Қазақстан жуырда ғана жаңа Конституция қабылдады, халық тағы да қолдады. 1993 жылы Жоғарғы Кеңес қабылдаған ҚР бірінші Конституциясы түбегейлі жазылған еді. Бұл үшінші Конституция десек, алдыңғы екеуі де күрделі өзгеріске ұшырады, бұл да өзгеруі мүмкін. Өзгеріске ұшырамаған бір-ақ заңнама – 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң. Ол – тәуелсіздігіміздің орнығуының және қалыптасуының негізін құраған алғашқы құжат. Осыны ұмытпайық. Қазіргі Конституция да соны негізге алған.
Алайда егемен ел болғалы 36 жыл болса да, Қазақстанның арнайы қабылданған Ұлттық идеологиялық доктринасы болмады. Сол себепті Жаңа Конституция қабылданған соң кім, қалай, қандай идеологиялық тетіктермен Ата заң қағидаттарын іске асырады деген ой туды!
Бағдарламалық құжат неге қажет?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз – Қазақстан халқы, өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек» деген пікіріне жүгінсек, бұл – Қазақстанның ұлттық идеологиясыболуы керек деген сөз емес пе?! Идеологиясыз мемлекет болмайды. Сондықтан Жаңа Конституцияны негізге алып, өз ұлттық идеологиямызды жасасақ, халқымыздың рухани бірлігі, ынтымағы нығаятыны сөзсіз.
Осындай бағдарламалық құжаттың қажет екеніне бір ғана мысал келтірейін. Қазір әлем жаңа өркениетке көшуде, яғни өтпелі кезеңде тұр. Батыс болса материалистік жүйемен дамуда, тек баю, кіріс, капитал болса болды, оны дронмен де, басқа қару-жарақпен де, үстемдік жасаумен де тауып отыр. Ал рухани құндылықтар артта қалды. Осы жерде біздің ұстанымымыз қандай болмақ? Ата тегімізден келе жатқан рухани, мәдени, тарихи құндылықтарымызды неге жаңғыртпаймыз? Бізде ежелден адами қасиеттер, имандылық алда жүрген. Шығыстың мораль философиясы бес мың жылдық Түркі тегімен бірге келе жатыр, оны жаңғыртатын кез келді. Бұл тұрғыда біз қазіргі жаһандану дәуірінде екі сын-қатерді естен шығармауымыз керек.
Бірінші – сыртқы кедергілер: геосаяси, экономикалық бәсекелестіктің күшеюі, жоғары технологиялар, жасанды интеллект, климат, ашаршылық, соғыс, миграция, ғарыштық проблемалар, киберқауіпсіздік, т.б.
Екінші – ішкі кедергілер: егемендік алғалы қордаланған келеңсіздіктер, әлеуметтік проблемалар, коррупция, рухани-діни азғындық, ғылым мен білімнің, кәсіби біліктілігіміздің төмендігі, қайта өңдеу өндірісінің нашарлығы, шикізаттық экономика, қымбатшылық, халықтың күн-көріс деңгейінің төмендеуі, т.б.
Енді осы кедергі, кемшіліктердің бәрін Жаңа Конституцияда жазылған басты қағидаттарға идеологиялық пәрмен беріп, тиянақты іске асыруымыз керек. Ол үшін Ұлттық идеология доктринасын жасау қажет. Бұған мемлекет құрушы ұлт – қазақ халқы бастамашы болуы тиіс. Бұл мәселені кешіктіруге болмайды!
Ұлттық идеологияның үш құрамдас бөлігі
- Ұлттық мүдде – тәуелсіздігімізді нығайту, ұлтты сақтау, ел болып қалу, тіл, жер, рухани құндылықтар.
- Қоғамды ізгілендіру – ұлттың рухани-мәдени құндылықтарын жаңғырту, салауатты өмір салты, дәстүр, жаңа білім, ғылым, инновацияны дамыту нәтижесінде интеллектуал адам, интеллектуал ұлт болу.
- Ұлттық демократиялық қоғам.
Осылай, менің ойымша, Ұлттық идеологияның түпкі мақсаты – Қазақстандыдемократиялы, дамыған, өркениетті елдер деңгейіне жеткізу болуы тиіс. Ол үшін мына мәселелерді шешу қажет:
- Демократиялық саяси жүйе құру;
- Әр адамға жағдай жасау, халықтың өмір сүру деңгейін көтеру;
- Рухани, мәдени-тарихи құндылықтарымызды, ұлттық рухты, патриотизмді көтеру;
- Келешекте интеллектуал ұлт, қоғам болып қалыптасу.
Бұл мақсатқа жету үшін, ұлттық идеологияның құрамдас бөліктерін сала-салаға арналған бағыттар бойынша іске асыруымыз қажет. Бұл – кең көлемді, бүкіл мемлекеттік идеологиялық саясат. Біртұтас болмаса да, бұл мәселелер бізде қазір бар деп те айтуға болады. Енді осының бәрін бір бағытқа, бір мақсатқа, бір жүйе етіп тоғыстыру қажет.
Талай жылдар бойы Ұлттық идеологияның қажеттілігі туралы көп айтылып келе жатса да, бұл мәселеде арнайы мемлекеттік тапсырыспен ғылыми ізденістер, толыққанды қорытынды жасалғанын естіген емеспін. Мұны биліктің де, ғалымдардың жіберген қателігі деуге болады. Содан да болар, қандай идеология болуы керек, біздің нақты ұлттық мүддемізді қорғайтын бағыт-бағдарымыз қалай, кімнің соңынан жүреміз, жоқ әлде өзіміздің сара жолымыз қайсы деген сұрақтарға нақты жауап әлі жоқ. Айтатынымыз – демократиялық, зайырлы құқықтық мемлекет болу, ол – Конституцияның талабы. Әңгіме соны қалай, қандай нақты тетіктермен жасаймыз – сонда. Ел біздікі, жер біздікі болса – біз айтпасақ, кім айтады?!
Меніңше, Конституцияның қағидаттарын іске асыру үшін, Қазақстанның компас сияқты идеологиялық доктринасы болуы керек. Осыған орай үш тұғырлы даму идеясын ұсынбақшымын. Ол – тең қабырғалы үш бұрыш секілді, оның ұстанымдары – руханият, саясат және экономика. Үшеуі бірдей нығайған жағдайда ғана өрлеу қамтамасыз етіледі.
Бірінші – руханият. Адамгершілік, қазақ халқының рухани-мәдени және тарихи құндылықтары, салауатты өмір салты, салт-дәстүр сабақтастығын сақтайтын ұзақ мерзімді үрдістер «Ұлттық гуманитарлық идеологияны» қалыптастырудан басталуы тиіс. Руханиятты жаңғырту мен қоғамды ізгілендірудің тірек құрамдастары: өткен – қазіргі – болашақ тарихқа деген біртұтас көзқарасты орнықтыру; психологияны жаңарту; тұлғаның жаңаша ойлау қабілетін шыңдау, рухани-моральдық құндылықтарды жүйелеу; әлемдік діндерді (ислам, христиан, буддизм, конфуций және т.б.) жаңаша түсіндіру арқылы өзара түсіністік арнасын кеңейту; креативті адам капиталымен үйлесетін демография және қоғамдық теңгерімді даму.
Егер біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтау арқылы әлемдік өркениетке енуге ынталы халық болсақ, онда рухани құндылығымыз алда тұруы керек. Егер біз бірінші экономика, екінші саясат демей, халықты шатастырмай, ұлттық мүддемізді уақытында анықтап, құндылықтарды нақты белгілеп, алдымызға ұлттық идеология арқылы айқын мақсат қойғанда, оған қоса Ұлы Абайдың «Толық адам ілімін» ертерек игергенде, мұндай алмағайып жағдайға түспеген болар едік.
Екінші – саясат, ол – мемлекетіміздегі биліктің үш тармағын басқарудың тепе-теңдігін, әдіс-тәсілдерін іске асырудың құралы. Саясаттың мақсаты – мемлекетіміздің тұрақты дамуы үшін ел бірлігін нығайту, халқымыздың өмір сүру деңгейін көтеру, жалпы қоғамдық саяси-климаттың бірқалыптылығын қамтамасыз ету. Бұл туралы 2025 жылы жарияланған ҚР ішкі саясатының қағидаттары мен бағыттары бар. Енді Жаңа Конституцияға байланысты өзгерістер енгізу керек.
Бүгін Қытай елі экономика, ғылым, инновация, технологиядағы көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшыға айналып барады. Қытайдың феномені неде дегенде, мен оның идеологиялық саясатында дер едім. Си Цзиньпин – Дэн Сяопиннің реформасын жалғастырып, идеологиялық көшбасшы ретінде Қытайды әлемде алға шығарды.
Шын мәнінде бізде саяси реформа 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ҚР Президентінің бастамасымен басталды.
Үшінші – экономика, ол мемлекетіміздің күш-қуатын, әл-ауқатын, өндіргіш күштерінің әлеуетін, ЖІӨ-нің адамға шаққандағы байлығын, бүкіл халықтың байлығын көрсетеді. Өкініштісі – жалпы бізде экономикалық ахуал нашар, қымбатшылық, халықтың күнкөрісі төмендеуде, салық реформасы нашар жүруде, мемлекетті басқару тиімсіз. Бір сөзбен айтсақ, біз экономиканы әртараптандырмай, шикізат елі болып қалудамыз. Жаңа экономикалық саясат керек!
Бұл мәселені жаңа идеология тұрғысынан өндірістік қатынастарды жетілдіру және қоғамдық сананы жаңғыртумен ұштастыра отырып, кешенді түрде шешу қажет. Ұлттық идеология Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму бағытын көздеуі тиіс. Қазақстан гуманитарлы қоғам құрып, инновациялық экономика жасаса, осыған барлық ұлт пен ұлыстарды біріктірсе – басқаларға қарағанда тезірек дамыған елдер қатарына қосылар едік. Мұндай мақсатқа жету үшін, ұзақ мерзімге арналған ұлттық стратегиялық жобалар болуы тиіс. Ол бұрынғыдай жобамен ойнау емес, болашақты, алыстан болса да межені көре білуге негізделуі керек. Бұл тұрғыда инновациялық дамуға балама жоқ екенін де ескерген жөн. Оның арғы жағында келешекте гуманитарлы қоғам құру тұр. Әрине, бізде гуманитарлы қоғам жоқ, бірақ әлемде бұл процесс жүріп жатыр. Бұл ұзақ жолда әр мемлекеттің жүру жылдамдығы оның экономикалық қуатына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Менің ойымша, Қазақстанға бәріміздің басымызды қосатын бір ғана идеология қажет, ол – жалпыхалықтық біртұтас гуманистік идеология. Ол желілік үлгі ретінде 8 тармаққа бөлінеді.
Бірінші – құқықтық мемлекет. Кеше ғана халықтық референдумда қабылданған Жаңа Конституцияны халқымыз жақсы біліп алуы қажет. Онымен қоса Конституциялық заңдар, салалық заңдар, нормативті құжаттарды білген дұрыс. Жалпы елімізде құқықтық сауаттылықты көтеру керек. Себебі заңды білмеген азаматтарымыз өз құқықтарын қорғай алмайды.
Біздің нарықтық қатынастар заманына аяқ басқанымызға да көп болған жоқ. Сол себептен нарықтық экономиканы, оның заңдылықтарын, әсіресе кіші, орта кәсіпті қалай дамытуды арнайы оқып білген жөн. Экономиканы өрге домалататын – кіші кәсіп, ол – елге нәсіп деп бекер айтылмаған. Халқымыздың 75%-ы біліп-білмей несие құрсауында отыр. Егер нарық жүйесін игерсе, несиенің тетіктерін білсе, мұндай болмас еді. Үкімет те бұған араша түспей отырғандай көрінеді. Әйтпесе әр банк өз кеңсесінің жанынан несиені алу, алмау, оның қиындықтарын айтып, несие алушының көзін ашатын, кеңес беретін консультациялық орталықтар неге ашпайды?!
Мемлекет пен қоғам қатынасы, халық пен билік арасындағы сенім, ішкі, сыртқы саясат, т.б. мемлекетіміздің тұрақты дамуына әсер ететін мемлекеттік қызметтер кәсіби деңгейде атқарылуы тиіс. Маңыздысы – мемлекеттің стратегиялық бағыт-бағдары болуы, халық оны білуі керек. Біз азаматтық қоғам орнату арқылы тұрақты дами отырып, дамыған ел боламыз. Тәуелсіздікті заң жүзінде, әсіресе іс жүзінде нығайта отырып, мақсатқа жетуіміз керек. Ол үшін мемлекетті тиімді басқару қажет. Осылай ғана ата-бабадан келе жатқан тектілік, рухани, мәдени, тарихи құндылықтарымыз бен қазіргі нарықтық экономика арасына салынатын көпірге жол ашылады.
Екінші – рухани, мәдени, тарихи құндылықтар. Бұл жерде алға шығатын біздің ұлттық мүддеміз, нақтылап айтсақ, тәуелсіздігіміздің нығаюы, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің өз тұғырына көтерілуі, жеріміздің тұтастығы, жеріміз шетелге сатылмай, жалға да берілмей, тек өз азаматтарымызға ғана жалға беріліп, ел игілігіне қызмет ету, дініміздің Мұхаммед пайғамбардың бір мәзхабымен сақталуы, қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрінің жаңғыруы, қоғамның салауатты өмір салты. Бұлар – ұлтымыздың басты құндылықтары, мемлекетіміздің қалыптасып, ұлт болып бекуіміздің маңызды кепілі. Халық саяси сауатты болса ғана ол өзінің ұлттық рухани мүддесін қорғай алады.
Мыңдаған жылдан бері келе жатқан ұлттық тәрбиемізді, Ұлы Наурызды, басқа да ұлттық мейрамдарды, қасаң тартқан сананы жаңғыртсақ, ұлттық рухты көтеріп, зиялы қауымның үнін шығарып, Абай ілімі арқылы қоғамды ізгілендірсек, келешекте интеллектуал ұлт болып қалыптассақ – ең биік деңгейге жетер едік. Ол үшін халық үніне құлақ асатын мемлекеттен ойланатын билікке, гуманистік мемлекетке айналуымыз керек.
Үшінші – ұлттық тәрбие, адамгершілік. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, тәрбие әр отбасында баланы тілі шықпай тұрып тәрбиелеуден басталады. Балабақшада, мектепте оқумен қатар тәрбиені күшейту қажет. Оның ең абзалы – салауатты өмір салтын қалыптастыру, оның деңгейі, сапасы, стилі, қоғамдық-саяси жұмысқа араласуы. Салауатты өмір салтының әлеуметтік-экономикалық салаларға араласуы, өнім шығару, кәсіппен айналысу және имандылық, рухани тәлім-тәрбие, рухани мәдениет, адамгершілік қасиетке баулу. Салауатты өмір сүруге бауырмал болу, денсаулықты жақсарту, білімін көтеру, тазалықты сақтау, тұрмыс-тіршілігіңді жақсарту, уақытты бағалау, рухани, материалды құндылықтарды тиімді түрде пайдалану, сапалы тамақтану да кіреді. Осының бәрін қазіргі өмір үрдісімен ұштастырып, өз болмысымызға тән жаңа ұлттық мәдениетімізді қалыптастыруымыз керек.
Қазақстанның тұрақты дамуы – қоғамда өмір сүретін жеке адамдардың саяси сауаттылығына, еліне деген патриоттық сезіміне, имандылық тәрбиесінің қандай дәрежеде екеніне байланысты. Олай болса, жеке адамдарды білімге, рухани тәрбиелеуге, олардың саяси тұрғыда сауатты болуына аса мән берілуі керек. Қазақ халқында елін сүйетін, адал, адамгершілігі мол патриот ұлдар мен қыздар жеткілікті, көпшілігі шетелде білім алып, қызмет етіп жүр. Олардың жүрегі қазағым деп, біздің жүректен де қатты соғатын сияқты. Барлығының басын біріктіретін, дұрыс жол көрсетіп, не істеу керектігін айтып отыратын бағдаршам – ұлттық идеология болмақ.
Төртінші – білім, ғылым, технология. Кез келген қиындықтан тек білім алып шығады демекші, ХХІ ғасырда сапалы білім, ғылым, жаңа технология бәрін өзгертуде. Біз әлемде саны аз, бірақ ең бай елміз. Сондықтан барлық салада сапа алда тұруы керек. Бір жасанды интеллекттің өзі бұрын-соңды адам ойламаған жаңалықтарды әкелуде, сұрақтарыңа аузыңды ашып-жұмғанша жылдам жауап беруде. Егер мектепте, колледжде, жоғары оқу орындарында сапалы білім мен саналы тәрбие болса, мұның бәрі болады, әрине. Әсіресе мектепте стандартты біліммен қатар «Өміртану пәні» мен Абайдың «Толық адам ілімі», шағын кәсіп, жасанды интеллект, экологиялық, т.б. инновациялық ілімдер үйретілсе – Ұлттық иделогияны санаға сіңіру деген сол болар еді.
Білім беру саласын әрбір жаңадан келген үкімет, министрлер жекелеген түзетулермен емес, идеология → мақсат → өлшеу → ресурс → кадр → мәдениет → цифрлық басқару арқылы біртұтас жүйе ретінде қайта құруы керек. Егер білім, ғылым күшті болмаса, Кеңес Одағы кезінде Юрий Гагарин ғарышқа ұшпас еді. Қоғамның дамуында ғылымның орны үлкен, келешекті жасайтын ғылым, ғалымдар болғандықтан, іргелі ғылым мен қолданбалы ғылымға қаржы көп салынуы керек. Дамыған елдермен салыстырғанда, біз ғылымды дамытуға 20–30 есе аз қаражат бөліп отырмыз. Осыдан-ақ жағдайымыздың қандай екенін білуге болады. Қазірше ғылымда озық ойлы ғалым болу, жаңалықтар ашу, көптің ішінен ілуде біреу болмаса, арман болып қалуда. Біз ғылыми-технологиялық революция алдында тұрмыз. Ол үшін біз VI технологиялық укладқа, жасанды интеллектке, цифрландыруға, биотехнологияға, жалпы инновацияға мүмкіндігінше үлкен инвестиция салып, оны тез игеруіміз қажет.
Бесінші – еңбекке баулу. Ұлы Абай «… өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» демекші, адамды адам еткен – еңбек. Қазір жұмыссыз жүре беретін адамдардың саны да көбеюде. Ең маңыздысы – жастарды жұмысқа баулу, жаңа мамандықтарға оқыту. Жастардың терең де жүйелі білім, өнегелі тәлім-тәрбие алуына, адал еңбек етуіне айрықша көңіл бөлу – мемлекет пен қоғам үшін стратегиялық міндет. Дегенмен, алғырлық, сезімталдық және инновацияға құштарлық тұрғысынан қазақ жастары алдыңғы қатардан көрінеді деп нық сенемін. Жастарымыз креативті ойлауға, жаңалықтарға жедел бейімделуі керек.
Біз әлемде ең бай ел бола тұра, халық саны аз мемлекетпіз. Ал еңбекті жасайтын халық, ой еңбегі мен дене, қол күші еңбегінің арасындағы қайшылықтарды жаңа технологияның әсерімен жоюға болады. Дегенмен халқымыздың санын тез арада көбейтетін іс-шаралар керек. Мысалы, өмірге келген әр балаға 10 мың доллар беру, декрет және 3 жылға дейін балаға қарау кезінде сол адам жұмыс істеп жүргенде қанша жалақы алды, көмек дәл сол мөлшерде жалғасуы керек, т.б.
Еңбектің үлкен бөлігі шағын және орта кәсіпте (ШОК) жатыр. Мысалы, дамыған елдерде ШОК-пен халықтың 80%-ы айналысады, олар ұлттық табыстың 60%-ына дейін береді. Ал бізде 25–30%, онда да дәл мәлімет жоқ. Осыдан-ақ ШОК-те өте үлкен резервтің бар екенін көруге болады. ШОК-ті қолдау туралы Президент әр Жолдауында айтады. Бірақ атқарушы билік, банк жүйесі бұл мәселеде әлі қауқарсыздық танытып отыр. Жаңа Салық кодексі де ШОК-ке пәрмен берудің орнына салықпен басып, кіші кәсіптен түсетін түсім күрт азайды. Біз өндірістік қатынастарды күшейтіп, орта тапты қалыптастырмай, экономикамыз тұрақты өспейді. Шетел тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, прогресті тек орта тап жасайды.
Алтыншы – дін мәселесі. Конституция бойынша дін мемлекеттен бөлек, заңмен реттеледі. Бірақ дін де қоғамға, адамға қызмет етіп, оның жақсы болуына, ізгіленуге, адамгершілікке шақырады, Аллаға сыйынсын дейді. Бұл мемлекеттің, қоғамның дамуына қайшы емес деп есептеймін. Имандылық деген сөз халық ұғымында тек діни мағынада ғана емес, сонымен бірге ол адами қасиет, адамгершілік, ар-ұят деген мағынаны білдіреді. Халыққа діни сауаттылық керек, «Дінтану негіздері» пәнін енгізіп, жастар жақсы мен жаманды ажырата білуі керек. Бір уақыттарда түрлі діни ағымдар саны 4500-ге дейін өскені айтылды. Әр ағымға ең азы 200 адамнан тартылса, мыңдаған жас санасы улану қаупіне ұрынады. Талай жастың Сирияға және өзге өңірлерге кетіп қалғанын аңғармай да қалдық. Бұл – есті қоғам үшін ауыр дабыл.
Ең алдымен халықтың діни білімін арттыру – уақыт талабы. Түркістан қаласында «Дін академиясын» құрып, жүйелі теологиялық даярлықты күшейту, Мұхаммед пайғамбар ұстанған бір мәзхаб аясында діни сауат сапасын көтеру – маңызды міндет. Дінаралық сенім, конфессиялық келісім керек. Меніңше, қандай жағдайда да адамға арқасүйер сенім қажет: ол адамды жалғыздық пен шарасыздықтан қорғайды. Қоғамдық деңгейде де жұрттың басым көпшілігі дінге сенетіні байқалады. Біз – Қазақстан, дүние жүзіндегі 50-ге тарта мұсылман елінің бірі екенімізді ұмытпауымыз керек.
Рухани-мәдени дамуда діннің әсері тікелей әрі күшті. Сондықтан жаңа өркениет құру жолында діннің біріктіруші функциясын күшейтіп, дін мен ғылымды өзара толықтырып, синтездеп түсінуге кірісетін шақ туды. Дінге сену – ол ақылдың, сананың мәселесі. Тәңірдің торынан ешкім де, ешнәрсе де шыға алмайды. Дінді өркениетке қызмет еткізу – ең маңызды еңбек.
Жетінші – үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ). Қазақстанда үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар саны да, сапасы да жеткілікті деңгейде емес. Көпшілігі тиімсіз, қоғамға аса ықпал ете алмайды, ал мемлекет тарапынан берілетін қолдау көбіне әкімшілік-идеологиялық міндет атқаруға жұмсалып, тәуелсіз бастамалардың әлеуетін шектейді. Салыстыру үшін: бар-жоғы 5‑ақ млн тұрғыны бар Финляндияда 120 мыңнан астам бейүкіметтік бірлестік тіркелген. Бізде бұл көрсеткіш еселеп төмен – шамамен 22 мың.
Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы қоғамдық сананы жаңғыртуға қабілетті үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігіне тікелей тәуелді болмақ. Себебі біз – табиғи байлығы мол, бірақ саны аз, шағын халықпыз. Демек, әлеуметтік капиталды, өзара сенімді және бірлесе әрекет ету мәдениетін күшейту – экономикалық өсімнің де, саяси тұрақтылықтың да іргетасы. Азаматтық қоғамсыз инновация да, әділдік те орнықпайды. ҮЕҰ-ға гранттар бөлу, жағдай жасау өте қажет. Олар қоғамдық орталықтар құру, ой қозғау, пікір алысу арқылы ҮЕҰ мен Үкіметтің қатынасын күшейтеді, этносаралық қатынастарды да дамытады. Жалпы айтқанда, қоғамдық сананы көтеру – мемлекетті прогреске итермелейді, азаматтық қоғамның өзегіне айналады.
Сегізінші – халықаралық қатынастар. Конституцияның 10-бабында «ҚР халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді» делінген. Біздің мемлекет қандай мәселені де бейбіт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді. Мемлекетіміздің көпполярлы, көпвекторлы саясатының арқасында қазір еліміз тұрақты дамуда, алыс-жақын барлық көршілермен де, басқа мемлекеттермен де қарым-қатынасымыз бірқалыпты, ойдағыдай деуге болады. Дегенмен, «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген мақал елімізді сақ болуға, аңғалдыққа салынбауға шақырады. Тәуелсіздігімізге төніп тұрған қауіп жоқ емес. Ол Ресейдің кейбір қисық саясаткерлерінің ойына қарағанда, сол жақтан болуы мүмкін. Қазақтардың ассимиляцияға ұшырауы әлі тоқтатылған жоқ, өз ішіміздегі сыбайлас жемқорлық, парақорлық мемлекетіміздің тамырына балта шабуда. Басқа да кенеттен болатын нәубеттен бір Жаратқан аман сақтасын!
Біз мына тарихи шындықты ұмытпауымыз керек. Бес мың жылдық тарихы бар Түркі тегінің түп ата қонысы біздің жерде – қазіргі Жамбыл және Түркістан облысы аумағындағы Күртақ (Қаратау) мен Үртақтың (Алатау) баурайларында болғанын ескерсек, Қазақ халқы – көшпенді өмір салты өркениетінің құндылықтарын бойына сіңірген Түркі әлемінің қара шаңырағы екендігі мәлім болады. Олай болса, біз жалғыз емеспіз, біздің артымызда 90 млн-ға жуық Түркі мемлекеті, жалпы саны 220 млн-нан асатын Түркі әлемі тұрғанын, олардың бізбен рухани-мәдени, экономикалық қарым-қатынас жасайтынын басқа елдер білуі керек.
***
Құрметті оқырман! Қазақстанның Ұлттық идеологиясының арқауы болатын негізгі мәселелерге қысқаша тоқталдық. Осының бәрін жүйелеп қосқанда – Ұлттық идеологиямыз шығады. Ол барлық ұлтқа ортақ, бір үлгідегіидеологиялық тұжырымдама ретінде ұсынылды. Енді осы 8 сала бойынша жол картасын және бағдарламалар жасап, оларды ресурстармен нақты қамтамасыз етіп, іске асыру керек. Идеология тақырыбы өте ауқымды, кең, күрделі, түбегейлі мәселе болғандықтан, оның кем-кетігі толықтырыла түсер. Мәселе осы бағытта өз сара жолымызды компас сияқты белгілеп алуда дер едім. Осыған атсалысайық, ағайын! Ақпарат құралдары арқылы қоғамдық пікір керек. Бұған мамандардың, білімді азаматтардың, зиялы қауымның белсене қатысуын сұраймын. Өйткені біз көп ұзамай Жаңа Конституция талаптарын толыққанды іске асыратын Қазақстанның Ұлттық идеологиясын қабылдауымыз керек!
Оразалы СӘБДЕН,
Қазақстан Ғалымдар одағының президенті,ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик