Ермұрат БАПИ: БІЗ ПАРТИЯНЫ қоғаммен бірлесіп ӨЗГЕРТЕМІЗ!

Соңғы президенттік сайлау заңды белден басып, әділетсіз өтті десек те, қоғамның ақыр аяғы қалың ұйқыдан арылуына әсер еткенін көпшіліктің өзі көрді, Қазақстанды өз күшімен өзгертуге болатынына көздері жетті. Сол сайлауда халықтың дауысын ұрлап, билігін сақтап қалған режимнің уақытша ұтысынан гөрі, дара билікке, дарақы жүйеге қарсы дауыс берген қоғамның ұтысы әлдеқайда басым болғаны мәлім.

Сол сайлаудан кейін топ-топ болып құрылған жастар қозғалыстары мен елдегі саяси күшке айналған тәуелсіз бақылаушылар да осы жеңістің бір көрінісі. Бүгінде әне-міне жарияланып қалады деген парламенттік сайлау да ел назарында. Осындай үркін сәтте елдегі әзірге жалғыз оппозициялық саяси күш – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жуықта алматылық тәуелсіз бақылаушылардың бір тобымен кездесу өткізді.

Турасын айту керек, осы кездесуде бақылаушылар партияның «тамырын ұстап», жақын болашақта бұл ұйым қоғамдық қозғалысқа саяси тұтқа бола ала ма деген сұраққа жауап іздеп келді. Партия төрағасы Ермұрат Бапи да еш жалтармай, бақылаушыларды мазалаған сұрақтарға ашық және нақты-нақты жауаптар берді. Сұрақ-жауап үлгісінде өткен осы кездесудегі әңгіменің ықшамдалған және редакцияланған үлгісін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Қыркүйекпен бірге партиямыздың жаңа саяси кампаниясын бастаймыз, – деп бастады кездесудегі кіріспе сөзін партия төрағасы Ермұрат Бапи. – Менің партия төрағалығына сайланғаныма 4 ай болды. Оның екі айы президенттік сайлау кезеңіне дөп келсе, кейінгі екі айы жазғы демалысқа тұспа-тұс келді. Бірақ биыл менде демалыс болған жоқ. Тамыздан бастап партиямыздың ішкі ұйымдастыру және келе жатқан саяси науқанға жобалар дайындау жұмыстарымен айналыстық.

Алдымыздағы өте жауапты саяси науқанды партиямыздың съезінен бастайық деп отырмыз. Съездің күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жаңарған партияның ребрэндингін жариялау, елдегі саяси жағдайға баға беру және қоғамға келген жаңа қозғаушы күштер – жастар ұйымдарымен және бақылаушылармен бірлесіп, қарсылық қозғалысты бірігіп жүргізуге талпыныс жасау болып отыр.

Біз қоғамға партиямыздың негізгі үш бағытын ұсынып отырмыз. Біріншісі – ЖСДП-ның саяси платформасына қоғамның мейлінше қалың бұқарасын тарту; екінші бағыт – жергілікті жерде (ауыл, аудан, шағын қалаларда) партияның бастауыш ұйымдарын ашу арқылы елдегі әлеуметтік топтарды қарсылық қозғалысына жұмылдыру; үшінші маңызды бағыт – сайлауды бақылаушылардың тұтасқан армиясын құруға мұрындық болу. Бақылаушыларды классикалық үлгідегі статист болудан қоғамды өзгертуге мүдделі саяси күшке айналдыру – екі тарапқа ғана емес, бүкіл қоғамға ауадай қажет міндет деп санаймын.

Өткен президенттік сайлаудан қансырап шыққан билік бүгінде азаматтық қоғамды бөлшектеу саясатын бұрынғыдан да қарқынды күшпен жүргізе бастады. Режимнің мақсаты белгілі: қоғамның топтасқан күшке айналып кетпеуі үшін жанталасу. Бұл бағытта олар Қазақстанның болашағын да, елдің еркін ертеңін де, ар-ұятты да ойлап отырған жоқ. Ақорданың саяси технологтары ел арасына іріткі салу үшін, қоғамдық күштерді түрлі партияларға, әлеуметтік-саяси күштерге, бір-біріне қарсы алауыз топтарға бөлшектеу ісіне кірісіп кетті.

Бірақ елдегі жалғыз оппозициялық партия ретінде ЖСДП өзінің қоғамды өзгерту жолындағы бағытынан, саяси риторикасынан айнымайды. Бөлшектеніп кетуі мүмкін топтардың алдындағы біздің артықшылығымыз – біз билікті және оның басында отырған шен-шекпендінің аты-жөнін атап, аяусыз сынай аламыз, ешкімнің атақ-даңқына қарамай, саяси реформаларды талап етіп, легитимді түрде билікті, парламентті «басып алуға» бар күш-жігерімізді саламыз.

Әрине, бүгінгі билікті сақтап қалудың монополиялық заңдары билеп тұрған заманда бұл оңай шаруа емес екенін жақсы түсінеміз. Дегенмен, бізге бүгін ұлы мүмкіндік туып тұр: ол – елді өзгерту жолында оянған қалың халықтың ерік-жігерін бір тудың астына топтастыру. Сол мүмкіндікті жіберіп алмауға болатынын өткен президенттік сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылар көрсете білді. Партия жұмысының басым бөлігі бақылаушыларды саяси күш ретінде дайындауға арналу керек. Елімізде 10 мыңнан астам сайлау учаскелері бар. Сол учаскелерді бақылауға алатын кемінде 20 мың бақылаушы дайындауымыз керек. Бақылаушыларсыз тіпті сайлауға қатысудың да қажеті жоқ. Биліктің қысастығы салдарынан елдегі сайлау комиссияларына ЖСДП-ның мүшелері кіргізілмеген. Сондықтан комиссиядағы мүшеліктің қызметін атқаратын – осы тәуелсіз бақылаушылар болады.

Алдағы уақытта партиямыздың бірнеше саяси жобасын ұсынамыз. Оның ішінде сайлауға дайындық ретінде «Қазақстанның 100 азаматтық көшбасшысы» жобасы болады. Бұл жоба еліміздің барлық аумағын қамтиды. Осы жобаны жүзеге асыру барысында іріктелген тұлғалар болашақтағы партиялық тізіміміздің негізін құрайтын болады. Біз бұл жобаны азаматтық қоғамның тікелей қатысуымен жүргізетін боламыз.

Тағы бір маңызды мәселе – партиямызды жаңғырту жолында оның сапалық құрамын жасарту, жастарды мүшелікке көптеп тарту болып тұр. Бұл Жармахан Тұяқбай мырзаның төрағалығы кезінде басталған процесс. Қазіргі кезде партияның басқарушы органдарының тең жартысы – жастар. Десек те, бұл процесті енді тоқтатпаймыз.

Өткен президенттік сайлау елдегі саяси жағдайдың конфигурациясы мен қарсылық қозғалыстың формасын қатты өзгертті. Қоғамдағы протесттік көңіл-күйлер де жасарды. Қоғамға қозғаушы күш ретінде жаңа буын келіп, ескі буынды ығыстыра бастады. Оны мойындау керек. Менің ойымша, саяси алаңдағы жасару процесі дау-дамайсыз табиғи жолмен дамуы тиіс. Қазақта мақал бар: «Кемеші келсе, қайықшы судан шығады» деген. Сондықтан партиямыздың аймақтағы филиалдарының жетекшілері мен саяси кеңестің мүшелерін азаматтық қоғам өкілдерімен кеңесе отырып жасақтайтын боламыз. Азаматтық қоғамдағы әртүрлі топтар өз өкілдерін ұсынса, олар біздің партиядағы жеке блок болып, өз топтарының мүдделерін қорғайды. Мысалы: көп балалы аналар, жастар буындары, бақылаушылар, оралмандар, ұлт патриоттары, ардагерлер мен зейнеткерлер және т.б. блоктар құру ұсынылады. Қазір біздің ел әділетсіз заңдар мен билік технологтарының қоғамды ыдырату жағдайында күн кешуде. Сондықтан біздің атқаратын жұмысымыз биліктің озбыр әрекетіне берген жауабымыз болады.

Бізді біріктіретін жалғыз идея – қоғамды өзгертуге деген ерен ерік-жігеріміз. Осы идеяның төңірегінде бір жұдырық бола білуіміз қажет. Ал егер биліктің ырқына көніп, жіктелуге, әлеуметтік сепаратизмге бой алдырсақ, алға қойған мақсаттарымызға жете алмаймыз. Билік бізді жол ортада быт-шыт қылады.

Мендегі соңғы мәліметтер бойынша, ҰҚСК-нің шешімімен елде бірнеше партия пайда болуы мүмкін. Біздің бүгінгі ырың-жырың жағдайымыз сақталатын болса, бұл партиялар оппозициялық алаңды бөлшектейді. Менің саяси алаңда билікке қарсылығымды білдіріп келе жатқаныма 22 жыл болды. Азаматтық қоғам ішінде биліктің қалай жік салатынын жақсы білемін. Төрт партияны құруға қатыстым және сол төрт партияның құлауына да куә болдым.

Ендігі кезекте біздің партияның болашағы, оның қарсылық қозғалысындағы іс-әрекеті азаматтық қоғамға тікелей байланысты. Азаматтық қоғамды бір жұдырыққа жинай алсақ, онда партиямыздың болашағы бар деген сөз. Партияның өзі жеке-дара ешнәрсе жасай алмайды. Қазақстанды өзгертеміз, әділетті қоғам құрамыз деп, ерік-жігері бұрқырап тұрған азаматтардың қолдауымен ғана нағыз саяси күш бола аламыз.

Ербол ДҮЙСЕНБИН, тәуелсіз бақылаушы:

– Менің сізге бірнеше сұрағым бар. Сайлаудың өткізілетіні туралы хабарды күтпей-ақ, сайлау комиссияларының құрамына мүше болып кіруге мүмкіндік бар ма?

Авторитарлы жүйемен компромиссіз жұмыс жасау мүмкін еместігіне көзіміз жетті. Сіз билікпен қандай деңгейде ымырасыз күресіп, қай жерге дейін бара аласыз? Ертең артыңыздан ерген адамдарды «лақтырып», Қосанов секілді «парашютпен секіріп» кетпейсіз бе?

ЖСДП мен бақылаушылар арасындағы қарым-қатынастың жік-арасын ашып берсеңіз. Партияның жұмысына бақылаушылардың араласуы қандай деңгейде болмақ?

Ермұрат БАПИ:

– Сайлау комиссияларына партия өкілдерін мүшелікке кіргізу мүмкіндігі туралы айтар болсам, әрине, біз билік пен «ЦИК»-тен комиссия құрамын қайта қарауды, ЖСДП мүшесін комиссияға кіргізуді талап етеміз. Бұл біздің арамызда талқыланбайтын және оның орындалуын биліктен табанды талап ететін процесс болады. Егер парламенттік сайлауға ЖСДП-дан басқа «Нұр Отан», «Ақ жол», «КНПК» және тағы басқа партиялар қосылып жатса, ең бірінші әділет принципі – осы партиялардың мүшелері комиссия құрамында болуы қажет. Егер бізді тағы да мүшелікке кіргізбесе, онда сайлаудың бастамасының өзі әділетсіз болмақ. Жеме-жемге келгенде, біз бұл мәселені әлемдік деңгейге шығарамыз. Еуроодақ, Еуропарламент және АҚШ конгресінің алдында көтереміз. Сайлау басталмай жатып орын алған әділетсіздікті әлемдік қауымдастықтың және халықтың санасына саламыз. Қарсылықтың (протест) көкесі сонда болады! Тіпті алаңға шығаруға дейін барамыз. Бұл мәселеде біздің заңды талабымыз орындалмай жатса, қол қусырып отырмайтынымыз айдан анық. Егер біздің партияны сайлау комиссияларының құрамына кіргізбесе, съезд шақырып, сайлауға қатыспаймыз деген шешім шығаруымыз, иә болмаса, Астанадағы Орталық сайлау комиссиясын мыңдаған адам қоршауға алулары әбден мүмкін. Біз бұл мүмкіндікті жоққа шығара алмаймыз!

Екінші сұрағыңыз – компромисс, билікпен ымыраға бару мәселесі. Қосановтан кейін, бұл сіздерді қатты толғандыратын сұрақ екенін сезіп отырмын. Бірден айтайын, егер мен билікпен компромисске барғанымда, онда Тоқаевтың сенім комиссиясына кіретін едім. Маған биліктің бір емес, үш адамы келді. Мен үзілді-кесілді «отказ» бердім.

Байқасаңыздар, ҰҚСК-нің құрамында бірде-бір партияның жетекшісі жоқ. Себебі билік соңғы сәтке дейін менің келісімімді күтті. Мен комиссия құрамына кіруден бас тартқан соң, ел арасында «ЖСДП төрағасы келісім комиссиясында неге жоқ?» деген сұрақ тумау үшін, елдегі басқа партиялардың жетекшілері Тоқаевтың комиссиясына кіргізілмеді.

Мен бұл жөнінде кезінде әлеуметтік желілерде жазбаған, ел-жұртқа хабар бермеген себебім – ҰҚСК құрамына кірген жекелеген азаматтарды сыйладым, олардың қоғамға өзгеріс әкелудің диалогтық жолын қалаған ерік-жігерлеріне күдік келтіргім келмеді. Олармен жаға жыртысып, «маған пәленшелер келіп, шақырып жатыр, мен болсам қарсы болдым» деген әңгіме – популизм болып кетеді. Әліптің артын бақтым.

Егер біз қазірдің өзінде билікпен компромисске барып, сайлауға солардың ойын шартымен қатысамыз дейтін болсақ, әрине, билік оған қуанады. Бірақ өйтіп сайлауға бармай-ақ қойған жақсы. Ел-жұртты алдап, парламентке 10-15 депутатымызды кіргізбей-ақ қоялық!

Иә, біз компромисске баруымыз мүмкін, өйткені саясаттың өзі компромисстерден тұрады: бірақ ол үшін біз билікпен тең дәрежеде сөйлесетіндей позицияға қол жеткізіп алып қана ымыраға бара аламыз. Оның өзінде – қоғам қажет санаса ғана.

Мен билікке барып, маған Қосановқа берген 15% дауысты беріңдер десем, олармен ымыра жасасуға болады. Бірақ біздің парламенттің қазіргі жағдайында 15% ештеңе шешпейді. Онда сайлауға барудың қажеті қанша?! Біз қоғамның қоғадай жапырылған қолдауымен бұл сайлауда кемінде 51 пайыз дауыс алуымыз керек!   

Әрине, мен де кезінде билік басында жүрген біраз азаматтармен жұмыс істедім. Тіпті Ерлан Каринді саясаткер ретінде бірінші болып елге шығарған біздің газет. Ерлан Алматыда қатардағы саясаттанушы болып жүрген кезінде «ДАТ» газеті оның өткір аналитикасын жариялап тұрды. Кейіннен билік оны оппозициялық алаңнан алып кетті. Сондықтан билік жақтағы жігіттердің біразымен адами, ағалық-бауырлық қарым-қатынасым бар. Бірақ ол саяси компромисстің дәрежесі емес. Мысал үшін, Дархан Калетаев біздің ауылдың баласы. «Мен – оппозициядамын, сен – биліктесің» деп, Дарханмен бет жыртыспаймын ғой, адами тұрғыдан алғанда. Иә, саяси тұрғыда – біз қарсыласпыз. Сондықтан Путин патша «мухи отдельно, котлеты отдельно» демекші, біздердің адамгершілік қатынасымыз бір бөлек, саяси ұстанымымыз бір бөлек.

Ал ЖСДП мен бақылаушылар арасындағы қатынас туралы айтсам, осыған дейін өздеріңіз сияқты бақылаушылардың төрт тобымен кездесу өткіздім. Оның ішінде Астана, Шымкент, Қызылорда, Алматы және СҚО-ның өкілдері болды. Солардың барлығына айтқаным бір сөз – сайлауға бақылаушыларсыз бармаймыз! Сайлауда халықтың бізге берген дауыстарын қорғап қалу үшін, бізге бақылаушылар армиясы керек. 20 мың бақылаушы дайындау оңай іс болмағанмен, бұл қолдан келетін іс. Бұл жерде бізге азаматтық қоғамның бүгінгі қарсылық қозғалысы, елдегі өзгеріске деген ерік-жігері септігін тигізеді.

Оның үстіне сіздер жәй ғана статистикалық бақылаушы емессіздер, сіздер саясаткер бақылаушысыздар. Өйткені сіздер қоғамды өзгертуге мүдделісіздер. Сондықтан біз осындай саяси күшті партия құрамында көргіміз келеді. Егер бақылаушылардың барлық тобы бірігіп, партия төрағасының орынбасарлығына бір адамды ұсынса, оны да қабылдаймыз. Бақылаушылардың тағы бір өкілін партияның саяси кеңесіне қабылдауға дайынбыз. Өйткені бәрімізге ортақ мүдде – Қазақстанның мүддесі, бізде бөлісетін ештеңе жоқ. Осы тұрғыда біз сіздермен тіл табысатынымызға сенімдімін.

Жуықта, партия съезі өтісімен, бірнеше аймақтағы филиал басшылығын жаңадан сайлаймыз. Сол аймақтағы жиындарымызға бақылаушыларды да, жергілікті азаматтық қоғам өкілдерін де шақырамыз. Келіңіздер. Егер сіздердің ұсыныстарыңыз дәлелді болып, сол аймаққа танымал, артынан халықты ерте алатын тұлға болатын болса, мен сіздердің ұсыныстарыңызды қабылдауға дайынмын. Біз партиямыздың ребрендингін қоғаммен санаса отырып жасауға мүдделіміз.

Хамит ТҮКЕЕВ, тәуелсіз бақылаушы:

– Партияларыңыздың қанша филиалы бар және онда жұмыс атқарып жатқан белсенділердің саны неше? Партияларыңыздың қаражат мәселесі қалай шешілген және ол қаражат көзі қандай? Сіздің Әміржан Қосановқа қатысты пікіріңіз қандай?

Ермұрат БАПИ:

– Бүгінгі таңда партиямызда 17 филиал және 2 өкілдік бар. Партияны тіркеуге берген кезден бері жиналған мүшеміздің есебі – 146 мың. Бірақ бұл соңғы 13 жылдың есебі. Оған кейіннен ешкім ревизия жасаған жоқ. Оның ішінде, бәлкім, о дүниелік болып кеткен немесе мемлекеттік қызметтке ауысқан адамдар да бар шығар. Оны білмейміз.

Білетініміз – партия маңындағы актив. Ол партияның негізгі күші. Біз ірі елді мекендерде өкілдіктер құру жұмысын бастап кеттік. Қазірдің өзінде тестік жоба ретінде Түркістан облысының әр ауданында өкілдіктер құрып жатырмыз.

Ал қаржы мәселесі біздің ең жанды жеріміз. Өйткені біздің партияда мүшелік жарна жоқ. Біз жарна жинайтындай «Нұр Отан» емеспіз. Партия мүшлерінің басым бөлігінің тұрақты жұмысы жоқ. Өздерін-өзі асырап жүрген қарапайым адамдар.

Оппозициялық партияға билікке наразылар келеді. Ал ол наразылар қайдан пайда болды?! Жұмыссыздық пен әділетсіздіктен! Жұмыссыз адамнан партиялық жарна жинау мүмкін бе?

Елде қалыптасқан тұрғыдан алып қарайтын болсақ, барлық партиялар олигархиялық немесе биліктің партиялары. Біздің артымызда олигарх та, биліктің адамы да жоқ. ЖСДП-ның артында Әкежан Қажыгелдин, я болмаса Бергей Рысқалиев тұр деген әңгімелер – биліктің шығарған сөзі. Егер олар қаржылай көмек бергенде, біз соңғы төрт айда тым құрығанда көп балалы аналар мәселесіне қатысты республикалық қоғамдық тыңдау өткізер едік қой. Партияға «Бірінші Алматы» жақтан офис іздеп, сарсаңға түспейтін едік.

Иә, Қажыгелдин менің әріптесім: артық-кемі жоқ. Ол кісімен мен 25 жылдан бері үзеңгілеспін, оны білгір, аналитикасы керемет, білікті экономист ретінде танимын және азамат ретінде сыйлаймын. Осы партияға жетекшілікке келген кезімде, әріптестікке шақырған ең бірінші адамым Қажыгелдин болды.

Бізде олигархиялық немесе басқадай демеуші жоқ. Бірақ біз ондай азаматтарға мүдделіміз. Қоғамды өзгерткісі келетін, партияға көмек білдірем деген азаматтар табылып жатса, әрине, біз олардың көмегін қабылдап, партия қазынасының негізін қалауға дайынбыз. Дегенмен, партияның бүгінгі басты демеушісі, негізгі «қаржысы», ол – халықтың энергиясы мен күші. Мысалы, президенттік сайлауда сіздер қаржысыз-ақ керемет бақылаушылар топтарын құра білдіңіздер. Сондықтан біздің ең басты ресурсымыз – халықтың қолдауы болмақ. Әрине, біз қаржы жағынан «Нұр Отанды» ешқашан басып озбаймыз. Бірақ халықтың қолдауы жағынан біз алдамыз.

Қосановқа келсек, мен оны 1983 жылдан бері білемін. Мен КазГУ-дың журналистика факультетінің 4-курсында оқып жүргенде, ол оқуға жаңадан келіп түскен жігіт болатын. Мектеп қабырғасынан комсомолда белсенді жігіт болғандықтан, оны өзіме студсовет төрағасының орынбасары етіп алдым. Өзім жатақхананың студенттер кеңесінің төрағасы болдым. Кейін Қажыгелдин премьер-министр болған шақта тағы да үзеңгілес болдық. 1998 жылы оппозицияға да бірге кеттік. Сол кезден бастап, мынау кейінгі президенттік сайлауға дейін бірге жүрдік. 26 сәуірде мен партияға төраға болып сайландым, ал Қосанов сол күні президенттікке үміткер болып ұсынылды. Сол күннен бастап саяси жолымыз ажырады. Мен көмекшілері арқылы Әміржанға бірнеше ұсыныс жасағам. Мысалы, Булаев ауылында халықпен кездесуі өтеді дегенді естігенде, «Алматыға кел, екеуміз Арбатты бойлап жүріп өтейік, халықпен көшеде кездесулер ұйымдастырайық. Ол сенің Булаевыңнан мың есе нәтижелі болады» деген ұсынысымды елемеді. Сол сияқты құс фабрикасына барып, ол кімді қарық қылатын сөз айтпақ болды?

Қол жинау кезінде маған екі әскери адам келіп жолықты. Қолдарында кандидаттың аты-жөні көрсетілмеген, бірақ қол жиналған тізімдер бар. Тоқаев болса, жазып қояр еді ғой. Олар тізімге Қосановты кейіннен жазған. Тіпті Әміржанның 120 мың қол жинағанына менің күмәнім бар. Мендегі ақпарат бойынша, Алматының өзінен 8 мың ғана қол жиналған. Сол кезде Қосановтың билікпен ымыраға келгенін түсіндім.

Тіпті біз өз тарапымыздан қолдау болсын деп, штабтан тізімнің бланкасын алып, туыстарымыздың бәрінен қол жинап шықтық. Мендегі бүкіл бір тізім Бапиевтарға толды. Алайда сол күні (5 мамыр болуы керек) кешке хабар келді: болды тіркеуден өтті, тізімдер қажет емес деп. Сол қол жинаған тізімді өзіме естелікке қалдырдым. Бірақ сол кезде мен үндемей қалдым. Егер мен сайлау кезінде осыны жайып салып, Қосановқа қарсы шыққанымда, бірінші болып мені бақылаушылар бас салар еді. Бірақ мен сіздерге Қосановпен абай болыңдар деп ымдап белгі беріп тұрдым. Өйткені мен оны жақсы білемін. Ең өкініштісі – Әміржан осы қылығымен біздің бәрімізге күйе жағып кетті. Өйткені біз «Жаңа Қазақстан» форумында бірге едік. Серікжан Мамбеталин Қосановты насихаттауға жеке араласты. Брюссельге, АҚШ-қа апарды. Менің автокөлігімді тізгіндеп, Серікжан Қосановпен бірге еліміздің өңірлерін аралап, 6 мың км жүріп өтті. Сондықтан Қосанов бізді жермен жексен етіп, күйе жақты деп айтуға болады. Сол күйемізден әлі күнге дейін арыла алмай жүрміз. Иә, Әміржан қателескен шығар, мүмкін, оған қысым жасаған шығар. Қалай болса да, ол өзінің саяси болашағына балта шапты.

Ерлан АЙТИМБЕТОВ, тәуелсіз бақылаушы:

1. ЖСДП бақылаушылардың жұмысына қандай септігін тигізе алады? 2. Партия мүшелерінің партия жұмысына ықпалын күшейтуге бағытталған өзгерістер партия жарғысына ене ме? 3. Партияның саяси кеңесі 24 адамнан құралған. Оның 17-сі өңірлерден болса, 7-і жұмыс бағыты бойынша. Осы 7 адам қалай іріктеледі? 4. Қазақстанның барлық 87 қаласында партия филиалдары мен өкілдіктері құрыла ма? 5. ЖСДП-ның еліміздің өзге партияларымен әріптестік қарым-қатынасы бар ма? 6. Бұрынғы оппозиция неге азаматтық қоғамды біріктіре алмады? 7. Мұхтар Әбілязов туралы пікіріңіз қандай?

Ермұрат БАПИ:   

1. Біз қазіргі уақытта бақылаушылар жүйесін құратын екі халықаралық грантқа жоба-ұсыныс өткіздік. Оны алу-алмауымыз екіталай. Қалай болса да, осы жұмысқа қаржы табатынымызға сенімдімін. Ол ақша партияға емес, бақылаушылар дайындайтын тренингтерге жұмсалады. Бұған қоса, жаңа айтып өткенімдей, бақылаушылар үшін партия төрағасының орынбасары мен саяси кеңестен бір-бір орын беруге дайынбыз.

2. Партияның қатардағы мүшелері өз сұрақтары мен мәселелерін филиал мен өкілдіктің алдында көтеруге құқылы. Тіпті партиямыздың кез келген мүшесі әлеуметтік желілер арқылы тікелей менімен байланыса алады. Кез келген мәселені партияның саяси кеңесінде талқылауға кең мүмкіндік бар.

3. 7-8 қыркүйектен бастап біз өңірлерге шығып, партия филиалдарының басшыларын қайтадан сайлау жұмысын бастаймыз. Егер жергілікті жердің азаматтық қоғамы тарапынан үміткер ұсынылатын болса, бұл мәселені талқылауға дайынбыз.

4. Жоғарыда айттым, барлық ірі қалалар мен аудан орталықтарында өкілдіктер ашуға кірісіп жатырмыз. Бұл үрдіс бірер айға созылатын партиялық науқан болады.

5. Біз өзге ұйымдармен бірлескен жұмысымызды Азаматтық бастамалар коалициясына қосылуымыздан бастадық. Өзге партиялармен: «Нұр Отан», «Ақ жол», «Бірлік», «Ауыл» және коммунистік партиялармен еш арақатынасымыз жоқ. Біздің өз жолымыз бар, олармен әріптестік орнататын себеп көріп тұрған жоқпын. Егер олар бізбен әріптес болғысы келсе, алдымен елдегі қарсылық қозғалысына қосылулары керек.

6. Бұған дейін оппозицияның азаматтық қоғамды біріктіре алмау себебі – жалпы қазақстандық қоғамның өзі кешігіп, соңғы президенттік сайлауда ғана ояна бастады. Оған небары 4 ай ғана болды. 1998 жылдан бері Қажыгелдин бастаған «РНПК»-дан бастап, кейіннен Алтынбек Сарсенбаев, Болат Әбілов, Ғалымжан Жақиянов, Төлен Тоқтасын, Мұхтар Әбілязов және т.б. саясаткерлер қоғамды тәуір-ақ оятуға тырысты. 2008–2010 жылдарға дейін қаншама митингілер өткіздік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Оның көптеген себептері болды. Ал енді пайда болған жаңа толқынның, бақылаушылар мен Қазақстан халқының көмегімен қоғамды біріктіруге болады дегенге сенімім мол.

7. Әбілязовке келсек, өз басым оның азаматтық басын сыйлаймын. Онымен жеке таныстығым бар екенін де жасырмаймын: 2009 жылға дейін бірнеше рет Лондонға барып кездескем… Мұхтардың мықты математик, шахматшы және бизнес-менеджер екенін ұмытпайық. Естеріңізде болса, 90-жылдары кішігірім «Әлем банкінің» негізінде Мұхтар құрған «БТА-банк» ТМД елдері арасында 6-орындағы ірі банкке айналды. Ресей мен Украинаның алпауыт қаржы құрылымдары тұрғанда, бұндай жетістікке жету екінің бірінің қолынан келе бермейді.

«ДВК» бойынша да, оны қазақстандық сот «экстремистік ұйым» деп таныса да, мен Мұхтардың бастамасын қолдаймын. Оның жасап жатқан жұмысы қоғамға қажетті процестің негізгі бір бөлігі. Мұхтар жеке басын қауіпті тәуекелге тігіп отырған да шығар. Бірақ революция құрбансыз болмайтынын ол да сезеді… Ол бірбеткей және ойлағанынан тайынбайтын адам.

Әсет ОҢАЛБАЕВ, тәуелсіз бақылаушы:

– ЖСДП жастар буынына не ұсына алады және партияға қалай кіруге болады?

Ермұрат БАПИ:

– Сайлау біте салысымен, біз жастарды партияға тарту жұмысын бастап кеттік. Қатарымызға Жанболат Мамай мен Әсет Матаев секілді бір топ жастар келді. Биліктің білім саласындағы қиямпұрыс әрекеттеріне қарсы шығып жүрген Айман Сағидолла бастаған бір топ мұғалімдер партиямызға кірді.

Біз «партияның жастар қанаты» деген ұғымды классикалық үлгіде қолданғымыз келмейді. Біздің мақсатымыз – партияның басым көпшілігін жастардан құру. Бүгінде қоғамды өзгерту үшін көтерілгендердің дені – 25-45 жас арасындағы қыз-жігіттер! Біз жастардың бұрқыраған энергиясы мен өзгеріске деген ерік-жігеріне сүйенеміз. Партиямыздың аймақтағы жетекшілерін жасартайық деп отырғаным да сондықтан. Алда өтетін съезде 40 жастан аспаған жігіттерді партияның Саяси кеңесіне мүшелікке ұсынамыз. Сол кезде партияны жасарту туралы ниетіміздің мығым екенін көресіздер. Съезден кейін аймақтағы филиалдарымыз ашық есік күнін ұйымдастырып, партияға жаңа мүшелер қабылдау жұмысын бастайды. Одан бөлек, партияға онлайн режим түрінде кіруді қарастырамыз. Қысқасы, бізде партия мен қоғамды бір саяси платформаға топтастыру жөніндегі жоспарлар көп. Бұйыртса, соның алғашқылары 6 қыркүйектен бастап қоғамға жол тартады.

Сұхбаттасу мәтінін дайындаған –

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн