Рудан… ҚҰРУ тарайды

Осы мақалада қозғалмақ тақырыптың мән-жайын ашу үшін, сөзді әріден бастаған дұрыс болып тұр. Сонау 1999 жылдың ақпан айында Жамбыл облысына әкім болып Серік Үмбетов келді. Секең келе сала, облысты «шапыраштыландыру» мәселесін қызу қолға алды. Шапырашты руынан шыққандарды ойдан-қырдан жинап, олардың шама-шарқына тиісті баға бермей, облыс әкімдігінің бірнеше басқарма басшылығына тағайындады. Бұрын жұмыстан қуылып, ауылда «шөп өсірумен» айналысып жүрген Әлібек Әмзеевті алдырып, оны облыстың мәдениет басқармасының бастығы етіп тағайындады. Табан астынан Әмзеевті жоғарғы лауазымды қызметке тағайындау – облыста «шапыраштыландыру» жұмысын қарқынды жүргізу үшін керек болды.

Сонымен облыста жедел түрде екі бірдей – «Қарасай батыр» және «Көшек батыр» қорлары құрылды (Еске салайық, шапыраштының ішіндегі көшек – Нұрсұлтан Назарбаевтың руы. – Ред.). Қордың біріне – Әлібек Әмзеев, екіншісіне – оның інісі Жәнібек Әмзеев жетекшілікке сайланды. Бұл жөнінде, ұмытпасам, «ДАТ» газетінің 1999 жылдың қараша айындағы бір нөмірінде «Қарасайдың әруағы әмзеевтерді кешірмейді» деген үлкен мақала жария болды. Айтса – айтқандай, Алланың ісі болар, көп ұзамай Жәнібек дүниеден озды…

  • Ал Серік Үмбетовтің сеніміне кірген Әлібек Әмзеев өзіне жүктелген «шапыраштыландыру» жұмысын ары қарай жалғастыра берді. Көшек батыр – Қарасай батырдың баласы болған деп, ойдан тарих құрастырылды. Жоңғардың жаралы жауынгерінің қолынан қаза тапқан Көшек батырдың сүйегі Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты, жақын маңында елді мекен жоқ, айдалада, бұрын «Көшек» деп аталатын төбеде жатыр деп, басына күмбез тұрғызылды (фото). Көп күттірмей, артынша, «тұлыпқа мөңіреген сиыр» сияқты, бабасының сүйегін іздеген президент Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше мәрте күмбездің басына келіп кетті.

Сол екі ортада «шапыраштыландыру» науқанына қажетті жаңа деректер «табылды». «Түп-тұқияннан өзіме дейін» деген шапырашты руының тарихы жазылған кітапта Қарасай батырдың Көшек батыр деген баласы болмағаны туралы жазылды.

Соған қарамастан, жалған тарихты насихаттау облыста жүріп жатты. Осы жайды Көшек батыр күмбезін ашуға келіп, Н.Назарбаевтың өзі қатысқан жиында Қыдырбек Балғабекұлының қызы Балнұр анықтап айтып берсе де, жалған тарихшыларды тоқтатын күш болмады. Бұл үрдіс Үмбетов облыстан кеткенше жалғасып жатты.

Бүгінде Көшектің күмбезі ешкімге керегі болмай, айналасы Әмзеевтің фазендасына айналып, ұлан далада жетім баланың күйін кешіп, жалғыз тұр. Назарбаев та, Үмбетов те бабасын іздеп, күмбездің басына келуді тоқтатты. Иә, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген осы. Ойдан құралған жалған тарих осылайша көмескіленіп кете барды.

Бұл жағдайды өткен әңгіме ғой деп, жылы жауып қоя салуға болар еді. Алайда сол ескірген әңгімені қайтадан қоздырған Әмзеевтің өзі болды.

Жаңадан туындаған мәселе – Тараздың көне қала аумағындағы алаңда орналасқан Жамбыл Жабаевтың ескерткішін алып тастап, мүсінді жаңадан жасап, оның тұрған орнын ауыстырып, облыс әкімдігінің алдына қою төңірегінде өрбіді. Облысқа жаңа келген басшы Асқар Мырзахметов өткен жылы басқа жұмысты жиыстырып қойып, алдымен қаланың бет-бейнесін өзгертуге кірісті. Сол ойын іске асырудың бірі – Жамбылдың ескерткішін қайта жасатып, оны облыс әкімдігінің алдына орналастыру еді. (Ел ішінде жүрген бір деректерге қарағанда, Асқар Мырзахметовтың әкесі Назарбаевқа түп нағашы болып келеді. – Ред.).

Мырзахметовтың бұл көрегендігіне тамсанған жергілікті жағымпаздар оны жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелді. Жамбылдың мүсіні қайта жасалып, жаңа орынға – әкімдіктің алдындағы алаңшаға көшті. Ең қызығы – осы ескерткішті ашу рәсімі Ә.Әмзеевке тапсырылды. Сол кезде Әлібек мырзаның: «Бабам өз тұғырына қонды. Ескерткіштің облыс әкімдігі ғимаратының алдында тұруы – тарихи оқиға» деп, көпіре сөйлегені талай тараздықтардың есінде.

Дегенмен, кейіннен тарихи мұра болып есептелген ескерткішті қайта жасап, орнын ауыстыруда жіберілген заңсыздықтар көпшіліктің наразылығын тудырып, арты үлкен дау-дамайға айналды. Облыс әкімімен ұзаққа созылған текетірестен кейін, облыстағы қоғам белсенділерінің табандылығымен, жақында Жамбыл ақынның бұрынғы ескі мүсіні кері қайтарылды. Бірақ тұрған орны ауыстырылмады. Жәкең ескерткішінің айналасындағы дау-дамай тек шапырашты руының жекелеген өкілдерін ғана емес, облыста тұрып жатқан барлық исі қазақтың наразылығын тудырды. Олай болатын себебі – тарихи ескерткіш ретінде қабылданған бұрынғы Жамбылдың тұлғасы бүкіл қазақтың ортақ мұрасы еді.

Жамбылдың тұлғасын жекешелендіру – тек Әмзеев сияқты рушыл пасықтардың ғана миына кіретін дүние. Олай деп отырғаным – күні кеше ғана Тараз қаласындағы бір ресторанда Әмзеевтің бір топ шапыраштыларды жинап, Жамбылға арнап ас беруі. Осы аста Әмзеевтің «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағынан бас тартып, куәлігін қала мәслихатына өткізіп, табан астында тас-талқан болып бұлдануы түсініксіз болып тұр…

Әлібек Әмзеев облыстың мәдениет саласын басқарып жүрген кезінде облыстық драма театрдан Абайдың, қаладағы үлкен басты кинотеатрдан Шоқан Уәлихановтың атауларын алып тастағанда, мәу деп дыбыс шығармаған еді. Енді оның Жамбылдың бұрынғы ескерткіші үшін соншалықты шала бүлініп жүргені белгісіз жай. Оның үстіне біз – тараздықтар білеміз ғой: әшейінде бес адамға шай беруге сараң Әлібектің бір қора адамға өз есебінен ас беруі де қисынға келмей тұр.

Турасын айтқанда, Әмзеев Жамбылға арнап ас беретіндей, Жамбыл атамыз оның тікелей тараған әулетінен емес. Жамбыл – Бесарыс болып, қыз алысатын шапыраштының Екей руынан, ал Әмзеев – Шыбыл атадан тарайды…

Қисынсыз жерге қиялай келіп, сынадай сіңетін ептілер көп. Шапыраштыны дабыра ететін де сол ептілер Балнұр Қыдырбекқызын Алматыдан ат арытып алдырып, Таразға әкеліп, асқа қатыстыруы – трайбализмдік саясаттың астарында жатқан мәселе болса керек… Оған қоса, жақында Қайрат Сатыбалдының (Назарбаев) Сарыағашта өз әкесінің атына мұсылман орталығын ашуы – алда үлкен бір рулық қозғалыстың бар екендігін аңғартса керек.

Онсыз да мемлекетті 30 жылға жуық басқарған бір адамның қиямпұрыс саясаты салдарынан шапырашты десе, жалпы қазақтың кірпідей жиырылып, теріс айналатындай жағдайға жеткені аз ба еді? Сонымен қоса қазақтың басы бірікпей, тарыдай шашылып, әркім өз бетінше ру қуып, бір-бірімен өзара алауыз болып отырғаны кімнің мүддесін қуған қулық?

«Бөлінгенді – бөрі жейді» деген сөз бар. Бір қазаққа, тұтас ұлтқа бірігейік, ағайын! Есімізді жиып, етегімізді жинап, тұғыры биік ел болайық!

Өмірбай САБЫРОВ,

«Ел болашағы» қоғамдық ұйымы

Жамбыл облыстық бөлімшесінің төрағасыттттттттттт

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн