Әлнұр ИЛЬЯШЕВ – гуманитарлық салада заңгер, кәсіпкерлікті әкімшілендіру, педагог-психолог және дінтану бойынша төрт жоғары білімі бар белсенді азамат. 2020 жылы түрмеде отырған кезінде халықаралық «Amnesty International» құқық қорғау ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп таныды. Азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігін дамыту жолында ел игілігі үшін елеулі істер атқарып жүрген қоғам қайраткерімен елімізде жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформалар, көші-қон үдерісі, әлеуметтік белсенділік жайында сұхбаттастық.
– Әлнұр мырза, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат беріп, «Әділетті Қазақстанды» құрып жатқанын айтты. Меніңше, қоғам әділетті болуы үшін, алдымен басшылар, сот, құқық қорғау ұйымдары, жалпы барлық мемлекеттік және азаматтық қызметшілер әділ болуы керек. Бұл – халық даналығымен, ХХ ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбылдың: «Елдің бағы ашылар, әділ болса басшысы» деген тұжырымымен де сәйкес келеді. Ал біз ең төменгі буыннан бастап, жоғары заң шығарушы ұйымға дейінгі барлық мемлекеттік мекемелер, сот, прокуратура, ішкі істер, арнайы қызмет, сондай-ақ меншік түріне қарамастан, ірілі-ұсақты кәсіпорындар, ұлттық компаниялардың бәріне әділ басшы сайлап немесе тағайындап үлгермегеніміз айдан анық, бірақ тым болмаса осы бағытқа түстік деп ойлайсыз ба? Мысалы, депутаттарды, ауыл, аудан әкімдерін сайлап жатырмыз…
– Сайлауға тұрақты бақылаушы ретінде қатысып жүргендіктен, мен оның қалай өтіп жатқанын жақсы білемін, шын мәнінде бізде ол нақты демократияға еліктеу, имитация ғана. Атқарушы және сот билігінің өкілдері барлық деңгейдегі кез келген сайлап қойылатын лауазымдарға азаматтық белсенділердің сайлану мүмкіндіктерін кесіп тастайды. Бұл мақсатта электоралдық манипуляциямен қатар өкілетті тұлғалар тарапынан ашық заңсыздықтарға да жол беріледі. Бірақ бұл судың тау мен тасты да тесіп шығатыны сияқты бізді тоқтата алмайды. Қоғамда сұраныс болғанымен, әлеумет пен мемлекеттің шын мәнінде трансформациялануы күрделі және ұзақ үдеріс болуы мүмкін. Ал оның негізінде әрқашан ел билігі мен қоғамның саяси ерік-жігері жатады. Егер осы екі құрамдас бөлік болмаса, айтарлықтай өзгеріс күтудің қажеті жоқ.
Ел аузында әр халықтың билеушісі өзіне лайық болады деген баршаға белгілі ұғым бар. Қасиетті Құранда да: өздері өзгеруді қаламаса, шынында Құдай да адамдардың жағдайын өзгерте алмайды деген аят бар. Егер еліміздің азаматтары біздің мемлекетімізді әділ әрі білікті көшбасшылар басқарып, халыққа сондай шенділер қызмет еткенін қалайтын болса, онда біздің өзіміз сондай, тіпті одан да жақсы болуымыз керек. Сонда ешкім жемқорлықты барлығы бірдей дерлік істейтін біздің өзіндік «ұлттық идеологиямыз» немесе болмыс-бітіміміздің элементі ретінде бағалай алмайды. Біздің бабаларымыз бұл тұрғыда жоғары жауапкершілік сезімі мен өз әрекеттерінің салдарларын жете түсінгендіктерінің арқасында жекелеген өңірлерде жақсы табысқа жеткен. Өйткені материктің ортасындағы тез құбылмалы климат жағдайындағы көшпенді өмір салты, үлкен қалалардың қашықтығы және осыған байланысты билік қатынастары оларды солай болуға мәжбүр етті. Ол кездері тіршіліктің негізгі шарты өзіндік тәртіп болды. Кейін тарихи үдерістердің ықпалымен отырықшылыққа өту және Ұлы даладағы урбанизацияның әсерінен оның тұрғындары да басқа көптеген халықтар сияқты біраз өзгерді. Адамдар көп жағдайда, әсіресе сайлау сайлаушының жағдайын жақсартатын болса, әділдік құндылықтарын материалдық байлыққа айырбастауға дайын тұратын болды. Дегенмен, қай адамда да, қоғамда да тереңде жатқан әділеттілікке деген сұраныс бар. Сондықтан да біздің қоғамдық жұмысымыз сол сұранысты мейлінше оятуға бағытталған.
– Жалпы, бізде сайлау жүйесі дұрыс па? Өйткені бір мандатты мажоритарлық сайлау округтерінің өзінде билік партиясы саналатын бұрынғы «Нұр Отанның» ізбасары – «Аманат» партиясының өкілдері «жеңіске» жеткен жағдай көп. Соның нәтижесінде олар қазір Мәжіліс депутаттарының үштен екі бөлігінен астамын құрап отыр. Меніңше, мұндай жағдайда демократиялық шешім қабылдау мүмкін емес. Мың жерден Қазақстанда көппартиялы парламент десек те, қалған партиялардан сайланған жиырмадан сәл асатын депутаттық құрамның ұстанымы шешуші рөл атқармайды. Ал Президент бізде парламенттік оппозиция болуы керек дейді. Сондықтан, менің ойымша, мемлекеттік қызметкерлердің партиясы саналатын «Аманаттың» үстемдігін болдырмау және нағыз парламенттік оппозиция болуы үшін, басқа партиялардан сайланған депутаттар кемінде үштің бірінен артық болып, вето қоя алатындай жағдайға жетуі керек. Сіз қалай ойлайсыз?
– Мен заңгер ретінде қазіргі сайлау жүйесі билік үшін нақты легитимділіктің негізі бола алады деп санаймын. Бірақ сайлаулар әділ, ашық және бәсекелестік күрес жағдайында өтсе ғана. Қоғамға тіпті ашық популистерді, ана немесе мына қайраткердің нағыз бағасын, олардың уәделерінің орындалуын білу үшін, қателесу мүмкіндігін де берген дұрыс. Егер олар бұдан сабақ алатын болса, кейін аз да болса өз үміткерлерін таңдауға байыпты қарайтын болады. Бұрынғы оқушы, кейін мектеп мұғалімі, қазір әке ретінде мен адам үшін өмірлік сабақтарды меңгеруде жеке тәжірибенің маңыздылығын жақсы түсінемін. Сондықтан азшылықтың қолындағы вето құралы идеясын, тіпті ол авторитарлық режим жағдайындағы демократиялық-оппозициялық болса да, мен қолдамаймын. Қазіргі қазақ қоғамы өзінің әрекетсіздігі және құқықтарын қорғау жолында әділетсіз сотқа тап боламын деген қорқыныштың кесірінен елімізді клептократтардың билеп-төстеуіне беріп қоюға дайын тұратындығының қиындықтарын сезінуі тиіс. Қоғам тек осы қорқынышты жеңгеннен кейін ғана билік басындағы мемлекеттік аппарат олардың ұсыныс-тілектерін қабылдап, нақты реформалар жүргізуге мәжбүр болады. Қазіргі саяси режимнің көрнекті бір өкілі айтқандай – қолданыстағы ережелер шеңберінде олар билікті өз еркімен береді деп ойлаудың қажеті жоқ.
– Әділеттілікпен бірге қоғамдағы тұрақтылықтың басты негізі – заң мен тәртіп екені сөзсіз. Бірақ жоғарыда аталған сұхбатта Талғар қаласында орын алған қылмыстық оқиғаға байланысты Президент қандастарымыздың көңіліне келетіндей сөз айтып қалды. Былайша айтсақ, билік бұрын да қанша жерден көші-қон саясатын жүргізді десек те, қандастарымыздың көбірек келгенін қалаған жоқ. Бүгін де солай сияқты. Белсенді азамат, қоғам қайраткері ретінде бұған не дейсіз?
– Менің ойымша, көпшілік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан дұрыс сөз шығатынына үйреніп қалды. Кезінде бұрынғы президент те солай істейтін, оның қайталап айта беретін ең сүйікті тәмсілі – молданың істегенін емес, айтқанын істе деген еді. Адамдар, әсіресе балалар, өздерін өмірге үйрететін жандардың керісінше әрекет ететінін көріп отыр, олар шын мәнінде «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, көргенін істейді. Көшбасшылардың екіжүзділігі, қысқа тарихи кезеңдерді есепке алмағанда, барлық қоғамда барлық кезде шешілмеген мәңгілік мәселе болып келе жатыр. Сондықтан ондаған жылдардан соң тарихи Отанына оралған қандастарымыз заң бұзып жатыр деп ескерту жасау мына жағдайда ең жұмсартып айтқанда әдепке жатпайды. Егер осы елде туылған қазақстандықтар жаңа келіп жатқандарға қарағанда мәдениеттілік пен заңға мойынсұнушылықтың үлгісін көрсетіп жатса, мен түсінер едім. Бірақ олай айтуға әлі ерте. Ал біздің көптеген азаматтарымыз шиеленісті жағдайды реттеуге келгенде зорлық-зомбылыққа жол беруінде мемлекеттің кінәсі де аз емес.
Мынаған қараңыз, кім Президент әкімшілігімен келісудің нәтижесінде Алматы облысынан бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс дептутаты атанды?! Екі депутат та аралас жекпе-жек – спорттық мәртебесі болғанмен, физикалық зорлыққа негізделген көңіл көтеру индустриясының өкілі. Әрине, ел арасында олардың есімдері белгілі болғандықтан, өз жақтастарының бірнеше мың дауыстарын алды, бұл да біздің қоғамның бір сипаты. Сондықтан, тағы бір қасиетті жазбада айтылғандай, кейбіреу өз көзіндегі бөренені сезбесе де, өзгенің көзіндегі бүртікті көреді. Оның үстіне кімнің болса да шығу тегіне мән бермеуге болмайды.
Иә, тарихи жағдай, тағдыр тәлкегіне байланысты өзге ел, басқа әлеуметтік ортада өскен қандастарымыз белгілі бір дәрежеде бізден ерекшеленеді. Барлығы жеке тұлға ретінде қалыптасу кезеңінде өскен ортаға байланысты. Бірақ әрқашан дамыған қоғамдық институттары бар мемлекет олардың жаңа келген ортасына бірте-бірте кірігуі, интеграциялануы үшін тиісті тетіктер ұсына алады. Бірақ Назарбаевтың тұсында да, қазір де қандастар үшін уақытша қолдаудың материалдық құралдарынан басқа ештеңе жасалған жоқ. Осындай жағдайда біз олардан не күте аламыз, мен соны түсінбеймін.
– Көші-қон туралы заң көңіліңізден шыға ма? Оған қандай өзгертулер енгізу керек деп ойлайсыз? Кезінде Алтынбек Сәрсенбаев, Сағат Әшімбаев, басқа да танымал қоғам қайраткерлері сырттағы ағайын жайлы жақсы пікір айтып, этникалық көштің маңыздылығын ерекше атаған еді. Жалпы, алыс-жақын шетелдерде тұратын 7 миллиондай қандасымызды жер бетіндегі жалғыз да ортақ Отанымызға мейлінше көбірек оралту үшін не істеу керек? Меніңше, Жаңа Қазақстанды құруға олар да өз үлестерін қосуы тиіс!
– Қазақстанның қазіргі көші-қон саясаты билік режимінің сипатын көрсетеді. Ол өзінің авторитарлық сипатын сақтай отырып, Ата заң бойынша әлеуметтік мемлекетпіз дей отырып, адамдардың санасына біздің мемлекетіміздің патерналистік үлгісін сіңіргісі келеді. Мемлекеттік аппарат экономиканы қадағалай отырып, өзін барлық азаматтардың, соның ішінде жаңа көшіп келгендердің де базалық сұраныстарын қанағаттандыратын негізгі көз ретінде көрсетуді жалғастырғысы келеді және қоғам осыны қолдағанын қалайды. Сонымен бірге өз елдеріндегі қолайсыз жағдайдың себебінен Қазақстанда одан жақсырақ өмір суруге болады деген үмітпен өзге этнос өкілдерінің болуы мүмкін көші-қон ағынын да ірке тұру қажет. Экономикалық көші-қон осы кезге дейін болды, келешекте де бола береді. Оның үстіне көрші Ресей мен Украина арасында соғыс жүріп жатыр.
Ал жер бетіндегі барлық қазақты бір ұлттық мемлекет аумағында шоғырландыруды стратегиялық мақсат етіп қою мүмкін емес. Біз Шыңғыс хан дәуірінен көп өзгере қоймаған жаһандық әлемде өмір сүріп жатырмыз, қазір тек жеке адамдардың өз қабілеттерін жүзеге асыруы, әлемдік экономика, мәдениет пен ғылымға қосатын үлесін арттыруы үшін мүмкіндіктер көбейді. Егер кім болсын басқа бір елде табысқа жетіп, сол ел оған тиімді болса – неге солай істемеске! Әрине, мұнда ақылды, білімді адамдардың кетіп қалу тәуекелі бар, бірақ қазақстандық билік тиісті жағдай жасай алмайтын болса, оларды тек елде ұстап отырып, өз қабілеттерін жүзеге асыруға кедергі келтіру бүкіл адамзат алдындағы жауапсыздық болар еді. Екінші жағынан, өз отбасымның мысалында айтар болсам, Отанға деген сағыныш өз дегенін істетеді. Бірнеше жыл бұрын менің екі әпкем балаларымыз жақсы өмір сүрсін деп Еуропаға кетті, бірақ сол балаларының талап етуімен елге қайтып келді. Өйткені олар үнемі бізбен байланыста болды және әр жылы каникулға келген сайын біздің қоғамды өздері барған елмен салыстыра алды. Сонда да біздегі айқын артта қалушылыққа қарамастан, Қазақстан олар үшін ең жақын, ең ыстық және түсінікті қоғам болып көрінді. Егер халық санын өсірудегі мақсат Отан қорғаушылардың қатарын көбейту арқылы еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту деп түсінетін болсақ, онда әскери тарих және заманауи әскери технология әсіресе орыс-украин соғысының мысалында сан емес, сапа, қабілет қажет екенін әлдеқашан дәлелдеді.
– Соңғы кездері қоғамда жаңа тұрпаттағы саяси партия қажеттігі жөнінде пікірлер жиі айтылып жүр. Қандастарымыздың мүддесін қорғап, олардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру үшін партия құру керек деп ойламайсыз ба? Себебі бізде мемлекеттік қызметкерлердің мүддесін қорғайтын «Аманат», ауыл мәселесін көтеріп жүрген «Ауыл», кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын «Ақ жол», экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген «Байтақ», жастар мәселелерін көтеріп жүрген «Республика», тіпті коммунистердің мәселелерін көтеріп жүрген «Қазақстан халық партиясы» бар, ал қандастар жайын, жалпы ұлттық мәселелерді ұран қылып жүрген партия жоқ!
Ал партия дегеніміздің өзі ортақ мүдде негізінде құрылатын белгілі бір әлеуметтік топтың белсенді мүшелерінің ерікті одағы десек, бізге сондай бір партия қажет емес пе? Себебі 2014 жылы сырттан көшіп келетін бауырларымызға Қазақстан азаматтығын бес жылда беру туралы заң талқыланған кезде Мәжілістің ең болмаса бір депутаты бұған ешқандай қарсылық білдірмей, бәрі аузын буған өгіздей тып-тыныш отырды. Егер қандастарымыздың жайын ойлайтын партия болғанда, олай болмас еді. Міне, осының өзі жоғары заң шығарушы ұйымда қандастарымыздың мүддесін қорғайтын партияның қажеттігін көрсетеді. Өйткені олардың саны 1 млн 200 мыңнан асады, ал табиғи өсімімен 4 миллионның төңірегінде. Бұл – республика халқының бестен бірі.
Осы жерде Президенттің өзі Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты оралман санап отырғанын айта кету керек. Сірә, 100 жыл бұрын көшіп келсең де, қарапайым халық сені оралман санайды. Соның салдарынан саяси тұрғыда олар қоғамның дамуына белсенді араласа алмай отыр. Ал заңда олай емес, мемлекет басшысы Қазақстан азаматтығын беру туралы Жарлыққа қол қойған сәттен бастап олар оралман немесе қандас саналмайды! Ал ел халқының бестен бірі – аз сан емес! Оның үстіне олар Ата жұртты аңсап келген, Ана тілін, Ата салтын жақсы білетін, отаншылдығы, еңбекқорлығы, ұйымшылдығы, керек десеңіз, ұлтшылдығы да басым жандар. Бізге қазір керегі де сондай азаматтар емес пе!
– Мен жалпы қазақстандық саясатта көптеген әртүрлі партиялар болғанын қолдаймын, соның арқасында міндетті түрде азаматтардың саяси мәдениеті дамыған болар еді. Сіз айтып отырған партиялық бағдарлама үлгісі де сайлаушылардың жекелеген топтары арасында міндетті түрде қолдау табатынына да сенімдімін. Бірақ мен азаматтардың бір тобының ғана мүдделерімен шектеліп қалмас едім. Саяси бәсекелестіктің мәні сонда – ол мемлекет пен қоғамның маңызды мәселелері бойынша ең оңтайлы шешім қабылдауға негіз болуы керек. Мүмкін, сіз ұсынып отырған партияны құру үдерісінде басқа саяси партиялар бұл мәселені алдағы сайлаулар үшін өз бағдарламалары мен платформаларының бір бөлігі ретінде қарастыратын шығар, ол да жаман емес. Заң шығарушы және өкілетті ұйымдарда қандастарымыздың мүдделерін қорғау мен қолдау көбейген сайын, бұл бағытта ұнамды өзгерістер де басталады.
– Президент бір бұл емес, Парламенттік республика, атом электр стансаларын салу бойынша да халық онша қостай қоймайтындай ой айтты. Путиннің ықпалы күшті екені де байқалады. Ал бұрынғы президентпен орташа ай сайын бір рет хабарласып тұрады екен. Осының өзі ел аузындағы «екі президенттің ортасында келісім бар, қазіргі президент бұрынғы президенттің сызып берген сызығынан шыға алмайды» дегенді растамай ма? Оның үстіне бұрын тағайындалған кадрлардың көбі әлі күнге жылы орындарында тапжылмай отыр. Тіпті жаңадан тағайындалып жатқандарының өзі сол тұста тәрбиеленгендер. Ұрланған активтерді қайтарып, халық игілігіне жаратуға, ел экономикасын шын мәнінде жаңғыртуға да солар кедергі болып отырған сияқты. Қайта елдің жағдайы нашарлап, «бұрынғымыз жақсы екен ғой» деген күйге түссін деп ойлай ма, қалай?
– Саясаткерлер нақты тарих, география деген дүниелермен есептесуге мәжбүр, өз стратегияңды қалыптастыра отырып, бұларды лақтырып тастауға болмайды. Назарбаев қалдырған «мұра» әлі де белгілі бір мерзімге дейін еліміздегі экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалға әсер ете беретін болады. Шын мәнінде, негізгі билік тұтқаларында отырған көптеген мемлекеттік қызметкерлер сияқты, Тоқаевтың өзі де – «Назарбаевтың өнімі». Кадрларды жаңалау басталды, бірақ Назарбаев қалыптастырған саяси тетіктер мен институттардың инерциялық әсерін айтпағанның өзінде ол әлі аяқталған жоқ. Меніңше, негізгі гео- және ішкі саяси тәуекелдер назарға алына отырып жасалған және белгілі бір қауқары мен тұрақтылығын көрсетіп келе жатқан қалыптасқан жүйені өзгертуге билік те аса бейіл емес. Бірақ көпшілік түсініп отырғандай, қазір бүкіл әлеммен бірге жеке алғанда біздің аймаққа да әсер етіп жатқан жаңа леп, жаңа беталыстар пайда болуда. Көпшілік байқап, сезіп отырған кемшіліктерге байланысты мен Пайғамбарымыздың: «Шыдамды болыңыздар, қандай қиын болса да, одан кейін міндетті түрде сендер өз Құдайларыңызды кезіктіргенше, одан да қиын күндер туады» деген хадисін келтірген болар едім. Әлемді Жаратушы Иеміз адамдарды сынау үшін және кімнің ісі дұрыс екенін көру үшін жаратқан. Сондықтан біз күйзеліске түсу емес, керісінше, «жақсылыққа жоры да, жамандықты тақап қой, сонда жақсылық өзі келеді» деген ұстаныммен әрекет еткенді дұрыс санауымыз керек.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болып сайланғанына 6 жылға жуықтады, Қасіретті Қаңтар оқиғасына 3 жыл толды. Оған айыптылар толық жазаланды ма? Самат Әбіш, Ерлан Тұрғымбаев сынды басқа да тікелей айыптылар бостандықта жүр. Президенттің өзі айтқан, ел байлығының жартысынан көбін заңсыз, тіпті қылмыстық жолмен иемденіп алған 162 олигархтың байлығы көбейген үстіне көбейіп, бір теңгеге де азайған жоқ. Сарапшылар есептеп шыққан 220 трлн теңгенің енді ғана 1 триллионнан астамы, онда да тек екі адамның – Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтар иемденген мүліктердің есебінен қайтарылыпты. Бұл – бүкіл тоналған байлықтың 1 пайызына да жетпейді. Сонда Жаңа, Әділетті Қазақстанды қалай құруымыз керек? Бүгінгі жалтақ, жайбасар, тасбақа жүріспен, ұялас қарғаның көзін шұқымайтын әдетімізбен оны қашан құрып боламыз? «Таз таранам дегенше, той өтеді» деп, ырғалып-жырғалып, шешуші әрекет жасай алмай отырғанда, онсыз да барлық баспалдақтарда отырған «Ескі Қазақстан» жоғары билікті қайта тартып алмай ма?!
– Қазақстандағы билік үшін тартыстың тарихы мен қисыны жақында ғана Ата заңымызға халық меншігі ретінде енгізілген еліміздің табиғи байлығы мен ресурстарының айналасында жалғаса беретін болады. Бірақ атап айтатын жайт – сол байлықты халықтың атынан басқару мен оған билік ету құқы іс жүзінде жоғары биліктегілерге ел экономикасын бақылау мүмкіндігін береді. Қазіргі саяси жүйе, модель жағдайында Қазақстандағы «Форбс» тізімінде кім болса да, билікті ұстаушыларға адалдық танытса, ол сол күйінде қала береді. Бүгінгі күні Тоқаевтың айналасында да дәл сондай «отбасы» қалыптасып, Назарбаевтың айналасындағылардың көптеген маңызды активтері жайымен солай қарай ауысып жатыр деген әңгімені жиі естиміз. Мен оның қашанға дейін жалғасатынын білмеймін, бірақ қашан болмасын, олардың «дәуірі» де өтеді. Себебі Назарбаев құрған саяси-экономикалық жүйе оны Қасіретті Қаңтар күндері халықтың ашу-ызасының шарпуынан сақтай алмады. Тоқаев та осындай күйге түспес үшін, біз кішкене күтуіміз керек. Тек содан кейінгі сілкіністен соң ғана бұл модельдің дәрменсіздігі баршаға түсінікті болған кезде еліміздің биліктегі аса бай азаматтары бір мезгілде нақты экономикалық реформалар мен қоғамдық-саяси өзгерістердің қажет екені жөнінде ойлай бастайды. Ал әзірше біз үйрену, дағдарысқа қарсы менеджменттің біліктіліктерін қалыптастыру арқылы дайындала беруіміз керек.
– Атам қазақ баяғыда-ақ «Жас келсе – іске, кәрі келсе – асқа» деген. Қазір өзін мықты санайтын, тек өзінікін ғана дұрыс деп есептейтін үлкен жастағы ағаларымыздың қауқары белгілі болып қалды. «Кертартпаның кесірі кең дүниені тар қылар» демекші, олардың көбінде қайта үмітсіздік, сенімсіздік, кертарпалық басым. Қоғамның дамуы, жаңаруы, жаңғыруы негізінен жастарға байланысты. Әділетті қоғам қалыптасуы үшін жастар не істеуі керек? Бұл үдерісті жеделдету үшін не қажет?
– Міне, дәл осыны жастарға ұсыныс ретінде айтуға болады. Олар құр қиялдың жетігінде кетпей, әлемде, елімізде болып жатқан өзгерістерге, туған халқымызға кең тұрғыда қарауға тырысулары керек. Менің жас кезіме қарағанда қазіргі жастарда даму үшін мүмкіндіктер әлдеқайда көп, сонымен бірге жеңіл табыс табуға қызықтыратын азғырулар да аз емес. Бірақ адамдарға адамзаттың ғасырлар бойы қалыптасқан даналығы бұрында өткен данышпан ойшылдар мен әйгілі тұлғалардың шығармалары арқылы қолжетімді ғой, ал адамның психологиясында ешнәрсе өзгере қойған жоқ. Сондықтан ондай кітаптарды мен қалай өмір сүру керектігі жөнінде өте жақсы кеңесші әрі көмекші деп санаймын. Әрқашан жұмысым көп, уақытым өте тығыз болса да, күніне ең болмаса 5-10 минут кітап оқуға тырысамын. Әрбір адамның алдында әрқашан әртүрлі таңдаулар, этикалық дилеммалар тұрады, оларды дұрыс шешу – қателіктерді қайталап, біз бір орында тұрып қаламыз ба, әлде өз дамуымызда алға басамыз ба – соны айқындайды. Сол себепті өткеннен дұрыс сабақ алып, әрқашашан алға ұмтылған жақсы деп санаймын. Құдай қуат, уақыт берсе, елімнің, халқымның игілігі жолында алда талай жетістіктерге жетемін деп ойлаймын!
– Салихалы сұхбатыңыз үшін көп-көп рахмет! Қоғам дамуы жолындағы игі істеріңізге табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ «D»