ҚАЙРАН ҚАРЫНДАСЫМ!..

Әлемді аламыштап жүрген қаңғырмавирус менің де қабырғамды қайыстырды… Бақытгүл екеуіміздің журналистік жолда танысқанымызға, бір ата-анадан туған аға-қарындастай болып табысқанымызға жиырма төрт жыл толып еді. Имандылық шырайы жарасымды жұқалтаң аққұба жүзі, ашық та жұмсақ жылы дауысы инабатты жаратылысын алғаш әңгімелескенде-ақ анық танытып еді. Содан беріде сан мәрте сұхбаттастық, саяси сипатты үлкен-кіші жиындарда пікірлестік.

Еліміздің, халқымыздың мүддесін ардақ тұтқан ақ жүрек Тұлға еді. Отыз жыл бойы сөзі мен ісі екідай болып келе жатқан «мәңгілік» биліктің қоғамды қожыратқан қарекеттерін қапысыз біліп айтып, батыл жазып жүрді. Шын мәнінде тәуелсіз «Даттың» оқырмандары Бақытгүлдің қаламынан туған шағын-ірі жазбаларды алдын ала қуана оқитын. Ақиқатты қымбат қалпында әділ айтатынына кәрі-жас қалтқысыз сүйінетін-ді.

Бір аулада әсіресе бейсенбіде, «ДАТ» шығатын күні, кездесіп, ой бөлісіп жүретін үш қарт бармыз. Сыртқы пошта жәшігімізден гәзетімізді алып, ортадағы ұзын орындыққа жайғасамыз да, гәзеттерімізді ашып, шолуға кірісіп, сөз бастаймыз: «Бәтуәсіз биліктен қаймықпайды, ә?!»; «Ермұрат бұл жолы да бірінші беттен бастапты!»; «Мына Бақытгүліміз – қыз болып туған ержігіт қой!» десеміз.

Тарынбаста тарына қалатыны бар тағдыр біздің де Бақытгүлімізді арамыздан алып кетіп, жанымызды жүдетті.

Беу, қайран қарындасым, Бәке, қазақтың қайратты, қайсар, адал Қызы! Не дейін?.. Ендігі мекенің жұмақ болуын тілеймін! Арайлы ажарың көз алдымда тұрар, «ағалаған» әсем дауысың құлағымда болар.

Қош, қош!..

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Үзілмес үміт

АНАЛАР ЗАРЫ Ақордаға жете ме?

Алматыдағы Қытай консулдығы ғимараты алдында жүрген апаларымыздың 4-5 жылдан бері Қытайдағы туыстарынан хабар ала алмай, не олардың өлі екенін, не тірі екенін біле алмай, зар жылағанына 230 күн болыпты. Қытай консулдығының бірде-бір өкілі осы ақ шашты анларымыздың хал-жағдайын сұрап, бүгінгі күнге дейін бірде-бір сұрақтарына жауап бермепті. Ашынған аналарымыз Қазақстан үкіметінен де бірауыз жақсы сөз ести алмағаннан кейін, өз наразылықтарын жалғастырып келеді. Өткенде әлеуметтік желіден жеті қараңғы түнде көшеде түнеп жатқан аналарымызды көргенде не істерімді білмедім.

Сол апа-қарындастарымызға барайын, тілек-ниетімді білдірейін деп ойладым. Олар Байтасов көшесіндегі Қытай консулдығы алдындағы жолдың шетінде түскі астарын ішіп отыр екен. Май айы емес, қазір күз – қыркүйек айының соңы. Күн салқындай бастағаны белгілі. Суық, жарықсыз, жылусыз тастай қараңғы түнде далада түнгеннің қандай болатынын уағында ас-суын ішіп, жылы үйде балаларының қасында отырғандар қайдан білсін? Қытайда қамалған етжақын туыстарынан бір жақсы хабар ала алмай, қайғыдан қан жұтып отырған аналарымыз әлі де үмітсіз емес екен. «Бұл жерден өлігіміз ғана кетеді…» деп, тас-түйін отыр.

 Бейбіт күнде тірі жесірдің күйін кешкен әпке-қарындастарымыз бен тірі жетім бүлдіршіндеріміздің көздінен сорғалаған жасты көргенде, көшеден өтіп бара жатқан адамдардың өзі арттарына қайырылып келіп, қосыла жылағандары да болды. Кейбіреулерінің мейірімі түсіп, қолында барын ұсынып жатқанына да куә болдым.

Айрандай ұйып, өз отбасының күйін күйттеп, өз күндерін өздері көріп жүрген бейкүнә, жазықсыз жандарды отбасынан айыратындай не күнәсі бар? Егер де олардың Қытай елінің ішкі ісіне қатысты бір қылмысы болса, мерзімді жазасын өтеуге ешкімде қарсы емес. Қытай сол қазақ халқымен ежелгі тату көршілігін ескеріп, жазықсыз адамдарды қудалауын тоқтатсын! Әлем халықтарының алдындағы жауапкершілік нормасын сақтасын дегім келеді.

Өзіміздің президент Қ-Ж.Тоқаев пен сыртқы істер министрі көршілес екі ел арасындағы дипломатиялық заңдылықтарды сақтай отырып, Қытайдағы оңалту лагерлерінде жазықсыз қысым көріп жүрген азаматтарымыздың аман-есен еліне оралуына көңіл бөледі деп сенеміз. Жақында Ауғанстандағы 41 отандасымыздың елге аман-есен оралдуына себепкер болған ел президентіне бүкіл қазақ шынайы ризашылығын білдірген еді. Енді Шығыс Түркістандағы қандастарымыздың бостандыққа шығуына жәрдемдеседі деген үмітіміз бар.

Төлеухан БІДІРӘЛІ Алматы қаласы.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн