«ШАЛ, КЕТ!» – Тәуелсіздік күнінің ҰРАНЫ БОЛДЫ

Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы ел тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды: бірі – 86-ның көтерілісі; екіншісі – Жаңаөзендегі 2011-дің қырғыны. Екеуінде де қан төгілді, екеуінің де қасіреті күні бүгінге дейін созылып келеді. Ендеше бұл «16» мерекеден бұрын, аза тұту күні екені даусыз. Желтоқсанның кешегі 16-сында алаңға шыққан қалың қауым безерген билікке кезекті рет осыны ескертті.

Бұл күні Алматыдағы Республика алаңында тәуелсіздік монументіне тағзым етіп, гүл қоюдың нешетүрлі рәсімі өтті. Таң атпастан, Алматы қаласының әкімгерлері алаңға барғанын, монументтің етегіне көгілдір лентамен көмкерілген гүлдесте қойғанын желінің жедел хабарынан білдік. Олардың қала жұртшылығын құттықтаған-құттықтамағаны ешкімге белгісіз, әйтеуір алаңды жан-жағынан полиция жасақтары қоршап тұрғанын ерте жарықта көлік жүргізушілер көрген.

Күн түскі сағат 12-ге қарай ауғанда, мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев пен жас саясаткер Жанболат Мамай бастап, оларды қоштаған қоғам өкілдері, белсенді азаматтар Тәуелсіздік монументіне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды, Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарына құран бағыштады. Соңынан жиылған жұрттың алдында «Қазақстанның демократиялық партиясын» құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай: «Қазақстанның Тәуелсіздік күні 16 желтоқсан емес, 25 қазан. 16–17 желтоқсан мереке емес, ұлттық аза тұту күні болу керек. Бұл күні біз 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің және 2011 жылғы Жаңаөзен құрбандарын еске алуымыз керек. Бұл – ешқандай да Тәуелсіздік күні емес. Назарбаев та, Тоқаев та осы алаңға келіп, боздақтардың рухына тағзым етуі керек. Одан кейінгі басты мәселе – Шыңжаңнан келіп, Қазақстаннан пана сұраған екі этникалық қазақ – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеу керек. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен деген айып тағылған екеуі қазір Шығыс Қазақстан облысында тергеу изоляторында қамауда отыр. Осы екі азаматқа араша түсеміз», – деді.

Республика алаңына келген азаматтар Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғаларына әлі ресми түрде шынайы баға берілмегенін, кінәлілердің жазаланбағанын айтты. «30 жылғы бос сөзден шаршадық, өмірді жақсартуды талап етеміз!», «Саяси тұтқындар босатылсын!» деп талап еткендер болды. Олармен сөз таластырған енді бір топ биліктің айтақтауымен қазір шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязовты айыптаудан арыға аса алмады. Ескерткіш алдына жиналған ондаған адам желтоқсанның 16-сы – қасіретті күн екенін, 1986 жылы дәл осы күні Алматыда советтік Қазақстанға белгісіз адамды басшы етіп тағайындаған Мәскеудің шешіміне қарсы шыққан жастардың бейбіт шеруін және 2011 жылы Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың еңбек жағдайын жақсарту талабымен бірнеше ай бойы өткізіп тұрған бейбіт ереуілін билік күшпен басып-жаншып, көп адам мерт болғанын еске алды.

Бұдан кейін «Oyan, Qazaqstan!» жастар қозғалысының белсенділері Тәуелсіздік монументі жанында сапқа тұрып, «Назарбаевсыз Қазақстан», «Түрмеге қарағанда еркіндік күштірек», «Сөз бостандығы болуы керек» деп жазылған плакаттарын жайып, «Елге өзгеріс керек, саяси реформа қажет» деп ұрандатты. Олар сонымен бірге «Ұмытылмас 1986, 2011», «Авторитаризмнен – көктемге», «Жастарға жол беріңіздер» деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Елде саяси реформалар жүргізуге және президенттік билік түрінен парламенттік басқаруға көшуге шақырып жүрген жастар «Оян, Қазақстан!», «Назарбаевсыз Қазақстан!» деп айғайлады.

Осы жастардың арасынан бір белсенді қыз ерекше леппен сөз сөйлегенін естіп, диктофонға түсіріп алдық: «Біз алаңға құқығымыз бен бостандығымыз үшін күреске дайын екенімізді айтуға шықтық. Назарбаев режимінің зұлымдығымен күреске дайынбыз. Елдегі билік ауысуы керек. Бір адамның диктатурасы аяқталар кез келді. Билік бөлшектелген әрі шектеулі болуы тиіс. Билікте отырғандар ғана емес, әрбір қазақстандықтың еңбек етіп, баюына мүмкіндік беретін әділ экономикалық саясатты қалаймыз. «Ойын ережесі» қайта қаралып, биліктен тәуелсіз бизнес экономикамыздың тірегіне айналуы қажет. Мемлекеттің қолындағы бизнес қоғамды тұқыртып, тәуелділік пен жемқорлыққа себеп болады», – деді өр мінезі өжет сөзінен көрінген қыз. Кейіннен білген ақпаратымыз бойынша, бұл қызды полиция ұстап, әкімшілік сотқа тартқан. Ал сот қандай жаза қолданғаны бізге әзірге белгісіз.

Еске сала кету керек: стихиялық түрде өткен бұл митингілерде «Шал, кет!» деген ұран ашық аспан астын жаңғыртып жатты. Бұрындары жеке жерде немесе әлеуметтік желілерде ғана айтылатын «Шал, кет!» талабы бұл жолы бірнеше минуттарға созылған, көпшіліктің алаңды жарған бірлескен дауысына айналды.

Дәл сол сәтте Сәтбаев пен Желтоқсан көшесінің қиылысындағы Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіштің маңына жиналған жұрт та митинг өткізіп, «Бостандық!», «Мы здесь власть!», «Оян, қазақ!» деп ұрандатты.

Бұл митингілер аға буын өкілдері ағалар мен апалардың белсенділігімен ерекшеленді. Олардың батылдығы кейінгі кездері өздерін «жаңа оппозиция» атаған жастарға жігер бергендей болды. Осы тұрғыдан келгенде, «кәрілердің» кетуі әлі ертерек сияқты көрінді.

Бір қызығы – осы митингінің өтуін биліктің өзі қалай қолдап кеткендерін білмей қалған сияқты. Мұхтар Әбілязовтың «ҚДТ» қозғалысына, Жаңаөзен оқиғасын алға тартатындарға қарсы тұрмақ ниетпен Желтоқсан ескерткішінің алдына «аяқсындырғыш», «жақайырғыш» Талғат Рысқұлбеков пен желтоқсандық Гүлбахрам Жүнісованың бірер нөкерлері келген екен. Бұл топтың «тұлғасы» Талғат болғандақтан, оның артында биліктің жандайшаптары тұрғаны айтпаса да түсінікті жәйт еді. Олар «Әбілязов – сатқын!» деп айғайға баспақ болған кезде тап ортада жүрген ақ жаулықты апа жандарына келіп: «Назарбаев – сатқын!» деп, бастырмалата дауыстады. Ешкім бұларға мән бермеген соң, Қайраттан садаға кеткір Талғат Рысқұлбеков митингілеткен топтың ортасына қарай кіріп: «Әбілязов – шайтан!» дей берген кезде жиналған топ оны «нұрбот», «арандатушы» деп, ортадан ығыстырып шығарып тастады.

Арада біраз уақыт өткенде монумент маңындағы адамдар да, полицейлер де молая түсті. Жиылған топ бұл жерде бірер сағат бойы ұран көтеріп, Қазақстанның ескі әнұраны шырқалды. Жиналғандарға прокуратура өкілі қайтадан келіп, жиынның заңсыз екенін хабарлауға тырысқан, алайда оның сөзі айқай-шу мен наразылар ысқырығынан естілмеді. Тағы біршама уақыттан кейін шерушілердің қасына Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев келді. Оның мұнда неғып жүргеніне ешкім мән бермей, итпісің-кісімісің деген адам болмады.

Шамамен сағат түскі 3-терде 200-ден астам адам алаңды тастап, Желтоқсан көшесімен сап түзіп, ысқырып, ұрандатып келе жатты. Топты «Назарбаевсыз Қазақстан» плакатын жайып ұстаған «Oyan, Qazaqstan!» белсенділері бастап жүрді. Оларға көше бойындағы полицейлер мен автобустар (автозак) ілесіп отырды. Өзге полицейлер шерудің алдын тосып, шеруді бөгей бастады. Митингіге шыққандар Төле би көшесінің бойындағы «Астана» алаңына бару үшін күтпеген жерден Қарасай көшесімен жапсарлас жатқан Абылай хан даңғылына бұрылды. Абылай ханның бойында қолтықтасқан полицейлер жолды бөгемек болды. Алайда қалың топтың екпіні полицейлерді жарып өте шықты.

Бұдан кейін алдын ала дайын тұрған арнайы жасақ шерулеткендерді шетінен ұстап алып, автобусқа тией бастады. Әркім әр жаққа қашпақ болғанымен, жан-жақтан жабыла жүгірген қалың жасақтың қолына түсті. Абылай хан мен Қарасай батыр көшесінің бұрышында «СОБР» жасақтары оншақты адамды желкелерінен сүйреп, аяқ-қолдарын жерге тигізбей, автобустарға тиеп әкетті. Кейіннен «Oyan, Qazaqstan!» қозғалысының бірнеше белсендісін полиция ұстағаны белгілі болды. Жас белсенділер қатарластары жайлы қандай да бір ақпарат алу үшін, Медеу аудандық полиция басқармасына жиналды. Аудандық полиция басқарамасы бастығының орынбасары Дәурен Керімбаев ұсталғандар жайлы мардымды ақпарат бермеді.

PS. Күні өтіп бара жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетуін талап еткендер «Шал, кет!» деп ұрандатса, талап етушілерді ұстап алып, сотқа сүйреген – жаңа президент Тоқаевтың «шабармандары». Сонда ел кімге сенеді?

Алаңға келген көпшіліктің Мұхтар Әбілязовтың митингіге шақырғанынан хабары жоқ екенін білдік. Елдегі әлеуметтік әділетсіздік пен тұрмыс тауқыметі титықтатқандар мен саяси реформалар жасауды қолдайтындардың ара-жігі теңбе-тең сияқты.

Топтаманы дайындаған – Бақытгүл МӘКІМБАЙ, «D»

АМЕРИКАДАҒЫ ҚАЗАҚТАР Жаңаөзен мен Желтоқсан құрбандарын еске алды

15 желтоқсанда (Қазақстан уақыты бойынша 16 желтоқсан түнде) АҚШ-тың Нью-Йорк және Сан-Франциско қаласында бір топ қазақстандық Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасын еске алды.

Өздерін FreeKazakhs (Еркін қазақтар) ұйымы деп атайтын АҚШ-та тұратын бір топ қазақстандық Нью-Йорктегі қарсылық акциясында Конституцияны өзгертуді, билікте реформа жасауды, президенттік басқарудан бас тартып, парламенттік басқару жүйесін құруды, Кедендық одақ, Еуразия экономикалық одағынан шығуды талап етті. Жиналғандар Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына қарсы шықты. Олар қарсылық акциясы кезінде қолдарына адам қолынан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтің, Желтоқсан оқиғасында құрбан болған Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асанованың фотоларын ұстап тұрды.

Сан-Францискодағы Union Square маңындағы шараға АҚШ-та тұрып жатқан қазақстандықтар қатысып, олар 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына Қазақстан билігін айыптады. Жиналғандар биліктен саяси және демократиялық реформалар жасауды, Жаңаөзен оқиғасына лайықты баға беруді талап етті. Олар қолдарына АҚШ-қа көшіп кеткен қазақстандық суретші Қанат Ибрагимовтің суреттеріне негізделген плакаттар ұстап тұрды. Онда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев, оның үлкен қызы Дариға Назарбаева және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеленген. Жиналғандар Қазақстанның шынайы тәуелсіздігін қалайтындарын, «диктатураға қарсы екендерін» айтты.

Azattyq.org

АЗА КҮНІ – жаза күніне АЙНАЛДЫ

Астана. 1930 жылдары совет өкіметінің жүргізген саясаты салдарынан қазақ даласында болған Ашаршылық құрбандарына орнатылған ескерткіштің алдына жиналып, 1986 жылы Алматыда және 2011 жылы Жаңаөзенде болған қайғылы оқиғаларда құрбан болғандардың рухына құран бағыштады. Қолына «Желтоқсан – Жаңаөзен! Ұмытпаймыз, кешірмейміз!» деген жазуы бар плакат ұстаған әйел адам «болған жайттың барлығын айтуға жасқанбауға және қорытынды жасауға» шақырды. Акцияға қатысушыларды полиция сырттай бақылап тұрды. Билік өкілдері бұл шараның заңсыз екенін мәлімдеп, жиналғандардың тарауын талап етті. Бірақ наразылар тарамады. Алайда өз талаптарын жеткізу үшін Ақордаға бет алған наразы топ діттеген жерге жете алмады.

Жергілікті уақытпен сағат түскі 2-нің шамасында ондаған наразы Қытай елшілігінің қасынан өтіп, үкімет ғимараттары тұрған алаңға бет түзеді. Шеру басталған сәтте оларға полиция жасағы, журналистер мен басқа да бақылаушылар ілесіп жүрді. «Саяси тұтқындар босатылсын!», «Бостандық!» деп айғайлаған топ Сарайшық көшесімен кетіп бара жатқан кезде полиция жасағы оларды жаппай ұстап, автобусқа күштеп салып, алып кетті.

Бұдан бір күн бұрын – 15 желтоқсанда Бас прокуратура Тәуелсіздік күні рұқсат етілмеген митингіге шыққандар «заңға сәйкес жауапқа тартылатыны» туралы ескерту таратқан еді. Бірақ бұл күні алаңға шыққан жұртшылық Бас прокуратураның талабына пысқырып та қарамады.

Алматы. Азаматтық белсенді апа Сақып Жаңабаеваның хабарлауынша, Алматыда полиция Бағила Нұрғалиева, Мәдина Хабибулла мен Рашид Хабибулланың (түрмеде жазасын өтеп жатқан диссидент ақын Арон Атабектің бауыры) ұсталғаны туралы хабарлады.

Шымкент. Мұнда орталық алаңға жиналғандар 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде және 2011 жылы Жаңаөзен қырғынында қаза тапқандарды еске алды. Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың құрметіне ілінген тақтаның алдына гүл қоюға бара жатқан жергілікті белсенді Дәулет Насырұлын полиция аялдамада тұрған жерінен ұстаған. Қала тұрғыны Жақсылық Қайыровты да Қайраттың ескерткіш тақтасы алдына барған кезде ұстап, полицияға әкеткен. Жергілікті белсенді Өмір Шыныбекұлын үйінің сыртында жексенбінің кешінен бастап полиция күзетіп тұрған.

Ақтау қаласында да белсенділерді полиция бақылауға алғаны туралы әлеуметтік желіде тікелей трансляция жасаған азаматтық белсенді Айгүл Ақбердінің жазбасынан хабардар болдық.

Қарағанды қаласында учаскелік инспектор полиция бөліміне «әңгімелесуге» шақырып жатқанын айтып, жергілікті белсенді Мұрат Жиымбаевқа шақыру қағазын тапсырған. «Шақыру қағазына мөр соғылмаған» дейді белсенді.

Оралда дүйсенбі күні таңертең жергілікті «Уральская неделя» газетінің редакторы Лұқпан Ахмедьяровты полиция бөлімшесіне әкеткен. Полицияның айтуынша, тергеуші «бір қылмыстық іс бойынша бөлімшеге жеткізуге тапсырған-мыс», журналист өзін қандай іске қатысы бар екенін нақты білмейді. Бірнеше сағаттан соң босатылған.

Ақтөбеде полиция бірнеше жергілікті белсендінің үйін аралап, дүйсенбі күні полиция бөлімшесіне келуді талап еткен шақыру қағазын тапсырды. 16 желтоқсанда түстен кейін Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңынан полиция жергілікті белсенді Алтынай Туксикованы ұстаған. Бұл ақпаратты «Азаттық» тілшісіне жергілікті белсенділердің бірі Әлібек Молдин хабарлады. Оның айтуынша, жанында кішкентай ұлы бар Алтынай Туксикованы полиция ұстап әкеткен.

Республика бойынша ұсталғандарға қатысты толық мәлімет әзірге белгісіз. Ал Алматы мен астанада жауапқа тартылғандардың редакцияға келіп түскен толық емес тізімі мынадай:

1. Болатбек БІЛӘЛОВ – 15 тәулік. Астана

2. Дулат АҒАДІЛ – 15 тәулік. Астана

3. Серік АСҚАРОВ – 15 тәулік. Астана

4. Қуат УӘЛИЕВ – 10 тәулік. Астана

5. Бақдәулет ӘЛІБЕКОВ – айыппұл 20 АЕК. Алматы

6. Динара МҮБАРАК – айыппұл 20 АЕК. Астана

7. Айнұр Мырзалиева – айыппұл 20 АЕК. Астана

8. Әсия БАҚАЕВА – айыппұл 100 АЕК. 30% азайтылған. Астана

9. Салтанат БАРЫҚБАЕВА – айыппұл 50 АЕК. Астана

10. Анна ШУКЕЕВА – айыппұл 50 АЕК. Астана

11. Римма ТҮЛЕБАЕВА – айыппұл 50 АЕК. Астана

12. Альберт ИБРАЕВ – айыппұл 20 АЕК. Астана

13. Диана МҰХАМЕТОВА – айыппұл 50 АЕК. Алматы

14. Роза МҰСАЕВА – айыппұл 50 АЕК. Астана

  •  Деректер әлеуметтік желідегі жазбалардан жинақталды.

Суреттер Azattyq.org веб-сайтынан алынды.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн