Макс БОҚАЕВ: ЖЕРДІ 25 ЖЫЛҒА ЖАЛҒА БЕРУ – ҚЫЛМЫС ЖАСАУМЕН БІРДЕЙ

– «Трибуна» бағдарламасының қонағы, 2016 жылы аты танымал Жер мәселесі бойынша митингіге шыққаны үшін жалған айып тағылып, бес жылға сотталған қазақтың батыр ұлы Макс БОҚАЕВ, Бостандыққа шығуыңызбен құттықтаймыз! Көңіл күйіңіз, денсаулығыңыз қалай?

– Көңіл-күй бір қалыпты, үйге келіп, анамды, бауырларымды және достарымды көріп қуандым. Бірақ мәз-мәйрам болып, көңілім көтерілді деп айта алмаймын, бірқалыпты.

– Дәл қазір билік сізді пробациялық бақылауда ұстап отыр, үш жыл бойы сізге әкімшілік бақылау жасауының себебі неде? Осы әрекеттері заңды ма, өзіңіз осы қойылған шектеулерге бағынасыз ба?

– Бұл шектеулер заңсыз, 2016 жылы маған және Талғат Аянға шығарған сот үкімі әділетсіз деп санаймын. Соңғы шыққан үкім бойынша, үш жылдық пробация мерзімі де заңсыз. Себебі 2018 жылы Қылмыстық атқару кодексіне өзгерістер енгізіп, экстремистік қылмыс жасағандарды міндетті түрде пробациялық мерзімге шектеу жөнінде алты айдан үш жылға дейін норма енгізген. Мұндай шектеуге бағыну немесе бағынбау мәселесінің маған қатысы жоқ. Өзім біреуге тиісіп, тәртіп бұзатын адам емеспін. Түрмеде 4,5 жыл отырдым, ешкімге тиіскен жоқпын. Өзіме тиіскен адамға жауап беремін, алдағы уақытта да сол ұстанымда боламын деп ойлаймын.

Ал енді сыртқа шығып біреуге тиісіп, тонайтын, ұрлық жасайтын адам мен емеспін. Он сегіз жыл бұрын қоғамдық жұмыспен айналысуды бастап, содан бері өз пікірімді ашық жариялап, жеткізіп жүрмін. Дәл бүгін керек кезде телекоммуникациялық желілер арқылы немесе көзбе-көз кездесіп, сұхбат бергенде, өз пікірімді ашық жеткізуге тырысамын. Қандай да бір әрекет жасауды дұрыс деп санасам, оған дайынмын. Маған ешкім шектеу қоя алмайды. Түрмеде отырған кезімде пробациялық шарттарды бұзсаң, қайтадан қамаймыз деп ескерткен. «Отырғызыңыздар, түрмеден қорқатын ештеңе жоқ, түрмеде отырып та, өз пікірімді ашық айтып жүрмін», – дедім.

– Түрмеде демекші, сол жерде сізге қандай да бір арандатушылық ұйымдастырылып, қысым көрсетілді ме? Түрме әкімшілігінің, полиция қызметкерлерінің сізге деген көзқарасы қандай болды?

– Әрине, мен 4 зона, 6 түрмені көрдім. Түрмеде әртүрлі адамды кездестірдім, арасында сотталғандар, полиция мен КУИС қызметкерлері бар, ешкім ашық түрде тиісіп, балағаттаған жоқ. Арандатудың да бір мақсаты болады: мені сабаттарып немесе жаза мерзімінің үстіне тағы бір екі-үш жыл қостырып жіберу үшін, әдейі арандату жасалуы мүмкін еді, ондай әрекеттер болған жоқ.

Ақтөбеде отырғанда, «шестерка» деген зонадағы жігіттерден естігенім: 2010-12 жылдары Айдос Садықов түрмеде отырған кезінде оған қарсы арандату болған. Жоғарыдан бұйрық келген сияқты. Оны кім жасағанын, кім ұйымдастырғанын нақты білемін. Сол кезде әкімшіліктің тапсырмасымен жасалған. Зонада да, түрмеде де өз жайымен жүрген адамға тиіспейді. Мен сияқты саяси тұтқындарға қарсы арандату міндетті түрде ҰҚК, президент әкімшілігі кураторларының тапсырмасымен жасалады. Ал КУИС қызметкерлері – сол тапсырманы орындаушылар. Егер жоғарыдан тапсырма келсе, адамның көзін жойып жіберуге де дайын.

– Демек, жоғарғы жақтан сізге қарсы ешқандай тапсырма келген жоқ, арандату әрекеттері жасалған жоқ деуге болады ғой?

– Бір жағдай орын алды, оны арандату деуіме болады: жеті-сегіз ай бұрын ол мәселе жөнінде Жанболат Мамаймен хабарласып, айтқанмын. Ақтөбедегі зонадағы бақылаушы, Ұлттық ұланның қызметкері менімен бірге отырған жігіттерге: «Макс сендердің үстеріңнен жазып жіберді» депті. Естіген бойда бақылаушыны іздеп, таба алмадық. Түрмеден бақылаушыны іздегенімізден әкімшілік хабардар болып отырды. Іздегенде, оны сабайын деген оймен емес, сөйлесейік, не жағдай екенін білейік деген ойымыз болды. Себебі түрмеде ондай жағдай орын алса, жоққа шығарып, анықтауымыз керек, әйтпесе жұрттың көңілінде күдік қалады. Сол үшін іздеген едім, мені қайтер екен деп тамырымды басып көрмек болған шығар, ары қарай осындай әрекеттерін жалғастырмас үшін де іздедім.

Жанболат Мамай бұл мәселені әлеуметтік желіде жариялады, сол күні екі сағаттан кейін Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы келіп: «Неге айқай-шу көтердің, осы жерде де шешуге болатын еді ғой?!» – деді. Өздерінің ішкі тергеу амалдарын жүргізіп, қолыма жазбаша түрде «ешқандай заң бұзушылық болған жоқ» деген жауаптарын берді. Менің мақсатым – арандату болды ма, болмады ма, оның артында тұрған кім – «КНБ», «МВД», президент әкімшілігінен тапсырма келді ме – білуім керек еді. Арандату болса, үнсіз қалмайтынымды білсін деген мақсатым болды.

– Түрмеден шыққаныңызға бірнеше күн болды, бес жылдан кейін елде болған қандай да бір өзгерістерді байқадыңыз ба? Әлеуметтік желіні қарадыңыз ба? Естуімізше, желіге кіру жөнінде тыйым салынған сияқты.

– Әлеуметтік желіге кіріп, қарауыма болады, бірақ желі арқылы пікірімді білдіруге тыйым салынған, бұл заңсыз деп санаймын. Әзірге қолымда жеке телефоным жоқ, қасымда жүрген әріптестерімнің телефонын пайдаланып, жаңалықтарды қарадым.

Ал елдегі өзгеріске келер болсам, айтарлықтай үлкен өзгерісті байқап тұрған жоқпын. Атырауда жаңадан салынған оншақты ғимараттар қаланың көркін келтіріп тұр екен. Басқа өзгеріс жоқ. Жұрттың көзқарасы өзгеріп жатыр, оның да себептері бар. Ең бастысы – экономикалық дағдарыс, мұнай бағасына қатысты дағдарыс бұдан 10-15 жыл бұрын да орын алған жағдай. Адам ауырған кезде аурудың бетін қайтару үшін дәрі ішеді, сол сияқты қазба байлығымыздың арқасында экономикалық дағдарыстың алдын алуға төтеп беретін ешқандай шара қолданылған жоқ. Ел байлығын елден жырып, шетке тасығандарын білеміз. Ел тұрғындары қазба байлықтан түскен ақшаға алданып қалғаны рас, бірақ ол қаржы қолды болды.

Орта және шағын бизнес құлдырады, теледидарды қарап отырсам, тасымалдаушы мұнай компанияларының да жағдайы мәз емес екен. «Теңізшевройлдың» мұнайын тасымалдайтын «КТК» құбырында 2019 жылмен салыстырғандағы тасымал көлемі 2020 жылғы көрсеткіш бойынша 26 пайызға төмендеген. Бұл өте үлкен пайыз.

Елге өзгеріс керек екенін бұрыннан білетіндер бар, бірінің –қызметтен қолы тимейді, енді бірі қорқады, тағы біреулер күндердің-күнінде қосылармын, әлі дайын емеспін дер. Бірақ Атырауда қоғамдық жұмыспен айналысып, белсенділік танытып жүрген жастар бар екенін көрдім. Олармен танысып, қуанып отырмын. Мен үшін өзгеріс деген осы.

– Яғни, екі түрлі өзгерісті: бес жылдың ішінде бір жағынан халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы мен саяси алаңға шыққандардың қатарының көбеюін байқадыңыз ғой…

– Әрине, белсенділердің көбеюі табиғи, объективті процесс. Қазақстан – жер бетіндегі мемлекеттердің біреуі, әр ел өзіннің даму сатысынан өтеді. Бізден бұрын Шығыс Еуропадағы Польша, Венгрия мемлекеттері 90-жылдардың басы мен 2000 жылдары сондай даму сатысынын өткен шығар, біз енді бастан өткізіп отырмыз. Франция мен Германия жүз жыл бұрын өзгеріске ұмтылды. Жер үстіндегі 200 мемлекеттің біреуінің артында, бірінің алдында келеміз, бәрібір даму сатысынан өтеміз. Қоғам белсендісі болған соң, өзгерістің тезірек болғанын қалаймын.

– Сіз түрмеден шыға салысымен халықты алаңға шақырдыңыз. Неліктен мұндай шешім қабылдадыңыз? Дәл қазір жаппай алаңға шығуға халық дайын деп ойлайсыз ба?

– Біріншіден, шамамен үш ай уақыт бұрын Жанболат Мамаймен телефон арқылы хабарластым. Оның құрайын деп жатқан Демократиялық партиясы тіркелмей, оған түрлі кедергі жасалып жатқанын білемін. Хабарласқан кезде: «Фейсбук арқылы, әртүрлі ақпарат көздері арқылы пікірімді жеткізші», – деп өтініш айттым.

«Жанболаттың Демократиялық партиясын, басқа да тіркелуге үмітті партияларды тіркемесе, сайлау науқанына қатыстырмаса, түрмеден шыққан күні алаңға барамын, пікірімді айтамын, одан басқа жол жоқ. Егер тіркелуге тиісті саяси партияларды ресми тіркеп, сайлау процестеріне қатыстырса, мүмкін, тыныш отырармын, үндемей қалармын», – дедім. Емделіп, денсаулығымды түзеуге көңіл бөлер едім. Макс Боқаев айтты екен деп, партияларды тіркей қоймасы белгілі. Дегенмен пікірімді жеткіздім.

Сөздің шыны керек, 4,5 жыл түрмеде не үшін отырдым, шыққан соң үндемей жүру үшін бе? Қалай жүремін? Талғат Аян екеуміздің бір аптадан кейін түрмеден шығуымызға мүмкіндік көп болды. КНБ-ның адамдары үш рет келіп: «Қателестік, адастық деп арыз жазсаңдар, түрмеден шығарамыз, үйқамақта боласыңдар, бес жыл шектеу қоямыз» деп, кепілдік беретіндерін айтты. Сол кезде шығып кетсек, үн-түнсіз жүруімізге болатын еді. Жұмысымды жалғастырып, пікірлерімді бұрынғыдай жариялап, ел-жұртқа жеткіземін деп ойладым.

Ал жұрт алаңға шыға ма, шықпай ма – айта алмаймын. Өзім елге сенемін, халқымыз өзгелерден артық болмаса, ешкімнен кем емес. Теледидардан Белоруссиядағы, күні кешегі Ресейдегі жағдайды көріп отырмыз. Жаз айында Қырғызстанда, Хабаровск өлкесінде болған жағдайды көрдік, Еуропаны айтпағанның өзінде, Голландияда коменданттық сағат (түнгі 12-ден таңғы 6-ға дейін) енгіземіз дегенге жұрт жаппай ереуіл ұйымдастырды. Францияда полицияның суретке түсіруге болмайды деген шектеуіне де наразылықтарын білдіріп жатыр. Біз де солар сияқты адамбыз, халық «бізге оң өзгеріс керек, дамуымыз керек» деген талаптарын қойып, пікірін жария түрде айта алатынына сенімдімін. Алаңға, көшеге шығатынымды дөп басып айта алмаймын, уақытында көреміз.

– Ертеңгі күні билік «митингіге шақырдың» деп қудалап жатса, дайынсыз ба?

– Әрине, дайынмын, мен кеше ғана айдан түскен адам емеспін, кішкентай бала да емеспін. Қудалайтынын білемін, көрші Ресейде Навальныйды улады, неміс дәрігерлерінің арқасында ажал аузынан алып қалды дегендей, Атырауда КНБ-да жүргендер «жартыбастарды» (түрмеде ақылы кем адамдарды айтады) жіберіп, басымды жарып тастамасын кім біледі? Олардан бәрі шығады, сондықтан бәріне де дайынмын.

– Бес жыл бұрын Жер мәселесі бойынша митингіге шықтыңыз, бес жылдан кейін сол Жер мәселесіне қатысты мораторийдың мерзімі аяқталады. Жерімізді қорғап қалу үшін қоғам не істеуі керек деп ойлайсыз?

– Зонадан шыққан күні алаңға барғанда айтқан едім: «Мораторий белгілі жайт, уақытша тыйым таусылған күні билік жерді жалға беруді заңдастыруы мүмкін. Талай көтерілген мәселе. Бұл өте қауіпті жағдай. Жалға беретін 25 жылдық мерзім өте ұзақ уақыт. Жиырма бес жылда кім бар, кім жоқ, ертеңгі күні жерді алған инвесторлар ол жерді қандай жағдайда қалдырып кетеді?

Елімізді клептократия мен коррупция жайлаған кезде екеуінің ара-жігін ажырата білуіміз керек. Коррупция – клептократияның қасында ойыншық сияқты, ал клептократия – билік басына елді тонау мақсатымен бару. Бұл менің жеке пікірім, клептократия дәуірінде жерді 25 жыл жалға беруді заңдастыру – қылмыс жасаумен бірдей.

Сондай жағдайда жұрт өзінің пікірін қалай айта алады? Әрине, мүмкіндік көп, әлеуметтік желі бар, алаңға шығып, талап ету керек. 2016 жылғы митингіден кейін, 24 сәуір күні Қарар қабылданған. Ондағы талаптардың бес-алты тармағының біреуі де орындалған жоқ. Жаңадан Жер кодексін қабылдау, жер иеленушілерінің толық тізімін жариялау, Қазақстандағы шетелдік әскери базаларды, сынақ полигондарын жабу керектігі туралы талаптардың бірде-бірі орындалған жоқ. Қазақстандықтар жерін қорғап қалуы үшін, бес жыл бұрын жарияланған Қарардың талабын орындатуға атсалысып, алаңға шықса, жақсы болар еді.

-Түрмеден шыққан күні Әбілязов пен Қажыгелдинді – астанаға, Демпартияны мәжіліске әкелуді талап еттіңіз. Сонымен қатар Бергей Рысқалиевті де Атырауға қайтаруды айттыңыз. Байқауымызша, Атырудың экс-әкімі Рысқалиевтің өз өлкесінде абыройы мен беделі жоғары сыңайлы. Сіз атыраулықтардың пікірін айттыңыз ба?

-Ия, дәл айттыңыз. Бергей Рысқалиев Атырауда әкім болып жүрген кезде жиын-конференциялар барысында онымен екі-үш рет кездескенім бар. Ұзақ сөйлескен емеспіз,10–15 минуттай кездесу болды. Айтпақшы, Бергей ру жағынан менің аталас нағашым, сол кездегі менің саяси ұстанымым Бергейдің ұстанымына қайшы еді.

Атырау тарихында мұнайшылар 2010 жылы ереуілге шыққанда, Исатай, Мақат, Жылыой ауданынан шыққан жігіттер көмектесуімді сұраған кезде өтініштерін орындаған кездерім болды. Қызылқоғаның жігітттері: «Макс, Бергей туралы ел не айтса, соны айтсын, біз оны қолдаймыз. Біздің ауылға жол салып, газ құбырын кіргізген. Бергей кеткеннен бері үш әкім ауысты, ауыл орталығына дейінгі үш шақырымдық жол әлі жасалған жоқ», – деді. Бергейді жақсы көріп, сыйласып жүрген жан емеспін, күндердің-күнінде танысармыз…

 Қазақстанда қазақтың бәріне жер де, байлық та жетеді. Қазір көріп отырмыз – қоғамда ұрыс-керіс, айқай. Келесі қадам азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін. Сирия, Ливия, Сомали деген елдер бүгінгі таңда азаматтық соғыстың кесірінен жапа шегіп отыр. Егер бүгін табыспасақ, біз де соның кейпін киеміз. Бізде жаман әдет бар: кетіп қалған соң, артынан айтамыз. Бергей де, Мұхтар Әбілязов та, Әкежан Қажыгелдин де елде жүргенде, ешкім ештеңе деп беттеріне айта алған жоқ.

Жабайы капитализм жағдайында Назарбаевтан бастап, ауылдық әкімге дейін шетінен ұстап алып, соттау керек. Бизнеспен айналысып жүріп, тап-таза болу мүмкін емес. Зонада бір сөз бар: «давай обнулимся» деген. Біз де жаңадан бастауымыз керек. Ұлттық ымыраға келіп, бір шешімге тоқтайық.

Тоқаевты таза адам, бизнеспен байланысы жоқ деген сөздер айтылуда. Түрмеге отырмай тұрып, 2013 жылы газеттен оқығаным бар еді: Тоқаевтың баласы мен жиені Атыраудан мұнайдың кен орнын алғаны жөнінде жазылған. Жай адамға ондай кенді бермейді, әкем 42 жыл бойы Теңіз, Кеңқияқ, Жаңаөзен, Ембіде, Әзірбайжан жақта Қарадагта мұнайшы болған адам. Қанша жерден мықты инженер болса да, оған кен орнын ешкім бермейді. Тоқаевтың баласына береді, әкесі лауазымды қызметтерде, сенатта отырды. Сол кеннің арқасында баласы 2013 жылы 1 млрд доллар пайда тапқанын газеттен өзім оқыдым.

Жабайы капитализм кезінде таза адам болмайды. Американың «Шеврон» сияқты алпауыт компанияларының іргесін қалаған Рокфеллер туралы нешетүрлі мақалалар жазылып жатыр. Он тоғызыншы ғасырда оларды қарақшы деп атаған. Қазақтарда азаматтық соғыс болмаған, Ресейде, Тәжікстанда болды. Енді бізге сол қалды ма?

– Яғни, барлық оппозициялық күштер, өзін оппозиция санайтындар бірігіп, Назарбаев режиміне қарсы шығуы керек дейсіз ғой.

– Мен Назарбаев режимін басқаша айтып жүрмін, солай түсініп отырсаңыз, солай түсінуге болады. Менің қазіргі ұстанымым – бізге ұлттық ымыра, диалог керек. Назарбаев менің әкемнің құрдасы екен, әкем бұл өмірде жоқ, ол 81 жасқа келіпті, демалсын. Қудалау керек, соттау керек деген дұрыс емес, демалсын. Қазақстан Республикасының бас мөрі Тоқаевтың қолында. Қажыгелдин, Рысқалиев, Козлов, Әбілязовтың елге келуіне жұрт кепілдік бола алады. Ұлттық диалог, ұлттық ымыра өткізіңдер деп Атыраудан, Қызылордадан, Ақтөбеден, Семейден – 10 мың адам, Алматыдан –30 мың адам орталық алаңға шығып, талап етсе, кепілдік деген сол! Менің ұсынысым осы! Шеттегі, Қытайдағы қазақтарды елге шақырамыз, өзіміз құқығын шектеп, шығарып жіберіп жатырмыз.

– Сұхбат барысында Жанболат Мамаймен екі рет хабарласып жүргеніңізді білдік. Демпартияны мәжіліске әкелу керек деген талабыңызда Демократиялық партияны қолдайтыныңыз байқалып тұр. Осы партия қатарында барсыз ба? Мамайды қолдау туралы шешімді қашан қабылдадыңыз?

– Нақты уақытын есіме түсіре алмаймын. Зонада бірге болған әріптесім Талғат Аянға апта сайын телефон соғып, хабарласып тұрдым. 2019 жылдың аяғында: «Жанболат партия құрайын деп жатыр, егер Макс бізге жақтас болса, жақсы болар еді» деген еді. «Мен дайынмын, Жанболатты көп уақыттан бері білемін, ата-анасын көрдім, үйінде болдым. Жақсы таныс болмасақ та, әлеуметтік желіден, газет арқылы не істеп жүргенінен хабардармын. Жас жігіт, біраз шаруаны жасаймын деп жүр. Әрине, қолымнен келгенше көмектесемін. Өзімнің де талаптарым бар, партияның бағдарламасын жіберсе, танысып қолдаймын» дедім.

Талаптарымды ескеремін деп уәде берді. Түрмеде отырғанда Жанболаттан басқа ешкім «бізге көмектес» деп айтқан жоқ. Егер екі-үш партия тарапынан бізді қолда десе, үшеуіне де «көмектесемін, жақтас боламын» деп айтатын едім.

Газеттерден оқып жүрмін, Тоғжан Қожалиева, Әсия Төлесова партия құрамыз деп жатыр, бәріне де тіркелуге мүмкіндік берілуі керек. Кімнің мәжіліске баруы керектігін әділ сайлау арқылы білуге болады. Жанболат маған сәлем жолдаған соң, көмектесемін дедім.

– Рахмет, алдағы уақытта да осындай сұхбат жалғасады деп сенеміз.

Әйгерім ТІЛЕУЖАН,

арнайы «ДАТ» газеті үшін

Бұл екі арада

Макс Боқаевтың сотқа өтініші ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛМАДЫ

  • Атырау облыстық сотының апелляция алқасы азаматтық белсенді Макс Боқаев пен адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның әкімшілік қадағалауды алып тастау туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұған дейін сот белсенді Макс Боқаевты бостандыққа шыққаннан кейін 3 жыл әкімшілік қадағалауда ұстау туралы шешім шығарған еді.

10 ақпанда апелляциялық шағымды қараған судья Дина Тухфатова «адвокат келтірген дәйектердің Боқаевқа қатысты жағдайда маңызы жоқ» екенін айтты.

«Мен өзімнің бұрынғы пікірімде қаламын. Бұған дейінгі сот процестерінде және осы күнге дейін өзімнің кінәсіз екенімді, саяси мотивпен сотталғанымды айтып келемін. Сондықтан 2016 жылғы сот үкімін де, әкімшілік бақылау туралы сот қаулысын да мойындамаймын», – деді сотта Макс Боқаев.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева соттан әкімшілік қадағалау туралы алдыңғы сот шешімін жоюды, Боқаевтың түрмедегі мінездемесін ескеруді сұрады. Адвокаттың айтуынша, Боқаевты абақтыдан босатар алдында онда ешқандай тәртіпбұзушылық болмаған, колония бастығы Тәжіқұловтың өзі оған жағымды мінездеме берген.

Судья Дина Тухфатова алдыңғы сот шешімінің өзгеріссіз қалатынын, №2 Атырау қалалық сотының 22 қаңтар күнгі Макс Боқаевқа үш жылға әкімшілік қадағалау тағайындау туралы қаулысының күшін жоюды сұраған өтініштің қанағаттандырылмағанын айтты.

«Боқаев сотталған баптардың бірі экстремистік қылмысқа қатысты. Сондықтан әкімшілік қадағалау туралы қаулы шығару – соттың міндеті. Адвокаттың тәртіп бұзушылық болмағаны туралы келтірген дәйектерінің Боқаев жағдайында маңызы жоқ», – деді судья Дина Тухфатова.

Сот шешімі бірден күшіне енеді және ол қайта шағымдануға жатпайды.

Бұған дейін белсенді жазасын өтеген УГ-157/9 мекемесінің соттан Боқаевқа 2016 жылы шыққан сот үкіміндегі «үш жылға дейін қоғамдық жұмыстармен айналысуға тыйым салу» туралы тармақты түсіндіріп беруді сұрағаны белгілі болған. Сот бес жыл бұрынғы сот үкіміне жасаған қосымша түсіндірмеде Макс Боқаевтың жиындарға, митингілерге, дебатқа қатысуына, БАҚ өкілдеріне сұхбат беруіне тыйым салынатынын нақтылаған.

Сәния ТОЙКЕН,

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн