Асхат АСАН: ЖҮЙЕНІҢ «БІТЕУ ЖАРАСЫН» мыжып кеткен сияқтымын…

Қазақстанды отыз жылдай билеп, бір жыл бұрын президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев туралы сыни мақала жазған тәуелсіз журналист Асхат Асанға қатысты іс қозғалды. «Жас Алаштың» бұрынғы тілшісі Асхат Асан әзірге әлеуметтік араздықты қоздыру бабы бойынша қозғалған қылмыстық іске куәгер ретінде шақырылған екен. Асхат Асанның айтуынша, қылмыстық іс газеттің 20 ақпан күнгі санында жарияланған «Экс-президентті іздеп, Интерполға жүгінетін күн туса…» атты мақалаға байланысты қозғалған. Журналисті заңға тартқан мәселенің мән-жайын Асхат Асанның өзінен сұрап білдік.

– Асхат мырза, сонымен сізге қатысты қозғалған істің жай-жапсары қалай болды?

– Менің үстімнен ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша, «әлеуметтік алауыздық тудырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалғаны туралы өткен аптада, яғни 6 наурыз күні білдім. Сол күні таңертең полицияның жедел өкілетті (оперуполномоченный) қызметкері телефон шалып, Қабанбай мен Наурызбай көшелерінің қиылысында орналасқан полиция ғимаратына (шынын айтсам, әлі күнге бұл жерде полицияның қандай бөлімі отырғанын білмейді екем) келуімді сұрады. Сағат кешкі төрт жарымға келісіп, уақытында келдім. Тергеушіге кіргізді. Сол жерде үстімнен қылмыстық істің қозғалғанын білдім. Мен сол күні куәгер ретінде шақырылдым. Мақалам сот сараптамасына жіберілген екен. Өзіммен сыпайы сөйлескен тергеуші «бұл мақаланы жазуға кімдер итермеледі?», болмаса «біреуден тапсырма алдыңыз ба?» дегендей сұрақтар қойды. Ондай сұраққа, әрине, менің берер жауабым «ешкімнен ешқандай тапсырма алғамын жоқ, өз еркіммен жазылған мақала» дедім.

Шынында да солай. Мақалаға Моңғолияның экс-президентіне Интерпол арқылы іздеу жарияланған мәселе түрткі болды. Содан біздің елде де сондай жағдай туындауы мүмкін ғой деген оймен жазылған мақала еді. Онда біреуді алалап, әлдекімді қараламадым, қолданған ақпараттарым түгелдей ашық ақпарат көздерінен алынған және елдің аузындағы мәліметтер. Істің әрі қарай қалай өрбіп жатқанынан хабарым жоқ. Тергеуші сот сараптамасын күтіп отырған болуы керек.

– Қозғалған қылмыстық іс материалдарымен таныстыңыз ба?

– Иә, іспен таныстым, бірақ бәлендей бірдеңе деу әлі де мүмкін емес. Бұл, бір жағынан алғанда, кейбір журналистердің аузына «қақпақ қою»; екіншіден, бір саяси ойынның әуресі сияқты. Бірінші жағдайда ол қазір мүмкін шаруа емес, өйткені біз айта алмағанды ел-жұрт әлеуметтік желі арқылы-ақ естіп алады. Ресми хабарларға олар сенбейтін болған. Ал саяси ойынның салқыны болып жатса, кімнің «үлестіруінде қандай карта» болып жатарымыз да белгісіз. Сондықтан істің келесі қадамы жасалмай жатып, бір нәрсе айтудың өзі қиындау болып тұр.

– «Жас Алаштың» басшылығы ауысып, өзіңіз де Инга Иманбаймен бірге жұмыстан кеткен соң, қылмыстық істің қозғалуына не түрткі болуы мүмкін? Әлде экс-президент Назарбаевтың «ар-намысын қорғауды» күйттеген жандайшаптардың ісі ме екен?

– Кім білсін? Бәрі мүмкін. Дегенмен, менің ойымша, бұл істі қозғатушылардың түпкі көздегендері Инга Иманбай болуы да ғажап емес. Өйткені ақпан айында «Жас Алаштың» басына қандай «күн туғанын» өздеріңіз де білесіздер. Инга Иманбай бас редакторлыққа келгелі газет қайта түлеп, қоғамды меңдеп кеткен «сырқатпен» ашық күрес басталған болатын. Ол мемлекеттік тендерден келетін барлық қаржыдан бас тартатын – нағыз еркін басылым жасап шықпақшы еді. Мен бұған дейін біраз уақыт газетке фрилансер ретінде жазып, редакцияның ұсынысымен апталық шолу жасап тұратынмын. Еш цензурасыз еркін жаздым, ойымды ашық жеткізіп отыруға тырыстым. Алайда бірде-бір адамның ар-намысына тиетіндей әрекеттерге барған емеспін. Инга редакторлыққа келген соң, газеттің сайтына шақырды. Сол апталық шолуымды жалғастыра бердім, соған қоса басқа да материалдар жазып тұратын болып келістік.

Алайда газет құрылтайшыларына көрсетілген қысымнан кейін, Инга Иманбай орнынан кетуге мәжбүр болды. Біздің де қалмайтынымыз белгілі болатын. Тек үдере тұрып, есікті «тарс» жабуға оқырманның көңілін қимадық – тағы екі санын шығарып беріп кеттік. Ол туралы «ә» дегеннен-ақ «адам жиып ал» деп, жаңа басшыға құлаққағыс жасап қойғанбыз. Осының бәрін және Инганың демократиялық партия құрып жатқан Жанболат Мамайдың жары әрі белсенді қолдаушысы екенін ескеретін болсақ, менің мақалам қылмыстық іс қозғауға лайық деп танылған сыңайлы. Есі дұрыс адам үшін абсурд шешім. Сонда менің еркін ойлауыма, еркін жазуыма тыйым салмақшы ғой?

– Қылмыстық істің жалғасы не болып жатыр?Адвокатыңыз бар ма?

– Сол алғашқы кездесуден соң, тергеуші шақыртқан жоқ. Істің не мәнісі болып жатқанын білмеймін. Бұдан әрі қарай «Тұңғыш президент – елбасы туралы» заңның да баптарын қолданулары мүмкін. Оны сараптамадан соң біліп қалармыз. Мені белгілі адвокаттар Ғалым Нұрпейісов пен Әсем Нүсіпова қорғайтын болды.

– Бұл – тәуелсіз журналистерге биліктің ежелден қолданып келе жатқан әдісі, оған дәлел іздеудің қажеті жоқ. Кезінде «ДАТ» жобасының жетекшісі Ермұрат Бапиға ҚР Қылмыстық кодексінің 318-бабы бойынша, «президенттің ар-ожданына тидің» деп, екі жылға соттап, бірақ сол кезде жарияланған амнистия бойынша абақтыдан құтылғанымен, журналистік қызметпен бес жыл айналыспау туралы үкім шығарған. Оның бетін ары қылсын, дегенмен сіз жазған мақалада Назарбаевтың ар-ожданы немесе басқа да құқына тиетіндей дәнеңе-дәлел бар ма?

– Бұл мақалада, өз ойымша, елбасы Назарбаевтың ар-ожданына тиетіндей ешнәрсе жоқ. Біреудің істегенін, болмаса басқа біреуге тиесілі шетелдік мүлікті бұлардың мойнына «ілгенім» жоқ. Жоғарыда айтып өткенімдей, бар мәлімет ашық ақпарат көздерінен алынған. Онда келтірілген деректер туралы білмейтін адам кемде-кем болар. Бұл отбасының түрлі мүліктеріне қатысты ақпарат түрлі басылымдарда ауық-ауық жарияланып тұрады. Ол ақпаратты жоққа шығарған бірде-бір мәлімдеме естіген емеспіз. Демек, үнсіз келісіп отыр ғой? Кеше ғана Н. Назарбаевтың жиені Нұрәли Әлиевтің 80 миллион фунт стерлинг тұратын Лондондағы сарайы тәркіленетіні туралы британ ақпарат құралдары хабар таратты (11-бетті қараңыз – Ред.). Оффшорлық компаниялардың иелігіндегі мүліктің түпкі бенефициары сенат спикері Дариға Назарбаеваның ұлы дейді. Егер ол бұл зәулім сарайды сатып алған қаржыны адал жолмен тапқанын дәлелдей алмаса, бұғауланған активінен айырылып тынады.

Бұл менің ой елегінен өткізген тұжырымдамам. Өзіміз тәрізді киіз туырлықты салт кешіп, «совет шинелінен» бізбен бір мезгілде шыққан моңғол елінің (Кеңес Одағының құрамына кірмесе де, бұл елді 16-шы республика дейтін) демократиялық мемлекет құру барысында құрық бойы ұзап кеткеніне қарап, Қазақстанда да осындай жағдай туындауы мүмкін бе деген ойды қаузау еді. Маған қарсы қылмыстық іс қозғалғанына қарағанда, бұл ой ол кісілерді де мазалайтын сыңайлы. Мен болсам, жүйенің «бітеу жарасын» мыжып кеткен сияқтымын.

Қалай десек те, «бидайдың баратын жері – диірмен» деген сөз бар. Авторитарлы жүйелер де сол «бидай» тәрізді: тарих диірмені талқандап тастайды. Қазір құлдырап жатқан мұнай бағасымен бірге құрдымға кетулері де ғажап емес. Біз арқа сүйеп, қолтығына кіріп алған Ресейдің жағдайы да мүшкіл. Путин жаңа Конституциямен жаңа президент болып қайтқысы бар, бірақ ол ойы жүзеге аса қояр ма екен?

Қытайдың жағдайы болса, анау – экономикалық қана емес, саяси да қиындыққа тап болып отыр. Қалай десек те, үлкен бір өзгеріс болары хақ. Совет Одағының ыдырағанын, кейінгі Назарбаев режимін көрген көзіміз оған да куә болып қалар…

– Тарихта мәңгілік қалған диктатуралық режим болмаған. Бұл жүйенің де жойылып бітер күні алыс емес шығар… Сізге қатысты қылмыстық іс «ДАТ»-тың үнемі бақылауында болады. Бас амандығыңызға тілектеспіз!

Бақытгүл КӨПБАЙҚЫЗЫ, «D»

Қаз-қалпында

  • Редакциядан: Асхат Асанның «Жас Алаш» газетінде жарияланған мақаласы қандай «әлеуметтік алауыздық тудыруы» мүмкін? Мақалаға шұқшиып көріңіз – егер іс қозғауға қатысты элементтер тапсаңыз, ой-пікіріңізді газетке жолдаңыз, қаз-қалпында жария етуге серт береміз: төменде «қылмысты» мақаланы қаз-қалпында жариялап отырмыз.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІ ІЗДЕП, Интерполға жүгінетін күн туса…

Моңғол елінің монополияға қарсы іс-қимыл қызметі осы елдің экс-президенті Цахиагийн Элбегдорждың мекен-жайын анықтап беруді сұрап, Интерполға өтініш білдіріпті. Улан-Батордың прокуратурасы Элбегдоржға сауда және даму банкіне басымдық беріп, «Моңғол мысы» компаниясына ықпал жасағаны және елдің экономикалық қауіпсіздігін әлсіреткені үшін айып тағып, биыл қаңтар айының соңында қылмыстық жауапқа тартқан болатын.

Элбегдорж 1990 жылы МХРП 75 жылдық монополиясын жойған бейбіт демократиялық төңкеріс лидерлерінің бірі. Өзінің либералдық көзқарастарымен танымал саясаткер. 2009–2017 жылдар аралығында осы елдің президенті қызметін атқарды. Оның атын шығарған тағы бір ерекшелігі – өзінің бес баласының үстіне 20 жетімді асырап алған болатын. Элбегдорж президенттік құрып тұрған 2012 жылы өзінен бұрынғы президент Намбарын Энхбаяр жауапқа тартылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған «қонақ үйі мен бір газетті жекешелеп алды, қайырымдылық мақсатына бөлінген теле құрал-жабдықты жеке басы үшін пайдаланды» деген кінә артқан.

Біздің оқырман «байғұстар-ай, ә, нақақтан-нақақ кетіпті ғой» деп, жаны ашып отырған да болар. Әрине, біздің көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген коррупциялық әрекеттердің қасында моңғол президенттерінің ісі баланың шалалығы іспеттес болып көрінері рас. Дегенмен де, Моңғолия сынды демократиялық құндылықтарға бой ұрған мемлекеттің халқы мұндай «шалалықтарға» да көне бермейді. Міне, елдегі бүгінгі билікке қарсы шығып, демократиялық мемлекет құрмақшы ниеттегі жандардың пейілі де осы тұрғыда.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көбіміздің көзімізде үміт оты жанғаны бар. Жеріміздің асты-үстіндегі байлықты ойша шамалап, «ертең-ақ дамып кетеміз» деп, бір шалқығанбыз. Президент Назарбаев «Кувейттен де күшті тұратын боламыз» деп, ол көңілді қамшылап та қойған. Алайда «құлдың сүйген асын кім берсін?». «Әу» дегеннен-ақ қисық жолға түсіп кетіппіз. Ұзаққа созылған тоталитарлық режим қысымынан шыққан ел «аңқау» болды да, оның сол білместігін «арамза молдалар» пайдаланып кете барды. Қазір отыз жыл өткен соң, сол кездегі «үмітімізді үзді» деп кесіп айта аламыз. Үміт қана үзілген жоқ, барымыздан айырылдық. Конституция бір адамның ыңғайына орай қайта жазылды.

Рыноктік экономиканың орнына шетелдерден келген дайын өнімді сататын базарлы экономика орнаттық та, дамыған капиталистік дүниенің шалғайында қала бердік. Санамыз советтік идеология шырмауынан шықпай, әлі де бөтен құндылықтарды құнттап келеміз. Тіпті қазақ тілінде мемлекет басқаруға да болмайды екен. Қандай да болсын мемлекеттің тірегі саналатын орта тап қалыптаспады. Қоғам материалдық деңгейі тұрғысында «бай – кедей» деген екі жікке бөлінді. Бар байлық санаулы олигархиялық топтың қолында жиналып, қалған жұрт жыл сайынғы уәдемен «семіріп» келеді. Ал саналық кейпіміз екі тілділіктен басталып, көп дінділікке ұрынды. Қазір бір жұдырыққа жұмылатындай сапалы «бес саусақ» емеспіз. Адам құқы тапталып, өмірі түкке тұрмайтын болып кетті. Әлеуметтің мүддесін қорғайтын саяси институттар жоқ. Бұл жағдай кімге ыңғайлы? Әрине, бұл Н. Назарбаев құрған клептократиялық, авторитарлы режимнің жемісі. Оның саяси монополиясы экономикада да толық монополия орнатуына соқтырды. Бар байлық, бар мүмкіндік бір шаңырақтың шылауында қалды.

Қазақстандағы авторитарлы режимнің отбасы мүшелері мемлекеттік іске араласқан, кезіндегі Ирак пен Индонезия, қазіргі Нигерия мен Сириядан ерекшелігі – Назарбаев әулетінің бар саланы бірдей жауып қалуы. Көзге көрініп жүргендері бар, біз естіп, білмегендері бар – бәрі де қайраткер, бәрі де бір саланың тұтқасын ұстаған, бәрінің бизнесі мықты, өздері өнерлі. Онда неге жағдайымыз нашар? Оның үстіне қазақ жерінің қойнауында пайдалы қазбалардың 90-нан астам түрі кездеседі – алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын, хром, висмут, молибден, алюминий, темір, марганец, сирек кездесетін металлдар, көмір, фосфориттер. Мұнайдың зерттеліп, табылған қоры 39,6 миллиард баррельден, яғни 6,5 миллиард тоннадан асады, газ болса, 1,82 триллион м³ (ВР-нің 2009 жылғы деректері), әлемдегі уранның 21% біздің жерде. Әлгі тәуелсіздік алған алғашқы жылдары осы көзсіз байлыққа сеніп едік қой!

Нұрсұлтан Назарбаевқа да сенгенбіз. Ал ол бізге, елге сенбеген екен. Онысын кезінде ашық та айтқан болатын – «Демократия орнату үшін 15 миллион америкалықты қайдан аламын» дегені бар. Демек, қазақ баласын демократиялық мемлекетте өмір сүруге лайықсыз, жер байлығын игеріп, лайықты өмір сүруге қауқарсыз деп тапқаны. Сондықтан да болар, жалпақ елдің өз жерінің қойнауы қалай игеріліп жатқанынан, шетелдік компаниялармен арадағы келісім-шарттардан хабарсыз отырғаны. Ал осы мұнай-газ саласында отандық жеке кәсіпкерлер неге жоқ? Неге отыз жылда ұлттық буржуазия өсіп, бекімеді? Кезіндегі «жас түріктер» қайда?

«Жас түріктердің» бірі сотталды, бірі қуғындалды, енді бірі үнсіз қалды. Саяси қарсыластардың көзі жойылды. Капиталистік әлемнің басты қағидаты – бәсекелестік әдірем қалды. Ана салада Дәкеңнің, Бөкеңнің, мына салада Қайрекеңнің, Тимекеңнің үстемдігі орнады. Қаржы институттары бір «қалтаға» қордаланды. Қарапайым халық несиеге байланды. Ал «назарбаевтар» шетінен «Форбс» тізіміне ілініп, Еуропа елдеріндегі әйгілі тарихи нысандарды, қымбат үй-мүліктерді сатып ала бастады. Кейбір деректерге сүйенсек, елден жылына 30 миллиард доллардан астам ақша ұрланып, шетке шығып кетеді екен. Бұл елдің бір жылғы бюджетінен де астам қаржы. Рахат Әлиев те көп нәрсеге көзімізді ашқан болатын. Оффшорлық есепшоттардан табылып жатқан миллиардтарын да қосып қойыңыз. Елбасы шаңырағындағылар өздеріне тағылып жатқан мұндай айыптардың бірде-бірін жоққа шығарып, өздерінің адалдығын білдіретіндей бірде-бір мәлімдеме жасаған да емес. Есесіне, «Қазақстанның Тұңғыш президенті – елбасы туралы» заңымыз бар. Өзіне де, өзгелеріне де соғыс кезінде сатқындық жасамаса, еш айып тағып, сотқа тарта алмайсың. Қуыстанатын себебі бар ғой…

Н. Назарбаевтың коррупциялық іс-әрекеттері туралы алғаш рет оның билікке келген бастапқы жылдары экономикалық кеңесшісі болған Дж. Гиффенді АҚШ соты, шетел басшысына пара бергені үшін жауапқа тартқан кезде белгілі болған еді (атышулы «Қазақгейт»). Тергей келе, Гиффен арнайы барлау қызметінің тыңшысы болып шығып, сот ісі тоқтап қалған. Соның арқасында Нұрекең де сытылып кеткен еді. Кейінірек, Швейцария банкінен табылған өз атындағы бір миллиард долларды «ел басына күн туса, жұмсамақшы болғам» деп, жалтарған еді. Ал Гиффені бар, басқасы бар, батыстан келген кеңесшілердің басты міндеті Қазақстан экономикасын дұрыс бағытта түзу емес, сол экономикаға тигізбей, қалай жымқырып, шетел банктерінде қалай орналастыруға қатысты кеңес беру болатын. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдары БҰҰ, ХВҚ, басқа да халықаралық ұйымдардан жүздеп келген кеңесшілердің ішінен Н. Назарбаев ақшаны қалай жымқырып, тез баюдың жолын ұсынғандарды ғана таңдап алған сияқты. Қазір бүкіл экономика осы жалғыз отбасы мен оның айналасындағылардың илеуінде қалды. Сонымен, жер қойнауы бай, ел-жұрты білімді, совет заманынан қалған өндіріс қуаты мығым, ауыл шаруашылығы салмақты Қазақстан сынды республика қазіргі мүшкіл халіне түсті. Сырт елдермен сауда-саттықта дайын өнімнің импорты басым, иығымызға ілген киімнен бұрын, тамақты да шетелден тасып жейміз. Оны шикізаттан түскен валютаға сатып аламыз.

Экономика мен саясаттағы үстемдігін ұстап тұруы үшін елбасы қара халықты негізгі құқыларынан айырды. Сайлаудағы дауысы ұрланады (бар бәленің басы осында), шынайы жағдайды көрсететін ақпарат ала алмайды, тарата да алмайды, ойын ашық жеткізуге құқы жоқ, бизнеске араласса, тартып алады, болмаса, бөлісесің. Бар БАҚ бақылауға алынған. Әрине, Батыстағы демократияның арқасында қолымыз жетіп отырған интернет біршама мүмкіндік бергені рас. Әйтсе де оған да шектеу бар. Ал Дәурен Абаевтың министрлігі ұсынып отырған «ҚР бейбіт жиындар туралы» заң жобасы биліктің өзіне ыңғайлы ғана митингілерді өткізбекші ойын аңғартады. Оған санасы ояна бастаған қоғам келісе қояр ма екен?

Қоғамның билікпен келіспейтін тұстары көп. Отыз жыл бойы іріңдеп келіп, соқтасы енді жарылмақшы сыздауық жара секілді ашу-ызасы да жиналып қалған. Назарбаевтар отбасының жиеніне (өзі ұлымын дейді) қатысты ақпарат көптің көңіліндегі «тежеуішті» ысырып та тастаған сыңайлы. Жақын жылдары моңғолдардың Элбегдоржға сұрау салғаны сияқты, біз де Интерполдың көмегіне жүгінбесімізге кім кепіл? Оның үстіне Элбегдорждың «крышовать» еткені бір банк пен бір зауыт қана. Ал Н. Назарбаев қазірдің өзінде экс-президент…

Асхат АСАН,

«Жас Алаш» газеті

20 ақпан 2020 жыл

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн