Бақытжан БҰҚАРБАЙ: Ұлттық кеңестен НЕГЕ КЕТТІМ?

Біздің анықтама

Бақытжан Бұқарбай – баспагер, «Күміс кітап», «Президент», «Күнкөрістен кет, байлыққа жет» кітаптарының авторы. ҰҚСК-тің бұрынғы мүшесі.

– Бақытжан мырза, сіз президент Қ.-Ж.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім комиссиясынан (ҰҚСК) шығу жөнінде шешім қабылдаған екенсіз: мұндай қадам жасауыңызға қандай жәйттер түрткі болды?

– Былтыр Ұлттық кеңес әлі құрылмай тұрғанда, оны қатты сынға алғандардың бірі болдым. Десе де, Кеңестің құрамына кіру туралы ұсыныс келгенде, халқымыз отыз жыл күткен саяси реформалар жүзеге асып қалады-ау деген үмітпен оның мүшесі болуға келістім. Саяси реформалар бойынша жұмыс тобындамын, осы күнге дейін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуге бағытталған ұсыныстар дайындауға белсенді атсалыстым.

Біздің ұсыныстарды ескере отырып, президент Тоқаев жыл соңында саяси реформалардың бірінші пакетін жария етті. Яғни, партия тіркеу жұмысын жеңілдету, бейбіт жиын ұйымдастыру үшін хабарлау жүйесіне көшу сияқты оң өзгерістерді заңға енгізу туралы нақты тапсырма берді.

Өкінішке қарай, министр Абаевтың ведомствосы әзірлеген «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы президенттің тапсырмасына сай болмай шықты және ол халықтың, азаматтардың мүддесіне қайшы болып отыр. Былтыр біз саяси реформалар бойынша жұмыс тобында бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс атқардық. Біздің басты позициямыз – митингіге рұқсат алу жүйесін ескерту жасау жүйесіне ауыстыру болды. Президент Тоқаев желтоқсан айында болған ҰҚСК-нің екінші отырысында осыны мәлімдеді. Яғни, ескерту жасау жүйесіне өтеміз деді, сөйтіп заңға түзетулер енгізу жөнінде тапсырма берілді. Сол кезде алғашқы жеңістеріміздің бірі деп қабылдадық.

Бірақ министр Абаевтың ведомствосы дайындаған заң жобасы жария болды, оны талқылау үшін қоғамға он жұмыс күні берілді. Ол заң жобасымен танысқан кезде таңқалдым. Біріншіден, заң жобасының бұл нұсқасы біздің талап еткенімізге ұқсас болмады. Президент Тоқаев жасаған мәлімдемеде аралас жүйе туралы сөз көтерген жоқ, біз де ол туралы сөз қозғамадық. Бірақ Абаев ұсынған заң жобасында аралас жүйе туралы айтылған, яғни 250 адамға дейін жинасаң, ескерту жасаған жеткілікті, ал одан көбірек адам қатысатын болса, митинг өткізуге рұқсат алуың керек екен.

Бұл қисынсыз, ойға сыймайтын дүние, өйткені ең алдымен 250 адамды қалай тіркейсің? Жарайды делік, митингіге 200 адам келеді деп ескерту жасадың, мүмкіндік ашылды, кейіннен хабардар болған 200 адам тағы қосылды, сөйтіп 400 адамдық митинг өтті делік. Сол кезде митингіні таратып жібере ме, осы мәселенің мәнісі қандай болмақ?

Егер билік митингінің өткенін қатты қаласа, 250 адамның үстіне 100 адамды сырттан әкеліп қосып жіберуі мүмкін. Ондай сценарийді де жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан осындай қисынсыз заң жобасын сынға алдым, «Фейсбуктегі» парақшамда да жаздым, Алматыда жиын өтіп, оған құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері, Абаевтың өзі де қатысты. Негізгі парадигмалар өзгереді деп ойламаймын. Менің Ұлттық кеңестен шығу себептерімнің бірі осы болды.

– Ал екінші себебі қандай?

– Екінші себебіне келер болсам, былтыр Кеңес аясында қоғам тарапынан көтеріліп жатқан мәселелердің бірі – саяси тұтқындарды босату мәселесі шешімін тапқан жоқ. Жанболат Мамайға партия құруға бөгет жасалып, тосқауылдар қойылып жатыр. Ақпанның 20-сы күні Ұлттық кеңестен шығатынымды жариялаған соң, ертеңінде Жанболат Мамай мен оның жақтастары тұтқындалып, өзі екі тәулік абақтыда отырды.

Тек митинг туралы ғана емес, басқа заңдарға да ұсыныс енгіздік, ал әңгіме тек «Митинг туралы заң» жобасының аясында болып жатыр. Егер де ниет – халыққа бейбіт митингілерге жол ашу болатын болса, онда 1995 жылғы «Бейбіт митингілер туралы заңға» мораторий жариялауға әбден болар еді. Біз осы заңдарды либерализация жасаймыз, халық бейбіт митингіге шығып, өз ойын жеткізе алады деп мәлімдейміз.

Екіншіден, Жанболат Мамай немесе басқалары бейбіт жиынға шығып, қамалып жатыр. Бұл – қайшы нәрсе ғой, ниет шынымен осындай болса, неге осы келеңсіздік орын алып жатыр? Сондықтан жаңа заң қабылданғанша, ескі заңға мораторий жариялануы керек. Міне, осындай жағдайлар менің Ұлттық кеңестен шығуыма себеп болды.

– Жалпы, осы ҰҚСК туралы ашып айтқанда қандай пікір топшыладыңыз: бұл өзі азаматтық қоғамға үлес қосу мүмкіндігі бар құрылым деп айта аласыз ба?

– Азаматтық қоғамның қалыптасуына тек Ұлттық кеңес қана емес, барлығымыз жұмыла қызмет атқаруымыз керек. Әр азамат, әрбір ұйым, әрбір белсенді, құқыққорғаушы біріксе, сонда ғана азаматтық қоғам қалыптасады. Сырттан келіп біреу құрып береді-ау, Ұлттық кеңес немесе билік азаматтық қоғам құрып береді деп, өзіміз қол қусырып отыра берсек, стратегияның дұрыс болмағаны.

Кеңестің басқа мүшелері жұмыс істемей отыр деп те айта алмаймын. Біздің жұмыс тобынан бөлек, әлеуметтік-мәдени, экономикалық реформалар бойынша топтардың жұмысымен таныс емеспін. Әріптестерім біраз істі тындырып жатыр деп ойлаймын, олардың атқарған жұмысы, ұсыныстарының нәтижесі әлі заң жобасы ретінде көрініс тапқан жоқ.

– Сіздің ҰҚСК-тен шығуға байланысты шешіміңізге комиссия хатшысы, президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин мырзаның пікіріне орай не айтар едіңіз? Ол өзінің жауабында ҰҚСК-тің аморфты ұйым екенін мойындап қойған жоқ па?

– Ерлан Қарин мырзаның «Фейсбуктегі» жазғаны орынды. Кеңестен мен шығып кетсем де, бұл орган өзінің жұмысын тоқтатпады немесе тарап кеткен жоқ. Жұмысы жалғасын таба береді. Жарғыда көрсетілгендей, кеңес беруші, ақылдасатын орган ретінде бір адам кетсе, орнына басқа адам келеді, ротация тәртібі қарастырылған. Сондықтан алдағы уақытта менің орным бос тұрмайды, бір азамат келіп, ары қарай жалғастырады деп ойлаймын.

Мен бұл қадамды «хайп» үшін жасаған жоқпын, бұл менің ожданыма да, позицияма да қайшы. Мен халқымның алдында адал болғым келеді. Халықтың мүддесін әрдайым бәрінен жоғары қоямын. Кеңестің құрамында елімізге пайда әкелетін өзгерістер үшін барымды салып, қолдан келгенше тырыстым, бірақ Ұлттық кеңеске биліктің құлақ аспайтынына ақыры көзім жетіп отыр. Мен халықтың мүддесіне қайшы әрекеттер мен пиғылдарды заңдастыруға араласқым келмейді, сол себепті Ұлттық кеңестің құрамынан шықтым.

Дегенмен сіз осыдан бір айдай уақыт бұрын «Prezident» деген тақырыпта кітапша жазып (үзіндісі «ДАТ» газетінде жарияланды), президент Тоқаевты қолдау мақсатында азаматтық ынта танытқан едіңіз…

– Иә, сіз айтып отырғандай, кейбіреулер «Президент» деген кітабы шықты, ішінде президентке бағытталған ұсыныстар бар, сол кітабын жарнамалау үшін Кеңестен шыққан болуы керек деген пікірлер айтып жатыр. Кітапты қаңтар айында жаздым, ақпан айының басында баспадан шықты. Ол кезде Кеңестен шығамын деген ойым жоқ еді. Сондықтан кітаптың шығуы мен Қоғамдық кеңестен кетуімнің реті солай келді, бір-біріне ешқандай байланысы жоқ. Өзім белсенді адаммын, сондықтан баспагерлік жұмыспен де айналысып, Кеңестің жұмысына да араласып үлгердім, қазақша шығайын деп жатқан «Форбс Қазақстан» журналына редактор болып тағайындалып жатырмын. Сондықтан біреулер «хайп» деп түсіндіре салады, әркімнің аузына қақпақ қоя алмайсыз ғой…

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн