Көңіл тоғаятын дүние.
Реті де жоқ емес.
Айтматовтың шығармашылық өмірінің тұлғалық кеңістікке ұласар тұсында Әуезовтің тигізген ықпалы бар.
Оны бүкіл әлем біледі.
Десе де… ілкіде бір жазған едім, осы бір ошарылып жатқан күні әлгі жайтты оқырман есіне қайта салуды жөн көрдім.
Шыңғыс Айтматовтың атақты «Жәмилә» повесі 1958 жылы жарық көрген. Іле-шала орыс жазушысы Анна Дмитриева (ол аудармашы өткен жылы ғана дүние салды) орыс тіліне аударды. Ұлттардың сынақ алаңына айналған КСРО-дағы ең даңқты журнал – «Новый мир» еді.
Шығармаң жарияланған күні белгісіз жазушы болып ұйықтап, классик болып оянасың, дөрекілеу айтқанда…
Шыңғыстың шығармасы сол журналда ұлы Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен жарияланады. Француз жазушысы Луи Арагон француз тіліне аударады. Сөйтіп «Жәмилә» повесі шетінен әлемнің жетекші тілдерінде басылады.
Шыңғыстың «Адамзаттың Айтматовы» атануында Әуезовтің алар орны ерекше. Әдеби ортада жиі айтылатын Лениндік сыйлыққа қатысты әңгіме де негізсіз емес.
Рас, Айтматов 1961 жылы КСРО-дағы ең жоғары – Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Мұхтар Омарханұлы осы сыйлықты беру жөніндегі комиссияның құрамында болған. Және Айтматов еңбегінің ерекшелігін, көркемдік сипатын дәлелдеп, айнымас аргументтерді алға тартып, қырғыз жазушысы жас болса да, бұл сыйлыққа лайық екенін табан тіреп қорғаған Мұхаң.
Бұл туралы Айтматовтың өзі де әлденеше сұхбатында айтқан. «Мұхтар – менің ұстазым, әрі ағам» дегенін де өз аузынан естігенбіз.
Кейде аға жазушылар «Лениндік сыйлықты Айтматовқа Әуезов алып берген…» – дегенді жиі айтады. Ниет дұрыс. Басы сан рет жадыға түсіп барып аман қалған ұлы Мұхаң өзі жанын жалдап жүріп, Мәскеудегі мәртебелі комиссияның отырысында бір қадам кері шегінбей, шәр Шыңғысты қорғаған.
«Новый мир» журналының бас редакторы, орыстың аса ірі ақыны Александр Твардовский де Мұхтар ағамыздың позициясында болғаны туралы, дауыс берудің қортындысында шешімге риза болмағанын оқыған едім.
Алматыдан Мәскеуге дін аман кетіп, Кремль ауруханасына өз аяғымен кіріп, ота үстеліне жатқан Мұхтар Әуезов 1961 жылы 27 маусымда операция кезінде қайтыс болды (2005 жылы медицина саласының білгірі, академик Сайым Балмұханов ақсақалмен саяжайында ұз-з-а-ақ әңгімелескен едім. Жатқан жері жәйлі болғай. Сонда Әуезовтің денсаулығына қатысты консилиумға бастан-аяқ қатысқанын, диагнозының күңгей-теріскейіне дейін білетінін, тіпті Мұхтар Омарханұлына ота жасатпау туралы ұсыныс бергенін де бүге-шігесін қалдырмай баяндап берген еді).
Игіліктің ерте-кеші жоқ.
… Ал Шыңғыс Айтматов араға екі жыл салып, 1963 жылы әдебиет саласындағы ең жоғары мәртебелі сыйлыққа қайта ұсынылып, бәйгелі болады.
Бұл кезде Шыңғыс Төреқұлұлы небәрі 35 жаста еді.
P.S. Бүгінгі – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз еліне жасаған ресми сапары аясында Бішкек шаһарындағы Мұхтар мен Шыңғыстың осы әлгінде ғана жазылып біткен шығарманы талқылап отырғандай емен-жарқын отырған ескерткіші көңілді едәуір толқытты.
Жанарбек ӘШІМЖАН