Астана қалалық мамандандырылған тергеу соты «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің үйқамақ мерзімін 10 шілдеге дейін, яғни тағы бір айға созу туралы шешім шығарды.
Еске сала кетейік, 2019 жылы 10 наурызда, түн ішінде «КНБ»-ның арнайы жасағы Серікжан Біләшті Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде жатқан жерінен ұстап, Нұр-Сұлтанға алып кеткен еді. Дәл сол күні «Атажұрт еріктілері» ұйымының Алматыдағы кеңсесін полиция тінтіп, сол күні жұмысын жауып тастады. Кейін белгісіз бір адамның «ұлт араздықты қоздырды» деп Біләштің үстінен арыз жазғаны, сол арыздың негізінде оның қамауға алынғаны анықталды. 11 наурыз күні сот Біләшті екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Кейін оны қамау мерзімі бір-бір айдан тағы да екі рет созылды.
Серікжан Біләшқа қатысты қылмыстық істің бет-алысын білу үшін, «Атажұрт еріктілерінің» белсенді мүшесі Ербол ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫН (суретте – оң жақта) әңгімеге тартқан едік.
– Ербол мырза, сайлау кезіндегі науқандық жұмыстарға байланысты Серікжан Біләштің жағдайы жөнінен оқырман қауым бейхабар қалған еді. Соңғы бірер айда Серікжанға қатысты не мән-жай бар?
– Ең алдымен айта кетейін – Қытайдағы қорлық пен зорлыққа тап болған қазақтардың құқығын қорғаймын деп, Серікжанның өзі әділетсіздікке тап болды. Халықаралық қауымдастықтан, Қазақстан билігінен қытайдың қылмысын әшкерелеу үшін, екі елдің арасында жарылып қалған отбасын бір-біріне қосу, лагерьде жатқан қандастарымызды құтқару үшін жанын салған азаматтың өзі бүгін қорлыққа тап болып, қолдауға зәру болып отыр.
Серікжан үйқамақққа алынғаннан кейін, Қытайдағы қазақтардың қысым көру жағдайын ақпараттық жақтан жариялау шектеліп қалды. Серікжан ұсталғаннан кейін, Алматы қалалық ішкі істер департаменті 20 күннен астам уақытқа «Атажұрттың» кеңсесін жауып тастады. Түптеп келгенде, бұны Серікжанға емес, Қытай қазақтарына жасалған қиянат деп түсіну керек. Кеңсе қайтадан ашылғаннан кейін, Қытай лагерінде қысым көрген, қуғынға түскен қандастарымызға қатысты арызданушылардың бойын үрей биледі, кеңсемізге келуді сиретті.
Серікжанды «террорист» ретінде он бес қарулы әскер тарпа бас салып, жеті түнде ұстап әкеткені арызданушы қазақтарға қорқыныш әкелген сияқты. Қытайда қысым көрген қандастарымыздың Қазақстандағы туыстары «бәрі де террорист, ұстап әкетеді» деген қытайшылдардың үгітіне ергені өкінішті болып тұр. Арызданушылар азайған соң, Қытайдың қазақтарға қатысты жасап жатқан қылмысты ісі БАҚ-та, халықаралық ұйымдар алдында көтерілмей қалды. Бұдан кім, не ұтты? Әрине, қорлық көрген Қытай қазақтары ұтылды! Серікжан барда бір күннің ішінде жиналатын арызды бүгінде бір айдың ішінде әрең жинап отырмыз.
– Серікжанды қамаған соң, қандастарымызға Қытай тарапы жеңілдік жасап, жағдайдың беті бері қарапты деген алып-қашпа сөздің жаны бар ма?
– Қайдағы?! Ондай атты күн туса, «Атажұрт еріктілері» ең алдымен хабар тарататын еді ғой. Үйрену лагерінен шыққандардың қатары көп болғанымен, олар әлі күнге жергілікті жердегі үйқамақтан шыққан жоқ. Оларды кез келген уақытта лагерьге қайтадан апарып, қамауы мүмкін. Арыздары халықаралық ұйымға жетіп, әлемдік қауымдастықтың назарына ілінген оншақты адам босап шығып, Қазақстанға оралғандары бар. Олар – осы азап лагерінің тірі куәгерлері, көрген зорлық-зомбылықтарын хаттап, видеоға түсіріп, ғаламторда жария етіп жатырмыз.
Серікжанның ұсталуы – Қытайдың «мысық тілеуін берді». Өйткені оның атқарған қыруар жұмысы «жалған» болып, екі елдің достығын «бұзып», «жала жапты» дегенге таптырмайтын «дәлел» болған сияқты. Қоғамда арызданушылардың айтқандарының бәрі өтірік, оны ойдан құрастырып жүрген – Серікжан деп, жалған сөз тарауда. «Көзден етсе, көңілден болар ғайып» дегендей, азаматтың еңбегі ұмыт қалып бара жатқаны өкінішті. Ең бастысы – бұл өкініштің кесірі қорлық көрген қандастарымызға тиіп жатыр!
Айналып келгенде, Қытайдағы үш миллионға жуық қазақтың тағдыры тек қана Серікжанға келіп тірелді. Серікжан қазақтардың лагерьде көрген азабын халықаралық деңгейге жеткізді. Біз қанша тырыссақ та, Серікжанның шаңына ілесе алмай жатырмыз. Оның жоқтығы жанымызға батты. Қазақты осы нәубеттен алып шығатын бір адам болса, ол – Серікжан екеніне көзіміз жетті.
Серікжан бар кездегі наурыздағы жағдай мен маусым айындағы қазіргі жағдайдың арасы жер мен көктей. Әр қазақтың арызын жеке-жеке қабылдап, ағылшын, қытай тілдеріне аударып, құзырлы мекемелерге, халықаралық қауымдастыққа жолдау жұмыстары саябырлады. Серікжан үйқамаққа түскен күннен бастап, шағымданатын жер таппай жүрген қаншама қазақтың тағдырына ешкім де алаңдап отырған жоқ.
– Ол сөзіңізге себеп те бар сыңайлы. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо «Шыңжаңда қазақтар қысым көріп жатыр деген жалған ақпарат. Шыңжаңдағы жағдай – терроризм және экстремизммен күрес әрекеттері», – деп мәлімдегені жөнінде ресми ақпарат жария болды. Екіге бөлінген отбасының жоқтығын да айтыпты.
– Қытай билігі Шыңжаң аймағындағы қазақтардың қысым көріп жатқандығы туралы ақпараттың барлығы жалған екендігін үнемі айтып та, жазып та жатады. Елшінің өзі шімірікпей осы жалған хабарды аузына алуына қарағанда, қазақ билігін сөзіне иландырып қойған шығар деген күдігіміз басым болып тұр. Ал «Атажұрт еріктілерінің» кеңсесіне келіп, арыз айтқандардың сөзін қалай жоққа шығаруға болады? Ата-анасына, баласына, туыстарына іздеу салғандардың арыздары жазбаша да, видео арқылы да әлемге тарап кетті. Кеңсемізде осы арыздардың түпнұсқасы сақтаулы тұр. |
Елшінің айтуынша, қазақтарды «үйрену мектебіне» апарыпты-мыс. Егер ол мектеп болса, оған мәжбүрлеп, басына қап кигізіп, қолына кісен салып, аяғын шынжырлап апара ма екен? Мектепте ұрып-соғып, тіпті дәретке отырғызбай қинай ма? Мұндай сұмдықтар фашистік концлагерьде болғанын оқып-білген едік, қытайлар одан да асып түсті. Түрме деуге де келмейді. Мәселен, сотталушы жазасын өтеу үшін, пәлен жылға кесіліп, босайтын уақытын күтіп отырады. Ал мұнда қашан шығатынын, тіпті тірі қалатынын да білмейді.
Одан кейінгі бір сұмдық – жынысына қарамай, белгісіз дәрі егіледі, соның кесірінен әйел де, еркек те бедеуге айналады, түрлі дертке тап болады. Лагерьден келген тірі куәгерлердің бәрінің денсаулығы жоқ: оларды емдетіп жатырмыз, халықаралық ұйымдар көмектесуде. Осы сұмдыққа қалайша көз жұма қарауға болады? Көз жастары көл болып жылаған қазақтар еріккеннен арыз бермейтін шығар?
– Осы нәубеттен арашалайтын қандай амал бар?
– Билік тарапынан өз беттерінше дипломатиялық әрекеттер жасалып жатқан шығар деген дәмеміз бар. Ал біздің айтпағымыз – Серікжанды босатып, азаттыққа шығару керек. Тәуелсіз қазақ елінің азаматын өз қазағын арашаламақ болғаны үшін жала жауып, қудалауға салу деген – есті миға сыймайтын жәйт. Үш миллион қазақты басына түскен қасіреттен арашалау үшін, Серікжан бостандыққа шығуы керек. Тірі жетім, тірі жесір болып, күйеулері – асыраушылары Қытайда қалып, ішер асқа, киер киімге, жағар отынға жарымай отырғандардың тағдырын Серікжаннан басқа ешкім қорғай алмайтынына көзіміз жетті. Қорғайтын біреу шықса, осы үш айдан бері қайда жүр?!
Серікжанның алдағы уақыттағы тағдыры – биліктің қолындағы мәселе, оң шешім шығарылады деген үмітіміз бар. Қолымыздан келгенше талап етіп жатырмыз. Барлық жауапкершілікті адвокат Айман Омароваға артып қойып, қол қусырып, қарап отырғанымыз ұят жағдай! Қазақ болып араша түсуіміз керек.
– Серікжанды Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде бастама көтеріліп жатыр екен. Қазақстанда осы сыйлықты алу арманына айналған бір адам – Нұрсұлтан Назарбаев еді. Серікжанға осы сыйлықты беру мүмкіндігі қандай болар екен?
– Бұл бастама – Серікжанды құтқару қарекетінің әрекеті деп білем. Сыйлықтың берілу-берілмеуі – екінші мәселе. Астананың іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғындары Серікжанды Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде бастама көтеріп, мыңнан астам адам қол қою науқанын бастады. Жер-жерден қолдаушылар қатары көбейіп жатыр. Оларға ешкім де бұйрық беріп, мәжбүрлеген жоқ, азаматына лайық көріп отырған құрметтері деп түсінген жөн. Қытайдағы қысым әлемді дүр сілкіндіріп, адамзаттық мәселеге көтерілген кезде адамзаттың жоғын іздеген азаматқа қандай сыйлық берілсе де, ешқандай артықшылығы жоқ деп санаймыз.
– Ал Қытайдағы қазақтардың мәселесін көтерген Серікжан Біләшке қатысты қозғалған іс туралы ақпараттың таратылу мәселесі қалай болып жатыр? Қазақстандық ресми БАҚ бұл мәселе төңірегінде неге үнсіз отыр деп ойлайсыз?
– Осы жағдай өте қиындау тиіп тұр. Мемлекеттік ақпарат саясатына баға бере алмаймыз ғой. Әрине, ақпараттық технология дамыған заманда ғаламтор арқылы Қытайдың қылмысын әлемге әшкере еттік, оған Серікжанның сіңірген еңбегі зор. Бұл мәселе қоғамда ашық болу керек еді. Ағылшын тілді, түрік тілді ақпаратты әлемдік «Нью-Йорк таймс», «Вашингтон пост» газеттері, «Еркін Азия», «Еркін Еуропа», «Би-би-си» агенттігі бұл мәселені еркін жазып жатыр. Тіпті Америка конгресінде талқыланды. Ендеше Қытайдағы қазақ проблемасы неліктен біздің қазақ қоғамында талқыланбай жүр? Ел іші Қытайдағы қазақтың басына түскен тауқыметтен хабарсыз, елдегі БАҚ та үнсіздік жариялағандай. Тек Серікжанды қаралау жағына бұрылған ресми ақпаратқа ғана жол ашылған. Қоғамға біржақты мәлімет таратылуда. Өкініштісі де сол, қазақты қазаққа жек көргізу кімге керек? Ұлтымыздың болашағы үшін азаматты қолдайық!
– Қолдауға зәру болған қазақ үшін, Серікжан үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз жансын!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»