Теңгенің түбіне РУБЛЬ ЖЕТЕДІ…

  • Қазақстанға келген ресейліктерден экономикалық жағымды эффект бола ма? Өкінішке орай, ешқандай жағымды әсері болмайды. Себебі рубль – доллар/евро емес, ал қашқындар – турист емес.

Қазақстанда жинақталған рубль көлемі БЦК төрағасы Ғалым Құсайыновтың есебінше, осы маусым айында 50 миллиард рубльге жеткен. Және бұл ақша Ресейден басқа жерде конвертацияланбайтындықтан, ал оны Ресей құнды қағаздарына біздің банктер сала алмайтындықтан (санкция ұшып келеді), ол жұмыс істемейтін ресурс болып қалды. Мобилизация толқынымен келген ресейліктер, менің шамалауымша, кем дегенде тағы 5 миллиард рубль «тірі ақша» ала келді.

24 ақпаннан бері қолма-қол рубльді банкке салып, оны аудару операцияларының «своп» комиссиясы 15–20%-ды құрағандықтан, біздің банктер айына кем дегенде 4 миллиард теңге жоғалтып келді. Кейіннен олар рубль салымын қабылдау үшін комиссия енгізді де, шығындарын азайтты. Бірақ не болса да, артық жүк ретінде жатқан рубль массасынан қаржы жүйесіне де, экономикаға да қауіп бар.

Қаржы жүйесі – егер рубль бір демде құнсызданып кетсе, орасан зор шығынға ұшырамақ. Баланстағы қайта бағалау банктер есептілігіндегі жағдайды нашарлатады және оларға қосымша провизия жасақтауға тура келеді.

Экономикаға келген қауіп анағұрлым масштабты болып тұр. Ресей қант пен бидай экспортын шектегенде, біздің оған деген импорттық тәуелдігіміз 40-тан 38%-ға дейін түскен болатын. Және импортты әртараптандыру үшін Индия сынды жаңа импортеріміздің үлесі арта бастаған еді. Бірақ елде рубльдің көп болуы бізді импорт жағынан Ресейге қайтадан байлап тастайтын болады. Бұл – Ресей экономикасы жедел құласа, біздегі біраз сектор да құлайды деген сөз. Және рубль каналы арқылы Ресейдегі инфляция, девальвация сынды болуы өте ықтимал жағымсыз құбылыстар да бізге импортталмақ.

Не істеу керек?

Дәл қазір бізде валютаны сыртқа әкетуге шектеу бар. Бір реттік рұқсат тек 31 тамызға дейін жұмыс істеді. Доллардың елден кетуіне тосқауыл қою керек, онымен келісеміз. Бірақ осы валюталар құрамынан рубльді алып тастаған дұрыс. Қазақстаннан рубль барынша кете бастаса, валютааралық дисбаланстардан құтыла аламыз. Және қаржы нарығындағы құнсыздану тәуекелі азаяды.

Айбар ОЛЖАЕВ

«ӨЛГІМІЗ КЕЛМЕЙДІ» – дейді Ресей «қашқындары»

  • Кремльдің Украинаға соғысқа аттандыру мақсатында «ішінара мобилизация» жариялап, 300 мың адам әскерге алынатынын мәлімдеуі Ресей қоғамын дүрліктіріп қойды. Ұшақпен, автокөлікпен, я жаяулап-жалпылап елден шығуға асыққан ресейліктер жайлы ақпарат көптеп тарап жатыр. «Азаттық» тілшілері Ресейдің Қазақстанмен шекарасындағы кейбір бекеттердегі жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Ресейден келіп жатқандар мобилизациядан қашуға мәжбүр болғанын жасырмайды.

Орал қаласынан 60 шақырым жердегі «Сырым» шекара бекетінде абыр-сабыр басылмай тұр. Ресеймен шекараның Қазақстан жағында адам күтіп тұрған такси көп. Олар түнімен осында. «Келіп жатқандар көп, қаламен екі ортаға 7-8 рет барып-келіп үлгердік», – дейді такси жүргізушілердің бірі.

Ресейден Қазақстанға өтіп жатқандар күрт көбейгеннен кейін, такси қызметінің бағасы да өскен. Әдетте бір адамды екі мың теңгеге алып баратын жерге жеткізу үшін, қазір сегіз мыңнан 15 мың теңгеге дейін (1000–2000 рубль) сұрайды. Бірақ шекарадан өту үшін 12 сағат кезекте тұрған Игорь сияқтылар бұл бағаны қымбатсынып жатқан жоқ. 33 жастағы программист Оралдан 260 шақырым қашықтағы Самара қаласынан келгенін айтты.

– Адам да көп, көлік те көп. Жаяу өттім. Кеденде көп сұрақ қоймады. Қазақстанда туған-туысым жоқ. Оралда танысым бар, соған келдім. Туған қаламнан әскерге шақырту келіп қала ма деп, амалсыз кеттім. Досыма шақырту келді, мен әлі алмадым. Сөздің шыны керек, қорықтым, біреуді өлтіргім келмейді, өзім де өлгім келмейді, – дейді Игорь.

Шекарадан өтіп жатқандардың дені журналистермен сөйлесуге құлықсыз, олардың түрінен шаршағаны сезіледі. Сөздерінше, көбі жолға асығыс-үсігіс жиналып, жылы орнынан шұғыл кетуге мәжбүр болған. Ұшақ билетінің бағасы төрт-бес есе қымбаттағанына қарамастан, түгел сатылып кеткен, барлық бағытқа билет жоқ. Амалсыз 5-7 сағат тікеден тік тұрып, шекарадан жаяу өткен. Қазақстан жағына өткен ресейліктер жақын маңдағы кафеден жүрек жалғап, мызғып алып жатыр.

«Азаттық» тілшісі «Сырым» бекетінде өткізген бір жарым сағаттың ішінде шекарадан негізінен үлкен жүк көліктері өткен екен. Жеңіл көлік көрінбеді. Бес адам жаяу өтті, бәрі Ресей азаматтары. Аты-жөнін атамауды өтінген кеден бекетінің қызметкері шекараның арғы жағында 100-ге тарта көлік тұрғанын айтты. «Әдетте 10-15 қана көлік болатын» дейді ол.

– «Қашып кеп жатырмыз» демейді ғой, «қонаққа келдік» дейді. Үш күннің ішінде көші-қон қызметіне тіркелуі керек, сөйтіп 30 күн Қазақстанда визасыз жүре алады. Ал егер осында қалғысы келсе, еңбек визасын жасатып, 90 күнге дейін қалуға мүмкіндік алады, – дейді Ресей азаматтарына Қазақстанда жүріп-тұру тәртібін түсіндірген кеден қызметкері.

Шекарадан жолыққан Виталий Оралда қонақта болып, қазір енді Самараға қайтып бара жатқанын айтты. Кремль «ішінара мобилизация» жариялаған кезде 48 жастағы Ресей азаматы Қазақстанда жүрген.

– Мобилизация туралы естідік. Бірақ қайда барамыз? Үйіміз сонда ғой. Бізді әскерге шақырмайтын шығар деп ойлаймын. Кеше наразылықтың алғашқы толқыны болды ғой. Адамдар бәрібір ақылға салар. Саяси жетекшілерге бола адам өлтіру – ақылға қонбайтын әрі адамгершілікке жат қылық деп санаймын, – дейді Виталий.

Жергілікті такси жүргізушілер 23 қыркүйекке қараған түні шекараның арғы бетінде «қару асынып, форма киген адамдар пайда болған, ер азаматтарды Қазақстанға жібермей жатыр» деген хабар естігенін айтады. Әзірге бұл ақпаратты ресми орындардан растау мүмкін болмады.

Ақтөбеден 100 шақырымнан астам қашықта орналасқан «Жайсаң» бекеті. Қазір мұнда да адам көп. Ресейдің Орынбор облысымен шекарадағы бекетте жүк көліктерімен қатар ондаған жеңіл автокөлік кезекте тұр.

Ақтөбедегі «Экспресс» автобекетінде Ресейдің Орынбор, Самара, Уфа мен Қазан қалаларына күнделікті және күнара жолаушы таситын рейстер бар. 22 қыркүйекте Ресейден келген автобустардан түсіп жатқандар арасында жас жігіттер көп екені байқалды. «Азаттық» тілшісі сөйлескен төрт жігіт Уфадан келгенін, ендігі беталысы Алматы қаласы екенін айтты.

– Шекара жабылып қалмай тұрғанда шығып кетейік дедік. Мен [әскер қатарына] шақыртылатындар санатына кірмеймін, дегенмен жағдай әп-сәтте өзгеріп кетуі мүмкін ғой. Сондықтан бір күннің ішінде жиналып, кетіп қалдым. «АйТи» саласы бойынша маманмын, қашықтан жұмыс істеймін, сондықтан жұмыссыз қалмаспын деп ойлаймын. Алматыға бара жатырмыз, жақсы қала ғой, – дейді 29 жастағы Денис.

Ресейліктердің сөзінше, шекарадан бері өтер алдында өздері сияқты жастарды оңаша бөлмеге кіргізіп, жеке басына қатысты мәліметтер, мобилизация жайлы, Қазақстанға қандай мақсатпен бара жатқанын сұраған.

Астрахань облысындағы /Қазақстанмен шекаралас/ өткізу пунктінде кейінгі үш күнде бірнеше шақырымдық көлік кептелісі пайда болды, деп жазды «Азаттықтың» Татар-Башқұрт қызметі. Куәгерлердің айтуынша, 23 қыркүйекте кешке кезектің ұзындығы жеті шақырымға жеткен. Кезекте тұрудың орташа ұзақтығы шамамен 15 сағат.

Ресейдің өзге елдермен шекарасындағы сияқты мұнда да ұзан-сонар кезек «ішінара мобилизациямен» байланысты. Қараөзек ауылындағы өткізу пунктінен негізінен 18–50 жас аралығындағы Ресей азаматтары өтіп жатыр.

– 24 қыркүйек күнгі сағат 16.00-дегі жағдай бойынша ұзындығы алты шақырымға созылған көлік кептелісі пайда болды, көліктер сағатына он метр ғана жылжып жатыр. Егер қазір кезекке тұрсаңыз, екі тәулікке дейін күтуге тура келеді. Көбірек тамақ, су алып алған дұрыс, себебі өткізу пунктінің маңында ғана дүкен бар. Шекараның Ресей бөлігінде ештеңе сұрамайды, тек паспорт, айыппұлдар мен қарыздар туралы сұрайды. Егер қарызың жоқ болса, жібереді. Қазақстан жағы да еш бөгетсіз өткізіп жатыр, – деді кезекте тұрған ер адамдардың бірінің әйелі.

Куәгерлердің айтуынша, Астрахань облысындағы өткізу пунктінен тек астрахандықтар ғана өтіп жатқан жоқ. Кезекте тұрғандар арасынан Мәскеу, Ростов және өзге де қалалардың көлік нөмірлерін байқауға болады. Мобилизациядан қашқандар негізінен жеке көліктерімен немесе облыс орталығынан жалдаған таксилермен келіп жатыр.

21 қыркүйекте құрылған Free Kalmykia және «Свободная Астрахань – Астрахань без войны» белсенділер тобы әлеуметтік желілердегі парақшаларында көрші елге қоныс аударғандарға заңгерлік көмек ұсынып, жолға ақшасы жетпеген азаматтарға ақша да жинап жатыр.

Free Kalmykia белсенділерінің айтуынша, кейбір азаматтар ұзын-сонар кезектен қашу үшін велосипедті де пайдаланып жатыр. Шекарашылар оларды еш кедергісіз өткізеді. Ресейдің Қазақстанмен шекарасындағы өзге пункттерде де осыған ұқсас жағдай қалыптасқан.

Ресей президенті Владимир Путиннің 21 қыркүйектегі «ішінара мобилизация» туралы жарлығына сәйкес, Ресейдің 18 бен 60 жас аралығындағы азаматтары армия қатарына шақырту алғаннан кейін үкімет жұмсаған жаққа аттануға міндеттеледі. Бағынбағандар қылмыстық жауапқа тартылады. Путин жарлығы Ресей қоғамында дүрбелең туғызды. Соғысқа барудан қашып, Ресейден визасыз баруға болатын елдерге, оның ішінде Қазақстанға да өткісі келетіндер саны көбейген. Олардың арасында Ресей қазақтары да бар.

Ресейде «ішінара мобилизация» жарияланғаннан кейін Қазақстанға нақты қанша ресейлік келгені әзірге белгісіз.

«Жыл басынан бері Қазақстанға Ресейден 1,66 млн адам келіп, 1,64 млн адам елден шығып кеткен. Еуразия экономика одағына мүше мемлекеттердің азаматтарына мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап 90 күнге дейін Қазақстанда жүріп-тұруға рұқсат етілген» деді өткен жұма күні Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.

Қазақстан заңында көрсетілген жүріп-тұру тәртібін бұзған шетел азаматы елден шығарылады және 5 жыл мерзімге дейін Қазақстанға қайта кіруіне тыйым салынады деп ескертеді билік өкілі.

Ресей мен Қазақстан арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 7,5 мың шақырымнан асады, оның бойында 51 өткізу бекеті бар.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн