыз. Аралас сайлау жүйесі енгізілді, саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдеді. Тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланатын болды. 2021–2023 жылдардағы сайлау қорытындысында ауыл әкімдерінің үштен екісі жаңарды. Былтыр алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ал мұндай сайлаулар 2025 жылдан бастап тұрақты өткізілетін болады.
Ең бастысы – реформалар қоғамдық қатынастардың сипатын біржола өзгертті, ұлттың саяси менталитеті өсіп, азаматтық белсенділігі артып келеді, тұрғындар елдік мәселелерге еркін араласатын болды, жұрттың бір-біріне деген жанашырлығы нығая түсті, қоғамдық пікір саяси өмірге едәуір ықпал ете бастады.
Әрине, кертартпаның кесірі – кең дүниені тар қылар демекші, жекелеген азаматтар мен жұрттың мінез-құлқындағы, қоғам санасындағы қатып қалған қасаң пікірлер мен ұғым-түсініктер жойылмаса, мемлекеттік саясат пен ел экономикасындағы әрқандай реформа еш нәтиже бермейтіні белгілі жайт. Өйткені күні өткен, әбден тозығы жеткен әдіс пен құралға, күмән мен уайымға негізделген ешкішілдік пен озық білім, жетілген ғылым, жаңа техника мен технологияға арқа сүйейтін өркениетті даму жолы ешқашан бір арнаға тоғыспайды. Сондықтан азаматтардың өмірлік ұстанымы, құқықтық және кәсіби білімі, саяси белсенділігі, отаншыл, мемлекетшіл қасиеттері уақыт талабына сай ұнамды өзгеруі тиіс.
Мемлекеттік кеңесші 2022 жылы қоғам өкілдерінің ұсынысына орай Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесі енгізілгенін, бірақ, өкінішке қарай, іс жүзінде бір мандатты округтердің кейбіреуінде оң үрдіспен қатар жағымсыз жайттар да болғанын айтады. «Ашығын айтсақ, бірқатар округте бағдарламалар мен идеяларға негізделген еркін бәсеке түріндегі саяси күреске куә бола алмадық. Онда алдымен рушылдыққа жол берілді. Тіпті кейбір жерде қылмыстық топтар билікке енуге де әрекет жасады», – дей келе: «Жаңа саяси мәдениет қалыптастырмай, жасампаз құндылықтар негізінде қоғамдық этиканы жаңартпай, әділетті қоғам құру мүмкін емес екені айдан анық» деген қорытынды жасайды. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда сөйлеген сөзінде жалпыұлттық құндылықтарды нақты айқындап бергенін айтады. Бұл:
– Тәуелсіздік және отаншылдық;
– Бірлік пен ынтымақ;
– Әділдік және жауапкершілік;
– Заң мен тәртіп;
– Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік;
– Жасампаздық пен жаңашылдық.
Автор: «Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтарды бір тұжырымдамаға біріктіріп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін идеологиялық бағыт-бағдарымыздың бірыңғай жүйесін жасады. Сондықтан осы идеологиялық-гуманитарлық тұғырнама ішкі саясаттағы білім мен тәрбие беру, мәдени-ағарту жұмыстарының басты бағытына айналуы керек», – деп түйіндейді.
Оның пайымдауынша, жалпыұлттық құндылықтарды әдістемелік тұрғыда негіздей отырып, жан-жақты дәріптеудің әдеттегі жалаң үгіт-насихаттан айырмашылығы – бұл тәсіл бірден нәтиже бермесе де, стратегиялық жағынан алғанда әлдеқайда тиімді. Жаңа құндылықтар жүйесі әр азаматтың мінез-құлқы мен күнделікті іс-әрекеті арқылы қалыптасуы керек. Сол себепті билік «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына баса мән беріп отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы жалпыұлттық науқанның маңызы зор екенін ұдайы айтып жүргенін көпшілік байқаған да болар. Шын мәнінде, елді жаңғырту әркімнің өз үйін, ауласын, көшесін тазалау сияқты қарапайым шаруалардан, әр адамның өз мінез-құлқы мен мәдениетін өзгертуден басталады.
Сонда жаңа қоғамдық этика қалыптастыру ісі қазір жүргізіліп жатқан реформалардың дәйекті түрде жүзеге асырылуына, сол арқылы Қазақстанның өркендеуіне қажетті негізгі алғышартқа айналады.
Бұл мақаладағы ең бір назар аударарлық нәрсе – қоғамдық пікірдің redline-ы. «Қазір біздің қоғамда саяси ұстанымы әртүрлі азаматтар, атап айтқанда, либералдар, социалистер, консерваторлар, оңшылдар, солшылдар және центристер бар. Олар түрлі саяси идеалға және құндылықтарға сенеді. Осы орайда біз пікір алуандығын дамыта отырып, ең алдымен жалпыұлттық мүддеміздің біртұтастығына баса мән беруіміз қажет. Бұл тұрғыда ел ішіне іріткі салатын әрекеттерге ғана емес, жұртты арандатып, дау-дамай туғызуы мүмкін кез келген сөзге абай болған жөн. Өкінішке қарай, тым шолақ ойлайтын кейбір әсіребелсенділер, кейде тіпті іс-әрекеті ақылға сыймайтын адамдар көпшілікке өзінің сыңаржақ көзқарастарын күшпен таңып, жұртшылықтың пікірін өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді.
Қазақта «ала жіпті аттамау» деген ұғым бар. Біздің саясатта да мұны берік ұстану керек. Яғни, елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болған жөн. Қоғамдағы пікірталас кезінде аттап өтуге болмайтын шек, яғни «Redline» нақты белгіленуге тиіс. Бұл дегеніміз – қандай да бір тақырыпты талқылауға тыйым салу немесе цензура жасау емес. Бұл – саяси пікірталас кезінде ұстамды болып, сабыр сақтауға шақыру. Ел алдында жүрген азаматтар, яғни қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, блогерлер, азаматтық сектордың өкілдері берекелі бірлігімізге сызат түспесін десе:
– этносаралық қатынастарға және тіл мәселесіне;
– дін саласына;
– сыртқы саясатқа қатысты ахуалды ушықтырмауға баса мән беруі қажет.
Біздің қоғам бұл мәселелерге қатысты жанжал туғызатын сөз таратуға, ашу-ызаға толы мәлімдеме жасауға болмайтынын жақсы түсінеді. Бұл турасында білікті мамандар мен сарапшылар ғана кәсіби тұрғыдан пікір таластыра алады.
Мемлекет елдің ынтымағын бұзып, шаңырағын шайқалтқысы келетін кез келген әрекетке заң арқылы қатаң тосқауыл қояды. «Шектен шығуға жол жоқ» деген қағида әрдайым басшылыққа алынады. Біз дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенім мен надандыққа қарсымыз. Біз отаншылдықты қолдаймыз, алайда ксенофобия мен әсіреұлтшылдыққа қарсымыз. Біз либерализмді қолдаймыз, алайда жүгенсіздік пен нигилизмге қарсымыз.
Барша адамдар, әсіресе қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып жүрген азаматтар өзінің саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамастан, жалпыұлттық мүддені, мемлекеттілікті сақтау және нығайту мәселесін бәрінен биік қоюға тиіс!» – дейді Ерлан Қарин.
Мақалада мемлекеттің ішкі мәселелері туралы да айтылады. Оған қатысты «Ішкі саясат дегеніміз – ең алдымен халықпен тікелей жұмыс істеу деген сөз, яғни адамдармен ашық әңгімелесіп, тұрақты диалог орнату қажет. Сонымен бірге ысқырығы жер жаратын бәзбіреулерді көпшіліктің сөзін сөйлеп жүрген адам деп түсіну әбестік. Мұндай қателікке ұрынуға жол жоқ. Сондықтан диалогтың сындарлы, мазмұнды әрі мағыналы болғаны жөн. Ендеше қазіргі таңда мемлекеттік аппарат үшін барлық әлеуметтік топтармен және азаматтық қоғам өкілдерімен тікелей қарым-қатынаста болу – ең маңызды мәселенің бірі», – деген тұжырым бар.
Бұл – өте орынды әрі өзекті пікір. Өйткені қазір көптеген үлкенді-кішілі мекеме басшылары, тіпті жергілікті жерлердегі ғана емес, облыс, республика деңгейіндегі басшылармен қарапайым халықты былай қойғанда, журналистердің хабарласуының өзі қиын. Олардың көбі БАҚ қызметкерлерімен, әсіресе газет-журнал тілшілерімен жүре сөйлеседі. Соның салдарынан журналистер қажетті деректер мен дәйектерді уақтылы ала алмайды. Бір қызығы – телеарналардың түсірілім тобы, блогерлер келетін болса, бәрі бірдей бөденедей жорғалап, тіл алғыш баладай томдылдап жүгіре жөнеледі. Осындай кезде Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы газет туралы, оның қоғамдағы рөлі туралы айтқан пікірлері қайда қалған деген ой келеді…
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің мақаласындағы негізгі ой – біз озық ойлы ұлт ретінде әрдайым стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып, ұлттық мүддеміз бен өмір салтымызды дәйекті әрі табанды түрде қорғауымыз керек. Қазақстан ішкі және сыртқы саясатын біреуге ұнау үшін немесе қандай да бір үрдіске ілесу үшін жүргізбейді. Біз ең әуелі ұлт мүддесін, төл ұстанымдарымызды басшылыққа аламыз. Жаһандық саясатта көңілшектік пен аңғалдыққа жол беруге әсте болмайды. Көп векторлы немесе бейтарап саясат жүргізу оңай әрі ыңғайлы деген пікір бар. Бұл шындыққа жанаспайтын дилетанттық тұжырым деуге болады.
Қазақстан көп векторлы, салиқалы саясат жүргізіп отыр. Мұндай саясат ұстану, әсіресе жер жүзі сан тарапқа бөлінген қазіргі кезеңде өте қиын және орасан зор күш-жігерді талап еді. Бірақ геосаяси орнымызды ескерсек және еліміздің мүддесін ойласақ, бұдан басқа жол жоқ. Сондықтан қазіргідей қиын кезде ұлттық мүддемізді қорғап, өз ұстанымдарымызды сақтау үшін, ел бірлігін және қоғамның тұтастығын нығайта түсу айрықша маңызды.
«D»