Айнұр КӨПБАСАРОВА: «ФАРИЗА» түсімнен өңіме АЙНАЛДЫ…

  • Өткен аптаның соңында Мәскеудің «Современник» театрында «Фариза» драмасының қойылымы өтті. Бұл – атақты қазақ ақынын ресейлік сахнада дәріптеу ғана емес, сонымен бірге диапазоны кеңіген қазақ сахна өнерінің тағы бір белесін белгілейтін оқиға болса керек. Бұған дейін тұсаукесері Алматыда – Мұхтар Әуезов атындағы театрда өткен спектакльдің дүниеге келуіне себепкер болған продюсер және «Фариза» спектаклінің идея авторы Айнұр Көпбасарованы осы орайда әңгімеге тартқан едік.

– Айнұр Сайлаубайқызы, тұтас бір театрдың труппасы емес, бір ғана продюсердің бастамасымен дайындалған дүние бірден Мәскеу сахнасына жол тартқаны қалай болды?

– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім… Жасырмай айтайын: бұл драманы Мәскеуде қоюға Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали аға Тасмағамбетов мұрындық болды. Алғашқы қойылымнан кейін-ақ көрерменнің ықыласы ауған драма туралы жақсы прессаны оқыған Иманғали аға «Фаризаны» Мәскеуде көрсетуге қолқа салды. Ал біз бұл ұсынысқа қуана келістік. Бар құпия осы ғана.

– Сіз бұған дейін елдегі көптеген көпшілік-спорттық шоу-шаралардың ұйымдастырушысы ретінде танымал болсаңыз да, өнер мен театрға тікелей қатысыңыз жоқ еді. Ендеше сіздің кәсіби амплуаңызда «Фариза» спектаклі қайдан пайда болды?   

– Иә, дұрыс айтасыз, мен бұған дейін белсенді театр көрермені болғаныммен, сахна өнерін жасауға араластығым жоқ еді. Бұл –өзімді жаңа бір салада сынап бағудың әрекетінен туған идеяның жемісі десем болады. «Фаризаны» сахналауға түрткі болуым ақшам асып-тасығандықтан, иә болмаса өзімді көрсетіп, атақ-даңққа бөленудің салдары емес.

Ашығын айтайын, театр өнеріне араласу үш ұйықтасам түсіме кірмеген әуестік болды десем де, осы спектакльдің дүниеге келуіне менің түсіме кірген тылсым құбылыс себеп болды. Неге екенін білмеймін, Фариза апам түсіме кірді. Бір емес, бірнеше рет. Бұл өзі бір жағынан мистикалық дүние. Марқұм Фариза апама ешқандай туыстығым жоқ. Бірақ ақынның өлеңдерін әр қазақ сияқты оқыған, жаттап өскен қыздардың бірімін. Сондықтан бастапқыда Фариза апамыз түсіме кіріп, мені қолдап-қорғап жүрген шығар деп жорыдым. Өйткені сол кездері қатты ауырып жүрдім. Кейін бұл – Фариза апамның аян арқылы маған берген аманаты шығар деп қабылдадым. Содан барлық шоу-шатпақтарды жиып тастап, Фариза апамды драмалық деңгейде сахналауға қарым-қуаты жететін өнер мамандарымен кеңесуді бастадым. Осылайша «Фариза» түсімнен өңіме айналды…

– Әрине, кеңесуден бұрын, ол идеяны жүзеге асыруға қомақты қаржы керек еді ғой…

– Спектакльді қоюға жеке қаражатымды жұмсадым. Қойылымды дайындауға тірнектеп жинаған өз ақшам, дос-жарандар, туған-туыстар бөлген қаражат кетті. Мемлекеттен немесе министрліктен бөлінген бір тиын болған жоқ. ЕгерФариза апамды түсімде бір рет қана көрсем, әлдеқашан ұмытып та кетер едім. Бірақ қайта-қайта кіре берген соң, бұл жайдан-жай емес шығар деген ой түйдім. Фариза апамыз – өзінің жанын, мұңын, ішкі драмасын поэзияға, ал поэзиясын философияға айналдырған адам. Осыны жеткізгім келді.

Идея – осы. Ал ол идеяны сахналауға өнер мамандарының үлесі көп болды. Сондықтан Фариза апамыздың көзін көрген, жанында жүрген адамдарды іздестіріп, ақынның өмірдегі шынайы образын құруға тырыстым. Сондай адамдардың бірі – танымал ақын Маралтай Ыбырайымов болды.

Жалпы, Фаризаны зерттеу жұмысы 2016 жылы қолға алынды. 2017 жылы отандық және шетелдік драматургтармен келісімсөздер жүргізілді. Осының бәрін жинақтап келіп, қазақ сахнасының шоқтығы биік драматургы Роза Мұқановаға пьеса жазуға сұраныс жасадық. Жасы өзінен кіші болса да, Фариза апамыз Роза апайды еш баласынбай, өзінің замандасына, әріптесіне балаған екен.

Осы жылдың басында Роза апайымыз идеяның сценарийін дайындап берді. Сол күннен бастап біз режиссермен бірге қойылымды дайындауға кірісіп кеттік. Драмаға іріктеліп алынған актерлар 60 күн бойы күніне 4 реттен дайындық жасап, біраз тер төкті, қаншама еңбек етті.

– Ал театр сыншылары «Фариза» туралы не деп жатыр?

– Әзірге сондайлық бір тұщымды немесе спектакльді жарамсыз еткен сыни дүние оқымадым. Дегенмен біздерде «диванный критик» көп қой: бір тал екпей жатып, біреуді сынауға дайынбыз. Біздің бүгінгі негізгі сын алаңымыз әлеуметтік желілер ғой: бірақ ол жерден де елең етерлік ештеңе оқымадым.

Мағжан ақын айтпақшы, «мен жастарға сенемін». «Фариза» да негізінен жастардың санасына саңылау салуға арналған. Театрды, өнерді түсінентін көзі ашық жастарымыз да аз емес. Мен қаншама рет театрға барсам, барлық кезде топ-топ болып жастар жүреді. Демек, сахна өнеріне сұраныс бар. Дегенмен «біткен іске сыншы көп» деген: алдағы уақытта біздің «Фариза» туралы бірдеңелер жазылып қалар…

– Ал «Фаризаның» басты кредосы не болды: ақындық па, әлде өмірден жалғыз өткен әйелдің драмасы ма?

– Фариза апамыз қара өлеңнің қалқасында ғана қалған ақын емес. Қайраткерлігі бір төбе, талай жыл жоғарғы палатаның депутаты болды, ал өмірден шыншыл, ойшыл адам болып өтті. Ақын апамыз ешкімге ешқашан бағынбаған, тек өз ойына ғана сенген өте намысқой адам.

Апамыз бір сөзінде: «Қазақта төрт жүз бар, төртіншісі – қыздар» деген екен. Жеке өмірі туралы айтуға қақым жоқ, бірақ біз зерттеген Фариза пендешіліктен биік, қазақ қызы мен әйелінің мұңы мен сырын жүрегімен жеткізген дара тұлға. Сондықтан біз бұл драмада пендешіліктен жоғары дүниені көрсеткіміз келді. Атақ пен даңққа, мансап пен байлыққа байланбайтын, одан да биік жоғары сезім – ол махаббат. Абай «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті» деген екен. Алла бізге сезім берді, ал сезімнен биік нәрсе жоқ. Сізге жаман адам, біреуге жақсы болуы мүмкін. Адамның аласы да, құласы да бар. Фариза сол сезімді бағалай білген, оның ішкі жанының трагедиясын қағазға керемет өрнектеген, өрнектеп қана қоймай, оны философиялық тұрғыдан дәлелдеген ақын.

– Телефонға тесілген, әлемжелілерден түспейтін қазіргі жастар Фариза ақынның сезімін түйсінеді деп ойлайсыз ба?

– Мен әлеуметтік желілерде жіті бақылап отырамын. Белсенділердің бірімін. «Фариза» туралы жаза бастағаннан бері, менің парақшама жүздеген қолданушы тіркеліп, соның біразы Алматыдағы театр залында отырды. Мәскеу сахнасына да келгендердің біразы Ақтөбеден, Қызылордадан, Тараздан, Астана мен Петропавлдан, тіпті Қырғызстаннан ат арттырып келген 20 мен 30 жастың арасындағы көрермендер болды. Осының өзі мен үшін үлкен нәтиже.

Біз көп нәрсені өтіп кеткеннен кейін бағалайтын халықпыз. Кейде қуанышты бөлісе алмаймыз, қызғанамыз. Өйткені заман солай. Ал өнер деген тұнып тұрған драма. Бірақ алмас қылыш қап түбінде жатпайды, әйтеуір бір тесіп шығады. Бүгінгі күннің «Фаризалары» да шығатын кез келеді. Әр кезеңнің, әр дәуірдің өз тұлғалары болған.

– Ал «іштен шыққан шұбар жыланды» сіз өзіңіз қалай бағаладыңыз? Көңіліңіз толды ма?

– Біздің шығармашылық топ бұған дейін 250-ге жуық әртүрлі жобаны жүзеге асырған. Әрине, өнерден алшақ емес адамдар болғандықтан, барлық уақытта шоқтығы биік, үлкен жоба жасауға ұмтылдық. Рас айтасыз, бұл қойылым «ішімізден шыққан баламыздай», сондықтан алдымен өзіміз қарап, сүзгіден өткізіп барып, көрермен назарына ұсындық. Актерлардың ойынына, спектакльдің режиссері Фархат Молдағалидың, композиторы – Ренат Гайсиннің еңбегіне өз көңілім толды. Драма көрерменді жылатты. Ал өзіме келсек, өз жұмысыма баға бере алмаймын. Оның бағасын тек көрермен береді.

– Театр өнерінің жыл қорытындысында «Фаризаның» жақсы жағынан аталуына тілектеспіз! Сұхбатыңызға рахмет!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн