Қазақстанның ҚАЙ ЖОЛМЕН дамығаны жөн?

Биыл еліміздің егеменді ел болып, тәуелсіздігімізді алғанымызға 27 жыл толады. Бірақ күні бүгінге дейін еліміздің алдына қандай мақсат қойып, қай бағытта дамып келгені әлі белгісіз. Себебі – сөз жүзінде бостандыққа қол жеткізген тәуелсіз елміз, ал іс жүзінде – сол бұрынғы кеңес заманындағы өмір салтымен өмір сүріп отырмыз.

Пролетарлық ойшыл Маркстің тілімен айтқанда, «сананы тұрмыс билейді» деген қағидамен, интернационалдық идеологияны басшылыққа алып, күш кешу үстіндеміз. Көпшілік жұрт – «күнімізді қалай көреміз» дегенді уайымдаса, ат төбеліндей ғана билік пен оның айналасындағы топ «байығанның үстіне баюдың» қамында жүр.
Әр нәрсенің салдарын түзеу үшін, әуелі оның себебін біліп алуымыз керек. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қоғамдық байлықты жекешелендіру кезіндегі жүргізілген әділетсіз саясаттың салдарынан билік басындағы шенеуніктер бар байлыққа ие болып, қарапайым халық қу кедейге айналды. Бұрынғы жұмыс істеп тұрған завод-фабрикалар жабылып, колхоз-совхоздар таратылып, халық жаппай жұмыссыз қалды. Соның салдарынан қоғамымызда әділетсіздік пайда болып, рухани құндылықтардың қадірі кетіп, материалдық игілікке құштарлық артты. Сол себепті қоғамда әртүрлі қылмыс көбейіп, заң жұмыс істемей, жемқорлық пен парақорлық етек жайды.

Егер де жағдай осылай жалғаса берсе, бұл біздің еліміздің болашақ тағдырына қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сондықтан осы елде өмір сүретін қазіргі ұрпақ бұл мәселе жөнінде терең ойланып, оның себебін анықтап, зиянды салдарын қайткенде түзеуге болатыны жөнінде бір шешімге келіп, соны іске асыруға әрекет жасаулары керек.

Ол үшін, біріншіден, қоғамда өмір сүретін жеке адамдардың құқығы жан-жақты қорғалуы тиіс. Елден ерек ешкім болмауы керек.

Екіншіден, мемлекет құрушы титулды ұлттың мүддесі сақталып, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы жақсаруы тиіс. Қазақ көркеймей – ел көркеймейді.

Үшіншіден, қазақ қоғамы демократиялық жолмен дамып, материалдық игіліктерді әділетті түрде бөліске салу ережесі заңмен қамтамасыз етілуі тиіс. Төртіншіден, осылардың барлығына кепіл болатын құқықтық мемлекет қалыптасуы керек.

Жеке адамдардың құқығы – саяси, экономикалық, рухани, бірнеше топқа бөлінуі мүмкін. Саяси құқық – ел азаматтарының мемлекет ісін басқаруға қатысуы, сайлауға және сайлануға, қоғам өміріне белсенді араласуға кепілдік беруі қажет. Ал экономикалық құқық – жеке адамдардың тұтыну заттарын, жеке меншігін, жұмыс күшін, іскерлігін еркін пайдалануға жан-жақты жол берілуі тиіс. Ал рухани құқық – адамның мәдени дамуын жетілдіріп, білім алуына, өнермен айналысуға, адамгершілік қатынасты жетілдіруге мүмкіндік береді.

Егер де еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі даму жолына сараптама жасап көрсек, осы айтылған жағдаяттар толық сақталып отыр деп айта алмаймыз. Оған дәлелді күнде көгілдір экраннан көріп, қоғамдық ақпарат құралдарынан оқып, білуге болады. Көпшілік халық екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз жүр; баспанасыз әлеуметтік топтың ашу-ызасы арта түсуде; жалдамалы жұмыскерлердің табысы банкілік несиені жабу мен күнделікті азық-түлігінен артпайды. Соның салдарынан қоғамда қылмыс көбейді, өзіне-өзі қол жұмсауға баратындар саны артты.

Ал енді Қазақстанда мемлекет құрушы титулды қазақ ұлтының қазіргі жағдайына келетін болсақ, бұл – қоғамның тұтасқан проблемасына айналды. Негізінде, әрбір мемлекетте сол мемлекетті құрушы титулды ұлттың мүддесін қорғау сол мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті болуы тиіс.

Қазақтар елдегі титулды ұлт саналғанымен, олар солақай саясаттың салдарынан өзінің ұлттық болмысының негізі болып саналатын – тілін, дінін, салт-дәстүрін жоғалтып барады. (Ал олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын елдегі басқа ұлыстармен салыстыруға келмейді). Сондықтан да қазақтар өздерінің ұлттық болмысын қалпына келтіру үшін, билік елде отарсыздандыру саясатын жүргізуі керек еді. Сонда жергілікті халық бұрын отар болған кезінде қалыптасқан құлдық санадан арылып, бостандыққа ұмтылуы тиіс болатын.

Бірақ та біздің билік ондай саясатты жүргізбей, сол бұрынғы интернационалдық идеологияны дәріптеп, көпшілік қауымның психологиясы еш өзгеріссіз, сол бұрынғы қалпында қалып отыр. Оның үстіне Қазақстанда қоғамдық сананы қалыптастыратын ақпарат құралдары осы кезде дейін Ресейдің ықпалынан шыға алған жоқ. Соның салдарынан қазақтардың арасында ассимиляциалану процесі бұрынғыша сақталып, жастардың көбі ана тілін білмей, мәңгүртеніп барады.

Конституция бойынша, Қазақстанда мемлекеттік өкімет билігі – заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципіне негізделген болатын. Соған сәйкес мемлекеттік органдар өз өкілеттілігі ауқымында дербес, тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалана отырып, өзара ықпалдасып іс-әрекет жасаулары керек еді. Бірақ билік соңғы жылдары Конституцияны қайта-қайта өзгерту арқылы ел президенті өзінің қалауы бойынша президенттік сайлауға түсуіне шектеу қойылмайды деген бап енгізді. Соның салдарынан бір адам елді отыз жыл басқарып, бар билік қолында болса да, ештеңеге жауап бермейтін авторитарлық жүйе орнатып, қоғамды саяси-әлеуметтік дағдарысқа ұшыратып отыр.

Қазіргі билік басындағы шенеуніктердің бар мақсаты – қайткенде де қазіргі қолдарындағы биліктен айырылып қалмас үшін, президенттік орынға ат төбеліндей билік басындағы бюрократтардың мүддесін қорғайтын өз адамын қою. Сол ойларын іске асыру үшін, билік транзиті жақындаған сайын түрлі айла-шарғыларға барып, жанталасып жатыр.

Мемлекет дегеніміз – саяси жүйенің басты элементі және оның негізгі ұйымы болып саналады.

Ол арнайы қоғамдық институттардан тұрады және сол мемлекетте өмір сүретін адамдардың мүддесін қорғайды. Соған орай адамдардың ара қатынастарын құқықтық ережелер арқылы реттеп отырады.

Мемлекет ішіндегі саяси жүйе тоталитарлық, авторитарлық, демократиялық болып бірнеше топтарға бөлінеді. Мұндай топтардың негізі ретінде қоғам арасындағы іс-әрекеттің сипаты мен тәсілі алынады.

Қазіргі кезде Қазақстанда авторитарлық саяси жүйе өзінің билігін жүргізіп отыр. Ал әлемдік өркениет көшіне еру үшін, қоғамға керегі – демократиялық билік жүйесі. Қоғамда заң үстемдік етуі үшін, ол елде құқықтық мемлекет болуы керек. Ал құқықтық мемлекет орнату үшін, әуелі азаматтық қоғам қалыптастыруымыз керек. Азаматтық қоғам мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани қатынастардың тепе-теңдігін сақтап отырар еді. Азаматтық қоғам саяси, материалдық және рухани даму барысында жоғары жетістіктерге қол жеткізген жағдайда ғана елде құқықтық мемлекет қалыптастыруға болады.

Қазақстан қоғамы болашақта әділетті дамып, өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін, жоғарыда айтылған төрт принцип, атап айтқанда – адам құқығын қорғау, титулды ұлттың мүддесін сақтау, демократиялық қоғам құру, құқықты мемлекет орнату сияқты принциптерге негізделген идеяны халықтың санасына сіңіре білуіміз керек.

Ол үшін біз әуелі санамызды сауықтыруға тиіспіз. Себебі бірнеше ғасыр Ресейдің, одан кейін «қызыл империяның» боданы болып, отаршылдық саясаттың салдарынан ұлттық санамыз әлсіреп, ұлттық болмысымыздан ажырай бастадық. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де, билік бұрынғы коммунистердің интернационалдық идеологиясын жалғастырып, ұлтымыздың саяси санасы еш өзгеріссіз қалды. Сондықтан да бізге ұлттық болмысымызды, саяси санамызды ұлттық негізде қалпына келтіріп, қазақи мүддемізді қорғау үшін, ұлттық идеология ауадай қажет.

Ал саяси сана біздің өміріміздегі саяси қатынастарды айқын ажырата білуімізге септігін тигізеді. Қандай да болсын саяси идея адамдардың белгілі бір сезімін тудырып, оның көңіл-күйіне әсер етпей қоймайды. Саяси сананың құрамдас бөлігі және өзегі – саяси идеология болып табылады, сонымен қатар қоғам өмірінде идеология маңызды рөл атқарады. Саяси идеология теориялық тұрғыдан әлеуметтік-топтық, діни қауымдастық немесе титулды ұлттың негізгі мүдделерін білдіретін және оны қорғап, іске асырудың жолдары мен ережелерін белгілейді.

Саяси идеология адамдардың психологиясына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әсер етеді. Оған баспасөз, теледидар, радио, бейнежазуды жатқызуға болады. Демократиялық қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шындықты айтуға болады, ол өз кезегінде қоғамда оппозициялық күштердің пайда болуына ықпал етеді.

Жиырмасыншы ғасырдың соңында «зұлымдық империясы» деп аталған, тоталитарлық саяси жүйенің ордасы болған «Совет Одағы» деген алып империя ыдырап, оның орнында бірнеше республика пайда болды. Бірақ та тоталитарлық жүйенің шекпенінен шыққан республикаларға бірден демократиялық қоғам құру мүмкін болмады.

Соның салдарынан «жаңа» коммунистердің жетегіндегі авторитарлық жүйе пайда болды. Солардың бірі – Қазақстан. Соңынан кейбір республикаларда халықтың талабымен билік ауысып, өзгерістер болғаны рас. Тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері еш өзгеріссіз қалып келді. Алайда өмірде мәңгілік ештеңе болмайды, сондықтан болашақта бізде де өзгеріс болары анық. Әңгіме тек оның қалай және қай бағытта өзгеруінде. Ал халықтық мақсат-мүдделер өмірде іске асуы үшін, халықтың саяси санасына әсер ететін оның қолында идеологиясы болуы керек.

Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ

Республиканский еженедельник онлайн