ҚАЗАҚСТАН БІР АЙДА 1 миллиард доллар РЕЗЕРВІН ЖОҒАЛТТЫ

Қазақстанның халықаралық резервтері 2021 жылдың басынан бастап 1 миллиард долларға жуық, яғни 93,3 миллиард долларға дейін азайды, деп мәлімдеді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев.

«Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 1 миллиард долларға азайып, 93,3 миллиард долларды құрады», – деді Досаев сейсенбідегі үкімет отырысында. Оның айтуынша, Қазақстанның алтын-валюта резервтері өзгеріссіз қалды және қаңтардың аяғында, алдын ала мәліметтер бойынша, оның мөлшері $35,6 млрд болған.

Сонымен бірге ҚР Ұлттық экономика министрі (ҰЭМ) Әсет Ирғалиевтің мәлімдеуі бойынша, қаңтарда Қазақстанның Жалпы ішкі өнімі 4,5%-ға құлдыраған. «Қаңтарда ЖІӨ өсу қарқыны минус 4,5% құрады», – деді Ирғалиев сейсенбіде Қазақстан Республикасы үкіметінің отырысында.

ҚазТАГ

Президент прокуратура НЕ ДЕЙДІ?

  • Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура өкілдерімен кездесуде «бейбіт жиын өткізгісі келетіндер жаңа заңға бағынып, конституциялық құқық қатаң түрде заң аясында орындалуы керек екендігі туралы айтты» деп хабарлады «Азаттық» ҚР президентінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқықтары жағдайына байланысты қабылдаған Қарарынан кейін, Тоқаев «Бейбіт митинг туралы» жаңа заңды «қоғамда ғана емес, шетелдіктерге де түсіндіру керек» деп санайды.

«Былтырдан бастап Қазақстанда бейбіт жиындар өткізу туралы мүлде жаңа заң күшіне енді. Егер бұрын қолданыста болған заңда рұқсат алу процедурасы болса, жаңа заңда митинг өткізу туралы хабарласа жеткілікті. Сонымен қатар ірі қалалардың орталықтарында бейбіт жиындарға, оның ішінде наразылық акцияларын өткізуге арнайы орындар белгіленген. Бұл – біздің қоғамды демократияландыру жолындағы өте маңызды қадам. Бұл саясатты біздің қоғамда ғана емес, шетелдерде де түсіндіруіміз керек», ­– деді Тоқаев.

Ал өз кезегінде Алматы қаласының прокуратурасы 10 қаңтарда парламент сайлауы күні наразылыққа шыққан белсенділерді арнайы жасақ жеті сағатқа жуық кеттлингте (қоршауда) ұстаған әрекетін «заң бұзу емес, жазалауға жатпайтын әрекет» деп мәлімдеді. Прокуратура мұны «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының белсендісі Айзат Әбілсейіттің арызына берген жауапта айтқан.

Еске салсақ, 10 қаңтарда мәжіліс және мәслихат депутатын сайлау күні арнайы жасақ билікке қарсы наразылық білдіруге шыққан «Oyan, Qazaqstan» белсенділері мен «Демпартия» құрғысы келетін бастамашыл топ мүшелерін жеті сағаттай қоршап, кеттлингте ұстады. Белсенділер жеті сағат бойы суықта нәр татпай, дәретханаға бара алмай тұрды.

Осыдан соң белсенді Әбілсейіт жемқорлықпен күрес агенттігінің Алматыдағы департаменті мен Алматы қалалық прокуратурасына арыз жазған еді. Бұл арызға қалалық прокуратура: «Қызметтік тексеріс кезінде полиция қызметкерлерінің әрекетінен жазаланатын қылмыстық әрекет анықталмады. Бұл арыз номенклатуралық іс ретінде тіркелмейді», – деп жауап қайырды.

Белсенді арызына «осындай жауап күткенін» айтады. Жергілікті құқық қорғаушылар белсенділерді кеттлингте ұстауды «азаптау» десе, халықаралық құқық қорғаушылар ұйымы мұны «репрессиялық әдіс» деп сынаған.

«Біздің елде көшеде жастарды себепсіз аязда жеті-сегіз сағат ұстап тұрады. Ол жерде полиция департаментінен, «Нұр Отан» партиясынан, әкімдіктен адамдар жүрді. Демек, олар бізді қоршап, кеттлингте ұстағанын көріп тұрды. Яғни, олар да бұл азаптауға қатысты деген сөз», – дейді Әбілсейіт.

Әбілсейітке арыз жазуға көмектескен заңгер Татьяна Чернобиль прокуратураның жауабын «күткендей болды» дейді. «Арызда белсенділер ешқандай айыпсыз полицияның қоршауында тұрғаны, олар қоғамға қауіп төндірмегенін жаздық. Оларға ешкім құқықтарын түсіндірген жоқ. Бұл жерде полицияның заңсыз ұстауы Қылмыстық кодекстің «азаптау» бабына жатады», – деді заңгер.

Чернобильдің сөзінше, белсенді Әбілсейіт прокуратураның арызды тіркемегеніне қатысты сотқа арызданады.

ДАТ-ақпарат

Бұл екі арада

ЕЛДЕН СЫРТҚА кетіп жатқандар АРТЫП БАРАДЫ

Қаңтар-желтоқсанда жаңадан келгендерге қарағанда, Қазақстаннан біржолата кеткендердің саны 17 мыңға көп болды.

Қазақстан халқы 2021 жылдың 1 қаңтарында 18,88 миллион адамды құрады, деп хабарлайды Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (ASPiR) Ұлттық статистика бюросы (BNS).

«Елдегі халық саны 2021 жылдың 1 қаңтарына 18 877,1 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 11 149,7 мың (59,1%), ауылдықтар – 7727,4 мың (40,9%) адам … 2020 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда, халық саны 245 мың адамға немесе 1,3% өсті», – делінген құжатта.

Қаңтар-желтоқсанда халықтың көші-қон сальдосы теріс болды (-17663 адам): Қазақстанға 856 618 адам келді, 874 281 адам кетті.

ҚазТАГ

 

«БАЙ-ҚУАТТЫ» телетарланнан АЙЫРЫЛДЫҚ

  • Қазақ телевизиясының танымал тарланы, Ұлттық арнадағы «Nur-Tiley» бағдарламасының жүргізушісі Нұртілеу Иманғалиұлы 69 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы 14 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданы Қарасу ауылында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдап, ұзақ жылдар бойы қазақ телевизиясында түрлі қызметтерді тапжылмай атқарды. Ол әр жылдары «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» атты телебағдарламаларды жүргізген еді. Ол өзінің соңғы 15-20 жылдар аралығындағы телесұхбаттарын «бай-қуатты болайық!» деп аяқтаушы еді.

Нұртілеу Иманғалиұлы 2003–­2006 жылдары ҚР Министрлер Кабинеті кеңсесінде, одан кейін ел президенті әкімшілігінде жұмыс істеген. 2006–2007 жылдары «Қазақстан» телерадиокорпорациясын басқарды. Телетарлан ардагерлер сапына шығарылған соң, бірер жыл Алматы облыстық телеарнасында хабар жүргізді.

«ДАТ» медиа-жобасының редакциялық ұжымы талантты тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына, «Қазақстан» Ұлттық арнасының ұжымы мен жалпы журналистер қауымына қайғырып көңіл айтады.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн